Ауруханадағы әңгіме
Осыдан 4–5 жыл бұрын бір демалыс үйінде 15 күн жатып дем алдым. Бір бөлмеде үш адам болып жатырмыз.
Қасымдағы бір кісінің жасы 70–ке таянып қалған. Яғный мене үш–төрт жас кішілігі бар. Қатар іспетті. Өзі көп жылдар ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен. Көпті көрген көнекөздің бірі. Әңгімені майын тамызып айтады. Тыңдаған сайын тыңдағың келе береді. Менде әжептеуір айтамын. Дәрігер берген ем–домдарды қабылдап болған соң қол бос. Үшінші кісі жасы елулерге шамалап қалған тұйық мінезділеу адам. Көп сөйлей бермейді. Бірақ әңгіме тыңдауға өте ынталының бірі екен. Үшеуміз сырттағы ағаш саясындағы орындықтарда отырып аламыз. Кейде кешкі тамақтан соң бөлмемізде жатып әңгімені босатамыз. Жасы маған шамалас кісінің есімі Заңғар. Жатқанымызға 3–4 күн болған бір күні сол Заңғарға 2–3 жастағы, және 5–6 жастағы баласын, он жастан асып қалған бір қызын ертіп жасы 40–тардан өтіңкіреп қалған бір келісті де келбетті әйел келді. Тамақ дайындап дастархан жасап келіпті. Келе әкелген тамақтарын реттеп стол жасады.
– Екінші әйелім. Есімі Зағипа, – деп таныстырды Заңғар әлгі әйелді.
– Жолмен келдіңізбе? – деп едім, әлгі әйел:
– Жоқ. Өзімнің машинам бар соны айдап келдім, – деді күлімсірей жауап қатып.
– Мықты шофер, – деп оның сөзін қоштап қойды Заңғар. Әйелі кеткен соң Заңғарға:
– Екінші әйелім дедің. Алдыңғы әйелің қайтыс болып кеткенбе еді? – деп сұрақ қойдым төсегімді реттеп жатып.
– Жоқ, Құдай сақтасын! Алғашқы әйелім де тірі. Одан үш бала үш қызым бар. Керек десеңдер айтайын, үшінші әйелім де бар, – деген оған менде, үшінші серігімізде жалт қарадық.
– Үшінші әйелім де бар дейсің бе? – дедім оған таңдана, – алғашқы әйеліңнен үш бала үш қызың бар екен, тағы да екі әйел алуыңа не себеп болы?
– Е–е, жігіттер, бұл өзі бір ерекшелеу әңгіме. Жаңағы әйелімнің менен туған екі бала бар. Бұрынғы күйеуінен үш қызы бар. Үшінші әйеліме жасы туудан өткен соң үйлендім. Бұрынғы үш күйеуінің екеуінен үш баласы бар.
– Япырай, алғашқы әйеліңізден ұл–қыздарыңыз бола тұрып, бір топ балалары бар тағы екі әйел алғаныңызға жол болсын? – деді үшінші серігім ішегін тарта таңданып.
– Жаңа айыттым ғой, бұл бір ерекшелеу әңгіме деп, – деген Заңғарға:
– Бұл әйелдерге қалай, не себептен үйленгеніңізді басынан бастап рет–ретімен айтып беріңіз, – деп қолқа салдық үшінші серігіміз екеуміз. Біраз ойланып алған Заңғар:
– Жарайды, тыңдаңыздар онда, – деп әңгімесін бастады.
