«Отбасы – ошақ қасы» айдарын үнемі қадағалап оқып тұрамын. Тұрақты оқырманымын десем де болады. Жаңа хикаяттар шықты ма екен деп күніне бір кіріп, оқымасам көңілім көншімейді. Өмір болған соң, нешетүрлі тағдыр болады. Осы айдардың оқырмандарына мен де өз өмірім жайлы сыр шертсем деп едім.
Отағасым жаны жайсаң, жақсы адам. Қолы да ашық. Жақындарына аузынан жырып беруге бар. Әубаста жаңадан отау құрғанымызда шеке майымыз шылқып тұр еді деп айта алмаймын. Қиындықты да, баршылықты да, таршылықты да бәрін көрдік. Күйеуім тіпті қарызға белшесінен батып қалған кездері де болды. Тіпті үйге рэкеттер келіп қорқытқан да болатын. Адалдап мал жиып сол қарыздың бәрінен де құтылдық. Қарыздан құтылайын деп шын ниет еткен адамды Тәңірім қолдайтыны сөзсіз. Екі тілегімнің бірінде «күйеуімді қарызынан құтқара көр» дейтінмін. Жақсылығы мен қайғысы қатар жүретін өмір емес пе, қиын күндер артта қалып, ісіміз оңғарылды. Отағасым үлкен бір істі қолға алып, кәсіп бастап еді батпандаған батпақтан да шықтық. Қарызымды қайтар деп дікеңдейтіндерден қорқып ұйықтай алмай шығатын күндер де артта қалған. Бүгінде отағасымның жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін сататын бірнеше дүкені, көлік жуатын орындары бар. Қоластында бірнеше адамды асырап отырған қожайын. Ісіміз ілгерілеп, тиын тебеннің басы құралғалы бері жолдасым туған-туыс, жора-жолдас, ағайын біткеннің бәріне көмектесіп келеді. Біріне жер уческесін, біріне пәтер, көлігі жоғына көлік әперді. Неге шашасың деп қолын қаққан емеспін. Бар кезінде бәріне көмектессін деп үндемеймін. Одан жаман болған мен жоқ. Ағайын-туыстың ортасында әжептеуір сиымыз бар. Бәрі қоғадай жапырылып сыйлайды әйтеуір. Күйеуімнің 8 бауыры бар. Ең үлкен қайын әпкем отбасын бұзып ортамызға оралғанда «қыз ғой, жыламасыншы» деп қала орталығынан үй әперді. Інілерінің бәрі қол астында жұмыс істейді. Бәрінің жағдайы жақсы. Ал қайын сіңілілерім шетінен тұрмысқа шыққанда да бар жасау жабдығын өзім жасадым. Енем өзің білесің ғой деп бәрін маған ысырып салып отырғаннан кейін баласы тауып тұр несін аяйын. Бар жердің қызына лайықты етіп ұзаттық бәрін де. Кейіннен екі қарындасы да ажырасып қайтып келгенде де олардың көңіліне қаяу түспегенін ойлаған жолдасым тағы да екеуіне үй сатып әперді. Жағдайы болмай, әбіржіп жүрген тума-туыстардың балаларын да үйлендіріп, тіпті тойына дейін жасап бердік. Ешуақытта тарынған емеспін. Бірақ соңғы кездері жүйкем сыр беріп жүр. Бізді бір май шелпек көре ме, үнемі ақша сұрап, тіленіп келе беретіндерден әбден шаршадым. Жұмыстан күйеуім звандап «қазір үйге пәленше барады, соған мынанша ақша бер» дейді. Бұрын үндемейтінмін. Қазір ұят-аятты жиыстырып қойып бір рет емес, екі рет емес үнемі тілемсектеніп келе беретіндерден шаршадым. Қайтып жатқан ол ақшаны және көрмедім де. Сонда бізді ақша бере беретін ақымақ санай ма, білмеймін. Бір рет алып дәніккен соң ұялмай қайта қайта келе беретіндерден бүгінде өзім ұялатын болдым шынын айтқанда. Күйеуіме енді «дайын балықты бергенше сол балықты ұстайтын қармақ берсейші» дейтінді шығардым. Қолы ашық, Атымтай жомартым күледі де қояды. «Қалай көмектеспейсің, қиналып тұрғанын көріп, жоқ деп қалай айтайын» дейді. Бір рет емес қой, тіпті бір ағайынымыз кеше келіп алтыншы рет ақша алып кетті. Қайтарды ма десем жолдасым күледі де қояды. Өзіміздің де бала-шағамыз өсіп келеді, ертеңгі күнге қор жинауымыз керек қой. Күйеуім ол жағына бас қатырғысы келмейтін сияқты. Бір жағынан қойшы қолынан келіп тұрғанда, бар кезінде көмектессе көмектесе берсін деп қоямын. Бірақ жақсылықты да түсінбейтін адамдар болады ғой. Жұмысы жоқ, жағдайы нашар туысқан бір қайнымды біз үйлендірдік. Беташарды үйде жасап бердік. Қуғыншы, құда жегжатын да біз күттік. Қолыма түсірген сол келінім бүгінде сәлем салмақ түгілі амандаспайды да. Тіпті той істеп бермедіңдер деп үйге келіп ұрыс шығарып кеткеніне не дерсің? Жақсылықты түсінетін адам бар, түсінбейтін адам бар. Бере берген соң бізді ақымақ көретін сияқты кейбіреулері. Алмақтың да салмағы бар екенін қашан түсінер екен сол адамдар? Әлде менікі қате ме?
Жанғайша
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30