Махаббаттың азабына батқан әйел...
Тағдыр болғанан кейін әртүрлі оқиғалар болады екен.
Студенттік өмір шіркін қызық емес пе?! Бірінші курсқа түскенде бәріде қызық болады. Қысқы сессияны жапқаннан кейін бірге оқитын құрбым өзінің ауылына шақырып қоймады. Ал, өзім болсам сонау Ақтаудан келгенмін. Жолдың өзіне бірнеше күн кетеді. Сонымен не керек, құрбымның ұсынысын қабыл алып «Қарқаралы, қайдасың?» деп жол тарттық. Бір күні құрбым маған «менің бір туыс апкем бар, жалғыз өзі тұрады, сол кісінің үйіне барып қайтайықшы» деп өтінді. Үлкен кісі қалай жалғыз болуы мүмкін деп сұрадым. Сонда құрбым «махаббатта жолы болмаған адам қу тізесін құшақтап жалғыз қалады» деп айтты.
Мұны естіген соң, құрбымның әпкесін көргенше асықтым. Кішкентай ғана үйге келдік. Есіктің алдын қар басып қалыпты. Ауланың қарын күрейтін адамның жоқ екені бірден көрініп-ақ тұр. Ескі есікті ашып үйге кірдік. От жағатын бөлмеде сарғайып ескірген бір жапырақ қағазды көкірегіне қойып, бетін жас жуған әйел теңселіп отыр. Бізді көріп балаша қалбалақтап орнынан зорға тұрды. Амандаспай жатып «құрбымның маған жазған хатын оқып берейін ба?» деді. Құрбым әпкесін құшақтап «әпкетайым менің, оқи ғойшы, тыңдайық» деді. Ал, апкесі болса «мен сенің әпкең емеспін, менің жасым 18-де, сенен жаспын» дейді. Хаттағы әрбір сөзді, әрбір өлең жолдарын оқып егіліп жылайды.
Кейін құрбым Ақерке әпкенің басынан өткен оқиғасын айтып берді. Махаббаттың азабына батқан әйелге қатты жаным ашыды. Арманда кеткен махаббаты қайта оралардай екі көзі төрт болып терезеге қарап қаншама жылдарды сарп етті. Құрбымның әңгімесін Алаш айнасы арқылы оқырман қауымға жеткізуді жөн көрдім.
Қыстың соңғы айы. Күн ұясына батып барады. Айнала ақ мамыққа оранған. Далада аяз бет қаратар емес. Ақерке терезеден сыртқа көз тастады. Көрші үйдің келіні қолында шелек толы суы бар, үйіне қарай беттеп барады. Жеделбай қарт малдарын қораға қамауда. Осынау ақпанның ызғарлы желі оның махаббат отын бірге алып кетті. Ол ой жетегінде отырып, өткен күндерді еске алды.
Ия, ол кезде мектепті жаңа бітіріп, әркім өз қалауымен бірі оқуға, енді біреулері өндірісте еңбек етуге тілек білдірген. Ақерке де арман қуып, Астанаға оқуға аттанды. Ақ арманы орындалып, мұғалімдер дайындайтын институттың сырттай бөлімінің студенті атанды. Сессиясын ойдағыдай тапсырып, туыстарының қалада қалып жұмыс істе, қаланың өмірімен танысасың дегеніне қарамай, туған ауылына жүріп кетті. Сол кезде сиқырлы күш Ақеркені ауылына тартып тұрғандай-тын. Бір нәрседен құр қалатындай үйіне жеткенше асықты. Сөйтіп ауылдық мектепке жұмысқа орналасты.
Қараша айы болатын. Бірге оқыған сыныптас ұлдары әскер қатарына шақырылып жатты. Олардың ішінде Азамат та бар еді. Ауылда өтетін ойын-сауық кештеріне Азаматпен бірге баратын-ды. Сондай әсем кештердің бірінде Азамат Ақеркеге өз сезімін білдірді. Балалық па, әлде махаббатты жете түсінбеушілік пе, жауабын беруге асықпады. Күндер тоқтаусыз зымырады. Сондай күндердің бірінде Азаматтың көлік апатына ұшырап, қайтыс болғаны жөнінде суық хабар шағын ауылға лезде тарап кетті. Ақерке бұған сенер-сенбесін білмей, жүрегіне біреу ыстық шоқ басып алғандай күй кешті. Хабарды естігеннен кейін Ақерке жұмысқа барып келгені болмаса, жұмыс істепте жарытпады, тамаққа да тәбеті шаппады, ұйқы деп ұйқының да мазасы болмады.
«18 жас көктемінен, О, періштем, қол бұлғадың,
Қол бұлғадың кештеу маған!
Қоштасайық, қош бол, жаным, қош бол, менің пәк арманым!» деген жыр жолдарындағы сөздер Азаматқа арнап жазылғандай сезінді.
18 жас... Қыршынынан қиылған қайран 18 жас! Тағдыр неткен қатал едің?! Оған деген өзінің сезімін білдіре алмағаны, айтар сөзін айта алмай, арманда кеткеніне өкінеді. Сол кезде ауылына асыққанда Азаматтан айырылатынын жүрек шіркін сезді ме екен?! Тұтанбай жатып, сөніп үлгерген махаббатының қайғылы аяқталатынын кім білген?!
Сағаттың тіліндей тоқтаусыз өмір өтіп жатты. Ақерке Астанаға оқуға жүріп кетті. Мың сан халықтың ішінде елеусіз болып жүре берді. Бірақ, Ақеркенің мұңдылау көздерінен бір өкініштің барын жақын досы Анар да сезетін. Сабаққа да зауқы жоқ. Бір күні сабақтан соң Анар Ақеркемен ұзақ әңгімелесті. Ақерке болған жайды құрбысына түгел баяндап берді. Көзіне келіп тұрған ыстық жас моншақтай төгілді. Анар да көз жасына ерік берді. Досының қазасы Анарды қатты тебірентті. Ақеркеге деген көңіл жұбанышын өлеңмен білдіруді жөн санады. Осы өлең шумақтары арқылы Анар Ақеркеге махаббаттың ұлы сезім екенін, адамзат баласы өлгенімен, махаббаттың мәңгілік болатынын түсіндіргісі келді.
Сен жыладың,
Оны шексіз сүйгенімді
Аңқау басым енді ғана білдім деп,
Ол сезімнен мұңайғанда,
мен ойланбай күлдім деп,
Ақымақ та өршіл, тіке жүрегіммен келісіп,
Махаббатты түсіне алмай жүрдім деп,
Енді дейсің,
онсыз өмір - өмір емес,
Мынау думан дүние де,
Онсыз тіпті көңілді емес,
Онсыз міне жүректе арман,
Ойда қиял, көзімде елес.
Ол бар кезде, бақытты едім,
Еш қайғысыз, көңіл тоқ.
Енді міне, онсыз көктем -
Көктем емес,
Гүл - бақшада көрік жоқ.
Өзің жылап, жұбатардай менен жауап күтесің,
Нені ұғынып, не түсініп, мәнін білем мен ненің?!
Көзі барда сырын ұқпай, жырын ұқпай қинайтын,
Көзі барда сыйын білмеу әдеті ғой пенденің.
Пешенеңе жазылғанын көресің ғой, қайтесің,
Көріп пе едің, бақыттының өз бақытын сатқанын?
Көріп пе едің, өткен күннің оралғанын қайтадан
Көріп пе едің, жұлынған гүл қайта бүршік атқанын...
Ия, сенің мұңдылау махаббатың, сол бір ерте сөнген гүл-жүрек иесі жайлы тағдыр мені ойлантып кетті. Әлдебір сұраулар сілкілеп, ойлар қатты ойсыратты. Ішімнен қатыгез тағдырға ма, әлде әділетті десек те әділетсіздеу «өмірге» ме, әйтеуер, әлдекімге, әлденеге қатты ренжідім. Өмірді - бақытынан қайғысы көп, күлкісінен көз жасы артықтау өмірді тағы да жек көріп кеттім. Неткен жалған десеңші?!
Сенің мұңдылау да сазды үніңнен, мөлдір тұнық көзіңнен адамшылықты, пәк адалдықты сеземін. Өзіңе сенемін. Түбінде осы адал, ақ махаббатың үшін жүрек жеңісіне жетеріңе сенемін. Мына шумақтарды өзіңнің сыршыл сезіміңе және соңғы кезде жоғалып бара жатқан қасиетті махаббатыңа арнадым. Сенің сол сезіміңнің елесі - «оған» және «сенің» мөлдір жанарыңның сыры мен жұмбағына арнау. Бәлкім, бұл шын мәніндегі өлең емес шығар. Бірақ, бұл сезімді жырлау. Қайтесің, көп мұңайып, көп жылай берме. Себебі бәрі де пайдасыз. Қайта басыңды жоғары ұста, мына жолдарды оқышы, күнім...
Жылама досым, жасыңды маған көрсетпе,
Тағдырдың ащы дәм-тұзын татып жүрсек те.
Біреулер аяп, мүсіркемеу үшін өмірде,
Өзіңді тек бақыттымын деп есепте!
Құрбың Анар &ndash деп жазылған екен.
Бірақ, Ақерке әпке оқуын бітіре де алмапты. Азаматтың қазасы оған ауыр соққы болып тиіп қатты сырқаттанып жатып қалыпты. Міне, содан бері өзін бала секілді сезінеді екен.
Сүйгеніне жете алмай құсадан қатты аурды деген сөз жолдарын тек жазушылардың кітабынан ғана оқитынмын. Қарап отырсам, өмірде де мұндай қайғылы оқиғалар орын алады екен. Тұтанбай жатып сөнген махаббаттың қасіретін тартып жүрген аруларымыздың барына көз жеткіздім. Ақерке әпкенің қасіретін қазақ қыздарына бермеуді бір Алладан сұрадым. Арманда кетпей сүйгеніңнің қолынан ұстап, жаңа өмірге қадам басу керектігіне көз жеткіздім. Ақерке әпке секілді қапыда қалып, өміріңнің соңына дейін қайғырып өтпеуді ойлаған абзал...