Мен махаббатқа адалдық таныта алмадым

Мен махаббатқа адалдық таныта алмадым

«Алаш айнасы» порталына басымнан өткен бір оқиғаны айтып беруді жөн санадым. Сау күнінде сүйдім деп, мүгедек болғанда шыдамай тастап кеткен жарымды ойласам жаным күйзеледі.
Қалада студент болып жүріп, курстас қызымның сыныптасымен танысқаннан бастап менен дегбір қашты. Түрі сүп-сүйкімді, көзі көкшілдеу келген, ұзын бойлы, қапсағай денелі жігітті бір көргеннен ұнатпай қалу мүмкін емес еді. Талапқа мен ғана емес, біздің жатақханада тұратын қыздардың біразы ғашық болған шығар десем өтірік емес.
Сол көп қыздың ішінен мені таңдап, маған ұсыныс білдіргенде төбем көкке екі елі жетпей қалды. Көп ұзамай ауылына алып барып басыма орамал салды.
Алғашқы жылдарда мен бақытты едім. Талапты бір минут көрмесем тұра алмайтындай күйде болдым. Ол ауылда учаскелік полиция қызметкері болды. Жұмысы қауырт, күн демей-түн демей дала кезіп кетеді. Қазіргі елдің «учаскелік полиция түк бітірмейді, бос сенделіп жүреді. Қылмыскерлерді ұстауға талпынбайды да» дегендей сөздерін естігенде, оның мүлде олай емес екенін дәлелдеп, дауласа кеткім келіп тұрады.
Талап ауылда беделді жігіт болатын. Оны үлкен де, кіші де сыйлайтын. Өзі де кішіпейіл, өзгеге қамқор болып тұратын мейірімді жан еді.
Ол көбіне сыртта жүреді. Қайын атамның да үйде болғаннан егістік басында жүргені көп. Бойдақ қайын ағам бар, оның да даланың жұмысынан қолы босаған емес. Үйде енем екеуміз қаламыз. Мойындау керек, үй шаруасындағы талай нәрсені енемнен үйрендім. Әр істі баптап істеуге де сол кісі төселдірді. Ол үшін енеме айтар алғысым шексіз.
Бірақ ол кісінің қазымырлығы, миыңды жеп қоярлықтай ызың-ызың еткен сөздері тасқа тамызып қойған тамшыдай, шыдамды деген менің миымның өзін тесіп жіберердей еді. Тіпті сөйлеуге тұрмайтын заттың өзін сөз қылады.
Осыдан кейін бірте-бірте бөлек шықсақ деген ой пайда болды. Ол туралы Талапқа айтып көріп едім, шошып кетті. «Гүлмира, ата-анамды тастап қайда бармақпын. Еркебұлан да үйленген жоқ. Бұл сөзіңді әке-шешеме естімей-ақ қойсыншы, ренжиді ғой» деп сабама түсіріп тастады.
Бірақ жаңағы ой менің миымда тұрып алды. Жатсам-тұрсам бөлек шығу туралы ойлаймын. Онда да ауылдың өзіне емес, аудан орталығына қарай жылжысақ, мүмкін, мамандығым бойынша жұмыс та табылып қалар еді деп қоямын іштей.
Алғашында үндемегеніммен енемнің «мияулаған» сөздеріне кейіннен шыдамайтын болдым. Бізде бәрі өлшеулі, бәрі нормамен, одан сәл ауытқуға да болмайды. Мысалы, қамыр илегенде тұздыққа тұзды қолымның ұшымен шамалап сала салсам, ол біразға дейін сөз болады. «Әр нәрсені өлшеп қосу керек, өлшегіш қасық мында не үшін тұр» дегендей түкке тұрмайтын сөздер айтылады. Оны қойшы, киім үтіктегенде бірер секундқа мойныңды басқа жаққа бұрып, қосулы үтікті себепсіз бос қоюға болмайды. Оның бәрі ақшаны есептейді. Ал аяқ киіміңді күніне екі рет кремдеуге болмайды. Тек жатар алдында тап-тұйнақтай етіп тазалап барып, жылтыратып бір рет жағуың керек. Күндіз балағыңа балшық тигізбей, аяғыңа шаң жуытпай жүруге тырысуың керек. Кремді де жиі-жиі сүйкей берсең, шығын ғой?!
