Сәбиін өлтірген сұлу (соңы)
Арада біраз жыл өтті. ҚазГУ-ді бітіріп журналист мамандығын алдық. "Журналисті асырайтын қолы мен аяғы" деп бір профессор ұстазымыз жиі айтатындай, көбіне іс-сапарда жүреміз.
Бірде Қызылорда облысына жол түсті. Аралға бардық. Автостанцияда билет кезегінде тұрғанбыз. Кенет иығымнан біреу түрткендей болды. Жалт қарасам қарсы алдымда Назира тұр. Шынын айтқанда бұл оның тек сұлбасы ғана еді. Тістері түскен, шашы ағарған, бойы еңкіш тартқан, жүзі әжім-әжім тек соған ұқсас біреу. Кетік тісінің арасынан тілі жылтыңдап тұрып: "Маған Қазалыға бір билет ала шығыңызшы" деді. Аузынан арзан виноның исі бұрқ ете түсті. Мені танымады. Қолына билет тиген бойда бүкшеңдеп жөніне кетті.
Ауыр ойлардан миым шағылып мен сол жерде ұзақ отырдым. Тағдыр деген қандай алдамшы еді! Он бес жыл бұрын осы Назира қандай еді, шіркін! Сол кезде тура он бес жылдан кейін сен осындай мүсәпір боласың десе ол сенер ме еді? Сенбес еді.
Содан арада бес-алты жыл өткенде Назираның жынданып, ақыры ауруханада қайтыс болғанын ауылға бір барғанда Мұраттан естідім. Баяғыдағы Назираға арнаған өлеңдерімді тауып алып, түгел жырттым. Содан кейін өлең жазған жоқ едім.
Кейінірек осы оқиға туралы біраз қаламдас жігіттерге айтып едім, олардың бірі тебіреніп бұл туралы повесть жазатын болды. Екінші біреу өзің жаз, керемет бір әңгіме ғой мынау деді. Бірақ ешкім қалам тербеген жоқ. Өзімнің де жазуға қолым бармады. Жаза бастасам көз алдыма он жетідегі солқылдаған сұлу Назира келеді. Сол қалпында көз алдымда ұстап қалсам деймін. Одан кейінгі өмірі жөнінде қолым жүрмейді.
Ақыры осы оқиға іште шемен болып қалып қойған-тын. Жақында қанша қиналсам да бар күшімді салып осы жөнінде жазып шықтым. Өткен өмір ғой, бәлки бұл біреулерге сабақ болар деп ойладым.
Жолдығали Бақыт