Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайын. Үйдің ерке қызымын. Ауылдағы жағдайы жақсы әулеттің бірінің қызымын. Әке-шешем зейнетте. Алдымда алты ағам, екі әпкем бар. Мен тұңғыш немере болған соң, мен «Атасы мен әжесінің қызымын».
Алдымдағы ағаларым мен апайларым мені кіші деп қатты еркелетіп, қалауымды әкеп беретін. Мен десе, жандарын қиюға әзір. Жеңгелерім мен жезделерім де сондай. Оқуда озат болатынмын. Армандарым көп болды. Әулетімнің абыройына кір кілтірмеуге тырыстым. Мектеп бітірген соң, арман қуып қалаға келдім. Үлкен көкем қалада кәсіпкер. Қалған бауырларым ауылда отбасылық кәсіппен айналысып келеді. Қалада сол көкемнің қолында болдым. Олардың өзімнің туған әке-шешемнің білетінмін. Төрт жыл оқып, қызыл дипломымды қолға алғанда, көкем қатты қуанып, мен үшін үлкен лимузин жалдады. Ауылдан ата-анам, бауырларым келді. Университеттегі достарым былай тұрсын, ұстаздарымның өзі маған сонда қызықты. Куратор апайым сонда «Магистратураға қал» дегенде, мен жұмыс істегім келетінін айтып, бас тарттым. Басқа қалаға кеткім келді. Бөлек тұрғым келді. Себебі, өзімнің үлкен екенімді сезінгім келді. Бауырларыма да өзімнің үлкен кісі болғанымды көрсеткім келді. Әулетімнің мүшелері рұқсат берген соң, басқа қалаға кеттім. Үлкен көкем қалтама салып берген тиын-тебенге пәтер жалдадым. Өз бетімше, жұмыс іздей бастадым. Мамандығым бойынша болмаса да, жарнамалық агенттіктің бір кеңсесіне орналастым. Жұмысым өзіме қатты ұнайтын. Бауырларым «Айлығың аз ғой, тәжірибеде жүрсің» деп картама ақша салып тұрды. Әріптестеріммен де сәлемім түзу болды. Жұмысқа қажет болғандықтан барлығымыз «Агент»-ке тіркеліп, өзара сөйлесіп, әзілдесіп отыратынбыз. Дизайнер болып істейтін Рашид деген менен жеті жас үлкен жігіт болатын. Екеуміз жұмыс барысымен көп уақыт өткізетінбіз, тапсырушылармен кездесулерге де бірге баратынбыз. Жұмысқа орналасқаныма бір ай болғанда тапсырыс қабылдау бөліміндегі Ляззат деген қыздың туған күнін атап өту үшін бәріміз караокеге бардық. Сол отырысқа бұрындары осы компанияда диспетчер болып жұмыс істеген Жансұлу деген үлкен апай келді. Менің жеңгелерімнің бірінің есімі де Жансұлу. Өз үйімнен алыс тұрғандықтан, туыстарымды қатты сағынатынмын. Әсіресе, Жансұлу жеңгемді. Сондықтан шығар, отырысқа келген Жансұлу апай маған ыстық көрінді. Кеш барысында жақынырақ танысып, суретке түсіп жаттық. Бұл кешке Ляззат тек қыздарды шақырған соң, жігіттер келмеді. Жансұлу апай Ляззаттан қайта-қайта Рашидті сұрай берді. Не үшін екенін мен кейін білдім.
