"Отбасы - ошақ қасы" айдарын күнделікті оқып тұрамын. Менің де басымнан өткен оқиға құрбы-құрдастарыма ой салар, аға-әпкелерім ақыл айтар деген мақсатпен жазып отырмын!
Біз Толқын екеуміз мектеп кезінен таныспыз. Бір қаладанбыз. Ортақ құрбыларымыз да көп. Осылайша біраз жылдан соң мен Павлодар қаласынан Астанаға жұмысқа ауысып кеттім. Анда-санда ортақ құрбы-құрдастардың той-мерекелерінде кездесіп қалғанымыз болмаса, Толқынмен қатты араласпадық. Менің Астанада жүргеніме үш жыл болды. Бір бөлмелі пәтерде әріптес қызбен бірге тұрып жаттым. Екеуіміз де бір мекемеде жұмыс істейміз. Қасымдағы әріптесім тұрмысқа шығып, жалдамалы пәтерде жалғыз қалдым. Ай сайынғы пәтердің төлемақысы қалтама тар болғандықтан қасыма адам іздей бастадым.
Бір күні көшеде кездейсоқ Толқынды кездестіріп қалдым. Ол Астанаға келгеніне бір ай болғанын және әзірге туысқандарының үйінде тұрып жатқандығын айтты. Мен қасыма тұратын қыз іздеп жүргенімді де жасырмадым. Ол қуанып кетті. Осылайша Толқын екеуіміз бірге тұрып жаттық. Бұрыннан жақсы таныс болғандықтан екеуіміз бірден тез тіл табысып, жақын құрбы болып кеттік. Бір-бірімізден сыр жасырмай кино, клуб, кафелерге де бірге баратын болдық.
Толқынның екі рет ажырасқан, қазір өзінен бес жас кіші еркекпен азаматтық некеде тұратын анасы ғана бар еді. "Сен тұрмысқа шықсаң ұялмай көрсететін ата-анаң мен өздеріңнің баспаналарың да бар, ал, мен болашақ қайын жұртыма көрсететін көрсететін анамның жүрісі анау, үйіміз де жоқ. Бес жыл бұрын анам бір желілік маркетингке кірем деп үйімізді сатып жіберіп, аяғында түксіз қалды" деп налитын. Құрбыма жаным ашып үнемі оған тірек болып, түсінуге тырыстым. Осылайша бір жыл өтті, Толқын да Астанаға үйреніп кетті. Арасында бірге Павлодар қаласына үйімізге барып тұрамыз. Жұбымыз жазылған емес, мен баратын жерден ол, ол баратын жерден мен қалмайтын едік.
Мені бір әріптесім жігітпен таныстырып, сол жігітпен кездесуге бардым. Ол жігіт екеуіміз бір-бірімізді ұнатып, қыз бен жігіт болып жүре бастадық. Мен бақыттан басым айналып, ұшып жүрдім. Жұмыстан келемін де жігітпен кездесуге асығамын. Күнде кино, күнде серуен. Жігіттің есімі Дамир болатын. Дамир денелі, өңді жігіт. Үйінің еркесі десем де болады. Өзінің машина жөндейтін жеке бизнесі бар.
Дамир екеуіміз машинамен серуендеп жүріп, Толқынды да бірге алып алуға ұсыныс жасадым. Осылайша Дамирмен Толқынды таныстырдым. Үйге келген соң, "жұмысы, үйі бар, түрі де келісті күшті жігіт тауып алдың, бақыттысың" деп қояды құрбым. Ойымда ештеңе жоқ, "саған да әлі кездеседі" деп өзімше жұбатамын.