Он алты жасымда үйлендім
– Олай етуіме жаны жәннәтта болғыр әкем себепші болды. – деді Заңғар төсегіне оңтайлана отырып алып. – Мектепте жетінші сыныпты бітіріп 15–тен енді асқанымда ауылшаруашылығы техникумының малдәрігерлер даярлайтын факультетіне оқуға түстім. Оқу орысша жүреді. Ауылдан барған біздер алғашқыда быраз қиналдық. 4–5 ай оқыған соң орысша әжептеуір түсініп сөйлейтін болдым. Бірінші семестрді бітіріп ауылға келдім. Әкем орысша жетік білетін. Мені сынап орысша біршама берген сұрақтарына мүдірмей жауап берген ем, ол кісі қуанып кетті. Бетімнен сүйіп:
– Жарайсың, балам, өте ризамын. Орыс тілі деген бұл дүние жүзіне көп тараған үлкен тілдің бірі. Оны білсең келешегі қор болмайсың. Қазіргі саясатқа сай оны білмесең қызмет істей алмайсың деуге болады, – деді арқамнан қағып, – бірақ өз тіліңді ұмыта көрме. Қазақшаны орыс тілімен араластырып шұбарлап сөйлеуден аулақ бол. Екі тілді де таза сөйлеп үйрен. Мені көрмейсің бе, бірін-біріне еш уақытта араластырмай сөйлеймін.
Тамақтанып шәй ішіп болған соң әкем маған қарап:
– Он шақты күн демалысқа келген шығарсың? – деді сұраулы көз тастап.
– Иә, он күн демаламыз.
– Ендеше бүгін–ертең демал. Арғы күні қалаға, облыс орталығына жүреміз мына шешең үшеуміз.
– Неге? Онда не бар екен?
– Арыс қаласында, ішкі істер саласында, менімен бірге қызмет еткен бір кісі облыс орталығында тұрады. Қызмет етіп жүрген кезімізде екеуміз құда-құда десіп жүргенбіз. Балаларым тұрыңқырамай екінші әйел алғанмын. Яғни сенің шешеңе үйленген едім. Бұрынғы әйелімнен ұлды болған кезімізде әлгі кісінің әйелі қыз туды. Сөйтіп құда боламыз деп жүргенбіз. Біздің бала шетінеп кетті. Бір жылдан кейін сен туылдың. Құда болу ниетімізді жалғастырдық. Екі әйел алғанымды себеп етіп, мені партия қатарынан шығарып, жұмыстан қуды. Осы далалы жерге мал фермасына бригадир болып ауыстым. Бірнеше жылдан соң жаңағы құдам облыс орталығына көшіп кетті. Сол әнеу-күні біреулерден сәлем айтыпты «Келіні бой жетті. Медучилищені бітіріп жатыр. Баяғы ниетім – ниет. Баласын ертіп келіп қызбен сөйлестірсін де келінін алып кетсін. Мына қалалы жерде уысымнан шығып бара жатыр. Тезірек келіп алып кетсін» депті. Соған барамыз, – деді әкем маған сынай қарап.
– Сонда мені үйлендірмекшісіз бе?
– Дайын келінді өздері ұсыныс жасап отырғанда алып алғанымыз дұрыс емес пе!
– Жәке–ау, мен он алтыға енді келдім. Келініңіз де жас шығар. Ол қалай болады? Жауапқа тартып жүрмей ме?
– Келін сенен екі жас үлкен. Он сегізе келді. Ол үшін жауапты бола қоймайсың. Өзі оқуды бітіріп жатқан көрінеді.
– Мен оқуға енді түстім. Әлі армияға баруым керек.
– Сен 18–ге толғанша Құдай беріп келін бір–екі бала туса, екі балалы жігітті армиядан қалдыратын заң бар. Мүмкін соған ілініп кетерсің. Үйленген жағдайда аудан шыли ұзақ емес қой. Әр аптаның сенбі, жексенбі күндері келіп кетіп тұрарсың. Тіпті болмай бара жатса сол аудандағы ағайын-жекжаттардың біреуінің үйінің бір бөлмесінде тұрарсыңдар. Келінді жұмысқа орналастырамыз, – деген әкеме:
– Әуелі келінді әкеліп алайықта. Содан соң шешерміз ол тірліктерді, – деп шешем сөзге араласты. Әке-шешемнің айытқандарынан шығып көрмеген мен үндемей отырып қалдым. Ұл балдарының үлкені мен. Әлгідей ұсыныс түсіп тұрғанда жаста болсам мені үйлендіруге бел буғандарын байқап отырмын.
