Мен осыдан он жылдан астам уақыт бұрын бір қызға қатты ғашық болдым. Ол 11 сынып оқып жүрген кезімізде біздің класка жаңадан келген болатын. Екеуміз кластас, дос болдық. Мен оған өлердей ғашық едім. Бірақ тағдыр бізді қоспады. Өзімнің басымнан өткен оқиғаны «Алаш айнасы» арқылы оқырманмен бөлісуді жөн көріп отырмын.
Сәуле екеуміз мектеп бітіргеннен кейін қалаға бірге барып оқуға түсеміз, оқуымызды бітіргеннен кейін үйленеміз деп армандайтынбыз. Ол мектепті үздік бітірді. Сәулеге тек мен ғана емес ауылдағы жігіттердің көбі ғашық еді. Бірақ ол көп жігіттің ішінен мені таңдады. Өйткені мен басқа жігіттердің тіпті оған жақындауына мүмкіндік бермедім. Шынымды айтсам, оны қатты қызғанатынмын. Мен Сәулеге дейін де талай қыздармен жүрдім, бірақ ешқайсысын дәл осылай қызғанбаппын. Өйткені Сәуле мен үшін шешілмес жұмбақ еді. Ол басқа қыздардай жігіттерді өзіне қаратуға тырыспайды да, оның өзіне тартып тұратын магниті бардай көрінетін маған. Әлде бұл алғашқы шынайы махаббатым болғандықтан маған солай көрінді ме?
Сонымен Сәуле екеуміз оқуымызды бітіріп, Алматыға бірге келдік. Ол бірден Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсті. Мен де әскери оқу орнына курсант болып қабылдандым. Сөйтіп студенттік өміріміз өтіп жатты. Бірнеше ай өткенде әскери мамандықтың өзіме ұнамайтынына көзім жетті. Оқуға деген ешқандай ниетім болмады, есіл-дертім ауылға қайту, ата-анамды сағынып, ауылдағы емін-еркін өмірімді аңсаумен ғана болдым. Сәуле екеуміз тек сенбі-жексенбі күндері кездесіп тұрдық. Ол тәтесінің үйінде тұрып оқитын. Демалыс кезінде мен оған барып тұрамын. Бірде мен Сәулеге оқуымды тастап ауылға кететін ойымды айттым. Ол әрине, қарсы болды, менің әлі-ақ үйреніп кететінімді айтып, оқуымды тастамауға үгіттеді. Бірақ мен қанша тырыссам да, оқуымды жалғастыра алмадым. Сөйтіп ауылға қайтып кеттім. Ал Сәуле маған ренжіп тіпті телефонға да жауап бермей қойды.
Ауылға келгеннен кейін емін-еркін өмірім басталды. Жігіттермен түнімен қыдырамыз, күні бойы ұйықтаймын. Ата-анам мектепте жұмыс істейді. Үйдің кенжесі, еркесі болғаннан кейін бе әке-шешем маған аса ұрса бермейтін. Алғашында оқуымды тастап кеткеніме олар ренжіді, бірақ құлқым болмаған соң, олар қайтсін?.. Осылай сайран салып жүргенде қысқы каникулға ауылға Сәуле келді. Оның келгенін естігеннен кейін сол күні кешке оның үйіне барып, екеуміз кездестік. Сүйген қызымнан кешірім сұрап, оған келесі жылы басқа оқуға сырттай тапсыратынымды, қалаға барып жұмыс істейтінімді, екеуміздің үйленетінімізді айтып, ағымнан жарылдым.
Қазір ойлап отырсам, Сәуле мені ұнатқандықтан да сөзіме сеніп, болашағымыздан үміттенді. Ал мен оның үмітін ақтамадым. Ол оқуына қайта оралатын болды. Мен Сәулені қимай, оған білдірмей ол билет алған автобусқа мен де билет алып, сүйіктіме тосын сый жасадым. Екеуміз қалаға бірге келдік. Өзімше Сәулемен бірге бірнеше күн қалада өткізіп ауылға қайтпақпын. Дәл осы кезде Сәуле екеуміздің ең бақытты күндеріміз өтті. Мен сүйіктімнің мәңгілік мендік болғанын қаладым, ол да қарсы болмады. Жазда үйленеміз деген уәдемен мен ауылға қайттым.
Сәуле екеуміз анда-санда қалааралық телефонмен сөйлесіп жүрдік. Ол кезде бізде қалтафон болмады ғой. Мен Сәуленің жанында болғанда маған одан басқа ешкім керегі жоқтай болады. Бірақ ауылға келгеннен кейін оны бір сәтке болса да ұмытып, уақытты көңілді өткізу үшін достармен көрші ауылдағы туған күн кештеріне барамыз, аудан орталығындағы би кештеріне барамыз, әйтеуір не керек, зерігетін уақыт жоқ.
