Мен дуадан қалай емделдім?
Күйеуіммен жастай ажырасып кеттім де, екі баламды өзім асырап-жеткізіп келемін. Осы жылдар ішінде қандай қиындық көрмедім, қандай қателік жасамадым десеңші?! Кейінгі жастарға сабақ болсын деп, «Алаш айнасы» порталына хат жолдап отырмын.
Агент арқылы танысқан достарға өте бай едім. Ұмытпасам, 2 мыңнан асатын достарым болды. Олардың барлығымен сөйлесуге уақыт болмаса да, ара-тұра хат алысып тұратындары біршама. Соның ішінде бір жігіт маған ерекше ықылас танытты. Өзі сондай білімді, өнерлі сияқты. Менімен әңгімелескенінде тарихтың сан қатпарларын қопарып сөйлейді, әр саладан хабары бар жан екенін байқап отыратынмын. Әрине, әңгімеміз агентттегі хат арқылы ғой. Әйтпесе, оны бетпе-бет көрген адамым емес.
Агенттегі байланыс бірте-бірте ұялы телефон арқылы хабарласуға ұласты. Жұмыс бойы агентте сөйлессек, жолда, үйде ол менің ұялы телефоныма үздіксіз хабарласып тұрды. Тіпті басқа нәрсеге мойын бұруға, басқа нәрсені ойлауға мұрша да бермеген екен ғой деп ойлаймын қазір.
Біздің таныстығымызға бір жарым айдай болған шақта, мен оны қатты жақсы көріп қалғанымды сезе бастадым. Күндіз-түні соны ойлаймын, ол не айтса, соны жасайтын халге түстім.
Ол менімен хабарласуға телефонында бірлігі таусылып қалғанын айтса, мен ұшып барып, оған бірлік саламын, «бүгін түнде ұйықтамай, сөйлесейік» десе, түнімен көз ілмей, «сыр-сұхбат» құрамыз. Сондағы әңгімеміз «Құдай» туралы.
Құдайдың бізді не үшін жаратқаны, біріміз Құдай, біріміз Алла, біріміз тағы басқа деп атап жүргенімізбен бәріміздің айтатынымыз бір ұғым екені, бақытты болудың сан түрлі жолы бар екендігі туралы – несін айтасың, осы тектес таусылмайтын әңгімелер бізге азық болды.
Маған алғашында оның осы тектес әңгімелері күдікті көрініп, тіпті өзімді ыңғайсыз сезінетінмін. Тек, оны ренжітіп алмайыншы деп қана тыңдап жүргенмін. Арасында имандылық тұрғысындағы өз пайымдарымды да айтып, өз көзқарасымды дәлелдеп те көрдім. Бірақ, оның дін тұрғысындағы терең білімінің жанында менікі теңіздің тамшысындай ғана екен ғой деген де ой келді. Сөйтіп, оны ұйып тыңдайтын күйге жеттім.
Үйде балаларыма көңіл бөлуді де қойдым. Олар басқа әлемде, мен басқа әлемде жүргендеймін.
Жұмыста да жарытып ештеңе жасамайтын, шындығына келгенде жасай алмайтын болдым. Неге екенін өзім де білмеймін. Менің санамды бір белгісіз күй басты, тіпті санасыз адамның күйін кештім-ау деймін. Миымда бәрі тұрған сияқты, сөйте тұра ештеңе жоқ, ештеңені толыққанды, аяғына дейін ойлай алмайтын болдым. Өзімнің осы күйімді сезсем де, соны қорытып, түйін жасай алатын халде емес едім. Көзімнің қарашығы айналып кете беретін сияқты. Оны өзім көзім ауырып жүр немесе ұйқым қанбай жүргендіктен шығар деп топшыладым да қойдым.
Бір күні ол маған: «Бішкек жақта өтетін бір жиынға келсең қайтеді, сол жерде жолығып, бір-бірімізді көреміз. Екеуміз үйленейік. Менің үй-ішіммен танысасың» деп ұсыныс білдірді.
Үйге келдім де киімдерімді жинастыруға кірістім. Далада жаңбыр төгіп тұрған болатын. Ол маған үй телефонына қоңырау шалмақ болды. Телефон кіреберіс бөлмеде тұратын. Телефон тұтқасын көтеріп, сөйлесе бастағаным сол еді, далада найзағай шатырлап, жарқ ете қалды, шарт еткен дыбыс мені селк еткізді. О, тоба! Мен өзім келесі бөлменің есігіне сүйеніп тұрып, телефонмен сөйлесіп отырған бейшара түрімді анық көріп тұрмын. Түк ұқпаймын, мен қалай екеу болып кеттім? Маған телефон тұтқасын ұстап отырған жан сондай қорқынышты болып көрінді. Денем дір ете қалып, расымен телефонның жанында отырған күйімде оянып кеткендей болдым. Тұтқаны лақтыра салып, далаға жүгіре шықтым. Содан ішімде менің алай-дүлей бір дүние басталды дерсің. Жаным байыз таппайды, өз-өзімнен беймаза күй кештім, өзімді сыртымнан көрген сәтім елестесе, бойымды қорқыныш билейді.
Ақыры, сырқат күйімді біліп, туысқан әпкем мені емдетуге кірісті. «Ішіне жын кірген» деп, мені білікті имам Құран оқып емдеді.
Алланың құдіреттілігіне таң қалдым. Ол Құран оқыған сайын басым жарылып кетердей ауырады, тіпті шыдатпайды, «оқыма» деп айқайлаймын. Ол оқуын доғарса, басым да тына қалады. Күнде айтып жүрген «Биссмилаһи раһмани рахим» деген сөзге тілім келмей күрмеліп, аузым мүлде өзіме бағынбай қасарысып қалды. Біреу айтса, сенбес едім. Өз басымнан өткен соң Алланың құдіреттілігіне шүбәсіз иландым.
Имам ішімдегі «жынмен» сөйлесіп отыр. Ал менің санам екіге жарылып, ішімдегі ақ пен қара итжығысқа түсіп, күресіп жатқандай. Өзімнің айтып жатқан сөздерімді құлағым естіп, «расында мен бе осының бәрін айтып жатқан» деп не сенерімді, не сенбесімді білмей далмын.
Ақыры бір сағат көлемінде оқылған Құраннан ақ тер-көк терге түстім. Аяқ-қолымды еркімнен тыс қатты сілкілеймін, сосын одан өрттей ыстық бірдеңе шығатын сияқты, қасарысып қалған аузымнан да от шығып жатқан сияқты.
Осындай ұзақ арпалыстан кейін әбден сілем қатып сылқ еттім.
Сөйтіп, дуадан әзер дегенде жазылдым. Қазір агент деген нәрсені мүлде пайдаланбаймын, қоспаймын да.
Әрине, мұның бәрі өзімнің осалдығымнан, өз әлсіздігімнен болғанын білемін. Дегенмен, отыздың ортан беліне келген біз сияқтылар жаза басып жүргенде, өрімдей жастарға не кінә артасың?! Сондықтан жастарды мұндай алдау-арбаудан, әсіресе, агент деген бетпердені киіп алып, ар жағында отыратын небір сұрқия жандардан сақ болыңдар дегім келеді.