Жұмыс бабымен бір жолы СПИД орталығына баруға тура келген еді. Атауының өзі адамды селт еткізердей сол ғимаратқа жақындағанда жүрегім біртүрлі дүрсілдеп, бойымды үрей билегендей болды. Мұнда да сол кіріп-шыққан адамдар. Дәрігердің кезегін күткен жандар. Әрқайсысы «сені мында не жетектеп әкелді» дегендей бір-біріне күдікпен қарайтын секілді көрінді.
Дегенмен, ойымды басқа жаққа бұрғым келіп, есепшіні күтуге дәліздегі орындыққа жайғастым. Ұялы телефонымды шығарып, қызықты видеоны тамашалап, арасында өзімнен-өзім жымиып отырып, маған қызыға қадала қараған мұңды көзді байқамай қалыппын. Бірден басымды көтерген сәтте, қадалған қос жанардың ар жағында бір ауыр дерт барын сезгендеймін. Қандай да бір күш сол мұңды көздің терең сырын ұғынуға итермелегендей болды. Жігерімді жиып, әлгі бойжеткенге жақындай бердім...
– Кешіріңіз, сіз де есепшіні күтіп отырсыз ба? Қашан келетінін
білмейсіз бе?
– Солай болса ғой... шіркін...
Үнсіздік... Сәлден соң бойжеткен басын көтеріп:
– Негізі бұл жерге мен сияқтылар ғана келуші еді.
Не деп жауап берерімді білмей сасқалақтап қалғанмын, сол мезетте есепші кабинеті ашылып, бірден есікке қарай беттей бердім. Жұмыстарымды бітіріп, орталықтан шығып, аялдамаға қарай аяңдадым. Аурасы суық орталықтан шыққан соң бойым біршама жеңілдеп, терең тыныс алдым, тек ойымнан «солай болса ғой, шіркін» деп күрсінген бойжеткен үні кетпеді.
Міне, қызық, әлгі бойжеткен аялдамада автобус күтіп тұр екен. Мені көріп, ақырын ғана жымиып:
– Тағы да кездестік, біраз жаяу жүруге қалай қарайсыз?, – деді. Мен ойланбастан қасына ере бердім. Өзін Назым деп таныстырған бойжеткен 1983 жылғы Шымкенттің тумасы екен. Ары қарай әңгімесін бастап кетті:
– Сіз де мені бұл жерде не істеп жүр екен деп ойлаған шығарсыз. Мен сіз сияқты қызмет бабымен келген адам емеспін. Бұл жер менің тағдырма жазылған екен. 2002 жылы М. есімді жігіт құрбымның туған күні кешінде алып қашты. Ол өзімнен бақандай бес жас үлкен еді. Ал мен небәрі он тоғызда болатынмын. Артымнан қуып келгендермен қайта кетіп қалғым келіп еді, анасының бір ауыз сөзі оған жол бермеді. Қойшы, сонымен үйлендік те кеттік. Басында жақсы өмір сүрдік. Кейіннен жолдасым мені көрінген адамнан қызғанатынды шығарды, айқай-шу, ұрыс-керіс жиі болатын болды. Неге екенін қайдам мен құрсақты да кеш көтердім. Сөйтіп, 2006 жылы қызымыз дүниеге келді. Әкелі болғанын жолдасым ұзақ «жуды», тіпті бір жылға созылды десем де болады. Үздіксіз «тойлатуды» шығарды, ақыры үйдегісінен түздегісі көп болып кетті. Мен балам мен енеме қарайлап жүре бердім. Уақыт өте берді. Кейін білдім, жолдасым ішімдікпен шектелмей нашаның да дәмін тата бастаған екен. Менің онымен енді ары қарай тұрғым келмеді. Енем жақсы адам еді. Мені алақанында аялады, амал нешік. Бір күнде жиналып, қызымды алып төркініме келдім. Екі жастағы қызымды анама қаратып, өзім жұмысқа орналастым. Арнайы оқыған мамандығым да жоқ. Сондықтан мейрамханаға даяшы болып жұмысқа кірдім. Мейрамхананың қандай орын екенін білесіз ғой, онда небір жақсы-жайсаң да, жынды-жыпыр да жүреді. Ол орында мен секілді сұлудың асығы алшысынан түсті десем болады (күлді... Расымен, келбетті аппақ, әдемі қыз). Дәуренім жүріп, жағдайым жақсарды. Амалым қанша, өмірімді сол керемет түндердің бірінде құртқан екенмін, кіммен, қашан, ол маған әлі де ашылмаған, ашылуы да екіталай жұмбақ...
