Ақтөбелік қыз күйеуге шыққалы отырған жігітінен тойына бес күн қалғанда қашып кетті. Интернетте ду ете қалған бұл хабарды оқыған халықтың пікірі екіге жарылды. Бірі қызды кінәласа, екіншісі жігітінен күдіктеніп жатыр. Біз сол келіншекпен сұхбаттастық. Оның да өз айтары бар екен.
Әлияның айтуынша (есімі өзгертілген - ред), күйеу жігіт басқа бойжеткенді жүкті етіп қойыпты.
-Шіріген бай болғаны не керек, қолынан ештеңе келмеді. Басқа қызды жүкті еткені рас. Ол қыздың көз жасына қалып сүймеген жігіттің жары бола алмаймын,- дейді тойдан қашқан қалыңдық.
Ауылда таныстым
-“Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша жұмысқа бардым. Бір айдан кейін осы жігітпен таныстым. Ол менің нағашы ағамның жақын досының ұлы. Өзім қалада өскен ерке қызбын. Басында әзіл ретінде жүрдім. Шын деп қабылдаған жоқпын. Бір байдың баласы. Осы уақытқа дейін оны жақсы көрмегенімді түсіндім. Тек бауыр басып қалған екенмін. Жүрген кезде де мен оның ауызына айтар сөзін салып беріп тұрамын. Маған ұсыныс жаса, гүл алып бер деп. Ол сосын менің айтқанымды істейді. Жаңа жылда ұсыныс жасады. Қыз бен жігіт болып сөйлесе бастағаннан кейін маған қол көтеретінді шығарды. Ешқайда кетпейді ғой деген оймен мені ұратын болды,-дейді тойдан қашқан қалыңдық Әлия.
“Мен оған пәк болып барған жоқпын”
-Өткенімді бетіме басатын. “Сен әркімнен қалған адамсың. Жігіттерді өзіңе қаратып аласың. Ертең маған тигеннен кейін басқаның қасына баратын шығарсың” деп намысыма тие бастады. Басында жұлқылап ұратынды шығарды. Басқалардан қызғанатын болды. Ол үшін қыз баласын ұру бір үлкен мақтаныш. “Тойдан бас тартамын” деген сәттерімде кешірім сұрайтын. Жарайды қоятын шығар деген ой болды. Кейіннен маған балағат сөздерімен тиісті. “Екеуміз үйленгеннен кейін бір жыл тұратын шығармыз. Бір жылдан кейін айырылысып кетеміз” дейтін. Үнемі сондай әңгімелер айтатын. Атасының қолында өскесін әке-шешесін тыңдамайды. Олармен ақылдаспайды. Ортада үнемі мен жүретін болдым. Бір жаққа баратын болсақ мен сұраймын. Ақша керек болса мен сұраймын. Ата-анасымен жақсы араласып кеттім,-дейді Әлия.
Оның айтуы бойынша ешқашан ата-анасына балағат сөздер айтпағанын жеткізді. Сонымен бірге ата-анасы мен бауырларын құрметтейтінін айтып өтті.
Басқа қызды жүкті қылды
-Неге оған көп мүмкіндік жасағанымды ойлаймын. Соңында шыдамым жетпеді. Қолынан тек менің достарымның көзінше мақтану келеді. Үнемі осымен аяқтайық дегенімде, “менің ата-атамды неге ойламайсың” деп шығады. Менің ата-анамды ойлап жатқан жоқ. Олар шығынданғанда, менің де ата-анам ұзатуыма да-йындалды. Артыма 2 млн теңгеге жүк алып, мейрамханаға тапсырыс беріп қойған еді. Ойлайтыны тек өзінің жағы болды,-дейді Әлия Есенова.
Қашқан қалыңдық той көйлегін сатып алып, Ақтауға барып фотосессия жасатқандары рас екенін жеткізді. Дегенмен ешқандай 300 мың теңге емес, 130 мың теңге шығын кеткенін айтты. Сонымен қатар Ақтөбедегі «Юрта» мейрамханасы еместігін де жеткізді. Аудандағы бір үлкен мейрамханаға тапсырыс берген. Артынан осы оқиғадан кейін жігіттің туыстары той көйлегін алып кеткен. Сонымен қатар, кеткен шығындар үшін 50 мың теңге сұраған екен.
-Мені қарабет ету үшін барлық ақпаратты қосып айтқан. Мен олардың байлықтарына қызыққан жоқпын. Қызды неге ұрасың деп анасы сұраған уақытында темекі шегеді депті. Қызғаныштан ұратын,-дейді Әлия.
Өмірім кинодағыдай болды
-Тойдан бас тарттым. Шақыру билеттер тарап кетті. Артынан ата-анам көнді. Менің қиналғанымды қаламады. Кейіннен жігіттің ата-анасымен сөйлесіп үйдегілер қайтадан ойынан айнып қалды. “Осы жігітке ұзатыласың. Басқа амалың жоқ” деді. Қатты қиналдым. Жыладым. Өз-өзіме қол жұмсамақ болып үйде тұрған дәрілерді ішіп қойдым. Аман қалдым. Қалада тойға дайындалып жүрген сәтімде Аянмен таныстым. Негізінде мен оны бір жыл бұрын танитын едім. Ол мені түсінді. Астанадан оқып келген сауатты жігіт. Қаланың баласы. Бір көргеннен ғашық болдық. Менің күйеуге шығатынымды біле тұра, алып қашамын деді. Мен де келістім. Бастысы, әлгі дөрекі жігіттен құтылсам екен дедім.
Қазір бақытты отбасымыз
-Көп ойландым. Жан-жағымдағы достарымның сөзін тыңдадым. Кей достарым «біреуді жылатып, бақытты болмайсың» деді. Бірақ мені сүйетін, мен оны сүйетін жаннан айырылғым келмеді. Оған бір досым себепші болды. Жеңгемнің көмегі де тиді. Түнгі екіде алып қаштым. Таң ата - анама хабарласып ескерттім. Анам ол қыздың күйеуге шыққалы жатқанын біледі екен. Артынан барлығын дұрыстап айтып бердік. Барлығы түсіністікпен қарады. Артымыздан қуғыншы келді. Қуғыншыларды өзім күтіп алып, үйді көрсеттім. (күлді) Басында Әлияның ата-анасы ренжігені рас. Бірақ қазір бәріміз бақыттымыз. Қызының бақыты үшін бізге батасын берді. Беташарды да өткіздік. Жақын күндері тойымыз болады. Мен жақсы көретін жанның өткені маңызды емес. Барлығы артта қалды,-дейді Әлияның күйеуі.