Ертесі Жансұлу апай мені агенттен тауып алып, хат жазды. Екеуміз солай сөйлесіп кеттік. Оған өзім туралы барлық ақпаратты, бар құпияларымды айтатын болдым. Жансұлу жеңгем секілді мейірімді адам болатын. Бір күні «Жаңа кухонный гарнитур алып едім, келіп көріп қайт» деген сылтаумен мені қонаққа шақырды. Бір қорап кәмпит пен торт алып, айтқан адресі бойынша үйіне бардым. Бір бөлмелі әдемі үй екен. Екеуміз тортпен шәй ішіп, біраз сыр тарқаттық. Өзінің өмірбаянын айтып берді. 2-курста оқып жүргенде сөз салып жүрген жігіті алып қашады. Бірінші баласын әрең босанған екен. Сол үшін денсаулығына байланысты оқуын тастап кеткен. Кейін дәрігерлер бала тууға қауіпті деген соң, бір баламен шектелген. Ол бала тәрбиесімен үйде болған, ал күйеуі құрылыста прораб болып істеген екен. Баласы 12-ге толғанда жолдасы жүректен қайтыс болыпты. Бір ұлмен жалғыз қалған соң, жұмыс істей бастаған. Күндіз есіктерге жарнама іліп, кешке кафелерде еден жуып жүріпті. Сөйтіп біздің компанияға орналасқан екен. Ұлы 16-ға толғанда оны көлік қағып кеткен. Үш айдан кейін ол қайтыс болып кетіпті. Қайғыға батып, жалғыз қалған соң, өз еркімен жұмыстан кетіпті. Енді өз үйінде диспетчер болып жұмыс істеп, интернет арқылы тауар сатумен айналысады-мыс. Мен, сол кезде, Жансұлу апайды қатты аядым. Шын көңілмен сол кісіге көмектескім келетін. Өз әңгімесінен кейін Айсұлу апай менің қалымды, болашаққа деген жоспарларымды сұрады. Мен ойымдағыны айттым. Ол менен жігітімнің бар-жоқ екенін сұрады. Жігітімнің жоқ екенін білгенде маған: «Сен сондай жақсы қызсың, ақылың бар. Жұмысың да жақсы. Сен карьера қумай, тұрмысқа шық. Анау Рашид деген қандай жақсы бала, сол баланың етегін ұста. Әлі бойдақ болып жүр, отызға келді, әлі үйленер қыз таппай жүр, сен бағы шығарсың» деп кеңес берді. Рашид расында да жақсы жігіт еді. Бой десе бойы, ой десе ойы дегендей. Оның отызға келіп неліктен үйленбегеніне мен де таңқалғанмын. Себебі, менің көкелерімнің барлығы 23-24 жастарында үйленген. Ал апайларым 22-23 жаста тұрмысқа шыққан. Менің жасым 23-ке келіп қалды. Сол үшін мен Жансұлу апайдың Рашидпен қосылу туралы айтқанын құп көрдім.
Ертесі жұмысқа әдемі көйлегімді киіп келдім. Рашид есікті ашып келгенде соны байқап, жымиды. Мен қуанып қалдым. Түскі ас кезінде «Майгүл, ас ішіп қайтайық» деді. Мен бірден келісе кеттім. Түскі аста маған: «Екеуміз жұмыс болмаса, былай өзара сөйлеспейміз. Бұдан былай оны қояйық. Маған «Сен» дей бер, көмек керек болса айт» деп қалды. Сөйтіп екеуміз араласып кеттік. Рашид басшылыққа мені мақтап қойған соң, мен үш ай өтетін тәжірибені 2 айда өтіп алдым. Барлығы «Рашид жарады, ағалық қамқорлығын көрсетіп жүр» дей бастады. Мен оны «Ағалық қамқорлық емес, махаббатымыздың алғашқы баспалдағы» деп түсіндім. Рашидпен өткізген уақытта не болғанын, ол маған не дегенін барлығын Жансұлу апайыма айтып беретінмін. Алыстағы ағайынымды емес, осы апайыма жақын