"Отбасы-ошақ қасы" айдарын қалт жібермей оқып пікірлерін ортаға салатын, ағайын! Бала – бауыр етің, жүрегіңнің бір бөлшегі. Бауыр етіңді жұлып алып, жатқа бере аласың ба? Ата-ана баласы үшін өмірдегі паналайтын ұлы қорғаны, арқа сүйер асқар тауы, нұрын төккен күндей ыстық, аса қамқоршы әрі жаны күйер жақыны емес пе? Қазіргі уақытта маған Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз өте қажет!
Біз Ақмола облысында тұрамыз. Өзімнің мамандығым - мұғалім. Жолдасым - мемлекеттік қызметте. Үйленіп отбасын құрғанымызға он жылдан асты. Ата-енем ерте қайтыс болған. Күйеуімнің жалғыз інісі бар. Қайным - Азат оқуын бітіріп, Көкшетау жақтың Айжан есімді бір қызына үйленді. Тойын жасап, келінді өз қолыма түсірдім. Азат - жеке бизнеспен айналысты. Айжан мектепке кітапханашы болып орналасты.
Біраз уақыт өткеннен соң екі жасты бөлек отау қылып шығардық. Біздің үш қызымыз бар еді. Оларда бала болмады. Бармаған дәрігері, көрінбеген тәуіптері қалмады. ЭКО-ға (қолдан ұрықтандыру) баруға қайным қарсы болды. Бала да асырап алғысы келмеді. Қайным өте балажан еді. Біздің үйге осы балалар үшін жиі келетін. Бала туралы әңгіме болса көңіл-күйі түсіп кететін. Кінәрат негізінен келінде деп шығарды дәрігерлер.
Соңғы кезде сүйіп қосылған екі жастың бір-біріне суып бара жатқанын байқадық. Келін үнемі ой үстінде. Қайным ішетінді шығарды. Анда-санда сыр бөлісіп отырғанда келінім: "Шіркін, Алла бізге бір сәби берсе ғой. Үйде баланың күлкісі естілмеген соң өмірдің де мәні жоқ екен" деп мұңайды. Ойлана келе екі жастың шаңырағы шайқалмасын деп, күйеуіміз екеуіміз ақылдаса отырып келесі болатын баламызды Азаттарға беруді ұйғардық. Қандай болса да өз қаны ғой. Қазіргі заманда бөтен баланы асырап алуға да қорқады ғой адамдар. Мен өз жолдасымды қатты жақсы көремін. Сыйлаймын. Мені ренжіткен кездері болған емес. Сондықтан күйеуімнің бауырына жаны ашығандығын көріп, қалай тыныш отырамын. Оның қайғысы менің қайғым, оның қуанышы менің қуанышым. Бала беру деген оңай шаруа емес. Бұрын ата-бабаларымыз ұрпағы үзілмесін деп туғандарының бауырына өз қолдарымен сәбилерін салып бергенін талай оқиғалардан білеміз. Мен өзімді психологиялық тұрғыдан дайындай бастадым. Осы ойымды анама да жеткіздім. Анам еш қарсы болмады, бірақ "дұрыстап ойлан, ол бір күндік мәселе емес, өмір бойы өкініп қалуың да мүмкін", - деді.
Сонымен менің аяғым ауырлап, айы-күнім жақындағанда ойымызды екі жасқа жеткіздік. Олардың қуанғанын көрсеңіз. Өмірлерінде бір жақсылықтың сәулесі жалт еткен соң екі жастың көздерінде жалындаған от пайда болды. Келінім бір жағынан абысыным күні-түні менің қасымда. Үй шаруасына болысып, балаларыма қарап есі шықты.
