Мен мына жалған өмірден қатты шаршап кеттім. Шынымды айтсам, кейде тіпті өмір сүргім келмей кетеді. Жасым 28-де. Жап-жас болып өмірден сонша неге түңілді деп ойлайтын шығарсыздар. Түсінікті болу үшін мұңым мен сырымды «Алаш айнасы» арқылы өздеріңізбен бөлісейін.
Мен бала кезімде өте момақан бала болыппын. Тіпті ауырып қалған кездерде де бала болып мазасызданып, жыламайды екенмін. Ал өзімнен кейінгі сіңілім тақылдап тұрған пысық. Қазір де сондай. Шамасы мен анама, сіңілім әкеме тартса керек. Ең өкініштісі, біз әкемізден ерте айрылдық. Әкем құрылысшы еді, биік ғимараттан құлап мерт болды. Біз әкем қайтыс болардың алдында бір жылдай бұрын Алматыға көшіп келгенбіз. Бұрын Алматы облысындағы Ақсеңгір деген ауылда тұрдық. Әкем ақша табудың қамымен қалада жұмыс істейтін болғасын, бізді де көшіріп әкелген еді. Ол кезде біз мектеп оқушысы едік. Әкем қайтыс болғаннан кейін анам ауылға қайтып барғысы келмеді. Қалада пәтер жалдап тұрып жаттық.
Мен мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмадым. Қалада жастарға анау-мынау жұмыс көп қой, бірде көлік жуып, бірде дәмханада даяшы болып, әйтеуір күнімізді көріп жаттық. Анам да ыдыс жуушы болып жұмыс істеді.
Жас болған соң кейде достармен анда-мында шығып қыдырамыз. Туған күн кештерін тойлаймыз. Осындай кештердің бірінде мен қазіргі күйеуіммен таныстым. Таныстым деп айтуға да келмейді, әйтеуір бір-бірімізді көрдік. Көркі де, өзі де аса бір ойда қаларлықтай жігіт болмаған соң, мен тіпті мән бермедім.
Бірде жұмыстан қайтып келе жатқанымда, жаныма бір машина тоқтай қалды да, екі жігіт екі жағымнан күштеп көлікке отырғызды. Айғайлап, тулап, тепкіленіп жатқаныма қараған жоқ. Жігіттің біреуін бірден таныдым, жақында ғана туған күн кешінде көрген жігітім. Бірден әлгі жігітке: «мен қайда апарасыңда, тоқтат көлікті, әйтпесе бәріңді түрмеде шірітемін» деп аузыма келгенді айтып жатырмын. Сонда әлгі жігіт: Жұлдыз, мен сені бір көргеннен ұнатып қалдым, сен менің әйелім боласың деді. Сөйтіп, әне-міне дегенше жылап-сықтағаныма, жалынғаныма қарамай үйіне алып келді. Жігіттің ауылы Талғар маңындағы Талдыбұлақ деген ауыл екен. Көліктен түсе сала алдымнан апа-әжелер шыға келіп басыма орамал салмақ болды. Мен болсам қарсылық білдіріп, әбден туладым. Аяғында үлкен кісілер анамды алдырып, өзімен тікелей сөйлесті. Менің қарсылығыма қарамай алып қашқан жігіттің анасы өте өткір, адуынды кісі екен, ол анама: «менің баламның таңдауы сенің қызыңа түскен екен. Еркек адам қаласа кез келген әйел көнеді. Сенің қызың аяқ-қолы балғадай нағыз бізге келін болатын қыз екен, мен де оны бір көріп байқадым. Маған ұнады. Сен де мен сияқты анасың, қызыңның бақытын ойлсаң, аттаған босағасынан алып кетпе» деп төтесінен кетті. Менің анам байғұс, жылай-жылай жанын қоймаған қатын-қалаштың сөзіне еріксіз көніп, мені сол босағада қалдырды. Әлі күнге ойлаймын, егер сол кезде анам мені алып кетсе өмірім басқаша болар ма еді.
