Немерелерімді орысша оқытайын деп жүрмін
Мен өзім қазақ ауылында өсіп, қазақ мектебін бітіргем. Алайда, КСРО кезінде жоғарғы оқу орындарының бәрінде дерлік сабақ орыс тілінде оқытылды. Сол кезде орыс тілін жетік білмеудің қиындығын көп көрдім. Тілден қиналған шақта «ертең балаларым болғанда оларды орыс мектебіне берем» деп ойлайтынмын. Бірақ менің балаларым мектепке баратын жасқа келгенде Қазақстан егеменді ел болды. «Енді балаларым қазақ тілінде оқуға мүмкіндік алды» деп тақиямды аспанға ата қуандым. Сөйтіп, балаларымды қазақша оқыттым. Алайда, оным қате болғанын енді түсіндім. Бүгін «Алаш айнасы» арқылы оның мәнін түсіндіріп көрейін.
Егемендіктің алғашқы жылдары қандай қиындыққа тап болғанымызды әмбе біледі. Ауылда жұмыссыздық жайлап, көпшілік қалаға қарай көшті. Мен де сол көшке ердім. Қалаға келіп, бар жиған-тергеніме қуыстай екі бөлмелі орыстың үйін сатып алдым. Алдымен құжаттарымды туырлап, балаларды мектепке орналастыруға кірістім. Үйге жақын маңда екі-үш мектеп болғанмен, бәрі де орыс мектептері екен. Содан баламды орыс мектебіне бермей, «болашақ қазақ тілінде» деп ойлап, үйден қашық болса да, баламды қазақ мектебіне оқыттым.
Әрине қалада бізді ешкім күтіп тұрған жоқ болатын. Алғашқы жылдары мамандық бойынша жұмыс табу мүмкін болмады. Сондықтан, бала-шағаны бағу үшін кез келген жұмысты істедім. Тіпті Сейфуллин көшесі бойына «жұмыс биржасына» (сол кезде солай атайды екен) шыққан кездер де болды. Үйде ақша қалмай қиналған кезде әйелім, «ауылға көшейік, бір-екі мал асырап, егін ексек те аштан қалмаймыз» дейтін. Сол кезде ондайлар да көп болды. Алайда мен «қалаға барып күн көре алмай қайта келді» деген атақты намыс көріп, әйеліммен келіспей қойдым. Солай жылдар жылжып, елдің жағдайы да әсте-әсте жақсара бастады. Тұрақты жұмыс та табылды. Әне-міне дегенше, кейінгі екі балам да мектепке барды. Оларды да қазақ мектебіне бердім. Өйткені «болашақ қазақ тілінде болады» деп қатты сендім. Бірақ ол жаңсақтық болған екен.
«Болашақ қазақ тілінде болады» деген өз ойымның жаңсақ болғанын енді түсіндім. Оны сіздерге де түсіндіріп көрейін. Мектепті қазақ тілінде бітірген соң балаларымның бәрі де жоғарғы оқу орнында қазақ бөлімін таңдаған. Алайда аты қазақ бөлімі болғанмен оқуды жартылай орыс тілінде оқыды. Оның басты себебі – қазақ тіліндегі оқулықтардың жетіспеуі, сосын кей пәндерді қазақ тілінде оқытатын мамандардың болмауы еді. Орыс тілділер оқулықтан оқып дайындалса, қазақ тілділер алдымен орыс тілді оқулықтарды қазақ тіліне аударып, сонан соң оны оқып дайындалып біраз қиындықтарға тап болды (қазір де қазақ тілді оқулықтар жоқ). Бұл қиындықпен балалардың үлкені де, кішісі де бетпе-бет келді. Өздерінің зеректігінің арқасында балаларымның үшеуі де жоғарғы оқу орынын жақсы бітіріп шықты. Тәубә!
