Түрікпен ойнас жасағаны үшін күйеуі үйінен қуған келіншек сотта жеңіп шықты
Күйеуі "түрікпен ойнас жасап, көзіме шөп салды" деп айыптап, бес баласынан айырылған алматылық келіншек сотта жеңіп шықты. Айман Қамбарованың заңгері даулы оқиға Алматының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, нүкте қойылғанын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Айман Қамбарованы күйеуі "түрік азаматымен көзіме шөп салды" деп айыптап, бес баласын тартып алған болатын. Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судясы бес баланы кәмелет жасына толғанша анасымен қалдыру туралы үкім шығарды.
Яғни, үш және бес жастағы бүлдіршіндер сот үкімі күшіне енгеннен соң анасының тәрбиесіне берілсе, қалған үш бала биылғы оқу жылы аяқталғаннан кейін анасының жанына баруы тиіс" ,- дейді келіншектің қорғаушысы Кәмшат Есмұхамедқызы.
Бірнеше сот отырысы кезінде Айманның бұрынғы күйеуі оның көзіне шөп салып, бөтен еркекпен кетіп қалғанын дәлелдей алмаған. Керісінше, бұрынғы көршілері келіп ұлттық универсетте сабақ беретін білікті ұстаздың отбасылық жанжалы жайлы айтып, Айман Қамбарованы жақтап куәгерлік еткен.
"Сот үкімі шықты, бірақ күшіне енбеді деп әлі күнге дейін балаларды қайтармады. Тіпті, жәрдемақы рәсімдеп, тіркеуге тұрғызайын десем құжаттарын бермей отыр. Себебі, сен алимент талап етесің дейді. Сонымен қатар, балаларыма мені үнемі жамандайтын болғасын, үлкен қызым ренжіп жүр.
Балалаларымды "аналарың бөтен еркекпен тұрады, сендерді тастап кеткен, жақсы көрмейді" деген қауесетке сендіріп қойған. Тіпті, бес жастағы ұлым мені сағынғандықтан күйзеліске ұшырап, ауырып та қалған. Арманым балаларымды тезірек қолыма алып, тәрбиелеу" , - дейді жалғызбасты келіншек.
Сот шешіміне көңілі толмаған азамат қалалық сотқа апелляциялық шағым түсірмекші.
"Бірнеше мәселе бойынша апелляциялық шағым дайындап жатырмын. Балаларын тастап, бөтен еркекпен кетіп қалған жат қылықты әйелге балаларды қалай беруге болады? Тіпті, оның тұрақты жұмысы жоқ. Балаларымның материалдық жағдайын жасай алмайтындығын да келесі сот отырысында айтатын боламыз.
Бұдан басқа да мәселелер бойынша шағым жазамын. Бірақ оның сізге қатысы жоқ. Айта алмаймын. Айманның балаларды бермеді дегені өтірік. Балаларымды қайтар, аламын деп келген жоқ" , - деп қысқа қайырды Айман Қамбарованың бұрынғы күйеуі.
Естеріңізге сала кетсек, күйеуімнен таяқ жедім, "ойнас жасадың" деп жалған жала жапты деген алматылық келіншек білікті заңгерлерден араша сұрап, аналар үйін паналаған еді.