– Келініңізді менен екі жас үлкен дейсіз. Ол қалай болар екен? Менің кейбір айытқандарымды тыңдамай баласынып жүрмес пе екен? – дедім әкеме қарап.
– Ой тәйірі! Түсінігі бар адам болса, күйеу әйелдің пірі дейді шариғатта. Саған қарсы келіп баласынбаса керек. Әкесі жақсы адам. Қызына түсіндіріп айтады ғой. Одан соң мына шешеңнен алдыңғы әйелім менен төрт жас үлкен еді. Маған сен деп бетіме келмей-ақ өтті ғой бейшара. Ана екі әпкеңнің анасын айтамын, –деді әкем кімді айтып отырғанын анықтай түсіп.
Келісілген күні жолға шығып облыс орталығына келдік. Құданың үйін таксимен оп–оңай тауып алдық. Сау етіп кіріп келген бізді құдалар жақсы қарсы алды. Екі қызы, екі баласы, бәрі үйінде екен. Қызды көрген менің оған есім кете көңілім ауды. Өте реңді екен. Орта бойлы, толықша денелі, аққұба реңді, дөңгелек жүзді, қара көзді, қиғаш қасты. Екі бұрым етіп өрген қара шашы иығына түседі. Нағыз арудың өзі. Есімі – Кәмеш. Одан кейінгі қызы 11-ші сыныпты бітіріпті. Есімі Дәмеш екен. Қыз екеумізді оңаша бөлмеге кіргізіп сөйлестірді.
– Орысша білесің бе? – болды қыздың бірінші сұрағы.
– Шамалы. Оқуға енді түстім ғой, үйреніп кетермін, – дедім ұяла сөйлеп.
Қыз менің бой-тұрқыма зер сала қарап шықты. Бойым ұзын-тұра. Ат жақты, сопақ бетті, арықпын. Оған онша ұнамаған тәріздімін.
– Менен кіші екенсің ғой, – деді қыз сәл үнсіздіктен соң.
– Көңіліміз жарасса онда тұрған не бар, – дедім шын көңілмен жауап беріп.
– Иә, – деді ол терең күрсініп, – әке–шешелеріміздің бұл ниеттері тым асығыс сияқты. Мен енді мед.институтқа түсем бе деп ойланып жүрмін. Тұрмысқа шықсам ол іске аспайын деп тұр.
– Неге?
– Сіздер колхозда тұрасыздар. Ол жерде ондай оқу жоқ қой.
– Қаласаң, қалаға келейін.
– Қызықсың ба деймін. Оқуыңды қайтесің?
Мен үндемей қалдым.
– Ойланып көрейін. Сен де ойлан, – деді қыз орнынан тұрып. Әңгімеміз сонымен бітті.
Түнде сол үйге қондық. Есікке таман шеткерілеу жатқанмын. Көпке дейін ұйқым келмеді. Сәл ашық тұрған есіктен қыздың шешесімен күңкілдесіп сөйлесіп отырғанына құлақ түрдім. Екеуі орысша сөйлесіп отыр екен.
– Неужели вы хотите выдать меня за этого дикаря? – деді бір кезде қыз қызбалана қаттырақ сөйлеп.
– Тсс, – деді шешесі, – естіп қойса ұят болады. Оқуға түсіпті ғой, қала тәртібін үйренер.
– Такой худой, как палка. Мама мне не нравится этот парень. Да еще моложе меня на два года.
– Әдетте мұндай жігіттер кейінірек толысады. Толысқан кезде симпатичным красивым парнем будет. Вот увидишь!
– Да ну его, – деген қыз үндемей қалды.
Кіші қызы ма кім екенін аңғармадым:
– Сөйлесуге басқа жер таппадыңдар ма? – деді де мен жақтағы есікті қатты жауып қойды. Одан кейін олардың не айытқандарын естімедім. Біраз ойланып жатып ұйықтап кетіппін.
