Жақындаспағаным үшін жігітім менен суып кетті
Сәлеметсіздер ме, құрметті оқырман! Мен бүгін өздеріңізден кеңес сұрап жазып отырмын, Жасым 21-де. 2 жыл жүріп, тұрмыс құрайын деп жүрген жігітім бар еді. Болашақ жолдасым деп жүрген ер азаматымды Алланың разылығы үшін жақсы көремін!
Бір адаммен сөйлестім, сол адаммен өмір бойы оған адал жар болып, Алла бұйыртса балаларының анасы болғым келеді. Бірақ жаз айларында мені басқа бір жігіт ұнатып қалып, жігітім бар деп айтып, не істесем де артымнан қалмады. Жігітім оны біледі, содан қатты қызғанды ма, жақын қатынаста бірге болайық деп ұсыныс жасады.
"Қызғанамын, сенің мендік болатыныңа көз жеткізгім келеді, сенімен өмір бойы бірге болғым келеді" деді. Бірақ мен келіспедім. Оған үнемі "мен сенің табалдырығыңды ақ некемен, аппақ күйімде аттаймын, содан кейін шариғат жолымен барлығы да болады" дейтінмін. Ол ойымнан ешқашан да ауытқыған емеспін, қазір де ойым сондай. Оған айттым сүйсең күт, некеміз қиылған соң барлығы болады дедім. Ол жарайды сені күтемін деп уәде берді. Бірақ қазір ортамызға оның достарынан да, менің жағымнан да көп адамдар түсті, көре алмады, қызғанды. Айтпаған сөзді айтты деп, болмаған нәрсені болды деп оның достары маған оны, оған мені жамандады. Оның маған деген сезімін суытып жіберді. Ол маған "қазір сені жақсы көрмеймін" деп айтқанда жүрегім тоқтап қалғандай болды.
Мен бір адаммен өмір бойы деп жүрген адаммын ғой. Шыны керек одан басқа адаммен бас қосып, одан басқамен сөйлескім де келмейді. Құрбыларым әлі талай жігіт кездеседі, жігіттің соңы осы емес қой дейді. Қиналып жүргенімді көріп, түбінде бәрібір өзіңе қайтып келеді дейді. Ол бірге болмағандықтан суып кетті деп айтпаймын, ол мені сүйгеннен бәріне көнетінін білемін. Тек басым қататыны 2 жыл жүріп, кішкене уақыттың ішінде суып, кішкене уақыттың ішінде қалай жақсы көрмей қалады? Құрбыларымның қайтып келеді деген сөзі рас па? Оны қалай өзіме қайтарсам болады? Ақыл беріңіздерші. Сүйгенімді ойлап, уайымдағаннан ұйқыдан да, тәбетімнен де айырылдым.
Аноним