Қайын атасының үнемі ұрып, қорлық көрсететіне шыдай алмаған келін басындағы күрделі жағдайды айтып берді. Ол күйеуінің әкесі оны төмендетіп, ұрумен болса да, жан жарынан ешқандай қолдау көрмейтінін айтты деп хабарлайды NUR.KZ.
Ол өзінің жанайқайын Instagram желісіндегі "Әйел бақыты" деп аталатын парақшада жазған.
"Сәлеметсіз бе! Менің басымда болып жатқан жағдай мен үшін өте күрделі деп есептеймін. Үлкен ұлым өте нәзік, қорқақ, жуас. 2-ші ұлымды ата-әжесіне берген едім. Енді сол ұл өте ерке, ағасына маза бермейді. Өтірік жала жабады. Атасына айтып, ұрғызады. Бірге тұру өте қиын ата-енемен. Бүгін үлкен ұлым бұрышта жылап отырғасын, "не болды?",- деп сұрағаным сол еді, атам мені жайдан-жай жағымнан салып жіберді.
Жолдасыма айтып едім: "шаруам жоқ" деп жата берді. Енем үнемі атам мені ұрып жатқанда араша түсетін. Осы жолы ол кісі үйде жоқ еді. Бірақ енем де жолдасым да менің сөзімді сөйлеген емес.
"Кет, сені ұстап тұрған жоқпыз", - деп отыр үшеуі де. Не істеймін? Әйелдердің құқығын қорғайтын ұйым бар ма, айтып жіберіңіздерші. Екі ұлым төбелесіп қалмасын деп үнемі қасында отыруға тырысам. Бала болған соң төбелеседі, жылайды.
Бірақ атам түсінбейді. Үнемі атамнан таяқ жеп жүруден шаршадым. 3 балам бар, жасым 29-да. Жолдасым 34-те жалғыз ұл. Ажырасып кеткім келеді. 10 жыл болды тұрмыс құрғаныма. Ұрысқа үнемі себепші болатын ата-енем. Сыйламайды емес сыйлаймын. Ерте тұрып шаруа істесем де, жақтырмайды. "Ұйқы бермедің" дейді.
Өтініш тек ұрыспай, ақыл кеңес берсеңіздер екен. Бұл жағдайдың қандай да бір шешімі болуы керек қой. Жолдасыма айта бермеймін. Осы жолы өзі үйде болды, өз құлағымен естіді. Бірақ әкесіне кім қарсы шығады?
Еркек болып отбасымыздың ойрандатуына жол бермеуге болады ғой. Өзі де әкесімен басы бірікпейді.
Өз әке-шешемді кірістіргім келмейді", - деп елден кеңес сұрады ол.
Ал желі қолданушыларының көбі ондай отбасыдан қашып кетуге кеңес берді.
Олар мұндай қайын атаның болғанынан болмағаны жақсы екенін айтты. Сонымен бірге желі қолданушыларының көбісі әйелін туған әкесінен қорғай алмаған күйеумен бірге тұрмаған дұрыс екенін айтып, жөн сілтеді.