Нағашы ағамның қорлығы өтті

Жігіттің үш жұрты болады. Нақтырақ айтқанда, өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты. Және олардың әрқайсысына берілген баға да бар. Мәселен, өз жұртың күншіл келеді, бар болсаң, көре алмайды, жоқ болсаң, бере алмайды. Ескіден қалған сөздерге сүйенсек, олар жақсы болсаң, күндейді, жаман болсаң, жүндейді екен. Ал қайын жұртың міншіл келеді. Қолдың ұзындығы мен жағыңның қызылдығына қарайтын көрінеді. "Берсең, жағасың, бермесең, дауға қаласың", - дейді халық даналығы. Осылардың ішінде жігіттің нағашы жұртын ерекше бағалаған. "Нағашы жұртың сыншыл келеді. Жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді. Әрқашан тілеуіңді тілеп, қамқоршы болады" дейді қазақ. Әрине, олардың барлығы дәл осы секілді деп айта алмаймыз. Ауызбірлігі жарасқан өз жұртың да бар. Қайын жұртың да жақсы болса, олар да өз ағайының болып кетуі ғажап емес. Арамызда нағашы жұртты тарапынан қайырым көрмей жүрген жандар баршылық.
 
Менің анамның бір ағасы, бір сіңлісі болды. Неге екенін қайдам, біз нағашы жұрттың алақан жылуын көріп өстік деп айта алмаймыз. Осы жұрттағы ата-әжеміздің көзі тірі кезінде олардың үйінен шықпайтын едік. Қариялар біздің басымыздан сипап, қалтасындағы тәттісі мен кәмпитін үлестіріп отыратын. Жарықтықтар біздің бетімізге келіп көрген емес. Олар жайында ешқандай реніш сөзіміз жоқ. Қолында барды бізден аямайтын.

Ата-әжеміз өмірден өткеннен кейін біз ондай жылылықты көре алмай өстік. Анамның ағасы дүниеге жақындау адам еді. Ол кезде біздің отбасы да дәулетті тұратын. Қора толы қойымыз, жылқы мен түйеміз, сиырымыз бар-тын. Сол кезеңде анамның ағасы біздің үйден шықпайтын. Өзімнің атам да қолы кең адам еді. Нағашы ағамызды әрбір келгенінде құр қайтармайтын. Кем дегенде қолына бір қой жетектетіп жіберетін. Ол кісі де осыған әбден дәнігіп алған болуы керек, біздің үйге жиі келгіштей беретін. Бала болсақ та, соны сеземіз. "Көкейін дүние тесіп кеткен бе?" деп ойға қалатын едім. Өзге балалардың нағашылары жиендерінің маңдайынан иіскеп, өз мейірімін көрсетіп жатқанына қызығатын едім. Біздің нағашы ағамыз ешқашан ондай мейірімін көрсеткен емес. Оған тек ақша, дүние болса, жетіп жатыр. Анам байғұс ол кісі келгенде құрақ ұшып, барын алдына тосып жататын. Өз әулетіндегі жалғыз ұл болғандықтан, сондай құрмет көрсеткен шығар. Анам ол кісіге ешқашан реніш білдірген емес. Білдірсе де, оны ешқашан ешкімге сездірмеді. 

Соған қарамастан нағашы ағамыз ешқандай жоқшылықта өмір сүрген жоқ. Есік алдында 2-3 көлік тұратын. Өзі техникаға жақын адам еді. Өткен ғасырдың 70-80-жылдарында бір үйде 2-3 көліктің тұруы таңсық көрінетін. Әрине, оның барлығын сатып алған емес. Кейбіреуін өзінің қолынан құрап алған. Ендігісін біреу тарту еткен. Әйтеуір, өзінің бас қамымен сұрамсақ қасиетін солайша басқаларға да жасаған болуы керек. 

Нағашы жұрт жиеннің әрбір жақсы ісіне сүйсінеді деуші еді. Біз ондайды көрмей өстік. Біздің жеткен жетістікке қайта ол кісі қуанбайтын кейіп танытатын. Неге екенін қайдам, біз нағашы ағамыздан сондай салқындықты айқын байқайтын едік. Бірде менің ағамның бірі жоғары оқу орнына түсті. Сол жылы біздің нағашы ағамыздың да баласы мектеп бітіріп, жоғары оқу орнының біріне құжат тапсырды. Өкінішке қарай, ол оқуға түсе алған жоқ. Нағашымыз менің ағамның оқуға түскенін қызғанған кейіп танытты. Қуанышымен бөлісуге барған ағамды нағашымыз кеудеден итергендей етті.

– Сенен гөрі менің балам тәуір оқушы еді. Бірақ кейде әділдік те болмайды ғой. Әліңе қарамастан сенің оқуға түсіп кеткенің қызық болды, – деп айтқанда ағамның қасында мен де тұрғанмын. Бұл сөз ағамның қуанышын су сепкендей басты. Оның жүзі бірден қуарып кеткенін байқадым. Өмір жолын енді ғана бастап келе жатқан өреннің алдында мынадай қылық танытқан нағашы ағамыздың бұл әрекетін қалай қызғаныш емес дейсіз? Үп-үлкен адамның осылайша жас баланың меселін қайтарып тастағаны қай сасқаны? Қысқасы, ішіне пышақ айналмайтын қызғаншақ екенін мен бала болсам да сол кезде байқаған едім. 

Уақыт та жылжып өте берді. Дүние деген бірде бар, бірде жоқ емес пе? Атам өмірден өткеннен кейін біздің қорадағы малдың басы азайып, әлеуметтік жағдайымыз біршама әлсіреп қалды. Бұрын біздің үйден шықпайтын нағашы ағамыз да мүлдем төбе көрсетпейтін болды. Көп балалы отбасы болғандықтан, кейде тарығатын жағдайға жеттік. Сондай сәттерде анамыз ағасына барып көмек сұраған еді. Бірден меселін қайтарып тастапты. Бұл жайында анамыз бізге мүлдем тіс жарған жоқ. Алайда ағасына деген өкпе-реніші болған шығар.

Мен дүниеқоңыз емеспін. Бала жасымнан солай болып өстім. Барды қанағат тұттық. Ағаларымның ескі-құсқысын киіп өстік. Бірақ пендешілікке салынған нағашы ағамыздың сондай қылықтары менің көз алдымнан әлі күнге дейін кетпейді. Біз де біреулерге нағашы аға болдық. Жиендерімді көргенде нағашы ағамыздың бейнесі көз алдымызға елестей береді. Ол кісі қанша тыраштанса да, байлыққа белшесінен бата қойған жоқ. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрді деуге толық негіз бар. Алайда ол кісінің дүние дегенде адамдықты, ағайындықты адыра қалдырғаны мені ойлантады. Нағашымнан көңілім қатты қалған. 

Қазір кейбір дос-жарандарыммен сөйлескенде олар нағашылары жайында жылы лебізін білдіріп жатады. Өкінішке қарай, мен сондай сәттерді тілімді тістей қоямын. Өйткені біздің отбасы нағашы ағамыздан ешқандай жақсылық көрген жоқ. Біздің маңдайымыздан сипап, арқамыздан қағып көрмеген адамға қалай ет-бауырың елжірей алады? Қазір ол кісі өмірде жоқ. "Қара жер хабар айтпасын" дейді мұндайда. Айтайын деп айтпайсың, ішіңе сыймайды да...  

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста