Мирошниченко Лариса Владимировна,
психолог, сексолог
Еріңіздің сізге үнемі көңіл бөліп, кішігірім тосынсыйларымен қуантуы, әрдайым алақанына салып, аялап жүруі немесе керісінше, бар-жоғыңызға да мән бермеуі тікелей өзіңізге байланысты. Демек, еріңіз үшін оның өмірінің ханшайымы немесе тек ас-суын дайындап, кірін жуатын қызметшісі болу өз қолыңызда.
Әрине, күйеуге шыққан соң әрқайсымыздың әйел бақытына бөленіп, ерімізге арқа сүйеп, қамқорлығында, назарында болғымыз келеді. Бірақ қалайша үнемі күйеуіміздің көңілінен шығуға болатынын көпшілігіміз біле бермейміз. Ендеше, төмендегі кеңестерге құлақ түріңіз. Ғашық болған ер азамат кез келген қадамға дайын екенін ұмытпаңыз. Сондықтан оны өзіңізге ғашық қыла біліңіз. Ал ол сізге ғашық болуы үшін алдымен өзіңізге көңіл бөліңіз. Таңертең тұрғанда-ақ, жұмысқа бармасаңыз да, өзіңізді ретке келтіріңіз. Шашыңыз таралмай, көзіңіз ісіп, арасында есінеп, кір-кір халатыңызды үстіңізге іле салып, күйеуіңізге шай құйып беріп отырғаныңызды елестетіп көріңізші. Шайыңыз бал татып тұрса да, сіздің сол түріңізге қарап, оның тәбеті қашып кетеді. Мейлі бала тәрбиесімен үйде отырсаңыз да, өзіңізге күтім жасауды естен шығармаңыз. Біреу үшін емес, өзіңіз үшін киініп, өзіңіз үшін тараныңыз. Өкінішке қарай, көптеген келіншектер «Күйеуге шықтым, демек қалай болса, солай жүре беруіме болады. Маған кім қарайды?» деген қате пікірде. Керісінше, қыз кезіңізде киген шалбарыңызды әдемі белдемшеге, сәнді көйлекке ауыстырыңыз, спорттық аяқкиімдерді өкшелі туфлилер алмастырсын. Күйеуге шықтыңыз ба, одан ары құлпыра түсіңіз. Күйеуіңіз сізбен мақтанатын болсын. Ер азаматтар жанында алақ-салақ әйелдің емес, өз-өзін күте білген, жинақы, әдемі келіншектің жүргенін қалайтынын ұмытпаңыз.
Сондай-ақ еріңіздің жанында аздап әлсіздік танытып, оның ер азамат екенін көрсете білуіне мүмкіндік беріңіз. Әрине, қолыңыздан бәрі келеді, десе де, әрдайым «Мен» дегенді қысқартыңыз. Еріңізге арқа сүйеп, оған сенім артыңыз. Күйеуіңіздің жанында көйлек киген еркек сияқты көрінбеңіз.
Күйеуіңізге күдікті қылмыскер ретінде қарауды қойыңыз. «Оны әрдайым бақылауда ұстап, жанымнан жібермеймін» деу бос әурешілдік. Сіз аңдыған сайын, ол алыстай бермек. «Қайда барасың? Қайдан келдің? Нешеде келесің? Не үшін? Қалай? Кіммен?» деген сұрақтар оның тезірек сізден қашып құтылуына бірден-бір себепші болмақ.
Күйеуіңізге бақыт сыйлай біліңіз. Оған қамқор болыңыз, бірақ шеттен шығып, балаңыз сияқты қарамаңыз. Ол да еркектерді тез шаршатады.
Күйеуіңіздің көңлінен шығу үшін, бастысы, шын жақсы көріңіз!
Күйеуімнің үнемі қалап тұрғанын қалаймын
Последние статьи автора