Ертеңіне қайттық. Құдасы әкеме:
– Мына қыздың төрт-бес ай оқуы бар. Соны бітірсін балаң үйді көрді. Балалармен танысты. Оқуы ауданда екен ғой. Демалыс күндері келіп кетіп тұрсын. Тұра бара бір біріне үйренісіп кетер. Құдай бұйыртса алдағы жазда үйлендірейік екеуін, – деді шығарып салып тұрып.
Қыз үшін таяқ жедім
Әкем мен шешем соған келісіп жылы қоштасты. Қызға шынында өлердей ғашық болдым. Сенбі күні оқудан шыға сала үйіне келемін. Бір көруге, бір ауыз тілдесуге ынтықпын. Ал қыз салқын қабақ танытады. Еш оңаша шықпаймыз. Қыдыруға шықсақ міндетті түрде сіңлісін ертіп шығады. Кафеге отырсақ Рима есімді құрбысын шақырып алады. Не саясат екенін түсінбеймін. Дүкен аралай қалсақ қалаған нәрселерін алып беремін. Ақшам көп. Әкем жарықтық ауылдан оқуыма келіп ақша беріп кетеді.
– Бара бер. Ақшаны аяма. Бара-бара көзі үйреніп көңіліне қонарсың, –дейді келген сайын.
Бір жолы сенбі күні кешкілік ресторанда отырдық. Түстен кейін келген болатынмын. 120 шақырым жердегі ауданнан автобуста түрегеліп тұрып келген едім. Жаспыз. Міндетті түрде үлкендерге орын береміз. Содан ба білмеймін, әбден шаршадым ау деймін. Діңкәм болмай бір түрлі әлсіреп отырмын. Мені, тек Кәмештің сөздері мен аққұба реңді жүзі, анда–санда жымиып күлгені ғана қолдап отырғандай. Бір кезде Кәмеш сіңлісі екеуі әжетханаға барып келеміз деп кетті де, столда Рима екеуміз ғана қалдық.
– Заңғар сен бекер әуре болып жүрген сияқтысың, – деді Рима әлгілер столдан ұзаған кезде, жай сөйлеп.
– Неге? Не себепті олай деп отырсың?
– Кәмештің сенде мүлде ойы жоқ. Бағана «будкадағы» телефон арқылы бір жігіттермен бірдеңені келісіп жатқан сияқты еді. Вообще абайлағаның дұрыс. Мені сатып қойма, – деді абдырай сөйлеп. «Менде көңілі бар сияқты осы қыздың. Қызғанышпен айтып отырған сияқты-ау» деп ойладым сол кезде.
– Үйлеріңе таксимен қайтсаңдар дұрыс болар еді, – деді Рима столға жақындап келген екі қызға көз тастап.
Риманы таксиге мінгізіп жіберіп, енді өзімізге такси іздей бастап едім, Кәмеш:
– Заңғар, жаяу қайтайық, – деді. Бірінші рет атымды атағанына мәз болған мен:
– Жарайды, – дедім оның айтқанына көне кетіп. Сәл жүрген соң:
– Мына көше сәл қараңғылау, бірақ үйге жақын осымен жүрейік, – деп Кәмеш әлгі көшеге бұрылды. Біраз жүрген соң көшенің тым қараңғы жеріне келдік. Осы кезде бір үйдің тасасынан еңгезердей үш жігіт шығып бізге жақындап келді.
– Әй, бала, темекі бер, – деді біреуі қолын созып.
– Мен темекі шекпеймін.
– Темекі шекпейді. Қыздармен қыдырады. Молокосос, – деп қол созғаны шапалақпен жағыма тартып жіберді. Көзімнің оты жарқ етті. Дереу қимылдап арт жағымда тұрғанды шынтақпен ішіне бір ұрдым да, алдымда тұрған екеудің біреуін кеңірдектен қойып жібердім. Ол шалқасынан түсті. Осы кезде темекі сұраған дәу қолындағы ауыр затпен басыма қойып жіберді. Есімнен танып жалпамнан құлап түстім. Дәмештің:
– Әй, жігіттер, өлтірдіңдер ғой, – деп баж еткенін ғана аңғарып үлгердім. Сәлден соң әлгі үшеудің мені бас салып тепкілеп жатқанын аңғардым. Осы кезде милиция ысқырығы естілді. Мен қайтадан есімнен танып қалдым. Оң жақ қолтығымның асты қатты шаншып ауырғанын ғана сезіп үлгердім.
