Мен оның зорлығын кешіре алмадым, ал ол...

Ешкім де менің тағдырымды қайталамаса екен деп тілеймін. Отбасылық өмірім қайшылықпен басталды. Өмірден түңілген кездерім де болды. Бірақ балаларымды ойлап әркез өзімді қолға алуға тырысам. Жақсы ой ойлап, әлі-ақ бәрі де жақсы болар деп үміттенумен келем. Өкінішке қарай, бәрі де керісінше болып тұр. Оған басты себепші – құдай қосқан жарым. Иә, бізді құдай қосты, мен оған өз қалауыммен тұрмысқа шыққам жоқ. Міне оған да 14 жыл болыпты.

 

Үлкендердің айтуынша, ол кез қиын заман болған. Шынымды айтсам, сол қиындықты мен сезінген емеспін. Бәлкім балалақ албырт шақта отбасыдағы материалдық жағдай туралы ойламаған да шығармын. Өзімнен алты жас кіші інім екеуміз таршылық көрдік деп айта алмаймын. Ата-анамыз қалағанымыздың бәрін болмаса да, қажетті нәрселерді әперетін. Ата-анам «ананы өйтпе, мынаны бүйтпе» деп те беттен қақпайтын. Ойын-сауықтан да қалмайтынмын. Сөйтіп жүріп, алып қашудың құрбанына айналдым.

 

Мектеп бітіре сала Көкшетаудағы колледжге оқуға түстім. Сабақ үлгерімім аса жақсы болмаған соң университетке тапсыруға жүрексінгем. Кейін жұмыс істеп жүріп те, сырттай оқып жоғары білім алармын деп топшылағам. Бірақ мен ойлағандай болмады. Оқу басталғанына бір айдай болғанда, біздің ауылға көрші ауылда тұратын қыздың туған күніне бардық. Туған күн кеші өте көңілді өтті. Үйде басталған кеш клубта дискотекаға ұласты. Би алаңында сол ауылдың бір жігіті қайта-қайта биге шақырып, сөз айтып, айналсоқтап қасымнан шықпай жүрді. Жас шамасы бізден 7-8 жас үлкен. Бірақ ол жігіт маған ұнаған жоқ. Сондықтан «жүретін жігітім бар» деп алдадым. Ондағы ойым әйтеуір бірдеңе айтып, құтылу болатын. Алайда ол бір көргенен ұнатып қалғанын айтып, «қалаға іздеп барам» деп кеш тарқағанша соңымнан қалмай қойды.

 

Ертеңінде түс ауа бірге барған төрт қыз қалаға қайтпақ болып жолға шықтық. Автобус келгенге дейін біршама уақыт болған соң, көшеде асықпай келе жаттық. Бір жеңіл көлік келіп қасымызға тоқтай қалғанда шошып кеттік. Көліктен үш жігіт түсті. Қарасам, көлік жүргізіп келген кеше би алаңында соңымнан қалмай қойған Ерлан деген жігіт екен. Құрбымның айтуынша, Ерланның әкесі бұрын сол совхозда беделді қызмет атқарған. Кейін совхоз тарағанда біраз техника мен малды еншілеген. Содан өздері жеке шаруашылық ашқан. Ауылдағы бақуатты адамдардың бір. Сондықтан да болар, Ерланның сөзі ірі. Өзіне нық сенімді сөйлейді. Бәлкім маған оның сол бір мен мендігі ұнамаған шығар. Ерланмен сөйлескім келмей қасымдағы құрбымның біріне «бір қажет зат алуым керек еді, дүкенге барып қайтайық» дедім. Ерлан қасымызға ермекші болып еді «қыздарға қажет зат аламыз, сен барсаң бармаймыз» дедім. Ерлан «жарайды» деп қалып қойды. Сөз таппай қалды деп ойлағам. Бірақ олай болмай шықты. Оның өз есебі бар екен. Менің дүкенге баруым үлкен қателік болыпты.

 

Дүкенге кірген соң бос шықпайық деп шемішке сатып алдық. Жігіт-қыздардың тұрған жері мен дүкен арасы шамамен 70-80 метрдей. Біз дүкеннен шығып соларға қарай жүрдік. Сол кезде жігіттер машинаға отырып жүріп кетті. Мен «құтылдым-ау» деп қуандым. Бірақ олай болмай шықты. Мен тұтылған екем. Жігіттер мінген көлік бізге қарай жүрді. Дәл алдымызға келіп тоқтады. Көліктен жалма-жан екі жігіт шығып, мені көтеріп машинаға бір-ақ салды. Қорқып кеткен болу керек, қасымдағы құрбым шыңғырып қаша жөнелді. Менің шыңғырғаныма қарамай, көлік алға жылжыды. Әне-міне дегенше, бір үйдің ауласына келіп тоқтады. Жігіттер мені қалай зорлап машинаға отырғызған болса, дәл солай зорлап көліктен түсіріп, үйге алып кірді. Бір-екі сағаттан кейін біз қонақ болып келген үйдің үлкендері келген екен, «қыз бен жігіт бұрынан бір-бірін біледі, сөйлесіп жүрген, қыз келісіп отыр, қазір өзіміз ата-анасына хабар береміз» деп шығарып салыпты. Олардың сөзіне сенген құрбымның ата-анасы біздің үйге хабар бермепті.