Аяғым ауыр болып қалып, жасанды түсік жасатуға бекініп, ауруханаға бардым. Қан сараптамасы кезінде маған ВИЧ жұқтырғанымды айтты. Міне, сол күннен бастап мен үшін бұл өмір тоқтады десем болады. Бойымдағы баладан құтылдым бірақ, ВИЧ деген бәледен өмір бойына құтыла алмайтынымды дәрігерлерден естідім. Тым кеш! Бәріне де кеш! Жамандық жатсын ба? Өсек тез тарап кетті. Ақыры қызымды алып Астанадан бірақ шықтым. 2009 жылдың күзі болатын, жетектеген қызым, қолымда бір сөмкеммен алғашында Астанада тұратын бір танысымның пәтерін паналадым. Өздері жалдамалы пәтерде отырған олар мені көпке сыйдырмады. Қысқасын айтқанда екінші күйеуімді жолықтырғанша небір өмір бастан өтті. Арасында Астана қалалық СПИД-ке қарсы күрес орталығына барып тіркеуге тұрып, уақытылы дәрімді қабылдап жүрдім. Мамандардың айтқанымен жүріп, қандай жағдай болмасын өзімді күтіп ұстауға тырыстым. Ең бастысы жалғыз ғана қарашығым - қызымды өзімнен қорғаштап, аты жаман ауруды оған жұқтырып алмауға мұқият болдым. Тіпті жүре-келе мұндай қатерлі дерттің қыр-сырына қанықтым, айтып-айтпай не керек, оқымасам да осы саланың маманы болып шыққандай едім.
Осылай өмірім зулап өтіп жатқанда мен қызмет жасайтын мейрамханада үйлену тойы болды. Сол тойда күйеу жігіттің достары отырған үстелге даяшылық жасау маған бұйырды. Тойдың басынан аяғына дейін бір жігіт маған қырындап, тіпті биге де шақырды. Жұмыста ондайға рұқсат болмайтынын айтып әрең құтылғандай едім, бірақ ол болмады. Кейін тойдың соңына қарай менен телефон нөмірімді сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, жаздым да бердім. Арада көп ұзамай ол маған хабарласып, кездесуге шақырды. Мен алғашында бас тартып, кездесе алмайтынымды айттым. Кездесуге барайын десем басыма: «Сен ВИЧ-сің» деген бір ой келе берді. Бірақ, ол хабарласуын қоймады. Ақыры келістім. Оған кездесуге бара жатқанда өзіме шарт қойып, дайындаумен болдым: «Бар да өзіңнің ауру екеніңді айт» деген. Алайда, мен олай жасай алмадым. Өйткені, мен әйелмін! Нәзік жаным бар. Өзімді еркелетіп, аялап отырған жігіттің деміне мас болып, өзімді ұмытып кетіппін. Дегенмен, алғашында айта алмаған соң, кейін тіпті айтпайын деп бекініп, ақырын күттім. Бара-бара кездесуіміз жиілеп кетті. Ол Көкшетау қаласының тумасы екен. Бір үйдің үміт күткен үлкен ұлы. Астанада пәтер жалдап тұрады. Бір жақсы фирмада қызмет етеді. Не керек, бір көргеннен ұнату деген осы болар, ол мені сүйетінін айтып ақтарылды. Мен ажырасқанымды, бір қызым бар екенін айттым. Ол қызыммен де тіл табысып, ақыры бірігіп пәтер жалдап, бірге тұра бердік. Дегенмен, мен ұдайы өзімнің кеселіме алаңдаумен жүрдім, оған өзімнен ВИЧ жұқпауын қатаң қадағалап барлық шараны қолдандым. Орталық мамандарына жиі барып ақыл-кеңес алып отырдым. Ол ата-анасына біздің сырттай үйленіп алғанымызды айтты. Ажырасқанымды естісе керек, мені ол жақтан ешкім аса жылы қабылдамады.
Екеуміз өзіміз некеге тұрып, достарымыздың арасында шағын отырыс жасап, үйленгенімізді атап өттік. 6 ай өткен соң мен жүкті екенімді білдім. Күйеуім: «Ата-анам енді сені қабылдамай қайда барсын», – деп балаша қуанды. Ал менің өмірім одан сайын өксікке толып, күннен күнге үрейлене бердім. Енді не болады екен деген ойлармен талай ұйқысыз түндер өткіздім. Арасында ебін тауып, жекеменшік емханаға күйеуімді ертіп барып, қан сараптамасын жасатқызып, оның әзірге аман екенін біліп қуанып қалдым. Алайда, бұндай сұмдық шындықтың бір күні ашылмай қоймайтыны маған белгілі еді. Әу бастан-ақ белгілі болатын. Соны білсем де осы күнді ұзақ әрі қиналып күттім. Өзім барып ем-дом қабылдап жүрген орталық мамандары да ұзақ жасыра алмайтынымды айтқан еді.