Содан ертеңіне емханада бір-ақ есімді жинадым.
– Сөйлеме, қимылдама. басыңнан кірпішпен ұрып қатты соққы алғансың. Оң жақтан екі қабырғаң сынған, – деді бір дәрігер укол салып жатып.
Үш күннен кейін палатаға шығарды. Көзі жасаурап көңілі босаған Рима келді.
– Аман қалғаныңа шүкір. Мен бекерге ескерту жасаған жоқпын ғой. Мен айтты деп айтып қойма. Әлгі үш жігітті ұйымдастырған Кәмеш. Сол үш жігіттің біреуі оның жүретін жігіті. Мені таксиге отырғызып жіберген соң, таксистке қосымша ақша беріп сендерді аңдыдық. Төбелес басталысымен телефон автоматтан милицияға қоңырау шалдым. Олар дер кезінде келіп үшеуін тұтқынға алды.
– Неге ысқырық шалды олар?
– Біздің машинаны байқап шақырды.
– Содан соң...
– Сені дереу таксиге салып емханаға әкелдік.
– Солай де. Саған үлкен рахмет. Ұзақ жасап, бақытты болуыңа тілектеспін.
– Кәмештің сенде ойы жоқ екенін көптен бері білетінмін. Саған айтуға батылым жетпеді кешеге дейін.
– Бұл барып тұрған оңбағандық қой. Одан да мені осынша әурелегенше бірден жүретін жігітім бар деп айта салмай ма?
– Әке-шешесінен қаймықты бір жағы. Бір жағы, әжептеуір кісінің аңқау баласы екен, біраз күн пайдаланайық деген ойы да болған сияқты. Бірақ Кәмештің жүрген жігіті «бұған төзе алмаймын. Сенің қасыңда басқа бір жігітті көргім келмейді» депті. «Онда оны қайтып мұнда келмейтін бір шарасын қарастыр деген» көрінеді Кәмеш. Сөйтіп сені соққыға жыққан.
– Міне, әңгіме қайда жатыр. Енді қыздарды желкемнің шұқыры көрсін.
– Мұның өте дұрыс. Олардан аулақ жүргенің жөн. Анда-санда келіп қыдырып қайтып тұрайын десең менің жүретін жігітім жоқ, басым бос, – деді әзілдей сөйлеп күлген Рима, – әзілдеп отырмын шын көріп жүрме тағы.
– Рахмет, – дедім шын пейілмен оған ризашылығымды білдіріп.
Содан емханада 20 күн жаттым. Кәмеш жақтан ешкім келмеді.
Емханада жатқанымда бір апта болған кезде әкем мен апам келді. Апам ойланып–толғанып:
– Құдай сақтапты. Әр уақта сақтай гөрсін әйтеуір, – деп жатыр көзінің жасын орамалының ұшымен сүртіп.
– Құдамен бүгін әңгімелестік. Ара-ашық болдық есебі. Осы төбелесті ұйымдастырған қызы көрінеді. Үш жігіт алғашқы сұрақта–ақ мойындап, қыздың жұмсағанын айтыпты. Енді үшеуі қамалса керек. Құданың осы тірлігіне ерегіскенде, Құдай қаласа жазылып шық, алдағы жазда қалайда үйлендіремін сені, – деді әкем жігерлене сөйлеп.
– Әй, байғұс–ау тағы қандай құдаң бар еді? – деген апама:
– Құда болмаса боламыз да. Ауылдағы 50 – 60 үйден бір лайықты қыз табылар, – деді кімнің қызы екенін нақты айтпай.