Сонымен менің отбасылық өмірім басталды. Күйеуім өзімен 6 жас үлкен. Өзім ұнатып, жақын танысып, білісіп келмегеннен кейін осы уақытқа дейін күйеуіме көңілім шын жылыған емес. Қазір біздің тұрып жатқанымызға 8 жылдай болды, арамызда екі бала бар. Бірақ мен күйеуімді жақсы көре алмадым.
Менің жақсы көрмейтінімді, жылышырамайтынымды күйеуім іштей сезеді, сол кейде ішіп алып, «сен мені жақсы көрмейсің, басқа біреуің бар ма» деп шу шығарады. Алайда енем баласын ылғи басып тастайды. Қанша айтқанмен әйел адам емес пе, менің ішкі сезімімді түсінетін болу керек, осы уақытқа дейін маған: «баламды неге жақсы көрмейсің» деп айтқан емес. Айтса менің де жауабым дайын. Өйткені мен өз еркіммен келген жоқпын.
Бір шаңырақтың астында тұрып жатқан ер мен әйел бір-біріне бауыр басып кетеді, арада бала болғаннан кейін тіпті бір адамдай болып кетеді деп жатады ғой. Бірақ мені әлі күнге балаларымның әкесін өзімнің жарымдай, оның үйін өз үйімдей сезіне алмаймын.
Келін болып түскелі еш жерде жұмыс істеген емеспін. Өйткені мені күйеуім қызғанып жұмыс та істетпеді. Екі бала тудым, балаларымның бірі сәл аурушаң. Балаларым үшін күні бүгінге дейін ажырасу туралы ойлап көрмеппін, бірақ өмірмінің соңына дейін өзі сүймейтін адамның жанында, жоқшылықта өмір сүретінімді ойласам, қазіргі сұп-сұр өміріммен қош айтысқым келіп кетеді.
Мен бала кезімде банк қызметкері болсам деп армандадым, бірақ арманым орындалмады. Не өзім сүйетін мамандықты меңгере алмадым, не отбасылық өмірімде де бақытқа жете алмадым.
Кейде көшеде бала-шағасымен мәре-сәре болып қыдырып жүрген отбасыларға қарап қатты қызығамын. Біз күйеуім екеуміз балаларымызды ешқашан серуендетіп саябаққа бірге барып көрмеппіз. Өйткені оның бізді қыдыртуға ақшасы да жоқ және ол ешнәрсеге қызықпайды. Оған тамағы тоқ болса, жұмыстан келіп теледидардың алдында жатса болды.
Төрт қабырғада күні бойы үйдің тіршілігінен шаршады-ау, көңілі сергісінші деп менің көңілімді ауламақ түгілі, жұмыс істеп жүргеніне, балаларына нан әкелгеніне міндетсінеді.
Алғаш үйленген жылдары күйеуімді достарымның арасына апаруға, тіпті көрсетуге қысылатынмын. Өйткені ол қалай болса солай киіне салады. «Мына киімің болмайды, мынаны даярлап қойдым, осы саған жарасады» десем болды қырсығып, өзім білем не кисем де деп соңы ұрысқа ұласатын. Қазір біз туған-туыстың той-томалағына да бірге бармаймыз, не ол, не мен барамын.
Жігіттердің білімді, сымбатты, ең бастысы нағыз еркекке тән мінезі болғаны қандай жақсы. Теледидардан көркем сөйлейтін, тап-тұйнақтай киінген, сымбатты ер адамдарды көрсем, өзімнің күйеуімді солармен салыстырып, қорланып кетемін.
Мені күйеуін жамандады деп сөкпеңіздерші. Бірақ бұл менің шыным да, сырым да. Өмір бойғы өкінішім. Мен қазір басқа еркек тауып бақытты болып кетемін деп ойламаймын. Өйткені менің екі балама өзге кім әке бола алар дейсіз? Бірақ қалай да қазіргі көңілсіз, сұп-сұр өімірімді өзгерткім келеді. Жарқырап күле алмайтын, ең болмаса ұнаған көйлегіңді алып кие алмайтын, қалаған жеріңе бара алмайтын, балаңа әдемі ойыншық әперіп қуанта алмайтын өмір қызық па? Сүреңсіз менің өмірім қашан өзгерер екен?
Жұлдыз, Алматы
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз:
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30