«Әйелдің айласы қырық» деген рас екен, не керек мен тоғыз ай бойы қайда барып қаралып жүргенімді, қаншама қабылдап жатқан дәрі-дәрмектің не үшін екенін жолдасыма бірін де білдірмедім, ол да маған тым сенсе керек аса мәнде бермеді. Ақыры мен үреймен күткен күнде келіп жетті – 13.06.2014!
Мен үшін дәл осы бір күн бір қуаныш, бір қайғы болып есімде мәңгі қалды. Себебі, дәл осы күні ұлымды жарық дүниеге әкелдім, міне, дәл осы күні күйеуім менің ВИЧ-пен ауыратынымды білді. Бір өкініш, бір үміт! Әттең! Әттең!!! Денім сау болғанда осы күні менен бақытты, меннен артық ана болмас еді. Құшағымда қос құлыншағым, жанымда өзімді өлердей сүйетін жарым... Амал не? Міне осы күннен бастап менің маңдайыма жазылған азғантай бақытты күндерім аяқталды, тағдырымның маған сыйлаған аз ғана бақытты парақтары таусылды. Дәрігерлерге рақмет, бала аман-есен туылды. Туа салысымен СПИД орталығына баламды тіркеуге алып, алдын алу шараларын жасап, жасанды тамақтандырды, арнайы дәрілер бөліп отырды. Жолдасым да жан-жақты барлық тексеруден өтіп, өзінің аман екеніне көзін жеткізді. Дегенмен, ол бәрібір менімен өмірін енді сабақтастыра алмайтынын айтып, баласын алып, менен бір жола кетіп қалды. Оған еш қарсылық білдіре алмадым.
Осылайша, бір-ақ күннің ішінде баламнан да, бақытымнан да айрылдым. Бақытты күндерім аяқталып, ішқұса болып орнымнан тұрмай бір ай жаттым. Орталыққа баруды да қойдым дәрі де ішпеймін. Амал жоқ, ұлым мен сүйген жарым қайырылмай кетсе де, қарашығым қызым үшін өмір сүруге тура келіп отыр. Тіпті, осы қызым болмаса әлгі бақытымнан қол үзген сәтте-ақ бұл өмірмен де қоштаса салар едім (Жылады). Енді білмеймін не істерімді, жұмыс істеуге де құлқым жоқ, тіпті өмірге деген қызығушылығым да қаламады. Қызым «Папам мен інім қайда кетті? Сен неге ылғи жылайсың?» деп көптеген сұрақтар қоя береді. Не айта аламын? Ол әлі сәби ғой. Бар жоғы екінші сыныпта оқиды. Ал оның болашағы не болар екен?
Сөз соңында «күйеуің шынымен сап-сау кетті ме?» деген сұрақ көкейімде тұрған. Соны сезгендей Назым: «Ол әзірше сау! Иә, иә! Солай бола бергенін мен де қалаймын. Алайда, дәрігерлер оның қуануына әлі ерте екенін, өйткені иммунитеті төмендеген кезде ВИЧ ауруының белгілері де пайда болуы мүмкін екенін айтты» деді. Неге екені белгісіз, дәл осы сәттен бастап мені Назымның өткен өмірі емес, оның күйеуінің келешегі қатты алаңдата бастады. Айтуынша, ол жас әрі сымбатты жігіт. Өзін СПИД-тен адамын, саумын деп есептейді. Ал дәрігерлер оны толық құптап отырған жоқ. Ендеше ертең Назымның күйеуі өмірімді жаңадан бастаймын деп басқа біреумен жарасып жатса, уақыт өте келе, оның бойынан жаман аурудың белгілері шықса ше? Тағы да бір жанұя ойран болып, еш кінәсіз кезекті бір келіншек СПИД-пен сорламай ма?
Осымен әңгімеміз тоқтады. Өте қиын тағдыр. Назымның ертеңі не болар екен? Оның күйеуі өзінің келешек өмірін қаншалықты дұрыстай алады екен? Әлгі пәлекет ауру енді қанша адамның тағдырына төтеден араласады екен? Сұрақ көп. Бізде осындай адамдарға қолдау болатын ұйымдар мен орталықтар болса ғой. Өйткені, маған ендігі Назым жеңіл жүріске салынып, ішімдікке түсіп кететін сияқты көрінеді. Өйткені, ол психологиялық тұрғыдан шаршаған, еміне дерт таппай қажыған өте әлсіз адамға айналған еді. Өзі айтқандай тек қызы үшін ғана өмір сүріп жүрген жан. Әттең, қолдан келер қайран жоқ...
Құрметті оқырман, алдағы уақытта Назымның жолдасымен байланысқа шығып, әңгімелесіп көрмекпіз.
"Өзім СПИД-пен ауырсам да күйеуіме жұқтырмадым..."
Последние статьи автора