– Байға жарымағыр сормаңдай балаға мұндай азап бергенше, бірден «болмайды, жүретін жігітім бар» деп қоя салу керек еді ғой, – деген апама, әкем:
– Қарғап–сілеп қайтейін деп ең. Болары болды. Бар бәле сонымен кетсін. Бала аман қалды соған шүкір дейік, – деді.
Әкем өзі жүрек ауруы бар. Содан қауіптеніп жүретін. Көбінше мазасы болмай қала беруші еді. Мені көзі тірісінде үйлендірмекші екенін сезген мен үндемедім. Ол кісілер кеткен соң ауылдағы қыздарды көзіме елестетіп сараптама жасай бастадым.
Ауылда бойжеткен, бастары бос үш қыз бар. Біреуі менімен жасты. Реңі қайыстай қара қыз. Әлі жасы кәмелетке жеткен жоқ. Яғни ол қызды тізімнен алып тастауға болады. Екінші қыз менен екі жас үлкен. Әдеміше аққұба реңді қыз. «Оқуға түсемін, он жылдықты бітіремін» деп ниеттеніп жүргенін естігенмін. Әкесінің мінезі өте жаман. Күн ара біреумен төбелесіп жанжалдасып жүреді. Кейде менің әкеме келіп жүгінісіп жатады. Әкем көбінесе жарастырып жібере-тұғын. Әкемнің онымен құда болуға зауқы бола қоймас.
Үшінші қыз менен үш жас үлкен. Көп балалы момын бір шалдың қызы. Ауылдағылар оны салаң аяқ сұлу деп мазақтайды. Есімі – Айалтын. Естекке жайдақ мініп екі аяғын, үзенгі болмаған соң салаңдатып алып жүзден астам қойларын бағып жүреді. Құдықтан естекпен су тасиды. Қалған уақта үйінің қорғанынан шықпайды. Біреумен сөйлесіп күліп тұрғанын көрген емеспін. Өзін көп сөйлемейді екен деп есітемін ылғи. 7-ші сыныпты бітіріп оқымай қойған.
«Апырай әкем осы қызды айтып отырған сияқты–ау» деп күдіктенген мен, әлгі қыздың рең–басын көзіме елестетіп ойланып жатырмын. Реңі құрым сарылау, сығыңқы көз, ұзын қоңырқай шашын бір бұрым етіп өріп арқасына тастап жүреді. Орта бойлы етженділеу келген. Өте қарулы дейтін ауылдағылар. Естекке артылған екі фляг суды лып еткізіп көтеріп алады екен деп дәріптейтін көргендер. Бірақ менен үш жас үлкен ғой. Әкем біле тұра соны келін етпекші ме? Бірақ үлкен шешемізді өзімнен 4 жас үлкен деуші еді. Мүмкін оның менен жасы үлкендігіне мән бермеуі де мүмкін ғой деп жатып ұйықтап кетіппін.
Екі–үш күн ішінде үйленіп алдым
Ауруханадан шығып оқуыма келдім. Өтіп кеткен сабақтарды бір аптада қуып жеттім. Куратор апайымыз риза болды. Тағы 5–6 күнде баяғы үш жігіттің соты болды. Мен «үшеуіне де кешірім беріңіздер, Құдайға шүкір, денсаулығым жақсы, оларға ешқандай қоятын кінәм жоқ» деп едім, сот төрағасы: «Ешқандай себепсіз тиісіп ауыр дене жарақатын салған. Жазаланулары тиіс», – деп көнбеді.
Сонымен, Кәмештен мүлдем күдер үздім. Оны төбелесті ұйымдастырған үшін жазаламақшы еді. Адвокаты өте шешен кісі екен. Өйтіп–бүйтіп арашалап алып қалды. Бірақ оқудан шығарылатын болды. Бітіруіне 3–4 ай қалған екен. Обал болды–ау деп ойландым сонда. Көрген азабым есіме түсіп, «обал болса қайтейін. Өзіне өзі істеді ғой. Беті жылтырап сырт көзге әдемі көрінген қыздың кейбіреулерінің ішкі дүниесі әдемі бола бермейді екен–ау» деген бір ой жылт етті көңілімде сотта сүмірейіп отырған Кәмешке көзім түсіп. Әп-әдемі келбеті сұп–сұр сүйкімсіз болып көрінгендей болды сонда маған.