болдым. Туыстарым хабарласса, аса ашық ештеңе айтпайтынмын. Жансұлу апайым болса; «Ауылдағылар онсыз да сені уайымдап жүр, анау-мынауды айтып мазалама. Ал мен Рашидке сен туралы айтып агентіне жазып жібердім» деп қоятын. Сөйтіп арада жарты жыл өтті. Екеуміз дос болып араласқанымыз болмаса, қыз бен жігіт болып жүрмедік, киноға бармадық. Демалыс күні телефонын сөндіріп қоятын. Мен соған налитынмын. Бірақ, ондайда Жансұлу апайым «Балапаным, асықпа. Ол жігітті де түсін отызға келіп, әлі де қызға сезім білдіруді білмей жүр ғой» деп қоятын. Екеуміз арамыздағы қарым-қатынасты 3-курста тұрмыс құрып кеткен Жадыра деген құрбыма айтатынмын. Жадыра болса: «Ой, Майкош, жігіттер аңғал келеді. Қыз өзі алғашқы қадам жасамаса, болмайды. Өзің бірінші болып сезім білдіріп көрсейші» деді. Жаңа жылдық мерекелік кешке жиналдық. Компания қызметкерлері көңілді уақыт өткізді. Сол кезде алғаш рет бір бокал қызыл шарап іштім. Рашидке қарасам, ол да аздап ұрттап алыпты. Кеш ортасына жеткенде екеуміз кетіп қалдық. Ол көлікке мас күйіне отыра кетті. Екеуміз қала сыртындағы саябаққа бардық. Басында далада серуендедік. Ойыма Жадыраның сөзі орала берді. Не болса да алғашқы болып білдірейін деп шештім. Менің «Жаурап қалдым» деген сылтауыммен көлікте отырдық. Артқы орынға жайғастық. Бар ойым онымен бірге болғым келді. Сол кезде сезімімді білдіріп, құшағында болдым. Төсек қатынасының рахатын сезіндім.
Өзімді сондай бақытты сезіндім. Бір кезде оның телефонына смс келді. Ол есін жиғандай болды. Хабарламаны оқып дереу «Қап! Үйде су құбыры жарылып кетіпті, тез жету керек» деп киіне бастап, көлікті от алдыра бастады. Маған «Тезірек киін» деп бұйырды. Жол бойы үнсіз болды. Мені әкеліп тастаған соң: «Жарайды, мен кетуім керек. Сау бол!» деп жолда түсіріп кетті. Мен болсам, алғашқы қадамды өзім жасадым деп мәз болып, қиялға батып үйге келдім. Дереу Жансұлу апайыма хабарластым. Ол «Жарайсың! Енді сендерде барлығы жақсы болады. Айттым ғой саған асықпа деп. Ал енді бақытты болыңдар!» дегенде үлкен белеске жеткендей қуандым. Дүйсенбі күні жұмысқа келдім. Әдетте, жұмысқа ерте келетін Рашид орнында жоқ. Рашидке хабарласқанымда оның телефоны өшірулі болды. Мен «Үйіндегі су құбырын жөндеп жатқан шығар» деп ойладым. Түсте тапсырыс берушілермен кездесуге өзім жалғыз кеттім. Жұмысқа келсем Ляззат: «Рашид жұмыстан кетіп қалды. Жаңа ғана бастыққа кіріп, арыз жазды» деді. Мен сенер-сенбесімді білмеді. Далаға шығып кетіп, бір жылап алдым. Жансұлу апайыма хабарластым. Ол болса «Мен саған айтуды ұмытып кетіппін. Рашид кеше келіп менен 50 мың теңге қарыз алып кетті, көршілеріне жарылған су құбыры үшін айыппұл төлеуі керек екен. Сен уайымдама, араласпа, ер адам ғой, өз проблемасын өзі шешеді. Жұмыстан да ақша керек болған соң, кетіп отыр ғой» деп жұбатты. Мен сол кісінің сөзіне сеніп қалдым. Жаңа жыл мерекесінде ауылға барып келдім. Бірақ, ешкімге ештеңе айтқан жоқпын.
