Жас келіндерге 12 кеңес
1. Ерте тұр: Мейлі ата-енең 9-да тұрса да, сенің олармен қатар тұрғаның қай жағынан алсақ та, дұрыс емес. Алдымен әдеп-иба, «келін керіліп түске дейін ұйықтайды» деген жаман сөзге қаласың. Екіншіден ерте деген: алдын ала жасалатын жұмыстарға үлгеруің үшін, үй іші 7-де тұратын болса, 1 сағат бұрын тұрып, өзіңді ретке келтіріп, үй іші-сыртын таңертеңгі мамыражай жағдайда шай ішуге ыңғайлап, тазартып, даярлауың керек. Күйеуіңнің, балаларыңның, өзіңнің заттарыңды бір қайтара тексеріп даярлауға да уақыт табуға тиіссің.
2. Қабағыңды шытпа: Ішіңде қандай реніш, уайымың болса да, үлкендерді уайымға салып, жайсыз сезімде қалдырмас үшін, кісімен ашық-жарқын сөйлесіп тұрғаның жөн. Сен әлі түсіңде көрмеген қиындықты көрген адамдарға шаршадым деп шағымдануың ұят.
3. Ата-анаңдай көр: Қыз бала әке-шешесін ұлға қарағанда көбірек ойлап жүреді. Бар жақсыны үйіп-төккің келеді. Міне сол секілді басқа шаңыраққа түсіп келін атанғаныңда басты ұстанымдарыңның бірегейі ретінде осыны алсаң, көп сөздің қажеті де жоқ. Өз ата-анаңа келінінің қандай жақсылық жасағанын қалайсың, барлығын әлің келгенінше аянбай жасай бер. Үлкеннің алғысын аласың, пісіп-жетілесің, ата-ене жақтаған келіннің ағайын алдында да мерейі жоғары болады.
4. Келін статусыңды толығымен сезін: Ешкімге, ешнәрсеге қарамастан, санаспай ерте тұрудан басталған тәртіп бойынша үй шаруасында не жасалу қажет болса, бәрін үлгергеніңше жасауың керек. Қолың қалт етсе жантая кететін болсаң, ал үй іші-сыртында жасалуы тиісті біраз жұмыстар күтіп тұрса, міндетті түрде «неге жасамайды» деген реніш пайда болады. Саналы түрде оң босағадан кетіп келін боп табалдырық аттаған соң жауапкершілік жүгін көтеруге тура келеді. Жауапкершілікпен ісіңді атқару деген өз өзіңді отбасы мүшелерінен шеттетіп, тек үй шаруасын атқаратын адам емес, жаңа отбасыңа қуаныш әкелетін мүшесі-келіні бол деген сөз, яки ата-анаң берген тәрбиеге сөз келмеуін ойлау.
5. Жан-жағыңа қара: Бір үйдің хал-жағдайын, күйін жасап отыратын адам ретінде айналаңда не болып жатыр мән беріп қара. Жалқаулық жеңіп жата беретін уақытта тиянақты, еңбекқор келін атануға кедергі боп жүретін істі істемей жүргеніңді ойла. Айтқызбай бар шаруаны өзің байқап, аңғарып жасап қойсаң ешкімнің ескертуін де естімейсің. Ескерту жасаған енеге де, естіген саған да жағымсыз келетін сәттің болғанын қаламасаң, қазір жасайтын істі кейінге қалдырма. Көптің назарында болатын келіннің бір қыры - үй шаруасына пысық бол.
6. Күйеуіңнің айнасы сен: Сен дәмді тамақ пісірсең, сымбатты-сұлу боп жүрсең, ата-анасын құрметтесең, үй-жайын тап-тұйнақтай етіп ұстасаң, бала-шағаңа жақсы тәрбие беріп, айналаға сыйлы болсаң, күйеуіңнің еңсесі жоғары, көңілі тоқ, мәз боп жүреді. Ешнәрсеге үлгермей үнемі шағымдана беретін әйелдің қасында жүргісі де, онымен әңгімелескісі де келмейді. Сені шаңырағына келін қып сыйлағанына қуанатындай ете алған әйел бақытты. Күйеуіңнің разылығына ие болу ғажап.
7. Келіні бар үй: Келіннің хоббиі-фитнесі – үй жинау. Келіні бар үй 1айдың 30күнінде әрі 24 сағатында таза боп тұруы шарт. Бұрын қонақ «қоңырау шалып барайын деп едік» дегенде шуылдатып жинай салатын тазалық емес, ауасы да, аурасы да, бұрыш-бұрышы да таза болуы керек. Асхана туралы, «аяғын көріп асын іш» деген аталар сөзін ескерте салсам жетер иә?! Сонымен «Келін, үйді таза ұстамауға хақың жоқ» деген бұйрық алғаныңдай, үнемі-үнемі қонақ келетіндей тазалық-жинақылық болуы өте-өте қажет.
8. Қонақ күту-өнер: Келін үйге келген кісілерді қарсы алғаннан, шығарып салғанға дейінгі жөн-жоралғыны, әдеп-ибаны білсе игі. Бірінші боп сәлемдесіп, хал-жағдай сұрап, дастархан жайып, көңілін беріп , шайын беріп, ыстық асты алдарына қойып, неше түрлі тәттілерін ұсынса, күткен қонағың риза болады. Сенің керемет әйел екеніңді тағы бір мәрте көріп сүйген жарың ол риза!
9. Көп сөйлеме: Келінге көп сөйлеген тіптен жараспайды. Ибалы, иманды, биязы, сыпайы деген сөздер жарасатын келін атаулысы көп сөйлегеннен ұтқаны жоқ шығар. Келіндік болмысқа жат екенін былай қойғанда, өзін көп өкініштен қорғайтын қалқан. Ойланбай айтқан бір сөз 100күндік өкінішке ұрындыруы мүмкін әрі ұятқа қалдыратыны тағы бар. Көп сөзді көпірме ауыз келінді шешен келін деп атағанды көрмедім. Өсек-өтіріктен аулақ бол. Абырой әкелмейді.
10. Келін атына жауап бересің: Сен баяғы өз атыңды ғана емес, «пәленшенің» келіні деген атты арқалайсың. Қисық бассаң, көзге түссең, қателік жасасаң, мүлт кетсең, сүрінсең де жетістікке жетсең де: «Пәленшенің келіні солай істепті» деген ат келеді, әңгіме жүреді. Жарасымды сөз сөйлеп, лайықты киініп, өзіңді орынды ұстап-сөйлей білуің айтпаса да керек нәрсе. Жаман сөз ерген келінін ата-ене жақтай беруден бір күні шаршап, сол жаққа шықпасына кім кепіл. Реніштің басы осылай басталады. Берекенің тірегі осындай ұсақ-түйектен тұрады.
11. Іске икемді бол: Қолынан іс келетін келін сүйкімді. Әрнәрсенің ретін таба білетін, жан-жақты, әр істің мәнін білетін, дүние-мүлікті ұқыпты, қаражатты орынды жұмсай алатын, керек нәрсемен ғана айналысатын, қолы ашық, ішкен-жегені адал, үйдің іші-сыртын гүл етіп, жыл мезгілінің әрбірінде қажетті шаруаны қолға алып, білек сыбанып кірісіп кететін келін қалай сүйкімсіз болсын?! Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді.
12. Туған-туысқа бірдей бол: Сен туралы не ойлайтыны емес, сен олар туралы не ойлап-не сөйлейтініңе мән бер. Ағайынның азары болса да, безері жоқ.
Гүлжайна Өтепбергенқызы
Бибібатима Кадырованың Фейсбуктегі парақшасынан алынды