Мен дүниеге үш қыздан соң шекесі торсықтай ұл әкелдім. Ауруханада жатқанда аналық мейірімім оянып, елжіреп кетемін. Бірақ, өзімдікі емес екенін біліп, бірден есімді жинай қоямын. Ауруханадан шыққан соң қырқына дейін баланы өзім емізіп, абысыным мен қайным біздің үйде тұратын болып шештік. Үш қыздан соң туған ат ұстарды қию күйеуіме де оңай соққан жоқ. Үйдегі үш қыз інілерін қорғаштап, қасынан шықпайды, тіпті таласады. Қайныма «ұлыңның есімін өзің қой» дедік. Есімі - Алдияр болды. Бала екі жастың бөлмесінде болды. Мен тек емізуге барамын. Сол кезде қасынан кеткім келмей қипақтап әрең кетемін, бірақ келінге білдірген емеспін. Түнде жыласа жаным шығып, қасына жүгіріп барамын. Бұрын қыздар жыласа трактормен келіп оятсаң да ұйқысын қимайтын күйеуім де атып тұрады.
Бала қырқынан шығуға жақындағанда Азат өздерінің Астанаға көшетін ойлары бар екенін айтты. Басында бір түрлі қабылдасақ та артынан ол да дұрыс шығар деп ойларын құптадық. Азат үй-жайын сатып, жиған-тергенімен Астанадан бір бөлмелі пәтер сатып алды. Алдиярды қырқынан шығарып, сол күні кешке олар Астанаға кетті. Үйдің іші қаңырап қалғандай. Құлағымда Алдиярымның үні келе береді. Ештеме түсінбеген қыздар Алдиярды іздейді. Алдияр туралы сөз басталса үйді үнсіздік басып, жолдасымыз екеуіміздің ұнжырғамыз түседі. Қайта-қайта телефон құлағына жармасып, абысынымнан баланың жағдайын сұрай беремін. Мен ыстығым көтеріліп, бір апта төсек тартып жатып қалдым. Ештемеге зауқым жоқ. Ойлайтыным бір балам. Ешкімді көргім де ешкіммен сөйлескім де келмейді. Ауырғанымды естіп анам келді. Анам қасымда болып, ақылын айтып мен есімді жинай бастадым. Не болса да тағдырдың жазуы, тағы да балаларымыз болады деп ары қарай дұрыс өмір сүруге бекіндім. Уақыт - емші. Бірде күйеуім ішіп келіп, ұлын сағынатынын айтып жылады. Кейіннен ол да үйренді. Осылайша жылдар өтті. Мен дүниеге тағы бір ұл әкелдім. Бәрі ұмытылды. Анда-санда қонаққа келгенде Алдиярды көріп тұрамыз.
Келесі бір келгенде Алдиярымның "мамасының" жүзі жабырқаулы. Азаттың басқа келіншегі бар екен. Азаттан аяғы ауыр. Үйге мүлдем келуді қойыпты. "Ажырасатын шығармыз, тек, Алдияр үшін келіп-кетеді" дейді. Алдияр бала-бақшаға барып жүр екен. Өзі сүйкімді топ-томпақ.
Азаттар кеткен соң барлық жағдайды жолдасыма айттым. Ол ойланып отырып қалды. Екеуіміздің де ойлағанымыз Алдиярымыздың болашағы. Келесі күні жолдасым Азатпен сөйлесуге жұмысынан сұранып, Астанаға кетті. Көңілсіз оралды. Ашып ештеме айтпады, тек "қойшы сол шіріген жұмыртқаны" деді.
Олар ажырасуға арыз беріпті. Заңды түрде бала анасында қалады. Жұмысы жоқ Айжан баланы қалай асырайды? Ертең ол да өз бақытын кездестіріп, тұрмысқа шығамын десе ше? Алдиярды өзіме қайта алғым келеді, бірақ Айжанды тірідей өлтіреміз бе? Бала әлі кішкентай, бауырыма бассам үйреніп кетер, туған анасымын ғой. Баламның әкелік, аналық сүйіспеншілікті бойына сіңіріп, толық отбасында өскенін қалаймын. Әр жанұяның көркі мен бақыты бар шаттығының көзі болып табылатын бала ата-анаға Алла Тағаланың берген аманаты ғой. Баланың бақыты ата-ананың тәтті мейіріміне бөленіп, ананың ыстық құшағы мен әкенің аялы алақанында өсіп, есейіп ер жетуі емес пе?! Шешімін таба алмай басым қатты, жолдасым не дер екен?