Ислам діні әлемдік діндердің қатарында отбасы институтына айрықша маңыз беруімен ерекшеленеді. Яһудилердің прагматикалық көзқарасы да, христиандардың діндарлық түсінігі де исламмен үйлесе бермейді. Өйткені Ислам адам табиғатымен толық санаса отырып, үйленуді тіршіліктің, адам ұрпағының заңды жалғасуы ретінде қарастырады. Қасиетті Құранда ең алғашқы отбасы құрушылардың Адам ата мен Хауа ана болғандығы, әуелгіде екеуінің жұмақта өмір сүргендігі айтылады. Бұған қоса, Нұһ пен Ибраһим пайғамбарлардың отбасыларының таңдаулы отбасылар екендігі де тілге тиек етіледі. Өзге тіршілік иелері секілді адам баласының да ұрпақ өрбіту үшін ер мен әйел болып жаратылғаны, бұлардың бір-бірін психологиялық және биологиялық жағынан толықтыра түсетіндігіне назар аудартылады. Құрандағы: «Сендерді бір адамнан жаратқан да, әрі көңілі жай табуы үшін оған жұбай сыйлаған да Алла» («Ағраф» сүресі, 7/189) деген аят осы шындықты меңзеуде.
Әр адам отбасын құру арқылы жалғыздықтан, жалғыздық тартудың қиындықтарынан арылады. Өйткені әйел мен ерлердің көп шағымы жалғыздық тарту екені белгілі. Отбасын құрып, өмірлік серігін тапқан жанның көңілі жұбаныш сезінеді. Екеуара құрған жылы ұяның жемісі балалар. Ұрпақ көбейтіп, рухани құндылықтар сіңірілетін, сүйіспеншілік пен махаббат, жанпидалық көрсетілетін отбасының негізін құрайтын ата-ана Ислам дінінде үлкен құрметке ие. Құрандағы: «Раббың өзіне ғана құлшылық жасауды және ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды. Екеуінің бірі немесе екеуі де қолыңда қартайса, оларға ешқашан «түһ» деп кейіс білдірме, ұрыспа! Екеуіне жақсы сөздер айт. Жанашырлық танытып, кішіпейілдік көрсет. «Раббым, олар мені кішкене кезімде мәпелегендей, сен де оларды мейіріміңе бөлей гөр!» де» («Исра» сүресі, 23-24) деген аят ата-ананың мәртебесінің биіктігін аңғартуда.
Ислами ойлау жүйесінде ата-ана бұған толықтай құқылы. Өйткені ана сәбиін тоғыз ай, он күн құрсағында көтереді. Толғатудың қиындығы өз алдына, баласын өсіргенге дейін көп ауыртпалықтарға шыдайды. Бұл қиындықтарды еңсеруде әкенің де орны бөлек екені сөзсіз.
Ислам діні отбасын аса мықты негіздерге орнықтыруды көздейді. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) үйлену турасындағы: «Әйелдермен тек сұлулығы үшін некелеспеңдер. Сұлулығы оларды аздыруы мүмкін. Байлығы үшін де үйленбеңдер. Дүние де оларды аздыруы мүмкін. Діндарлығы үшін үйленгендерің жөн» деген өсиеті осы тұрғыда ерекше мәнге ие. Өйткені, Исламда отбасы уақытша ғана көңіл қосып, бірге тұру емес, мәңгілік қол ұстасуды, ғұмырлық серттесуді білдіреді. Ол серттесу игі ұрпақ өсіру, елге пайдалы азаматтар тәрбиелеу секілді мақсатқа негізделеді. «Отбасын жақсы көретін, әрі бала табатын әйелдермен үйленіңдер. Мен (қиямет күні) үмбетімнің көптігін мақтаныш етемін» деген хадистің астарына осы тұрғыда үңілген артық емес. Өйткені бұл хадисте екі мәселе сөз етілуде: отбасын жақсы көру және балалы болу. Бұл екеуі жанұяның екі негізгі міндеті деуге келеді.
Ислам діні отбасы ұғымына үлкен жауапкершілікпен қарай отырып, бақытты қоғам орнатуды мақсат етуде. Өйткені қоғамның бұзылуы да, түзелуі де әуелі отбасыдан бастау алатыны анық. Негізі мықты отбасылардан қоғамның іргесі де беки түседі.
Ислам діні жастарды ынталандыру мақсатында отбасын құрудың шарттарын ауырлатпауда. Осы орайда үйленудің сүннет ретінде бекітілгенін, қалыңдық сыйдың (махр) мөлшері жеңілдетілгенін айта аламыз. «Махрдың ең жақсысы – аз болғаны» (Шауқани, Нәйлүл-аутар, 6/179).
Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) өсиетіндегі: «Әй, Али! Үш нәрсені кешіктірме: уақыты келгенде намазды, дайын тұрған жаназаны және теңін тапқан бойжеткен қызды ұзатуды» дегені де осы мәнді үстемелеп, уақыты келгенде үйленуді кешіктірудің жөн еместігін білдіруде.
Ислам әйел мен ердің қосылуын биологиялық қажеттілік шеңберінде ғана қарастырмайды. Отбасы адамның рухани қажеттіліктерін де өтейтін орта. Мұсылман жанұясында ер мен әйелдің әлеуметтік деңгейі немесе ерекшеліктері екінші орынға ысырылады. Өйткені бірінші кезекте екеуінің рухани жарастықтары, бір-бірімен тіл табысуы мен сыйластығы тұрады. Мәселен, ардақты Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) өзінен он бес жас үлкен Хадиша (р.а.) анамызбен құрған шаңырағы арқылы тату отбасының үлгісін паш еткен. Хадиша өмірден озғанға дейін өзге ешкіммен үйленбеу арқылы жанұяға деген адалдығын байқатқан. Хира үңгірінде өзіне алғаш уахи түскенде, барып жолығып сырын алғаш ашқан да, өзіне кеңес беріп, жұбату сөз айтқан да Хадиша болатын.
Ислам діні мәжбүрлеу арқылы неке қиюды құптамағанындай, отбасының жауапкершіліктерінен жалтаруды да құптамайды. Ол сондай-ақ әйел мен еркектің теңдігінен гөрі екеуінің бір бүтінді құрауына, әрқайсысының өзіне тиесілі міндеттерін атқаруына ерекше мән береді. Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) Қоштасу хұтбасында әйел құқықтарын қорғауды, әйел кісінің аманат екеніне назар аудартқан.
Ислам дінінде мұсылман ер мен әйелдердің өзіндік міндеттері де белгіленген. Ол бойынша ер кісілерге отбасын асырау, жанұя мүшелерін барлық жағынан қамтамасыз ету міндеттелсе, әйел кісілерге күйеулеріне бағыну, бала тәрбиесін қадағалап, күйеуінің мүлкін ұқсатып ұстау, ар-ұяттарын қорғау, отбасы абыройына дақ түсірмеу міндеттелген.
Қорыта келгенде, Ислам діні отбасын құруға үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырады. Бойжеткен қыз бен ер жеткен жігітке бұл қадамға ойланып бару қажеттігін, жауапкершілік бөлісін еске сала отырып, Ислам діні орнықты жанұялар арқылы бақытты қоғам құруды көздейтінін айта аламыз.
Айдар Манас
islam.kz