Қазақ жігітіне емес қарақалпаққа тиген жақсы дейді құрбым...
Кеше көптен араласпай кеткен бір құрбымды кездестірдім. Ол күйеуін тастап, қарақалпақ жігітке тиіп алыпты. «Ойбай, көзім ашылғаны-ай» деп қояды. Маркс атамыз «Сананы тұрмыс билейді» деп жөн айтып кеткен ғой. Қарап тұрсам, қу тіршілік өзбек пен қарақалпақ жанында қазақ жігіттерін бәсекеге қабілетсіз етіп қойыпты. Бұл ащы да болса, бүгінгі еліміздің ахуалындағы шындық.
Қалай бәсекеге қабілетсіз дейсіз бе? Барлық айырма – Қазақстанға қарағанда Өзбекстан мен Қарақалпақстанда өмір сүру арзандығында. Мәселен, бір жыл бойына 1 миллион теңге тапқан сырттың жігіттері өз елдерінде бай-пашта құсап шалқып өмір сүреді. Өйткені онда отбасы үшін басты қажеттілік - баспана да, автокөлік те көп арзан. Тіпті, қырғыздарда да бізбен салыстырғанда арзан өмір сүруге болады.
Ал әлгі 1 миллион теңгеге қазақ жігіті қаланың шеткі бір қиырынан жер алуға ғана мұршасы жетеді. Жұмысы қала ішінде болғандықтан ол автокөлікті несиеге тіркетуге мәжбүр. Көліктің өз бағасының жанына несиесі қосылады. Баспана салуға тағы да қарызданады. Осының барлығы адамның жұмыс істеуге деген ынтасын біртіндеп жоя береді.
Тапқан ақшасын еліне барып, өз қажеттілігіне ұтымды асырып жаратқан өзбек пен қарақалпақ жігіттері болса, Қазақстанға тағы да құштарлана еңбектенуге аттанады. Бәрінен бұрын, олар бұл жақтағы жұмыс жалақысын төмендетеді, ал ондай аз ақыға бұл жақта отбасы асырау өте қиын.
Мен бұл арада жоғары білімі жоқ, қаражұмыс адамы туралы айтып отырмын. Шыны керек, екі қолға бір күрек таппай жүрген қазақ жігіттері бізде көп. Бұрын құрылыстан біршама нәпақа түсіруші еді, қазір ол да жоқ. Өйткені тағы да сырттағылар өте арзан бағаға үй салып, олардың алдын орап кетуде.
Әлгі құрбымның қазіргі күйеуі де бұл жаққа үй салуға келіпті. Онымен бірге қала ішіндегі тұрғын үй кешенін тұрғызуға 500 өзбек жегіліпті. «Басында ақшаны өкіртіп береді, одан кейін ақыңды жей бастайды, оған біздің бойымыз үйреніп алған, бірақ алдында берген ақшаға біз малданамыз» дейді ол. Осылайша 2006 жылы осы жаққа келген қарақалпақ жігіті 6-7 жыл ішінде Өзекстаннан төрт үй соғып алып, ішін дүниеге лық толтырып қойыпты. Есік алдында екі көлік қаңтарулы тұрған көрінеді. Өйткені оның өмірінің басым бөлігі Қазақстанда өтеді ғой.
Бір күні ол жалға алған пәтерінің ақысын төлей алмай, әбден қарызданып, күйбең тіршіліктен қатты қиналып, жұмыссыз күйеуімен ұрсысып, дода-дода боп жылап, бет алған жағына тартып келе жатқан құрбымды көшеден кездестіреді. Қарындастан сыр тартқан ол оны жұбатып, оңаша жерге барып шай ішуді ұсынады. Бүкіл мұң-зарын тыңдаған қарақалпақ жігіті сол арада бірден: «Өзі жалқау әрі әйел мойынына мініп алғанға еш арланбайтын еркекті қайтесің, менімен бірге Өзбекстанға жүр, мен саған жақсы қорған, қамқор боламын, қазір танысқа звандасам, құжаттарымызды туралап қояды» деп салады. Сөйтіп сөмкесінен ноутбугін шығарып, ондағы суреттер арқылы тұрмысы қандай екенін таныстыра бастайды.
«Керек десең, Қазақстанға көшіп келеміз. Қазір осы Алматыда фирмам бар, сол офиста тұрып жатырмын. Отбасын құрсам, осы арадан үй аламын» депті. Алты ай бойына күйеуінен тығылып қарақалпақпен кездесіп жүрген келіншек бір күні Өзбекстанға да барады. Ташкентке жақын орналасқан қалашықта сарай секілді салынған үйлерін көргенде оның көзі жайнап кетеді.
Ақыры ол күйеуінен ажырасып, әлгі қарақалпақ жігітке тұрмысқа шығыпты. «Алты ай Өзбекстандамыз, алты ай Қазақстандамыз. Өзбекстандағы үйде ханша секілді жүремін. Өйткені үй күтуші - жалшылар бар. Оларға беретін ақымыз бұл жақтағы тиын-тебен ғана» деп қояды құрбым.
Алдыңғы күйеуінен бір қызы болған екен. Оны енесіне қалдырыпты. Қазіргісінен бір ұлы бар. «Бақыттымын, жоқшылықтан құтылғаныма шексіз қуаныштымын» дейді ол. Мүмкін шынымен де құрбым бақытты шығар, әркім бақытты әрқалай өлшеммен өлшейді ғой. Бірақ, бір өкініштісі, шынымен де бізде өмір сүру қымбат, қазақ жігіттері жігерін құм қылатын бұл қымбатшылықтан қашан арылады екенбіз?.. Ондай күн туады ма екен?..
Керім, Алматы облысы