Жаз шыға мен Семей қаласына барып жоғары оқу орнына сырттай оқуға түстім. Сол жылы Сәуле екеуміз жазғы демалысты ауылда өткізетін болып, ата-аналарымызға үйленетінімізді айтамыз деп жүргенде мен жол апатына ұшырап, аяғым сынды. Мертіккен аяғым дұрыс жазылмай екі рет ота жасаттым. Сонымен жаздай науқастанып, ауаруханада, одан қалса үйде төсектен тұрмай жаттым. Сәуле маған ауруханаға жиі келіп, тамақ әкеліп тұрды. Оның каникулы біткеннен кейін қалаға кетіп қалды. Аяғым жазылып, тәуір болған соң өзім де Сәулені бір көріп қайтуға Алматыға барып, ары қарай Семейдегі сессияма кеттім. Ол жақтағы курстастарыммен танысып, білісіп, біраз көңіл көтердік. Сабақ жайына қалды, курстастарымызбен бір ай бойы сессияны сылтауратып, жақсы қыдырдық. Көңілді кештердің бірінде мен Әйгерім атты қызбен таныстым. Жақын таныса келіп, оның біздің көрші ауылдың қызы екенін білдім. Екеуміз бір-бірімізді бұрыннан білетін адамдардай жақсы тіл табысып кеттік. Ол мені өзі тұратын жатақханаға қонаққа шақырды. Семей қаласында болған бір айда мен Әйгерімге қатты бауыр басып қалдым. Ол мені бөлмесінде тамақтандырады, киімдерімді жуып қояды. Екеуміз ортақ достарымызбен кешке қыдырамыз. Сөйтіп жүргенде бірде ішімдіктің қызуы бар, қасымдағы сұлу қыздың кетәрі еместігі бар, екеуміз түнді бірге өткіздік. Шынымды айтсам өткізген түнім есімде жоқ, бірақ таңертен бірге оянғанымды білемін.
Сауық-сайран, сессияға деп алып келген ақша таусылғаннан кейін ауылға қайтатын уақыт та жақындады. Ауылға келгеннен кейін біраз уақыт бетімнен басып Сәулеге хабарласа алмай жүрдім. Сәуле менің басқа қызбен жүргенімді біліп қойғандай сезіндім өзімді. Біраз уақыт өткеннен кейін ғана Сәулемен тілдесіп, оның жарқын шыққан қуанышты даусын естігенде ұяттан жарылардай болсам да, ештеңе білдіртпедім. Сөйтіп жүргенде бірнеше ай зулап өте шықты. Бірде біздің үйге бір көлік келіп тоқтады. Ішінен бірнеше әйел адам, бір ер адам шығып, Серік деген жігіттің үйі осы ма деді. Қақапаның алдында алаңсыз тұрған едім. Әлгілердің сұрағына: «Иә, бұл мен, мынау менің үйім» дедім. Сонымен мені іздеп келген адамдар менің Семейде танысқан Әйгерім атты танысымның туыстары болып шықты. Олардың айтуынша, Әйгерім менен жүкті болып қалыпты. Мен оны алдап тастап кетіппін. Сонымен не керек, менің әке-шешем мен Әйгерімнің туыстары біразға созылған әңгімеден кейін бізді үйлендіруге шешім қабылдады. Әкем маған: «Осы уақытқа дейін қандай қылығыңа болса да төзіп, қой демедік. Енді күнәсіз баланың обалына қалуға жол бермеймін, үйленесің деп» менің қарсылығыма қарамастан тоқетерін айтты. Сонымен құдалық болатын күнді белгіледі.
Мен болсам Сәуледен айырылатынымды ойлап әбден қапаландым. Ауылда өсек өрттен де тез тарайды ғой. Сәуленің ата-анасы да менің үйленгелі жатқанымды естіп алды. Ал менің бұл қателігімді Сәуленің кешірмейтіні айдан анық. Сонымен мен өзімнің ақымақтығымнан сүйген қызымнан айырылдым.
Әйгерімге үйленгеннен кейін Сәуле бір рет те ауылға келген емес. Оны көрмегеніме біраз жыл болды. Кейде сағынам, бірақ адам жақсы көрмесе де жанындағы адамға бауыр басып қалады екен.
Қазір жанымдағы жарым Әйгерім маған барынша жағдай жасап, айтқанымды екі етпейді. Тамағым дайын, киімім әзір, ол мен үшін қаладағы оқуын да тастады. Менің бір таңғалатыным, Әйгерім менің басқа қызды сүйетінімді, Сәуле туралы бәрін біле тұрып, қызғанғанын еш білдірмейді, ол туралы тіпті ауыз ашпайды. Мен талай рет ішіп алып келіп, Сәуленің атын атап, Әйгерімді далаға қуған кездерім де болды. Бірақ ол бәріне төзді. Қазір арамызда екі баламыз бар.
Мен жақында Сәуле туралы ауыл адамдарының әңгімесін естіп, жанымды қоярға жер таппай жүрмін. Сәуленің де оқушы қызы бар екен, бірақ оны өз әпкесі асырап алған көрінеді. Демек, Сәуленің қызы менің қызым болғаны ғой. Сәуленің ауылға не үшін келмей кеткенін де енді түсінгендеймін. Мен басқа қызға үйленіп кеткенде Сәуленің де аяғы ауыр болған. Бірақ ол маған оны білдірмеді, бір ауыз айтпады. Осы жағдайды түсінгеннен кейін мен бірден Сәулені Алматыға іздеп бардым. Оның мекен-жайын біліп, жолын күтіп жүріп ақыры кездестік, сөйлестік. Ол әрине, алғашында екеуміздің қызымыз бар екенін айтқысы келмеді. Бірақ бәрібір шындыққа көзімді жеткізбей қоймайтынымды білгенде өз аузымен айтып берді. Сәуле өзінің аяғы ауыр екенін маған айтамын деп оқталған кезінде менен басқа қыздың жүкті екенін білгеннен кейін ол ата-анасына ғана айтып, баланы босанады, алайда баланы жалғыз өсіру қиын, әрі оқуын жалғастыру керек болғасын сәбиді оның жалғыз әпкесі асырап алады. Өйткені әпкесі ұзақ жылдан бері бала көтере алмай жүрген еді.
Сәуле менен қызының да, әпкесінің де жүрегін жараламау үшін менің оларды ешқашан мазаламауымды өтінді. Оның айтуынша, менің қызым Сәуленің әпкесіне бақыт сыйлапты. Бірақ мен Сәуле екеуміздің махаббатымыздан туған қызымды көргім келеді. Не істеймін, басым әбден қатты...
Серік, ШҚО
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30