Тоқал пайда болды ма – бәйбішеге деген махаббат сезімі суыды деген сөз
Соңғы кезде жұрт арасында, әсіресе әлеуметтік желілерде күйеуіне тоқал әпергіш келіншектер көбейіп кетті. «Күйеуім алам десе, өзім таңдап жүріп әперемін» дейді. Тіпті тұрмысқа шықпаған жас қыздардың өзі «кейін жарыма тоқал алып беріп, бәйбіше боламын» деп мақтанышпен армандап отыратынды шығарды. Дұрыс қой, әрине. Бәйбіше болу деген – зор мәртебе, ұрпақтардың құрметі. Тек… Жанына балаған жары алдына келіп: «басқа әйелге көңілім кетті, соны алғым келеді. Ал сен балаларымның анасысың, сені де тастай алмаймын,» деген кезде іші қалай өртенетінін білмейді ғой олар әлі…
Бәйбіше деген атты ресми болсын, тек үшеу ара құпия болсын, арқалағаннан кейін, ауыр күресті күндер басталады. Отбасылық бюджет уыстан сусып шығады. Бұл – бір. Екі үйі бар еркектің табысы екіге жарылатыны аян. Ал, жаңа түскен, уылжып, үлбіреп, отырған жас тоқалдың қылығы өтімді болса, таразы басы сол жаққа қарай жылжып кетеді.
«Күйеуім тоқал алған соң оны бұрынғыдай өз жағымда ұстаймын» деген бекер сөз. Ер адам тек сүйген әйелінің ғана ығына жығылады. Ал бірінші жарын шынымен сүйетін еркек басқа әйелге көз салмайды. Тоқал пайда болды ма – бәйбішеге деген махаббат сезімі суыды деген сөз.
Оның үстіне, еркектер сүйікті әйелінің баласына ғана еміренеді. Өз баласының әкесіне қадірсіз бола бастағанына қарап отырғысы келетін әйел аз шығар.
Әрине, бәсекелестік деген жақсы. Өзіңе деген күтімді күшейтесің. Бірақ… оны жай ғана өзің үшін, сүйген жарың үшін емес, бақталастық, азаматыңның көңілін сәл де болса көбірек аудару үшін істеген…
«Ой, бір кездері қазақтар төрт әйелге дейін алған, анау мынау» дейді. Алған. Бірақ бізге жеткен кітаптарда бәрі жазылмаған ғой. Ол кітаптарда әр бәйбішенің өзін жұртта қалған жыртық кебістей сезініп, іші ит тартқандай әлем-тапырақ болатынын кім сипаттасын… әжелеріміз сауатсыз болған ғой.
Жанель
Дереккөз: el24kz