Жанында жұбайы, бауырында балалары бар әйелдердің өзге еркекпен жасырын жүруін мен мүлде түсіне алмаймын, тіпті оны қылмыс деп есептеймін. Отбасылы ер адамның басқа әйелге көз салуын жақтамасақ та, түсінуге болар. Жаратылысы, табиғи заңдылық дегендей. Ал әйелдің болмысы мүлде бөлек емес пе?
Мұндай әңгіме қозғап отырған себебім «Алаш айнасы» оқырмандарының арасында да жаза басып, жаңылысып жүрген жандар бар болса, ойланар, ақылға келер деген үмітім бар.
Мен жұмыс істейтін орында, негізінен, әйел адамдар еңбек етті. Бастығымыз – ер адам. Көп әйел істейтін орта қайдан тыныш болсын, пыш-пыш сөз, өзара бөліну, бір-бірін арандату дегендей сұмдықтың неше түрін осы жерге келгенде көрдім. «Қайдан ғана мұнда жұмысқа тұрдым» деп өкінген кездерім аз болған жоқ.
Менің жалғызбасты жесір әйел екенімді білген әріптестерім, басында аяушылық көзбен қарағандай болды. Олары маған ұнаған жоқ. Сөйтсем аяушылық танытқандай болып, аяғымнан шалып жүр екен. Оны білгенде тіпті күйіп кеттім. Кейде жұмысты тастап айдалаға безіп кеткім келетін.
Жалпы, менің мінезім біртоға. Ешкіммен ашылып сөйлеспеймін, сырымды сыртқа шаша бермеймін. Бұл ортадағы сақтығым өз алдына. Кез келген нәрсеге сабырмен қарау керек, ақылға салу керек деп өзімді байсалды ұстауға тырыссамын. Бірақ шектен шығып кетсе, аямаймын. Осындай мінезімнен бе, жоқ, ұжымдағылар мені орталарына тартқысы келмеді ме, білмеймін, мен әйтеуір өз-өзіммен саяқ жүрдім. Ол бір жағы маған ұнайтын да. Себебі бір-біріне күле қарап, артынан небұр сұмдықтарды былықтырып жүрген ортаның ішіне енгім келмеген.
Байқаймын, қыз-келіншектердің бастығымыз туралы көзқарастары әртүрлі. Біреулері «қатал, әділетті, жақсы адам» десе, енді біреулері «қызқұмар, ұжымға жаңадан келген әйел затына көз салмай қоймайды» дейді. Бірақ өзім маған қатысты артық қылығын байқаған емеспін.
Арамызда қабілеті орташа, бірақ мұрнын шүйіріп жүретін бір келіншек бар еді. Өзінің анау айтқандай сұлулығы да жоқ. Сол әйел туралы ұжымдағылар көзі жоқта бастықпен қосақтап, түрлі әңгіме қылады да, көзіне барлығы оны жақсы көретін, керемет құрмет тұтатын адамдай сызыла қалады. Ал ол әйелдің өркөкіректігі маған мүлде ұнамайтын. Ұжымға келгеннен екеуміздің жұлдызымыз қарсы болды. Ол мені не үшін жақтырмайтынын білмедім, мен оның өзін бәрінен артық санайтын қылығын жақтырмадым. Екеуміздің мұндай қарым-қатынасымыз басқарларға майдай жаққан сияқты.
Менің аманымды бірде алса, бірде алмайды, мен отырған жерде қабағын тыржитып, менен гөрі жоғарырақ жерге отыруға тырысады. Қызық, ешкім онымен бақталасып жүрген жоқ, бірақ өз-өзінен солай етеді.
Байқасам, бастығым екеуінің арасында, расымен, бір байланыс бар сияқты. Таң қалдым, екеуі де үйлі-баранды адамдар. Бастықты қойшы, ерлі әйелді айтсаңшы. Сұмдық қой. Қанша ойласам да, санама сыйғыза алмадым.
