Орыс ұлтының келіні атанған қазақ қызы бақытты отбасы болудың құпияларымен бөлісті. Айымгүл Садбекова махаббат жолында басынан кешкен қиындықтары туралы сыр шертіп, анасының ақ батасын алудың қаншалықты қиын болғанын айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ.
- Айымгүл, қалауыңыз неліктен өзге ұлттың азаматына түсті?
- Иә, жолдасым орыс ұлтынан. Есімі – Николай. Әрине, басында өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығамын деп ойламаған едім. Алайда, тағдырдың жазғаны болар, орыс азаматына тұрмысқа шықтым. Біз негізінде жұмыс орнында танысқан болатынбыз, алғашында тек дос ретінде араласып жүрдік.
Кейін оның бойынан қарапайымдылық, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттерді байқай бастадым. Жолдасым менің жүрегімді осы ерекше мінезімен де жаулап алған шығар. Ол мені үнемі алақанына салып, аялап, сыйлай білді. Оның жанында мен өзімді әлі күнге дейін балаша сезінемін.
- Ата-анаңыз орыс ұлтының азаматына тұрмысқа шығу туралы шешіміңізді қалай қабылдады? Қарсы болған жоқ па?
- Әрине, алғашында анам қарсы болды. Анам тіпті, онымен достасып жүргенімді біліп, маған Николаймен кездесуге рұқсат бермеген күндері де болды. Анам қарсы болғандықтан талай рет Николаймен достығымызды үзуге тура келді. Бұл кезең мен үшін өте ауыр тиді. Яғни, мен жақындарым мен сүйіктім сияқты екі оттың арасында қалдым.
Мен үшін ата-анамның батасын алып, тұрмыс құру мәселесі қашан да алғашқы орында тұратын. Сондықтан да болар, сол жылы қатты ауырдым. Анам менің ауырғанымды көріп және жасым да келіп қалғандықтан (авт. ол кезде жасы 28-де еді) өз келісімін берді. Сөйтіп, отау құрдық. Ал, жолдасымның туыстары некемізге қарсы болмапты, олар тек «сен бақыттың болсаң болды» деп жауап беріпті.
- Қазір қай дінді ұстанасыз? Жолдасыңыздың дінін қабылдадыңыз ба?
- Жоқ, өз дінімде қалдым, керісінше жұбайым «ислам» дінін қабылдады.
- Аралас некені бүгінде сынайтындан өте көп. Ондай пікірлерді қалай қабылдадыңыз? Ауыр тимеді ме?
- Ол мәселені де басымыздан өткердік. Әсіресе, Николаймен кездесіп жүрген кезімізде, таныстарым мен жақын әпкелерімнің сынына қалған болатынмын. Әрине, жақындарымның осылай сынға алып жатқаны жаныма қатты бататын еді. Бірақ, ол менің өмірім ғой, менің таңдауым. Сондықтан, өмірімді кіммен және қалай сүретінім олардың емес, менің жеке мәселем деп ойлаймын. Николай Бурабай өңірінен, қазақша дәстүрлердің бәрін біледі десем артық айтпаспын. Қазақшасы да орташа, кейде аздап қазақша сөйлейтіні бар.