Бір күні Дамир бізді үйіне қонаққа шақырды. Қаланың шетінде екі қабатты үйде тұрады екен. Арсен есімді досын да шақырыпты. Үйінде бізді қарындасы қарсы алды. Отырыс біраз уақытқа созылды. Қарындасы Толқын екеуімізге бір бөлмеге төсек салып берді. Түн ортасында оянып кеттім, қарасам қасымда құрбым жоқ. Дәретханаға кеткен болар деп ойладым да ұйқыға бас қойдым. Таңға жуық оянып қарасам, құрбым әлі жоқ. Ақырын тұрып төменгі қабатқа беттедім, тып-тыныш. Бір түсініксіз дауыстар естілгендей. Тұрып қалдым, қыз бен жігіттің дауыстары. Қонақ бөлмеге келіп шамды жағып, диванға отыра кеттім. Күтпеген жағдай. Келесі бөлмеден шашы дудыраған кейіпте Толқын шығып келеді. Көңілім түсіп кетсе де ештеме білдірмедім. "Үйге қайталық", - дедім. Құрбым түк болмағандай жиналып менің артымнан ере берді. Үйге келдік те жатып қалдық. Түс ауа ұйқыдан оянып, іштей құрбы қызым ақталар, бірдеме айтар деген оймен жүрмін. Олай болмады. Дастархан басында:
- Дамирға күйеуге шықсам, ана үйлерінің дизайнын басқаша ауыстырар едім. Маған жұмысқа келуге алыс қой, Дамир маған машина әперетін шығар, - деп Толқыным әңгімені соғып отыр.
- Әрине, бәрін жасайсыңдар ғой" - деп қоямын іштей мүжіліп.
Небір ойлар мазалап, ішім ашу мен ызадан, реніштен қыж-қыж қайнап барады. Ақыры ойлана келе, "Дамир екеуі бір-бірін ұнатқан болар, жігіт пен қыз соны қалап тұрса араларына түспей-ақ қойғаным дұрыс-ау" деп жұмған аузымды ашпадым. Өзім Дамирге де телефон шалмадым, ол да шалмады. Бір қызығы, Толқын Дамир өзінің бұрыннан жүріп жүрген жігітіндей меншіктеп, араларындағы болған жағдайларды маған айтып отыратын. Бетіне айтып салуға талай рет оқталдым, дәтім бармады. Екі күннен соң Дамир Толқынды тағы да кездесуге шақырды. Толқын енді арасында үйге қонбайтын болды. "Дамирдің қасында болдым, анда-мында қыдырдық" деп әңгімесін айтып отырады. Тіпті интимдік қатынастарына дейін айтқанда кірерге тесік таппай қалдым. Дамир түк болмағандай үйдің алдына келіп Толқынды алып кетеді. Толқын да еш шіміркпестен киініп, қыдыруға кетеді. Толқынға басқа құрбыларым шамданып, қатты ренжіді. Тіпті біреулері «неге айтпайсың бетіне», біреулері «қасыңнан қуып жібер» деп те айтты. Ешкімді тыңдамадым. "Не болса да ақырына дейін шыдайын" деп, жұмысымды істеп жүре бердім.
Уақыт-емші. Мен Дамирді ұмыта бастадым. Құрбыма деген ашуым да өкпем де тарқады. Әрине айтқан оңай, бірақ өте ауыр болды. Тек, өзімді сабырлыққа шақырдым. Байқаймын, құрбым да Дамирден жалыққан сияқты. Дамирдің оған деген қарым-қатынасы ұнамайтынын да айтып салды бір әңгімесінде. «Сүйіктісі» де келуін азайтты. Ақыры екеуі мүлдем араласпай кетті. Толқын жаңа жігіт іздей бастады.
Кейіннен ортақ құрбыларымыздан естісем, Толқын осылай үнемі құрбыларының жігіттерін тартып алуды әдетке айналдырған екен. Бірақ, ешқайсысы Толқынға үйленбеген. Бір жағынан Толқынға жаным да ашыды, күйеуден-күйеуге тиіп жүрген ана қай уақытта қызына тәрбие берсін. Әке тәрбиесін көрмегендігі тағы бар. "Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" демей ме қазақ. Бұл жерде жалғыз Толқынды кінәлаудан аулақпын, Дамирдің де кінәсі бар. Бірақ, "тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді" деген мақалды қайтеміз сонда? "Сүйіктімнің" шынайы бет-пердесін ашып берген Толқынға да мың алғыс деп ойлаймын.
Қазір де Толқынмен бірге тұрамыз. Жуықта мен тұрмысқа шыққалы жатырмын. Әзірге Толқын үшін менің болашақ күйеуім - жұмбақ! «Аузы күйген, үрлеп ішеді» Толқынмен әлі таныстырған емеспін. Тұрмысқа шыққаннан соң да Толқынмен ара қатынасымызды үзетін де шығармын. Маған отбасы тыныштығы қажет. Ал, Толқын өткен өмірімдегі сыйлас құрбым болып қала бермек. Сіз не айтар едіңіз, оқырман?
Автор: Альфия Төкенқызы, Астана
alashainasy.kz