Қазақ тілінде оқығанның қиындығы жұмысқа тұрарда да, жұмыс істеп жүргенде де сезілді. Сол кездері еліміздің егемендік алғанына 15 жылдан асса да, қазақ тілін қажет еткен адам болмады (қазірде). Жұмысқа шақырушылар көзімізді бадырайтып қойып, «орыс тілін жетік меңгеруі шарт, шет тілін білгені дұрыс» деп ашықтан ашық жарнама беріп жатты. Қазақ тілін білетін маман қажет деген жарнаманы күндіз шаммен іздеп табу мүмкін емес еді (қазір де солай). Жұмыс берушілер алдымен орыс тілділерді жұмысқа қабылдап, бос орын қалса ғана қазақ тілділерді жұмысқа қабылдады. Өйткені құжаттардың бәрі орыс тілінде жүргізіледі. Есеп беру де орыс тілінде. Десе де, «егемендік алғанымызға енді ғана 15 жылдан асты ғой, әлі-ақ мемлекеттік тіл өз мінберіне мінер, қазақ тілінің аспанында күн күлімдер» деп үміт үзбедім. Алайда тағы жаңылысқан екем.
Одан бері де арадан жеті-сегіз жыл өтіпті. Егемендік алғанымызға 23 жылдың жүзі болды. Алайда қазір де мемлекеттік тілдің мінберге мінгенін көре алмай отырмын. Болашақта да көре алмайтын сияқтымын. Өйткені мемлекеттік тілді менсініп, қазақ тілін қажет етіп жатқан ешкім жоқ. Қазақ тілін дамытамыз деп жалған ұран жасап, миллиардтаған қаржыны бөлісіп, қалтаға басқаны болмаса, мемлекеттік тілдің дамуына оның мысқалдай пайдасы тиген емес. «Қазақ тілінде құжат рәсімдеу пәлен пайызға өсті» деген де жалған есеп қана. Оның бәрі көз бояушылық. Орыс тілді мәтіннің қасына түсініксіз қазақ тілді мәтінді қосып қойып, «қазақ тілінде де жазып жатырмыз» деп алдау ғана. Қарапайым өтініштен бастап, есеп-қисаптың бәрі де орыс тілінде рәсімделеді. Өйткені жоғарғы жаққа жіберетін есеп-қисап орыс тілінде болуы тиіс. Жоғарғы жаққа қазақ тілінде есеп-қисап жіберсең ешкім қабылдамайды. Себебі жоғары жақтағы есеп қабылдаушылар орыс тілділер.
Орыс тілінің қазақ тіліне орын бермеуінің тағы бір себебі, жоғарыда биліктің құлаған ұстағандардың дені орыс тілділер. Олардың балалары да орыс мектебінде оқиды және болашағын орыс тілімен байланыстырады. Егер қазақ тілі толықтай қолданысқа енсе, оларға отырған жылы орынды босатуға тура келеді. Балаларының болашағы да бұлыңғырланады. Сондықтан олар орыс тілінің қазақ тіліне орын босатпағанын қалайды және сол үшін қолдан келгенннің бәрін істеп бағады. Ал олардың қолынан көп нәрсе келеді.
Егемендік алған 23 жылға қортынды жасай отырып, қазақ тілінің болашағынан бір жолата үміт үздім. Өз-өзіңді алдағаннан не пайда?! Жалған ұранға беріліп балалардың да болашағына бұғау салмау керек екенін ұқтым. Сондықтан немерелерімнің бәрін орыс мектебіне оқытамын деп шештім.
Бұған қарсы дау айтушылар да табылар. Менің айтқанымның дұрыс екеніне 20-30 жылдан кейін өздеріңіз көз жеткізесіздер. Алайда ол кезде кеш болып, бармақ тістейсіздер. Қолды дер кезінде сермемегендеріңізге өкінесіздер. Өзекті өкініш өртемес үшін бүгін ойланыңыздар. Өйткені Қазақстанда орыс тілінің дегені жүріп тұр. Әрине қазақ тілі үшін жаным ауырады, алайда қолдан келер шара жоқ. Шындық сол. Сіз қалай ойлайсыз?..
Асылхан, Алматы қаласы