Бір айдан кейін жұмыста басым айналып, талып қалдым. Кешкілік уақыт болған, көбі кетіп үйге қалған. Жұмыста отчет жасап бухгалтер апайлар ғана болған. Менің құлағанымды көргенде жаныма Дания мен Арай деген бухгалтер апайлар жүгіріп келді. Жедел жәрдем шақыртты. Дәрігер аяғымның ауыр екенін айтып кете барды. Арай апай басында жымиып: «Сен, қыз, ауылыңа барып, осы бізге айтпай тұрмысқа шығып келген жоқсың ба?! Ал құтты болсын! Жігітіңнен сүйінші сұра» деп қалды. Дания апай да құттықтады. Мен «Иә, рахмет!» деп үйге кетуге асықтым. Үйге келіп, Рашидке хабарластым. Смс жаздым. Жауап болмады. Телефоны өшіп тұр. Жансұлу апайыма хабарласқанда: «Неменеге жылайсың? Мен Рашидтің үйіне ертең барып айтамын. Ол ремонтпен басы қатып жүр. Көресің, ол қуанады. Отызға келіп сәбилі болудың өзі бақыт. Уайымдама» деді. Бірақ, көңіліме оның сөздері қонбады. Түні бойы ұйықтамадым. Уайымға салындым. Ата-анамды, бауырларымды ойладым. Осы уақытқа дейін болған жағдайдың барлығын есіме түсірдім.
Ертесі көзім қып-қызыл болып жұмысқа келдім. Жансұлу апайыма хабарласып едім, оның телефоны сөндірулі болды. Жұмыста басымды түсіріп отырып, жыладым. Жаныма бухгалтер апайларым келді. Көңіл-күйімнің жоқ екенін көріп, түскі асқа шақырды. Олар мені өзін нашарлап тұр екен деп ойласа керек, Арай апай: «Жүктіліктің алғашқы сәті осындай болады. Еш тамақ жей алмайсың, әлсіздік бойды билейді» деп қояды. Бірақ, сол кезде мен еріксіз жылап жібердім, олар мені жұбатумен болды. Көңілім орнына түскенде барлығын жайып салдым. Олар аң-таң. Бір кезде Дания апай: «Майгүл, сен Рашидтің бойдақ емес екенін білмеуші едің? Жақында келіншегі үшінші баласын босанды ғой. Сонда ол саған ештеңе айтпады ма?» дегенде біреу төбеме су құйып жібергендей болды. Оларға бастан өткенін айтқанда олардың төбе шашы тік көтерілді. Олар маған көп нәрсені айтып, көзімді ашты. Кейін Рашидке өздері хабарласып, мән-жайды айтқанда ол: «мен мас болып қалдым, бірақ, жауапкершіліктен қашпаймын, әйеліме өзім түсіндіремін, Майгүл баланы туам десе, тусын, ақшалай көмек беремін» деп сәлем айтып жіберіпті. Ал мәселе былай болған. Біздің компанияда Жансұлу апай диспетчер болып емес, жарнама жабыстырушысы болып істеген екен. Бастан өткен жағдайы да ойдан шыққан. Ешқашан тұрмыста болмаған. Жұмыс істеп жүргенде Рашидті көріп, баяғы кегі есіне түскен. Себебі, кезінде Рашидтің жары мен Жансұлу апайдың сіңлісі Дамира мектепте бір сыныпта оқыған. Рашид пен оның жарының махаббатына іші күйген Жансұлу апайдың сіңлісі оларды айырылыстыруға бар жағдайды жасаған. Оңтайлы нәтиже болмаған соң, Дамира Рашидтің үйлену тойына шақырусыз келіп, өзінің аяғы ауыр екенін айтып, масқара қылған. Кейін өтірігі шыққанда: «Мен сенің түбіңе жетемін!» деген. Содан бері Жансұлу апай сіңлісіне қарамай қойған Рашидке кек сақтап жүр. Сол кегін мен арқылы алғанын мен кеш түсіндім. Рашид пен Жансұлу апай мүлдем таныс емес, тіпті, араласқан да емес. Жансұлу апай өтірік почта ашып, менің туысым деп Рашидпен сөйлескен. «Майгүл ата-анасынан ерте айырылған, мен оның нағашы әпкесінің қызымын, бөлесімін, ол жақында дәрігерлік тексерістен өткен еді, оған дәрігерлер оба ауруына шалдыққан деді, ол мына өмірден кетуін қалап жүр, сен әріптесі ретінде бас-көз болсаң жақсы болар еді, тек Майгүлге айтушы болма» деп небір өтірік әңгімені құрған соң, Рашид мені аяп жүрген. Ал кейін мас болып, өзінің не істегені есінде қалмаған. Екеуміз көлікте болғанда смс келгенде бірақ есін жиған. Жары сол кезде үшінші баласын дүниеге әкеліп, сүйінші сұрап хабарласқан. Сонда ол су құбыры жарылды деп, перзентханаға кеткен. Жансұлу апай болса, ізім-ғайып жоқ болып кетті. Үйіне іздеп барғанда, ол оның үйі емес болып шықты. Тәулікке жалға берілетін пәтер екен. Осылай өтірік қамқорлығы бұрыннан бері ойластырып жүрген қасақана әрекет екен.
