Қыр соңымнан қалмай қойған қасқабас көкем ақыры мені құрығына түсірді
Жүре берсең көре бересің демекші, өмір сапарында неше түрлі тағдырларға жолығасың. Біреуіне қызықсаң, біреуіне жаның ашиды. Жуырда Бурабайға барып демалудың сәті түсті. Сонда кісі біткеннің көзіне сүйкімі артқан Жанна деген келіншекпен таныстым. Ашық-жарқын, кез-келген адамды мінезімен баурап алатын адам екен. Ә дегенен әңгімеміз жарасып жүре берді. Жатсынбай бірден өмір жолын ақтарып тастады.
«Өзің көріп тұрғандай тұла бойым тұнық энергиядан тұра ма білмеймін, мені көрген адам бірден бауыр басып кетеді. Оған мінезімнің де қосар үлесі қомақты. Мектепте де, универде де жігіт біткен менің соңымда болатын. Өйткені көшеге шықсам, көздің бәрі маған қадалады. Кейде қаладалған көздердің әсері ме ауырып қаламын. Ондайда әжем үшкіріп, киіміме ілмек тағып береді.
Қойшы, содан әйтеур оқудың ортасына келгенде Бекен есімді жігіттің етегінен ұстадым. Көз көрім көркі бомаса да, айтарлықтай алып денелі алпамса жігіт еді. Негізі еркек деген маймылдан сәл әдемірек болса болды дейді ғой. Мінезі де ұнайтын. Маған нағыз қамқор бола алатын адам сол сияқты болды да тұрды. Оның мен дегенде шығарда жаны бөлек. Жаным, жаным деп, асты-үстіме түскенде кейде айналамдағы адамдардан ұялып кетемін. Жігіттерді ізінен шұбыртып жүрген мені өзін таңдайды-ау деп дәмеленбесе керек. Ал менің оның қолын қайтармағынмда тіпті есі шығып кетті. Оның ата-анасының тұрмыстары онша емес, көп тарығып қалатынбыз. Бірақ,соның өзінде шүкір деп отырған қарапайым жандар. Екеуміз де оқимыз.Қиналып кеткен соң Бекен қосымша жұмыс істей бастады. Әйтеуір ілдәлдап жүріп жаттық. Ілініп-салынып оқуымызды да бітірдік.
Бас қосқанымызға үш жылға тақалса да6 менің аяғым ауырламады. Енемнің қабақ түйісінен-ақ бұл үйге келсап бола бастағанымды сездім. Күбір-сыбыр көбейді. Енем шу шығаратын болды. Ол аз болғандай Бекен де көп ішетінді шығарды. Оның да бар арманы бір бала. Әрине, түсінем, менің де жаныма бататын осы ауыр жағдай екенін олар түсінбейтін сияқты. Ақыры ың-шыңсыз бір-біріміздің қәдірімізді кетірмейік деп ол босағаны тастап өзім кеттім. Бір рет те болса артымнан іздеп келмеді. Өткен өмірме қайтып оралудан үмітім біржола үзіліп, құрбыма еріп бас қалаға аттандым.
Жаңа орта, жаңа таныстар, өкінішімді тез-ақ ұмытқандай болдым. Құрбым пысық, қай жерден ақша табуға болады бәрін есептеп жаңа жағдайға бейімделгіш. Соның арқасында жұмысқа орналасып, қиналған жоқпыз. Жаңадан ашылған элиталы мейрамхана екен.Екеумізді де даяшылыққа алды.Түр сипатымыз да, дене-тұрқымыз да ойларынан шыққан сияқты. Жаңа жұмысқа тез бейімделіп кеттік. Мұнда ең жақсысы, қалталы адамдар келеді екен. Әрі шәй пұл да көбірек түседі. Кейде мырзасымақтар қалған қомақты ақшаны да алмай кетеді. Риза боласың. Кейде біздің бір айлығымыз болатын сомаға тапсырыс беретіндер де бар.Таң қаламыз, ақшаны қайдан тауып жатыр деп...
Қойшы сонымен не керек, күндердің күнінде мейрамханаға шыттай киінген қасқабас кісілер келді. Қыздардың пыш-пышынан аңғарғаным бірі лауазымды адам, бірі қонағы болар. Екеуі де қара-жаяу емес. Мен қызмет еткенен кейін екеуінің де көзі менде. Ащы судан сіміріңкіреп алғасын екеуі де қырындай бастады. Үп-үлкен адамдар ұят жоқ екен ғой деп шошынғанмын алғашында. Бірақ кейінен қасқабастың құшағынан табыламын деп ойламаппын ол кезде. Қыр соңымнан қалмай қойған Қасымбай көкем ақыры мені құрығына түсірді. Алты қыз болып пәтер жалдап тұрушы едік. Жеке пәтерге шығарды. Өзім де шаршап, әрі жас емеспін бе, еркек құшағын аңсаңқырап жүрген кезім. Қолын қаға аламадым. Әрі жас жігіттің де қолжаулығына айналғым келмеген. Мен менсінбей жүрген көкем білдей басқарманың бастығы болып шықты. Әрине, оның жасындағы адамның бойдақ болмасы белгілі. Сонда да мен оның бәйбішесінің көз жасына қалғым келмейтінін айттым. Менің түп-тұқияныма дейін тексерсе керек. Қасекем әбден көңілі толып, айтқанымды орындады. Әйелін қалай көндіргенін білмеймін, үйіне ертіп барып алдынан өттік. Салиқалы адам екен. Дымы ішінде ештеңе білдірген жоқ. Қанша дегенмен әйелі ғой, қызғаныштың қызыл иті ішінде ұлып жатқан шығар, сонда да сабыр сақтады.
Заңды некеге айтпаса да тұра алмаймыз. Бірақ отбасының алдында арымыз тазалау, басын ашып алдық. Кейін шегінер жерім жоқ. Оның үстіне жүрек лүпілдетер қуанышым да бар. Бұл кезде менің аяғым ауырлап қалған. Жүрегім жарылардай. Менен емес пе деген күмән болатын. Бірақ қуанышты едім...
Сонымен бірінен кейін бірі екі ұлды дүниеге әкелдім. Қасекем үлде мен бүлдеге орап тастады. Құндыз ішік менің үстімде, бриллиант тола. Жүргізуге қорқамын дегеніме қарамастан көлік те әперді. Жыл сайын шетелде демаламын. Елдегі қымбат орындардан да қалмаймын. Бір қарағанда арманы жоқ адамдаймын. Бірақ менің де ішке бүккен сырым бар. Екі отбасының ортасында жүрген ер азаматыма кейде жаным ашиды. Мерекелерді бізбен қарсы алса деймін. Бірақ ешуақытта олай болған емес. Бізге сыйлығын тапсырып болған соң үлкен үйіне асығады. Ал мен оны мәңгілік қасымда байлаулы болуын аңсаймын. Осылай өмірім өтіп жатыр...»