Альмира өзін өмірдегі ең бақытты адам сезінді. Ол сүйіктісі Жакенмен отбасын құрды. Екеуі бір-біріне бір көргеннен ғашық болған жандар.
Жакен Альмирадан жеті жас үлкен, өмірде біраз қиыншылықтар көрген, əкесінен ерте айырылған. Альмира көп балалы отбасының ортаншы қызы, студент.
Альмира дипломы мен неке қию туралы куəлікті бір жылда алды. Жакен екеуі басқа облысқа көшіп, үй алып, жұмысқа орналасты. Əрбір жас отбасының басынан өтетін қиыншылықтар бұл отбасында да болды. Бірақ екеуі барлығын да жеңе білді. Бір жылдан соң дүниеге тұңғыш ұлы Əли келді. Əли бір айға толған кезде, Альмираның денсаулығы нашарлап, ауруханаға түседі. Туберкулез деген жаман аурумен бір жылдан аса уақыт күресіп, жазылады. Бір жыл бойы ұлын енесі бағады. Альмираның бағына қарай, енесі керемет адам еді. Альмираға күнде ыстық сорпасын жасап, моральдік тұрғыда да көп көмек береді. Жакеннің Альмираға деген махаббаты мен шыдамдылығы да, жазылуына септігін тигізді.
Үш жасқа толған Əлиді балабақшаға беріп, Альмира мамандығы бойынша жұмысқа шығады, енесі өз ауылына, кенже баласының қолына барып тұрады. Өмір өз ағынымен жүріп жатады. Əлидің беске толғанда, сүндет тойын жасап жүрген кезде, Жакеннің кенеттен басы ауырып, дене қызуы көтеріледі. Жакен бұны шаршағандықтан деп аса мəн бермейді. Той өткесін Альмира Жакенге ауруханаға барып, тексерілуін өтінеді. Жакен бұл сөзге де аса құлақ аса қоймайды. Бір күні жұмыстан келгенде басы қатты ауырып, орнынан тұра алмай қалады. Жакеннің ұрысқанына қарамастан, Альмира жедел-жəрдем шақырады.
Сол күннен бастап, бұл отбасына қара бұлт төнгендей болады. Жакен екі ай бойы түрлі тексерулерден өтеді. Дəрігерлер диагнозды тек Жакеннің ағасына ғана айтады. Жакенді облыс орталығындағы ауруханаға жатқызады. Ауылдан анасы келеді. Альмира екеуі кезек-кезек Жакеннің қасында болады. Жағдайы күннен-күнге нашарлай түседі. Балабақшаны бітіруге дайындалып жүрген Əли, əкесінің неге сонша ұзақ уақыт жұмыстан келмей жүргенін білгісі келіп, күнде анасынан сұрай береді. Баласына не деп жауап берерін білмей, Альмира да қатты қиналады.
Уақытылы дəрігерге көрінбегендіктен, минингит ауруын қатты асқындырып алған Жакеннің хəлі мүшкіл еді. Альмира реанимациада жатқан жан жарын бір көруге рұқсат алу үшін, дəрігерге жалынады. Альмираның егілген көз жасын көрген дəрігер, бес минутқа рұқсат береді.
Бес минут. Қатты асығып тұрған кезде, бес минут автомобиль кептелісінде тұрған адамға өте ұзақ болып көрінеді. Ал Альмираға бұл бес минут уақыт сүйіктісінің жанында болу үшін өте аз болып, тез өте шықты. Реанимациядағы түрлі аппараттардың дауысы Альмираның жадында мəңгі сақталып қалды. Алмира Жакеннің сап-салқын қолын сипап: «Мен қасыңдамын, Жакешім менің, ояншы, жаным».
Бес минуттың біткенін айтып, дəрігер реанимациядан шығуын өтінді. Сүйіктісінің маңдайынан сүйіп, Альмира есікке жақындай берген кезде, ұзақ «пииииик» деген дыбыс естілді. Дəрігер дереу Альмираны шығарып, реанимацияға бірнеше ақ халатты жандар жүгіре жөнелді. Бұл бес минут Альмира Жакенін соңғы рет көрген бес минуты еді….
Арада жарты жыл уақыт өтті. Əлидің мектептегі алғашқы қоңырауына Альмира қайынағасымен, енесімен бірге барды. Кішкентай Əлидің қоңырауды соғып, жүгіріп өткенін көрген туыстарының көздері еріксіз жасқа толды.
Əли өте зерек, ақылды бала, бірінші сыныпты оқу озаты болып, анасын, əжесін қатты қуантты. Уақыт емші демекші, тірі адам тіршілігін жасайды. Альмира жұмысын істеп жүрді. Жакеннің қайтыс болғанына үш жыл болған кезде, Альмира бір жігітпен танысады. Екеуі екі жыл дос ретінде араласып, отбасын құруға шешім қабылдайды. Альмира ең бірінші кезекте қайынжұрты мен ұлының рұқсатын алады. Жігіт Əлиге жақсы əке бола білді. Отбасы құрған соң, бір жылдан соң Альмира ұлды болды…
Жесір әйелдің тағдыры
Последние статьи автора