"Алаш айнасы" оқырмандары, өзімнің басымнан өткен қиын жағдайымды оқырманға сабақ болсын деген ниетпен жолдап отырмын! Шығарып жатсаңыздар алдын ала алғысымды білдіремін...
Жасым қырық алтыда. Осыдан алты жыл бұрын күйеуім бес бірдей баламен тастап кеткен болатын. Екі жыл жүріп сүйіп қосылдық. Барған жерім Құдайға шүкір жақсы болды, әсіресе ата-енем, қайын інім, қайын сіңілім басқа да туыстары өте жуас, ақкөңіл жандар болып жолықты. Ата-енем ауылға келін болып түскен уақыттан бастап "қызым" деп атап кетті. Өз қыздарындай көрді, қазірде сондай. Бір жыл ауылда келіндік міндетімді атқарып, енем еншімізді беріп бөлек шығарды. Күйеуімнің отбасы ауқатты еді, бірақ соған қарамастан өте қарапайым жандар болатын.
Қалаға атам сыйлаған жеті бөлмелі үйге көшіп келдік, екі қызды дүниеге әкелдім. Күйеуімнің, ата-енем, туыстарымның қунашында шек болмады. Енем мені күтіп бар жағдайымды жасады, анам да көп нәрсені үйретті. Күйеуіммен арамыз жақсы болды. Жұмыстан тіке үйге келетін. Келе салып екі қызын иіскеп, айналып-толғанып отыратын, сөйтіп тағы үшінші қызды дүниеге әкелдім. Бізде бәрі жақсы болды. Мен үйде балаларға қарап, күйеуіме барлық жағдайды жасап отырдым. Ол өзінің жеке меншік фирмасында жұмыс жасайтын яғни бастық, өзі қожа дегендей. Тапқан табысы барлығына жететін, уақыт өте келе төртінші перзентіме аяғым ауыр болды. Осы уақытқа дейін күйеуім бала туралы ештеңе айтпайтын, бірақ бір күні ол "түсімде сенің босанғаныңды көрдім, ұл туыпсың" деді, сөйтіп ұл балаға арналған киімдерді, ойыншықтарды алдын ала ала бастады. "Ұлым болғанда біз футбол ойнаймыз" деп неше түрлі қиялға беріліп отыратын еді. Мен ештеңе демедім. Оның қуанып жүрген жүзін көріп мүмкін Жартқан Ием өзі белгі беріп тұрған шығар деп ойладым. Күнім жетіп перзентханаға түсіп босандым, бірақ қыз бала. Еш қаймыққан жоқпын. Баламның аман-есен туылғанына қуандым, күйеуім де түсінетін шығар деп ойладым. Бірақ, перзентханадан шығарып алуға күйеуім келмеді. Тек ата-енем, өзімнің туған-туыстарым шығарып алды, ол "жұмыстамын" деп келмеді. Үйге бардық, үйде әдемі етіп дастархан жайылған, қонақтар да отыр, барлығы да құттықтау сөзін айтып жатты, сөйтіп енем дайындаған арнайы бөлмеде сәбиіміз екеуіміз жаттық. Бәрі қызықтап иіскеп қасынан шықпай жүр, тек күйеуім ғана таянбады, ол дастархан басында қонақтармен отырды, менде шаруасы болған жоқ. Қасыма да келмеді.
Үшінші қызымды енем ауылға алып кеткен болатын, "миыңды ашытады, ертең шамалы тынығып ал, жүре тұрсын өзіміз қараймыз" деді. Барлығы қуанып ішіп -жеп тілек айтып отырды, тек күйеуім ғана көңілсіз отырды. Іштей жұмысынан шаршаған болар деп көңіліме алмауға тырыстым, бірақ үнсіз ғана ішіп отырды.
Қонақтар кетіп, ата-енем де ауылдарына қайтқан болатын. Мен бала емізіп отырғанда күйеуім қоймай шақырды, барып едім орнына атып тұрып мені боқтап ұра бастады, сондағысы "сен қатын ұл тумайтын қатынсың, кезінде бұны білгенде қанша жерден сұлу болсаң да алмас едім, осы баланы ұл болады деп күіттім, сен тағы қыз тудың, мен кетемін" деп неше түрлі айтты. Қыздарым арашалап арең дегенде ес жидық.