Мен жұмыстан шығып, ауылға кетуге мәжбүр болдым. Үйге келсем, әкем ауырып жатыр екен. Өкпесіне сары су толып кеткен. Дәрігерлер аз өмірі қалды деп ескертіпті. Үйдегі жағдайды көріп, өз жағдайымды кімге айтамын? Бармағымды тістеп қала бердім. Ешкімге сыр білдірмей жүргенде іштегі балама 4 ай толды. Бір күні түнде далаға шығып кетіп, бақша жаққа барып жыладым. Асылып өлгім келді. Ойыма небір ойлар келді. Сол кезде әкемді үлкен ағам дәретке шығарып бара жатыр екен. Мені көрген бойда «Түн жарымда не істеп жүрсің? Ауырып қалдың ба? Жылағаның қалай?» деді. Сонда мен ештеңе деместен әкемді құшақтап алып: «Кешірші, кешірші» дей бердім. Сол кезде көз жасқа ерік беріп, басымнан өткен жағдайдың барлығын жайып салдым. Екеуі үндемей тыңдады. Сонда әкем: «Барып орныңа жат, таңды аман-есен қарсы алайық» деді. Ертесі таңғы шайда әкем барлығына айтып берді. Ұялғаннан басымды төмен түсірген күйі отыра бердім. Үйдегілер баланы не болса дүниеге әкелуімді айтты. Мен келістім. Сөйтіп күзде бөпелі болып, ұлымды дүниеге әкелдім. Әкемнің халі сонда нашарлау еді. Сонда кенже ағам екеумізді шақырып алып: «Берік, Майгүлдің баласына қарайласыңдар. Келінмен ақылдас, баланы өздеріңе аударып алыңдар, Майгүл, сен болсаң, уайымдама, не істесең де, біздің баласың, қателігіңді кештім, балаңды ағаң мен жеңгеңе табыста. Құдай бар болса, ертең тұрмысқа шығарсың. Өткен күндеріңдегі адамдарды ұмыт, оларға кек сақтама» деп соңғы сөзін айтып, қолымыздан қысып кетті. Осы уақытқа дейін жасаған қатем аз емес қой, әкемнің сөзін тастамаймын деп, айтқанын орындадым. Даниял деген ұлым мені қазір «Майкош апай» деп жүр. Жасы беске толды. Үлкен ағамның арқасында жақсы қызметке орналастым. Тұрмыстамын. Жолдасым Айбектің алдыңғы жарынан екі қызы бар. Әйелімен араласпаса да, қыздарымен жақсы. Мен де оларды бөтен демеймін. Жақында Болатжан деген тұңғышымыз келді. Айбек менің басымнан өткен жағдайдан хабардар. Ол түсіністікпен қарады. Мен соған қуандым. Өткен өміріммен қоштастым. Есіме алмауға тырысамын. Білуімше, Жансұлу апай сіңлісімен бірге әлі Рашидтен кек ала алмай жүр. Дамира жындыханада учетта тұр екен. Рашид болса, әйелі мен үш баласымен Астанаға көшіп кетіпті. Әйелі болған жағдайдан куә болса керек, мені ортақ таныстардан сұрастырып, іздестірген көрінеді.
Қамқорлыққа кенелемін деген мен, осындай опасыздық түстім. Өзгелерге айтарым, ешкімге сенбеу керек екен. Тек қана өзіңе сену керек. Бөтен адамның өтірік жылы сөздері сені жақсылыққа апармайды.
Майгүл, Алматы облысы