Көршім әйелін күнде сабайды...
Бір досымның әңгімесі есімнен кетпейді. Қалай екенін, күнделікті өмір күйбеңі есіме жиі-жиі түсіре береді. Сондықтан соны «Алаш айнасындағы» «Отбасы – ошақ қасы» айдарына салайын деп едім...
Кішігірім қаладағы көп қабатты үйде тұрамыз. Қазынаның панель үйі. Бір қабаттағы қабырғалас көршіміз екі бөлмелі пәтерін ылғи жалға береді. Ай сайын ақшасын алып, қызығын ол көретін шығар. Бірақ зардабын біз тартып келеміз. Олай дейтін себебім, араласып тұратын көршіге бір жарымай қойдық. Кім келіп, кім кетпеді дейсіз. Ылғи бала-шаға (студенттер). Ылғи топ-тобымен сабылысқан жастар. Музыканы да қатты қояды. Дәлізді де күл-қоқысқа толтырады. Қойшы, қайсыбірін айтайын. Әйтеуір көршіге бір жарымай-ақ қойдық.
Жазғытұрым әлгі пәтерге орта жастағы бір отбасы келіп, көшіп кірді. Базардан келсек, олар жүктерін тасып кіргізіп жатыр екен. Әйелі сүп-сүйкімді, екі-үш баласы бар. Күйеуі – галстук таққан біреу...
Көршіге жарымай жүрген "қу" басымыз әжептәуір қуанып қалдық. Әйелім де "мыналар дұрыстау отбасы сияқты екен, жақсы болды ғой, енді тыныш болатын шығар" дейді.
Бірақ біздің жазықсыз құлағымызға тағы тыныштық болмады. Көрші үйден айқай-шу мен шыны-аяқ сылдыры жиі естілетін болды. Бәріне кінәлі – әлгі сол галстук таққан күйеуі. Бар пәле осы галстук таққандардан шыға ма деймін...
Әлгі интеллигент көршім екі күннің бірінде жұмыстан кешеуілдетіп келеді. Бос келмейді, ащы судан ұрттап алып, қызып келетіндей. Әйда, келеді де, әйелін шықпырт тигендей қылып, сабайды-ай келіп. Әсіресе жұма, сенбі күндері көрші әйелдің шырылдаған дауысынан құлағымыз тұнады. Қазынаның жұқа қабырғасынан бәрі де естіледі.
Әйелім кейде шыдай алмай, "милиция шақырайық" дейді. Мен ондайда "нең бар біреудің отбасында, сабаса – өз әйелі" деймін. Ол жақтырмай қалады. Шыж-быж етіп, солардың кесірінен анда-санда біз де қабақ шытысып қаламыз. Ішімнен "әйелі не деген көң тері көмпіс еді, қалай шыдап жүр" деп таң қаламын...
Бірде, жексенбі күні, есік алдында көлігімді жуып жатыр едім. Далаға әлгі әйелін сабағыш көршім шықты. Темекісін будақтатып, керіліп біраз тұрды да, қасыма жақынырақ келді. Жөн сұрасып, әңгіме айта бастады.
Өмірде әйелінен ығатын, әйелінен сескенетін еркек көрсем, ондайларға жыным келіп, жақтырмаушы едім. Бірақ күнде әйелін сабайтын еркекті де суқаның сүймейді екен. Білмеймін, әйтеуір жаңағы көршіммен шүйіркелесіп, сөйлесіп кетпедім.
Бірақ ол мені "тыжырайғанымды" елең қылар емес. Салдырлап сөйлеп жатыр. Өзі туралы да айтып тастады. Көрші ауылдардың бірінен екен...
Мен сол ауылдың жігіттерін танушы едім. Артынан солардың бірімен жолыққанда, көршім туралы айтсам, әлгі жағасын ұстап, таң қалады. Тіпті "әйелін күнде сабайды" дегеніме сенбейді. "Қой, мүмкін емес" деп күледі. "Мектепте қой аузынан шөп алмас жуас, момын жігіт болатын" дейді. Оның біреу-міреумен төбелесіп, дауыс көтергенін де көрмеген һәм естімеген. Сабаққа үлгерімі де жаман болмаған сияқты.
Бірақ көршім қазір сондай. Әйелін күнде сабайды. Қалай ғана мектептегі үлгілі бала осындай болып өзгерді екен десеңші...