Мен қаладағы ЖОО-лардың бірінде 2-курс студентпін. Өзім ақылы негізде оқимын. Әке-шешем қолындағы бар малын сатып, мені білім алуға жіберді. Алайда жас болған соң алдыңнан неше түрлі қызықтар шығады екен.
Бірден айтайын, бірақ маған әлі үйленуге ерте. Оқу бітірген соң, жұмысқа түсіп, әке-шешеме жәрдем етуім керек. Дегенмен бір қыз менің бүкіл өмірімді тас-талқан етер түрі бар. Ол: «Мені аласың. Әйтпесе сені сотқа берем» деп жабысып жүр. Мұндай жағдайға бірінші рет тап болғандықтан не істерімді білмей жүрмін. Енді оқырмандардан ақыл-кеңес сұрау үшін қолыма қалам алып, «Алаш айнасына» сырымды ақтаруды жөн санадым.
Мен әлі жаспын, студентпін. Оның үстіне, қалада үйім де жоқ. Бірақ студент болған соң, оның қызығы мен шыжығы қатар жүреді екен. Университетке алғаш түскенде әке-шешемнің үмітін ақтаймын, ешқандай қызға қарамаймын, көп қаңғырмаймын, тек сабағымды оқып, тәртіпті студент боламын деп өз-өзіме уәде бердім. Алайда оның бәрі бекер екен. Қасыңдағы достарың кешке қыздарға барса, қол ұстасып қыдырса, кейін оның бәрін жігіттер жиналып отырғанда қызықтап айтса, шыдай алмайды екенсің. Сенің де қызбен жүргің келіп, ойнап-күлгің келеді екен.
Бір күні бір досымның туған күні болды. Оның жағдайы жақсы болғандықтан коттедж жалдап, дүркіретіп отырыс жасады. Онда курстастардың бәрі болды. Мен де оған бармай қоюға ұялдым. Кеште ішімдік ішіліп, отырыс қызған кезде ұлдар қыздарды вальске шақырды. Мен де ойымда ештеңе жоқ, өз курстасым Фаризаны биге шақырдым. Вальсте ол менімен тым жақын биледі. Көкірегі денеме тиген уақытта өзімді қоярға жер таппадым. Тыпырлап, денемнің бәрі біртүрлі болып кетті. Ақыры не керек, сол отырыста мен алғаш рет қызбен сүйістім. Осылайша қызбен жүру, қыдыру секілді жігіттік дәурен басталды. Курстастармен бірге өтетін отырыстардың барлығында Фариза екеуміз бірге жүрдік. Біздің жүріп жүргенімізді курстастардың бәрі білді. Қай отырыста болмасын Фариза екеуміз оңаша қалып, аймаласып, сүйісетінбіз. Бірақ одан арыға бармайтынмын. Оны алмайтын болған соң, қыздың көз жасына қалғым келмеді. Бірақ...
Бірақ таяуда курстасым Ақмаралдың туған күнінде бәріміз жиналып көңіл көтердік. Ойнадық. Күлдік. Биледік. Дегенмен сол күні түнде Ақмарал қыздарға бөлек, ұлдарға бөлек төсек салды. Алайда сол күні Фариза жалғыз өзім жатпасам ұйықтай алмаймын деп, оңаша бөлмеге кіріп жатты. Ал енді достардың қасында ұйықтай алсамшы... Ары аунап, бері аунап, дөмбекшіп ұйықтай алмай қалдым. Түннің бір уағында шыдай алмай Фаризаның қасына бардым. Ол да мені күтіп ұйықтамай жатыр екен. Сонымен екеуміз төсекте аймаласып, үстіндегі барлық киімін шешіп тастадым. Қолым белден төмен кетіп қалды. Бір кезде өзі шыдай алмай, «менімен болшы!» деді. Менің де басым істемей, нәпсіге ерік бердім... Қыз емес екен...
Таңертең ерте тұрып, курстастардан ұялып, достардың қасына жатып қалдым. Фаризаға қарауға бет жоқ. Бір күн, екі күн, үш күн бір-бірімізге қарай алмай жүрдік. Төртінші күні өзі келіп «саған не болды?» деді. Мен: Біз тым әрі кетіп бара жатқан секілдіміз, осымен бәрін доғарайық» дедім. Ол әбден жылап, мені қимайтынын жеткізді. Үйленейік деді. Мен әлі оған дайын еместігімді айттым. Ол менің әке-шешеме барып, «мені зорлады» деп айтамын деді. Мен ашуланып кетіп қалдым.
Мұндай жағдайда не істеуге болады? Одан қалай құтыламын? Онымен үйленетін менде жағдай жоқ. Оның үстіне ол қыз емес. Енді не істеймін, ойлы оқырман, ой қосыңыздаршы...
Медет, Алматы қаласы
alashainasy.kz