Міне, осындай түкке тұрмайтын нәрселер менің жүйкемді тоздырып бітті.
Ақыры шыдамадым. Енемнің әрбір сөзіне шамданып шыға келетін әдет таптым. Кейін тіпті сөз қайтарып, оның соңы ашық түрде ұрысуға дейін жетті. Анасының мұндай қылықтарын Талапқа айтсам, «Қойшы, Гүлеке, ұсақ-түйекке бола ренжіп қайтесің» дейді.
Осындай теке-тірестердің бірінде енеме «Мына үйден кетемін. Талап менімен бірге бөлек шықса шықты, шықпаса мен кетемін» деп салдым. Осы ұрыстан кейін бәрібір арамыз дұрыстала қойған жоқ. Ақыры аудан орталығынан үй қарап, қайын атам бір жылғы егін түсімінің қаржысына бізге үй алып бөлек шығарды.
Біз бөлек шыға салысымен қайын ағам да үйленді. Талап алғашында өзін кінәлі сезініп жүрген, қайын ағам үйленгеннен кейін көңілі біраз орнына түскендей болды. Көшкенімізге байланысты Талаптың жұмысы да аудан орталығына ауысты. Мұндағы жұмысы да жеңіл емес. Аудан орталығында, әсіресе елдің қорасындағы малын топтап айдап әкететін жаман әдет бар екен. Біз көшіп келгенге дейін де осындай ұрлық болған, біз келгеннен кейін де тыйылған жоқ. Ол туралы ойласа Талаптың ұйқысы қашып кететін. Кейінгі кезде үнемі ой үстінде жүреді. Бір күні топтасқан ұрылардың жетекшілері Алматы жақта қашып жүргені туралы мәлімет келіпті. Талап түнделетіп үйге кіре сала, асығыс қайта шықты. Жолға шықпақшы. Алматыдан ұрыларды бастап жүргендерді ұстап әкелмек.
Менімен де асығыс қоштасып, жүріп кетті. Түні бойы көз ілгем жоқ. Таңға жуық кірпігім айқасып кеткен екен, қорқынышты түс көріп шошып ояндым. Ертеңгісін түс ауа суыт хабар келді. Талап ұрыларды ұстау барысында пышақтан жарақат алған екен, Алматы маңындағы ауруханалардың біріне жеткізіліпті.
Осы оқиғадан кейін-ақ үйден береке кетті. Күнде шапқылау, күнде жылау. Ақыры Талап ауруханадан арбаға таңылып шықты. Мен оның мұндай мүсәпір күйін көруге дәтім шыдамады. Енем мен қайын атам барып алып келді.
Біз қайтадан ауылға көшіп бардық. Себебі Талапқа жалғыз өзің қарай алмайсың, оның үстіне бәріміз жанында болсақ, көңілі көтерілетін шығар деп бізді ауылға алып келді.
Мен үшін азапты күндер басталды. Екеуміз бұрынғыдай емен-жарқын жақындаса алмаймыз, қабағымызда бір кірбің тұра ма, соны өзім де ұқпадым. Арамызда не дәнекер болар бала жоқ. Ақыры мен шыдамай одан кеттім. Кету, әрине, оңай болған жоқ. Бірақ солай дұрыс болады деп шешім қабылдадым.
Енем қолы жеткен, шамасы жеткен жерлерге қаратып жүріп, ақыры Талапты балдақпен жүретін дәрежеге жеткізіпті деп естідім. Қайтып барғым-ақ келеді. Бірақ қалай барамын. Мен махаббатқа адалдық таныта алмадым. Талап туралы білетіндерден сұрастырып қоямын, әзірге үйленбепті. Соның өзін көңіліме медеу етіп қоямын. Мен де сол күйі тұрмысқа шықпадым.
Шынымда айтсам, Талапқа қайтып барғым келеді. Бірақ қанша оқталсам да батпаймын. Не істесем екен?
Гүл Жантасова, Тараз

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста