Отыздың бел ортасына келген шағыма дейін ащы-тұщы өмірдің дәмін татып үлгеріппін. Жастықты құшақтап жылаған, кірпігімді төмен ұстап күрсінген, жалғыздықтан жанымның жабырқаған сәттері көп болды. Тұла бойымды жарып шыққан тұңғышым мен ата-анам көңіліме демеу, жаныма сүйеу болуға тырысты. Алайда әйелдің бақыты - сүйікті жар болуда екендігін түсіндім. Мен сүйікті жар болғанмын, бірақ...
Қуаныш екеуміздің махаббатымыз бірге оқыған курстастар арасында аңызға айналып үлгерген болатын.
Екеуміз қол ұстасып көңілді кештерге баратынбыз. Қыз біткеннің барлығы Қуаныштай намысты, сауатты әрі көрікті жігіттің қасында қол ұстасып жүргенді арман ететін. Құрбыларымның маған қызыға қарайтынын сезген сайын өзімнің бақытты екендігіме көзім жете түсетін.
Қол ұстасып жүріп отбасын құруды ұйғардық. Айлар өткен соң дүние есігін қызымыз ашып, махаббатымыздың жемісін алақанымызда аяладық. Барған жерім де көргенді, сөзге тоқтайтын иманы ұйыған шаңырақ болды. Енем бетімнен қақпай, білмегенімді үйретіп, қателіктеріме кешіріммен қарауға тырысты. Алайда ата-енемнің ауылы орталық қаладан тым шалғайда еді.
Оқуымызды аяқтамаған сүйіктім екеуміз қызымызды қырқынан шығара салдық та, қыс көзі қырауда қалаға аттанып кеттік. Неге екені белгісіз сол жылдары жанұялы студенттерге жатақхана берген жоқ. Жолдасым екеумізге пәтер жалдауға тура келді.
Соңғы курс болатын, жолдасым оқуын жалғастырды, ал мен баламен үйде отырдым. Жалдаған пәтеріміз перзентіміз бен жас босанған маған тым қолайсыз болды. Салқын бөлмеде төсіме суық тиді, ал баламыз бронхит болып ауырды.
Осындай тұрмыстың қолайсыздығын көре бастаған соң, сүйіктіме көктем шыққанша менің әке-шешемнің үйіне барып тұруымызды өтіндім. Намысшыл, айтқан бетінен танбайтын жолдасым ұсынысымды құп көрмеді. Бірақ, баланың жөтелі ұлғайып, екі омырауыма тиген суықтан менің де есім кете бастады. Жолдасым сабақта болғанда біздің жағдайды білуге келген әке-шешем баламыз екеумізге жылы жай мен маған дәрігер көмегіне жүгіну қажеттігін айтып бізді үйлеріне алып кетті.
Жылы үйге кіре салысымен біздің ауруымыз одан сайын ұлғая түсті. Есім барда Қуанышқа қоңырау шалдым да біз жаққа келуін өтіндім. Алайда ол сөзімді жерге тастадың, мен ешқашан күшік күйеу болмаймын деді де тұтқаны қоя салды. Содан қайтып оралмады. Анам бронхит болған баламмен ауруханаға түсті, ал менің төсімдегі іріңді ауыр ота арқылы алуға тура келді. Нәтижесінде қызымыз Аружан ана сүтіне жарымай, ерте омыраудан арылды. Қатты сырқаттанып қалғанымызға қарамастан, артқа қайрылмаған Қуанышқа деген ренішім күн өткен сайын ұлғая берді.
Қызым бір жасқа толғанда оқуымды бітіру үшін университетке бардым. Өзіммен қатарлас құрбыларым да, Қуаныш та оқуын бітіріп жан-жаққа кетіп қалған. Мен өзімнен төменгі курстармен оқуымды аяқтауға бел будым.
Анам: «әйел қырық шырақты», қамыға берме, әлі-ақ бақытты болып кетесің деп жұбатып қояды.