 

Үлкен апалар мен аталар келіп, «босаға аттадың, енді есік көрген атанасың, әлі-ақ бір-біріңді жақсы көріп, ұйыған отбасы болып кетесіңдер» деп ақыл айтып кетіп жатты. Бірақ мен «бәрібір бұл үйде қалмаймын, кетемін, сотқа берем» деп қасарысып отырып алдым. Тіпті соңғы жағында жылауды да қойдым. Мені кезек-кезекпен екі жігіт күзетіп отырды. Түн ортасы болған болу керек, үйде тыныштық орнады. Сыртта да ешқандай дауыс естілмейді. Бөлмеде «күзетші» екі жігіт қана қалды. «Бәрі ұйқыға кеткен кезде қашып кетем» деген ой келді. Бірақ тағы да мен ойлағандай болмады. Әлден уақытта бөлмеге Ерлан кірді. Күзетіп отырған жігіттерге қас-қабағымен «шығыңдар» деген ишарат жасады. Мен қулыққа көшіп, алдамақ болдым. «Мен ешқайда да шағымданбаймын. Мені үйіме қайтар, дос болып араласайық. Мен әлі жаспын. Оқуымды бітірейін. Оған дейін бір-бірімізді жақын білісейік. Тұрмысқа шығу содан кейін» дедім. Ерланның үнсіз тыңдағанын, мені түсінді деп ойладым. Бірақ тағы да олай болмай шықты.

 

Ерлан есікке қарай жүрді. Келісті екен деп ойлап қуанып кеттім. Ерлан есікке жеткенде қуанышым су сепкендей басылды. Ерлан есікті құлыптап, шамды сөндірді. Менің қарсылығыма қарамай, жерге алып ұрып, астына алып аймалап сүйіп жатты. Өзі өте қарулы екен. Бір қолымен қапсыра құшақтап, қозғалтпай, екінші қолымен шешіндіре бастады. Қанша қарсылассам да шамам келмеді. Әбден әлім құрыды. Менің айғайлағанымды да елеп жатқан ешкім болмады. Бір кезде анадан туғандай тыржалаңаш қалдым. Оның қалай, қай уақытта шешінгенін де сезбей қалдым. Сол түні бірнеше рет дегеніне жетті. Соңғы жағында шамам болмай қарсыласуды да қойдым.

 

Ертеңінда ата-анам келді. Ерланның туыстары түнгі жағдайды айтып, енді қызды әкетем деген қисынсыз екенін алға тартыпты. Алайда анам «қазір қызыммен тілдеспесем, полиция әкелем» деген соң мен отырған бөлмеге кіргізіпті. Бөлмеге кіре сала анам «болды ма?» деп сұрады. Мен жылап жібердім. Маған қосылып анам да жылады. Анам «енді тағдырыңдағыны көресің де» деді. Бірақ мен «не болғанда да қалмаймын» деп аяқ тіреп отырып алдым. Амалы таусылған Ерланның туыстары мені жіберді.

 

Үйге келген соң полицияға шағымдандық. Ерланның туыстары талай рет кешірім сұрап келді. Тергеу ұзаққа созылды. Сөйтіп жүргенде аяғым ауыр екенін білдім. Ақыр соңында амалым құрып, Ерланға кешірім беріп, тұрмысқа шығуға келістім. Обалына не керек Ерланның ата-анасы жол-жоралғы, той жасады. Олардың менімен қарым-қатынасы да дұрыс. Жөнсіз сөгіп, балағаттып көрген емес. Бірақ алғашқы күннен-ақ Ерлан екеуміздің арамыз дұрыс болмады. Мен оның зорлығын кешіре алмадым. Ал ол менің сотқа сүйрегенімді кешіргісі келмеді. Сөйтіп жүріп үш баланы дүниеге әкелдік. Оқу да жайына қалды. Ерланмен дұрыс әңгімелеспейміз де. Екеуміздің ортақ әңгімеміз де жоқ. Сондықтан болар оның қайда жұмыс істейтінін де білмеймін. Бір-екі рет сұрап едім «шаруаң болмасын» деді. Әйтеуір өздерінің шаруа қожалығында жүреді. Малдары жетерлік. Соның арқасында материалдық таршылық көрген емеспіз. Бірақ соңғы жылдары Ерлан көп ішетін болып кетті. Баяғы өткенді бетіме басып, талай рет кет деп ұрып-соқты да. Бірақ үш баламен қайда барам. Қазір ойлап қарасам біз ерлі-зайыпты болып той-томалаққа да бірге бармаппыз. Еркектік міндетін де айында-жылында, өзі қалаған кезде атқарады. Онда да мас күйінде.

 

Бұл тағдырыма кімді кінәлауды да, енді не істерімді де білмеймін. Бәлкім алып қашқан кезде қасарыспай, көне салсам бәрі басқаша болар ма еді? Тек «менің тағдырымды қыздарыма бермесе екен» деп бір Алладан ғана тілеймін.

 

 

 

Ғалия, Ақмола облысы

alashainasy.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста