Босанған соң денемнің босап кетуі маған айтарлықтай ауыр болды. Жолдасымнан ыңғайсызданып, ғаламтор арқылы неше түрлі қынапты тарылтатын гелдер, дәрілер алып пайдалана бастадым. Екі рет бусинки қолдандым. Қатты тар қылып қояды екен. Нәтижесіне көңілім толды. Бірақ астыңды қатты құрғақ қылып тастайды екен. Сосын бас тарттым. 5000 теңгеден алып жүретінмін. Одан кейін чка таяқшасын алдым 4000 теңгеден. Жолдасым көріп қалып, «енді осындай бірдеңелер жасағыныңды көрсем оңдыртпаймын» деді. Шыны керек сол үшін ғой тырысып жүргенім. Сосын лақтырып жібердім. Екінші баламды босанғанда астым жыртылып, оны дұрыс тікпей, астым шынымды айтсам өзге түгілі өзім ұялатындай болып кеткен соң, ыңғайсызданып тырысқаным еді. Жалпы осындай нәрселер зиян ба? Осы жөнінде білгім келіп еді. Ғаламторда жарнамасы жер жарып тұрған соң, алатын едім ойланбай.
Гүлдәурен, Алматы қаласы
Редакциямызға қынапты тарылтатын кремдер, гельдер, чка таяқшалары, бусинка, таблеткаларды пайдалануға бола ма деген сұрақтар өте көп қойылады. Аталған заттар қынапты уақытша тарылтады. Бұл заттардың құрамында ашутас, танин, бамбук көмірі, тотыққан шөптер қосылады. Бұл қоспалар қынаптың шырышты қабатын тітіркендіреді. Ұзақ пайдалансаңыз қынапты күйдіріп жараға айналдыруы мүмкін. Есіңізде сақтаңыз ешқандай ғажайып крем дәрі болмайды. Оңай әрі тез нәтижие беретін заттардан аулақ болу керек. Ол уақытша ойыңыздан шығуы мүмкін. Бірақ түбінде денсаулығыңыздан айрылып қалу қаупі бар. Сол себепті ондай кремдерден абай болғаныңыз дұрыс. Қынапты табиғи жолмен жаттығу арқылы тарылта аласыз.