Қайтып келген қызын көріп қабырғасы қайысқан әкем де шамасы келгенше сыр білдірмеуге тырысып жүрді.
Осылай өмір өз заңдылығымен сырғып өтіп жатты. Қызым мектепке барды. Әкесінің жоқтығын білдірмеу үшін бар тапқанымды аяулы қызымнан аямай өсіріп жаттым. 2013 жылдың қыркүйегінде қызымды сапалы білім беретін гимназия мектебіне ауыстырдым.
Жаңа мектепке ауысқанына қатты қуанып жүрген қызымның үлгерімінде де айтарлықтай нәтиже біліне бастады. Бір күні көлікте күтіп отырған маған қарай қызымның күйзеліп жақындап келе жатқанын байқадым. Көлікке отырған соң, денсаулығы туралы сұрадым. Ол бәрі дұрыс тек соңғы сабақтың дене шынықтыру пәні болғандығын, ол сабақтан қатты шаршағандығы туралы айтты.
Алайда ауыр күрсініп, көп мұңая беретін баламның жағдайының күннен күнге нашарлап бара жатқанын байқадым. Бұлай жалғаса беруі мүмкін екендігін түсініп, балапанымды сөзге тарттым. Ұзақ үнсіздіктен соң, мені ренжітіп алмасам екен деген көзқараспен қарап тұрған қызымды аңғардым.
«Жалғанда көрген жалғыз ботам-ау, мен саған ешқашан ренжімеймін, тек сен ешқашан күрсіңбесең болғаны» – деп қызымды құшақтап жылап жібердім. Оның үнсіздігі мен көңілсіздігіне жанымның ауыратынын енді сезгендей, қызым маған таңырқай қарады да, қосыла жылап, ентігін баса алмай тұрып: «Мен әкемді таптым», – деді. Төбеме жай түскендей болды. Қанша уақыт үнсіз отырғанымды қайдам, бірер мезеттен соң: «Қой қызым, сен оның түрін көрген емессің, тапқан күннің өзінде танымас едің ғой», – дедім. Қызым дене шынықтыру пәнінен беретін мұғалім апай Қуаныштың қарындасы екендігін айтты.
Мен келін болып түскенде мектепте оқып жүрген Айгерім дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болыпты. Аружанды алдымен тегінен (фамилиясынан) таныпты. Одан соң көз алдындағы шынашақтай қыздың өз анасынан айнымайтына қайран қалып, анаңның аты кім деп сұрапты. Сынып журналындағы әр оқушы туралы жазылған сауалнамаға көз тастапты. Ертесі күні Қуанышқа қызын көргендігі туралы айтыпты.
Менің алдымда өзін кінәлі санайтын сүйіктім қызымен үш күн бойы сабақ арасында кезігіп жүріпті, сабақ аяқталғанша күтіп, үзілістерде қызына тәттілерді тарту етіп мен туралы сұраған екен.
Қызыма егер мені кешірсе мына нөмірге хабарлассын деп, тілімдей қағазға нөмірін жазып жіберіпті. Байқасам қызым да әкесін көргеніне өте қуанышты, тек менің көңіліме қаяу түсіргісі келмейтіндей.
Ақыры сең болып қатқан өкпемді жеңіп, сол күні кеште қызымды ұйықтатқан соң хабарласуды жөн санадым. Ертесі күні кездесуге байлам жасадық. Абзал енем Аружанды бір иіскеуді армандап жүріп дүниеден өтіпті. Қуаныш қаланың шетінен жер алып, үй салған екен. Қызымыз екеуміз жақында ғана жаңа үйімізге көшіп келдік. Қуаныш екеуміз өткеннің өрескел қателерін қайрылып талқыламауға, тек алға сеніммен қарауға бел байластық. Қызымның арқасында он жыл бұрын жоғалтқан бақытымды қайта таптым.
Ажар Сүндетбаева
Syrlasu.kz