Кешкілік жұмысым көп деген желеумен жаңағы әйел жұмыста қалып қалады, біз уақытында қайтып кетеміз. Бір жаққа іссапарға бару керек болса, сол кетеді. Тіпті екеуінің бір машинадан түсіп жатқанын да көзіммен көрдім. Неге оның елден ерекше көрінгісі келетінін, неге оған басқалардың жалпақтайтынын түсінгендей болдым. Бірақ маған неге өшігіп жүргенін түсіне алмадым.
Сөйтсем, әріптестеріміз өз араларында отырып, «Оған бастықтың көзі түсіп жүр. Ол да кетәрі емес. Екеуінің кабинетте қалжыңдасып отырғанын байқадық» дегендей, менің сыртымнан өтірікті сықпыртыпты. Соны естіген ол нақсүйерін қызғанып жүрген екен.
Ол менімен шындап ерегесуге кірісті. Жұмыста мен туралы «жүргіш», «секс-бомба», «көрінген еркекке көз салады екен», «күйеуі де соның күйігінен өліпті» дегендей, бықсық сөздер тарапты. Мына сөздер менің жанымды қатты жаралады. Жұмыстан кетемін деп шештім. Жақын құрбыма жылап тұрып айтып едім, ол «Сен неге кетесің? Оларға керегі де сол. Сен тазасың, сондықтан басыңды көтер де, кеудеңді тік ұста. Олар сені тапталған, есеңгіреген күйіңді көргісі келеді. Жеңілме. Аққа Құдай жақ деген» деп мені біраз серпілтіп тастады.
Сосын мен неге солардың қаңқу сөздері үшін жұмыстан кетуім керек, балаларым үшін ешқашан мойымауым керек деп, бойымды жинақтап алдым. Осы сөздердің бәрін сол әйелдің шығарып жүргенін ішім сезеді. Ыза болғанда күйеуіне барып не істеп, не қойып жүргенін айтып берейін бе деп те оқталдым. Қой, бір отбасының обалына қалып нем бар деп тағы қойдым.
Кезекті ерегесулердің бірінде бұрынғыдай үнсіз қалған жоқпын. Қатты ашуланғаным сондай, жеріне жеткізіп тұрып айтып, есігін тарс жауып кеттім. «Некеден садаға кет. Күйеуініңнің сыртынан не істеп жүргеніңді мен ғана емес, бүкіл жұрт біледі. Қызылды-жасылды көйлекті киіп көлбеңдеп, күнде іссапарлап жүргеніңді көрмей жүр деймісің» деп бар білгенімді айта бастап едім, ләм-мим деп тіл қата алмай кабинеттен шығып кетті. Бұл сөз бастықтың құлағына да жеткен болуы керек, екі жақтың да отбасы мүшелері естіп-біліп қалмасын деді ме, жаңағы әйел басқа жұмысқа ауысып кетті. Өзі ауысты ма, әлде басеке сөйлесіп, ауыстырды ма - ол жағын білмеймін.
Қазақта «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» деген сөз бар. Күйеусіз әйел жүрсін-жүрмесін қаңқу сөз артынан еріп жүреді де, күйеуі бар әйелдер не бір сұмдықтар жасап жатса да, олар сүттен ақ, судан таза болып, өтірік қылымси қалатындарына қатты налыдым. Бір жағынан, жаңағы әйелдің күйеуін аядым. Екінші жағынан, «ез неме, бір әйеліне ие бола алмай жүрген өзіне де сол керек» дедім ашуым келіп.
Бәлкім, мен кей нәрселерді түсіне алмайтын шығармын, мүмкін, мен ескі көзқарастағы адам шығармын, білмеймін, тек ақ некелі әйелдердің ақ төсегін былғап жүрген әрекеттеріне төзе алмаймын, олардікі қылмыс деп есептеймін.
Назира, Алматы.
Некелі әйелдің жасырын жүрісін түсіне алмаймын...
Последние статьи автора