Бірінші курсты өте жақсы деген бағалармен бітіріп, екінші курсқа өтті деген бұйрық алып ауылға келдім. Бір жылдың ішінде орыс тілін жетік меңгеріп шықтым.
Ауылдағы жас келіншектер, тамсана қызыға қарайды. Шашты кейін қайырып, қалаша әдемі киінгенмін. Сұңғақ бойлымын. Рең–басым толыса түскен әдемі сияқтымын. Құдық басына келген орыс комбайыншылармен орысша амандасып, орысша сөйлесіп, қарқылдап күлісіп жатқаныма ауылдың жастары қызыға да қызғана қарайды. Ол кезде алыс ауылды жерлерде орыс тілін білетіндер кемде-кем еді.
Ауылға келгеніме 4–5 күн өткенде әкем, азанғы шайда, менің ойлағанымдай жағдайын айтып:
– Жүрегім ауыратынын білесің, балам. Денсаулығым тәуір кезде келін түсіріп, нәсіп болса, быраз күн жұмсап қызығын көрсем. Құдай өмір берсе немере сүйсем деген ниетте екенімнен хабарың бар. Мына шешең екеуміз біраз дайындық көріп әзірленіп отырмыз. Ертең құда түсіп барып кештетіп келінді алып келеміз,–деді маған тура қарап. Көз жанарынан қарсылығыңды қабылдамаймыз дегендей бір өткір ұшқынды сезгендей едім.
– Қай жердің қызы? Кім екен ол?
– Осы ауылдың арғы шетінде. Биболдың қызы.
– Әлгі салаңаяқ сұлу ма!
– Иә. Салаңаяқ сұлу емес, Айалтын.
– Жәке-ау, ол менен үш жас үлкен емес пе?!
– Үлкеннің жағдайын өткен жолы айтып едім ғой. Тағы айтып түсіндірейін бе?
«Өткендегі ауруханада жасаған менің жорамалым дұрысқа шықты» деп ойландым сол сәт. «Не деуім керек? Әке-шешем мені жаманшылыққа итере қоймас. Ақыры мені үйлендірмей тынбайын деп отыр. Неде болса тәуекел. Момын жандардың момын қызы ғой. Ұя бұза қоймас. Алда-жалда үлкендігін білдіріп қоқаңдай бастаса кейінгісін көре жатармын», – деп ойларымды түйіндеген мен:
– Түсіндірудің қажеті жоқ. Сіздердің айтқандарыңыз болсын, – дедім әке-шешеме қарап. Олардың көңілін қимадым біржағы.
– Рақмет, шырағым. Өркенің өссін. Ұзақ үбірлі-шүбірлі бақытты өмір нәсіп етсін Аллаһ-Тағала, – деп батасын берген әкем, менің қарсы болмағаныма дән риза болды.
Сонымен, апай-топай бас-аяғы екі күнде үйленіп алдым. Айалтын әшейін сырттай ғана сылбыр көрінеді екен. Керемет істемпаз, пысық болып шықты. Мал күтімі, үй тірлігі, қонақ күту деген сияқты істерді бір өзі атқарады. Ісі тап-тұйнақтай тындырымды. Қоқаң-соқаң әңгіме, өсекпен ісі жоқ. Қорғаннан аттап шықпайды. Азаннан кешке дейін бір тынбайды. Қай уақта көрсең бірдемемен айналысып жатқанын көресің. Әкем мен шешем дән риза. Шырағым, қарағым деп қыздарындай көріп, Айалтын, Айалтын деп отырғандары. Айалтын ол екеуін тырп еткізбейді. Әкемнің бір бәйге, бір көкпар аты бар. Олардың күтімі де Айалтынның мойнында.
