Аядай ауылда кімнің немен айналысып жатқаны желдей есіп тез тарайды. Соңғы күндері көрші Зәуренің келіні Айжан жайлы сыпсың сөз көбейіп кетті. Естіген бойда бойым мұздап сала берді. Сенгім келмеген.
Меруерт құрбым «сенбесең қойшы, бүгін орталықтағы дүкеннің алдында Серіктің әйелі Айжанмен төбелесіп қалыпты» десін. Оқиғаны көзбен көрген жұрт екеуін әрең ажыратыпты. Мұны естіген соң әрі қарай шыдай алмай не болғанын ежіктеп сұрай бастадым. Меруерттің айтуынша, Серік пен көрші Ерболдың келіншегі жасырын кездесіп жүреді екен. Ербол Серіктен екі жас кіші, екеуі бір мектепте оқыған. Көрген жерде сәлемі түзу ауылдас жігіттер. Табиғатынан момын Ербол көрші ауылдың қызы Айжанға үйленгенде дәл мынадай сұмдыққа барады деп ойламаған.
Айжан ауылдағы мектепте мұғалім. Бастауыш сынып мұғалімі боп жұмыс істейтін ол ауданға бара жатып, Серіктің көлігіне отырады. Екеуара әңгіме жеңіл қалжыңға ұласады. Телефон алмасады. Қазір WhatsApp жақсы болды ғой, арасында амандасып, бір-біріне суреттер жіберіп, ақыры кездесумен аяқталады. Аудандағы бір кафеде жасырын жолыққан жастар ащы судан алысып, ақыры төсек қатынасына барады. Бой үйренген соң, бас тарта алмайтын деңгейге жетеді. Кездессе болды, әуелі жынды сумен көңіл көтеріп, артынша бір-біріне сүлікше жабысып, ақыры жер талғамайтын жағдайға жетеді. Аядай ауылдағы жұртқа бұл екеуінің жиі көзге түсуі күдік тудырады, ақыры Серіктің келіншегі Айнұрдың құлағына тиеді. Қойнындағы күйеуін көрші көшедегі Айжанға беріп қоятын ақымақ емес Айнұр. Дереу іске көшеді. Серіктің телефонын аңдып жүріп, «ауыл сыртындағы жейде талдың түбіне кел» деген хабарламаны оқып қояды. Кешті әрең дегенде болдырып, Серікті аңдиды.
Серік әдеттегідей ештеңе білдіргісі келмегенсіп, жуынып-шайынып «тапсырыспен көрші ауылдағы тойға адам апарып келем» деп асығыс шығып кетеді. Айнұр мән бермеген адамдай «аман-есен барып кел» деп қала береді. Артынша Серіктің соңына түсіп, хабарлама айтылған көк жиденің түбіне де жетеді. Аймаласқан екеуі мұның келіп қалғанын да байқамайды. Өліп-өшіп Серіктің мойнына оралып, ыңырсыған Айжанды көргенде Айнұрдың зығырданы қайнап, өзін-өзі ұстай алмайды:
- Бетің тілінсін оңбағандар! - деп айқайлап жіберді. Ашуға булыққан әйелінің түрін көрген Серікте мүлдем ес қалмады. Көзі қарауытып, ешқандай тосқауылға тоқтамаған Айнұр күйеуінің қойнында жатқан Айжанды жұлқылап алып, көлікке отырғызады.
- Мен саған қазір көрсетемін көрімді! Оңбаған, сендейлердің бетін тілу керек!
Сол ашумен ауылдың шеткі көшесіндегі Ерболдың ауласына келіп бір-ақ тоқтайды. Балаларына кешкі асын беріп отырған Ерболдың ойында ештеңе жоқ.
Айнұр жұлма-жұлмасы шыққан Айжанды сүйреп түсірген бойда күйеуінің алдына итеріп жібереді:
- Мына қатыныңа неге ие болмайсың! Бұл оңбаған менің күйеуіммен жиденің түбінде жатыр, - деді бақырып. Ербол ащы суға сылқиып теңселіп тұрған келіншегіне қарап:
- Бұл менімен санаспағалы қашан? Жүре берсін, білем ғой мұның не істеп жүргенін, - деді ашуға мініп. Бұған қол да көтере алмаймын, қайтейін енді,- деп теріс айналды.
- Қайткені несі?! Мұндайлардың бетін былай тілу керек, - деді де Айнұр қалтасына салып келген алмаспен Айжанның бетін тіліп жіберді. Айжанның жан даусы шығып, бетінен сорғалап аққан қанды қолымен сүртіп еңіреді.
Өзінің шарасыз халін сезген Ербол қолын бір сілтеп, далаға кетті. Айнұр ашуға булыққан күйі:
- Мен сені бұлай қоймаймын. Сотқа беріп, ана Ербол екеуің сотта жауап бересіңдер маған, - деді.
Суыт хабарды естіп, демімізді ішке тартып жүрдік. Айжанды көшеде көрсек, бетіне қарауға шыдамай, амандаса салып алыстан қаштық. Күйеуінің көзіне шөп салған адамға ұқсамайды. Күнде бір көйлек киіп құлпырып келеді. Мектептің іші, әкімдіктің айналасы гу-гу әңгіме. Көп ұзамай Меруерт Айнұрдың сотқа бергенін айтты. Сонымен айналасы бір айдың ішінде ауылдың тарихында болмаған сот болды. Біреудің күйеуіне көз салған Айжан жауапкершілікке тартылды. Әкімдіктің бақылауында болып, сол жерде жұмыс істейтін болыпты. Өзі мұғалім істеп жүрген тірлігі анау, соттың алдына барып жазаланғаны мынау... Аядай ауылдың ішінде ештеңені жасырып болмайсың...
Осы әңгімені естіп жағамды ұстап, шошып отырғанымда көрші үйдегі Қайраттың келіншегі күйеуі он бес күндік жұмысқа кеткенде сыныптас жігіттерге звондап, WhatsApp-қа жазып маза бермейді деген жел сөзді естідім. «Қой, мүмкін емес, өтірік» деймін ышқынып. Меруерт безірейіп тұрып:
-Сенбесең, өзің біл. Рақымжанның келіншегі біліп қойып, кетем деп айқай шығарыпты. Бүкіл ағайыны жиналып, баланы ортаға алыпты. Сөйтсе Рақымжан Жанардың өзі ғой шақырып, тыныштық бермейтін деп міңгірлепті, - деді.
Жаным күйзеліп кетті. Күнделікті жұмыс, отбасымен жүріп, аядай ауылдағы жағдайдан мүлдем бейхабар қалыппын. Мына оқиға мені шын шошытты. Қазығы бос қатын мен мұрын астынан міңгірлеген еркекті қайтпек керек?! Осының бәрі жүгенсіз кеткендіктен, ал жүгенсіздікті үйдегі көк жәшіктен күнде көріп отыр. Ұялы телефонға үңілген келін ұясынан безіп, жиде жағалап кетті.
Кейіпкерлер есімі белгілі себептермен өзгертілді
Гүлназым
Өзгенің күйеуімен аймаласқан әйелдер оңбайды
Последние статьи автора