Мен 1989-шы жылғымын, отбасылымын, бес жасар ұлды тәрбиелеп отырмын. Ата-енем, қайныммен тұрам.
Өзім бір үйдің еркесі болдым. Қыз кезімде көп қыдырып, жігіттермен жүрдім. Дискотека, отырыстарды жібермеймін. Қасымда құрбым бар, көрші өстік, бала кезден доспыз. Екеуміз қайда жүрсек те біргеміз. Ол бірақ маған қарағанда ұсқынсыздау, жігітпен жүрмейтін, сондай қыз болды. Сөйтіп, шағын ауыл болса да, жүріп, біраз нәрсені көріп қалдым. Ішу, шегу, жігітпен жату деген жоқ бірақ. Мектепте алдыңғы қатарлы қыз болдым. Жоғары класстың жігіттері мені ұнатып, соңымнан қалмайтын еді. Бірнешеуімен мектеп бітіргенше жүріп те шықтым. Сосын қалаға кеттім. Әлгі құрбыммен бір үйді жалдап тұрдық. Осылай жалғаса берді қалада да.
Бір күні намаз оқитын жігітке тап болдым. Ол жігіт мені ұнатып қалып, сонымен жүріп кеттім. Көп нәрсені үйретті, түзу жолға салды. Бір жыл жүріп қосылып қойдық. Екеуміз үйленетінімізге сенімді болдық. Намаз оқитын болғасын, мен де оған қатты сендім. Оның бір жақын досы бар еді, ол үйленген, балалары бар. Сол жігіт өртте қатты күйіп қалып қайтыс болды. Сосын менің жігітім оның жесірі мен балалаарын жетімсіретпеймін деп, сонымен некеге тұрып, үйіне кіргізіп алды. Маған "бәрін досым үшін істедім, солай болу керек, екінші әйелім боласың, сені тастамаймын, жақсы көрем" деді. Бәрін жеңіл-желпі ойлай салады екен. Оған қой дедім. Хабарласпай, жоқ болып кеттім. Жылап, сағынып, біраз қиналдым.
Бірақ, жігіттердің назары өзіме көп болса, тез ұмытады екенсің. Тағы баяғы күніме бастым, қаңғу, көшеге шығу, жігіттермен жүру. Қыз болмаған соң, қалап тұрасың, бірақ өзімді ұстайтын едім. Содан оқуды бітіріп, ауылға келіп, жұмысқа қосылдым. Ауылда да сол өмір. Жұмыс біткесін бойдақ қыздар болып жиналып, у-шу әңгіме, кафе, би деген сияқты ғой. Сөйтіп жүргенде ауылдас баламен таныстым. Ол Астанада оқыған, қалада жұмысы бар, менен бес жас үлкен, жап-жақсы жігіт екен. Соны қаратып алдым өзіме. Жүре бастадым. Телефонға маза жоқ, жеті сайын мен үшін келеді ауылға, кейде мен барам оған қалаға. Қыз емес екенімді айтып едім, ол жеңіл қабылдады. Онда тұрған түк жоқ, кәзір қыз деген жоқтың қасы ғой деді де қойды. Содан оған деген сезім пайда бола бастады менде. Біз бір жылдан аса жүріп отау құрдық.
Ол болса қалада, мен ауылда ата-ененің қасында. Қасына шақырмады, өйткені үйіміз жоқ қалада, өзі біреудің үйінен бөлме жалдап тұрады. Енем де "барма, ақшасын жисын, күйеуіңді көрмесең өлесің ба, жұрттыкі айлап-жылдап жұмыс кезіп жүреді, біздікі қайта келіп тұрады жеті сайын" деп ұрсып алды. Жарайды дедім. Міне, сонымен ұлым қазір беске келді, күйеуімде әлі ақша жетпейді пәтер алуға, жалдайық десем жынданады, отыр, су шықты ма деп айқаға басады. Амал жоқ отырмын. Бұрындары аптасына келетін еді, кәзірде өзі біледі, айына бір келеді, кейде екі айда бір келеді. Мен де ұлымды ертіп барып тұрам анда-санда. О баста сағынып, іздеп, күтетін едім, кәзір ондай жоқ. Түк сезінбеймін оған. Жақсы көрмейтінімді біліп жүрмін, кәдімгідей алыспын, суып қалғанмын. Көргенде жәй ғана амандасып қоямыз, төсекте де алыспыз. Оның басқасы бар екеніне сенімдімін. Ажырасып кеткім-ақ келеді, бірақ ұлым үшін әзірше шыдап жүрмін.