Осыдан кейін күйеуім өзгере бастады. Жұмыстан кеш келетінді шығарды. Тіпті үйге қонбайды. Түн ортасында ішіп келіп, мені қырық күн өтпесе де төсекке тартатынды шығырды. Осылай жалғаса берді. Сау кезінде таянбай тек мас кезінде ғана маған жақындап жүрді.
Сенесіздер ме, төртінші қызымды ұстамақ түгілі бетіне де қарамайтын болды. Мүлдем өзгерді. Ішсе де ішпесе де мені ұратынды шығарды. Үйдегі заттарды қиратып берекемізді алды.
Бір күні атам біліп қалып ұлына қатты ұрысты. "Елдер бір балаға зар болып жүргенде сенің төрт бірдей перзентің бар, шүкіршілік айтудың орнына құтырғаның не, қыз болсын ұл болсын аман-есен болсын, нағыз ата-анаға жаны ашитын қыз бала. Ақымақ ертең саған жаны ашып, өзі тұрмысқа шықса да сенің қамыңды ойлап тұрады, ұл бала кетеді қатынның соңынан. Пайғамбарымыздың өзі айтқан үш қыз тәрбиелеп өсірген әке жұмаққа кіреді" деді. Сонда күйеуім атама "Жұмағы құрысын, түкіргенім бар, кілең қыз туа беретін қатынмен тұрмаймын, төрт баланы туамын деп былшиып семіріп, әбіржіп кеткен, қызығатын жері де жоқ, мен кетемін, бір қызды жолықтырдым",- деді. Атам қол көтеріп ұрды, оған да көнбей, киімін жинап кетіп қалды.
Ата-енем өз ұлдарынан бас тартты. Қашанда менің сөзімді сөйледі. Күйеуімнің тапқаны 17 жастағы мектеп оқушысы еді. Ол қызбен де сөйлестім. Ол қыз еш шімірікпестен "енді не істеймін сенің күйеуің болса, мен оны сүйемін, оның үстіне сенен несіне жасырамын қазіргі уақытта бар қызға жағдайы жасалған жігіт керек. Сен өзі айнаға қарадың ба, төрт бала табамын деп тозып кетіпсің ғой",- деп сүйектен өтетін сөздер айтты. Ол қызға "бас тартшы" деп жыладым, жалындым, ол көнбеді. Ақыры ажырасып тындық. Бірақ сол жылдары қатты қиналдық, алимент төлеп тұрды. Кейін тағы аяғымның ауыр екенін білдім, алдыртқым келмеді, сөйтіп күнім жетіп, дүниеге ұл бала әкелдім. Сол кезде қуанғанымды білсеңіздер ғой, күйеуім қайтып келетін шығар деп ойладым, бірақ ол қайтып оралмады. Мені өзгерткен осы ұлым болды, ұлымды қырқынан шығарған соң өзімді өзім қолға ала бастадым. Арықтап салмақ тастадым. Өзімді күттім, ажарым кіре бастады. Сөз салған еркектер де болды, бірақ балапандарыма өгей әкенің өгейлігін сездіргім келмеді, солар үшін жұмыс істедім, солар үшін өмір сүрдім.
Құдайға шүкір, сол төрт қызым жап-жақсы, сүп-сүйкімді қыздар болып ер жетті. Қазір екі қызым тұрмыста. Күйеу балаларым иманды жандар, құдаларым да жақсы адамдар. Ата-енем де әрқашан қасымнан табылды, ақшалай да рухани да көмектесті. Балаларымды оқытты, ұзату тойларын да өздері жасады. Балаларым да Аллаға шүкір жақсы мен жаманды ажыратып ақылды болып өсті. Жастайларынан еңбекке араласып, маған қолдау берді. Талай күндерім жылаумен өтті, қиналдым да, қазір ол күндер артта қалды. Сол он жеті жастағы қыз күйеуімнің көзіне шөп салды, баланы да көтере алмады, ақыры рак ауруына шалдығып көз жұмды. Күйеуім болса қаңғып ішіп жүрді, талай рет кешірім сұрап жалынды, бірақ балаларым қабылдамай қойды. Сөйтіп ішіп жүріп көлік айдап жол апатынан қайтыс болды. Ата-енем ұлдарының қазасын көтере алмай біраз ауырып қайтыс боды. Әттең.. Кейде ол кісілерді қаттты сағынамын, жылы сөздерін де естігім келеді. Өмір басқа салғанын көреді екенсің...
Дәрия, Алматы облысы
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30