Өзгенің күйеуінен аяғым ауыр...
Құрметті оқырман, мен бүгін өзімнің басымдағы оқиғаны жазып, бір жеңілдеп алғым келеді. Мені түсіну қиын екенін, көпшілігіңіздің маған ұрсатындарыңызды да білемін. Сонда да «Алаш айнасындағы» «Отбасы – ошақ қасы» айдарының оқырмандарынан, әсіресе қыз-келіншектерден, әпкелерден кеңес күтемін.
Менің қазіргі жағдайым көптеген қыз-келіншектерге арман десем де болады. Өйткені мен жүктімін. Қазіргі заманда тұрмысқа шыққан біраз қыз-келіншектердің арасында бір балаға зар болып жүргендері көп қой. Ал мен Алла бұйырса, жақында ана атанбақпын. Бірақ мендегі үлкен мәселе, менің баламның әкесі отбасылы адам. Екі жылдан бері көңіл қосып, бірге жүрген жігітімнің әйелі, бала-шағасы бар.
Екеуміз алғаш танысқанда ол әрине, менен отбасылы екенін жасырды. Араласып жүргенімізге жарты жылдан асқан кезде ғана мен оның отбасы бар екенін білдім. Алайда осы аз ғана уақыт ішінде екеуміз бір-бірімізге бауыр басып қалған едік.
Мен оқу, жұмыс деп жүріп отызға таяғанша тұрмысқа шықпадым. Есесіне өз еңбегіммен Алматы қаласынан пәтер алдым. Құдайға шүкір, баспанам, көлігім, жақсы жұмысым да бар. Менің таныстарым, әпке, жеңгелерім мені талай жігіттермен таныстырмақ болып әрекеттенді, танысқан жігіттерім де болды. Бірақ ешқайсысын аса ұната қоймадым. Мен өзімның махаббатымды кездестіретініме сенімді едім.
Күндердің күнінде құрбы қыздарымның бірінің тойында мен Абзалмен таныстым. Ол маған бір көргеннен ұнады. Оның өзін өзі ұстауы, әйел адамға деген сыйластығы тартты. Сол күні екеуміз бір дастарханда отырдық, тойдан қайтарда ол мені шығарып салды. Таныстығымыз үлкен сезімге ұласты. Ол мені күнде жұмыстан алып қайтады, кейде кешкісін бірге тамақтанамыз. Оның жасы да менімен шамалас. Мен алғашында осындай сымбатты, мәдениетті жігіттің неге үйленбей жүргеніне таңғалдым, бірақ өзінен сұрауға батпадым. Мен оған күннен күнге қатты ғашық бола түстім. Ол кешке келгенше тағатым таусылып, оны сағынып күтетінмін. Абзал маған маған үнемі уәделі уақытында келеді, ешқашан бос келмейді, гүлі мен конфетін ала келеді.
Танысқан жылы 8 наурыз мерекесінде ол маған қымбат жүзік сыйлады. Жүріп жүргенімізге жарты жылдай болып қалғанда ол маған: «Құдай бұйырса, екеуміз үйленеміз, маған ұл туып бересің ғой» деп айтып жүретін.
Бір күні күтпеген жерден мен оның отбасылы екенін білдім. Жұмыста отырғанымда телефоныма бейтаныс номер хабарласып: «Сен Ақмаралсың ба? Мен Абзалдың әйелімін. Отбасылы еркектің басын айналдырғаның қалай? Жақында екінші қызымыз туылды. Мен одан ешқашан ажыраспаймын» деді де телефонды қоя салды. Мен төбемнен жай түскендей күй кештім. Кешке Абзал келгенде көз жасымды көлдетіп, оның мені осынша уақыт алдап жүргеніне қатты ашуландым. Ол маған бәрін енді айтуға оқталып жүргенін, менен айрылып қалам деп қорыққандықтан шындықты жасырғанын айтып ақталды. Осы ұрыстан кейін мен онымен ара қатынасымызды мүлде үзуге бел будым. Бірақ ол маған күнде келе беретін. Жұмыстан шықсам күтіп алады, үйдің ауласынан кетпей отырып алады. Абзал мені шын сүйетінін, айрылғысы келмейтінін, өз әйелін сүймейтінін, тек қыздары үшін тұрып жатқанын айтты. Ол менің соңымнан екі ай бойы қалмады. Абзалды өзім де сүйіп қалғандықтан, одан айрылу мен үшін де өте ауыр еді. Мен оның отбасылы екенін білсем де, сүйіктімнен бас тарта алмадым, екеуміз қайта бірге болдық. Ол уақытының көбін менің жанымда өткізеді. Үйіне анда-санда барады. Тіпті кейде өзім оған қыздарыңа барып келсеңші деп айтып отырамын. Жақында ол мені өзінің анасымен таныстырды. Анасы өте сабырлы, байсалды кісі екен. Абзал анасы мен мені мейрамханаға шақырып, үшеуміз бірге тамақтандық, ол кісі артық ештеңе айтқан жоқ. Өмір бойы қалада тұрған, өзін жақсы ұстайтын кісі екен.
Мен Абзалды өзімнің туыстарыма әлі таныстырған жоқпын. Ата-анам ауылдық жеде тұрады, өзімнен үлкен екі әпкем де тұрмыс құрған, ата-анамның қолында бала-шағасымен інім тұрады.
Аяғымның ауыр екенін білгелі өзімді қоярға жер таппай жүрмін. Абзал болса ұлды боламын деп қуанып жүр. Енді ата-анама, туған туысыма бұл жағдайды қалай түсіндіремін. Абзал маған ата-анаңның рұқсатын алып, неке қидырайық деп жүр. Неде болса болар іс болды, жақында баламыз дүниеге келеді, артқа шегінер жол жоқ, мен некелесуге келістім. Бірақ біреудің отбасын бұзғаным үшін, өзгенің күйеуіне ортақтасқаным үшін өзімді кінәлі сезінемін. Жүрегімде осындай зіл тұрғанда бақытты бола аламын ба?...
Ақмарал, Алматы