Өзім жұмыс жасаймын. Өзіме жетеді тапқаным. Жолдасым дым бермейді, жинап жатырмын, депозитке салып жатырмын дейді. Казір тіпті сұрамаймын, өзі білсін. Отбасы сияқты емеспіз. Мен әшейін ұлының мамасымын. Болды. Ата-енеме қызмет қылам бірақ.
Бұрыңғы достарыма қайта қосылдым. Баяғыдай күнде емес, мейрамдарда, демалыста бір шығып серігіп тұрам. Жұмыстан ерте шықсам солармен жүріп қалам біраз. Өзімнің бұрыңғы бірге өскен құрбым әлі тұрмысқа шыққан жоқ. Сонымен күштіміз әлі. Ол әп-әдемі болып кеткен кәзірде, мен шаңына татымай қалдым. Мент жігіті бар екен, сонымен таныстырды. Жігіті де әп-әдемі. Бір отырыста сол жігіттің жолдастарымен бірге отырдық. Ішінде біреуі ұнап қалды. Оған да мен ұнаппын. Звондап жүрді, үйге әкеліп тастап жүрді. Бірақ күйеуім бар десем дым да қылмайды дейтін. Мен де жындымын, сонымен кездесіп, жүріп жүргендей болдым. Ол отбасылы екен. Онымен болып қойдым. Үйге дым болмағандай келдім. Біртүрлі екен. Ондайға да үйрендім. Әйелінен айыру ойымда жоқ, тек анда-санда кездесіп, көңілдес болу ғой. Бары сол ғана, оның да мені ажырату деген ойы жоқ. Бәрі жасырын. Содан 8 наурыз күні қалаға күйеуіме баратын болдым. Демалысты соның қасында өткізем деп ойладым. Бірақ ол аяқ асты жұмысқа шығып, маған қайт деді. Ашуланып ауылға келдім. Жаңағы құрбыма бардым. Кешке кафеге шығамыз, мейрам ғой, біздің үйге қона кетерсің, бәрібір қалада деп ойлайды ата-енең дегесін келістім. Кафеге бардық, отырдық, іштік. Көңілдесімді күтіп едім келмеді. Кафе жабылғасын бәріміз құрбымның жігітінің үйіне бардық. Сонда жалғастырдық. Ұйықтап қалғанмын содан. Ертесіне есімді жисам жалаңаш жатырмын, құрбымның жігітінің құшағында. Күйеуіме ашуланып, бекер ішіппін. Есімде түк жоқ. Дереу киініп, кетіп қалдым үйіме.
Демалыс тып-тыныш өтті. Құрбым да хабарсыз, мен де солай. Содан жұмысқа шыққанда құрбым келіп быт-шытымды шығарды. Мен сол түні өзім жабысыппын ол жігітке, құрбымды тыңдамай, біраз сөз айтыппын, ол ренжіп кетіп қалған, ана жігіт те, мен де есімізді білмейміз. Болдыңдар ма деп сұрағанда, құрбыма жоқ дедім. Жігіті де солай депті. Енді ол жігіт менің көңілдесіме бәрін айтқан, екеуі бірігіп мені мазақ қылып жүр. Неше түрлі смс жібереді, көргенсіз видео-сүреттер жібереді, осылай істейік деп алма-кезек екеуінің айтпайтыны жоқ. Сыйламай кетті. Көңілдесім егер менімен кездеспесең, жалаңаш суреттеріңді күйеуіңе жіберем деп қорқытады Мен амал жоқ кездесіп жүрмін тағы. Құрбым араласпай қойды. Байымның түрі анау. Түңіліп жүрмін, ұлымның бетіне қарауға ұялам. Өзімді лас сезінем. Жолдан тайып кеттім осылай. Асылып өлгім келеді. Бәрің мені жазғырасыңдар. Өзіме сол керек. Тыныш жүргенімде ғой, бәрі басқаша болар ма еді.. Баяғы намаз оқитын жігіттің екінші әйелі бола салатын кісімін, мүлдем басқа тағдыр күткен шығар. Өзім кінәлімін бәріне. Намазға жығылғым келеді, бірақ кешірілмес күнәларды үсті үстіне жасап қоя беремін. Қалай дұрыс жолға түссем екен?
Аноним