Бұрынғы күйеуі біліп қоймас үшін, бұл оқиға кейіпкерлерінің есімі өзгертілген екен, деп жазады yvision.kz сайтында бір автор.
«Қарапайым отбасында туып-өстім. Шешем кітапханашы, әкем тракторист. Ауданда тұрдық. 9-шы сыныптан кейін колледжге түсіп, «райцентрге» кеттім. Сол жерде Ермекпен таныстым. Ол ішпейді, шекпейді, намаз оқиды. Мен үшінші курста жүргенде үйленетін болдық. Үйлендік. Ұл мен қыз тауып бердім, бәрі жақсы еді.
Уақыт өте Ермек уахабист болып кетті. Қатты өзгерді. Менің әр қадамымды аңдып, хиджаб ки дегенді шығарды. Көнбеске амал қалмай, хиджаб киіп, намазға жығылдым. Мұнымен тоқтамады. Туған-туыстарыммен кездесуге мүлдем тыйым салып, тіпті туған күн тойламайтын дәрежеге жеттік. Оған сәл қарсы келсем, ұратынды шығарды. Бұ жындыны тастап кетейін десем, екі бала бар, әке-шешемді ойлаймын. Жұмысқа шығуыма қарсы болды, хиджабқа оранып, үйде қамалып қалдым.
Есесіне үйге Ермектің жаңа қонақтары жиілете бастады. Біз де оларға қонаққа барамыз. Қонақ келгенде әйелдер бөлек бөлмеде отырады. Бірде сол вахабистердің әйелдері арасында менімен араласатын Әлима дейтін келіншек телефон шалып тұр. Ботадай боздап жылайды: күйеуі «талақ» депті де, мұны тастап кетіпті. Жай тастай салмай, өзінің бір туысымен некелесуге мәжбүрлепті. Онымен «некелеспесең» кәмелетке толмаған үлкен қызымызды күйеуге беремін деп қорқытты. Әлгі туысқаны да ол әйелді үш айдан кейін тастапты.
Тағы да теке сақалын шошаң еткізіп, «талақ» депті.
Олар әйелерді кәдімгі жезөкшеге айналдырып жібереді екен. Әлима жүкті болыпты. Бірақ баласы екі уахабистің қайсысынан екенін анық білмейді. Мен оған полицияға хабарлас десем, ол қорқады. Бірінші күйеуінде қалған балаларын уайымдайды. Сөйтіп тұрғанда телефоны үзіліп, содан бері ол нөмір мүлдем өшіп қалды.
Менің күйім де тура сондай екенін түсіндім. Жұмысынан шығып, саудаға кіріскен күйеуімнің түрі күннен-күнге жаман болып барады. Мені де, балаларды ұрады. «Талақ» қыла салайын ба, деп қорқытуға көшті. Мен Әлиманың әңгімесінен кейін ойлана бастадым. Бір күні бар затымды буып-түйіп, балаларымды алып, күйеуімнен қашып кеттім. Әйтпесе мені де жезөкше етіп жібермесіне еш кепіл жоқ. Алдымен подругама барып, сосын діни ағымдардың шырмауында қалғандарға көмектесетін орталыққа хабарластым. Өйткені менің күйеуім сияқтылардың діні — дәстүрлі ислам емес.
Уахабистерден құтылғаным жақсы болды, енді адам сияқты өмір сүремін!», делінген жазбада.