– Әй, балам, ең болмаса жылқыларға қарамайсың ба? – деп маған бұйыра тіл қатқан әкеме:
– Ата, оларға күтімді өзім–ақ жасаймын. Балаңыз оқудан шаршап келді ғой. Әбден тынықсын, – дейді күле сөйлеп. Әңгіменің қысқасы, жанымыз кіріп, рахаттанып қалдық. «Естектен түссе қорғанынан шықпайды» деуші еді. Сөйтсек, үйіндегі бар тірлікті өзі атқарады екен ғой. Әкесі аяп кейде–кейде қой бағуға жіберіп, үй тірлігінен сәл босатып дем алдырады екен. Өздерінің малдарының басы барлау еді.
Менің жасым кіші болса да, атымды атамай отағасы дейді. Оқуға кеттім. Екі апта, үш аптада бір келіп кетемін. Ауылға келсем құрбы–құрдастарыммен әңгіме–дүкен құрып, түннің бір уағында келемін. Қабақ шытпайды. Қайда жүрсіз, неге кешіктіңіз деген сияқты бір ауыз әңгіме болмайды.
– Келдіңіз бе? – деп шай тамақ дайындай бастайды.
Кейде әкем:
– Шырағым, сен құрбыларың сияқты бойдақ емессің. Әйелің бар. Ауылға келген соң үйде болғаның жөн ғой, – деп ренжиді.
– Ата, ренжімеңіз. Оқуда жүріп жолдастарында сағынады ғой. Бір ауық олармен жолығып әңгімелескенінде тұрған не бар? – дейді Айалтын сондайда.
Әкем оған риза кейіппен қарап үнсіз басын шайқайды.
Төсек қатынасында өте ықыласты. Үлкен болсада еркелеп, наздана сағынышын білдіреді.
Осылайша жүріп 3 жылда оқуымды бітірдім. 3 жылда екі балалы болдық. Әкем жарықтық 1964 жылы көктемде мамыр айының бір күні кіші немересін алдына алып отырып:
– Жаратушы жасаған ием, Аллаһ–Тағала, бұл күніңе жеткізгеніңе сансыз мың қайтара шүкір! Немере сүйдіріп тілегімді қабыл еткеніңе шүкіршілік еттім. Енді аманат жаныңды алам десең ризамын, – деп нәрестені апама ұсынып. – Менің жастығымды биіктетші, – деген. Апам бір жастық қойған екен. Соған басын қойған бойы жан тапсырыпты. Жұмыста жүрген маған хабар берді. Ауыл маңындағы зиратқа жерлеп басына сағана тұрғыздық. Енді әкем кеткен соң үйдегі билік апама өтті. Айалтын екеуінің арасында бір ауыз ищай дескен әңгіме болмады. Қарындастарды тұрмысқа бердік. Інімді оқыттық. Үйлендірдік. Құдайға шүкір, үйімізде барлық уақытта ынтымақ болды. Ары тарт–бері тарт деген тірлік болған емес. Тағы да кейінгі жылдары үш қыз бір ұл дүниеге келді.
Ойда–жоқта олжалы болдым
Әкем қайтыс болған соң екі жылдан кейін армияға кеттім. Екі баламыз болғанмен ЗАГС-те тұрмағанбыз. ЗАГС-ке тұрмаған соң оларға туу туралы куәлік те алмаған едік. Сондықтан мені бойдақтар ретінде армияға алды. Айалтын балдарды апамның қарауында қалдырып ферманың жұмысына шыққан. Кәдімгі қара жұмыс істеп айлық алып отырған. Қой қырқымы, сыпырғыға бұта шабу, қырмандағы түрлі жұмыс, қой туымында сақпан бағу деген жұмыстарға шығып жүрген. Армияда екі жыл болып келген соң үш-төрт жыл қызмет ете жүріп зооветинститутқа сырттай оқуға түсіп, 6 жылда жоғары білім алдым. Қызметте сатылап көтеріліп, бас зоотехниктік қызметке дейін жоғарыладым.
1995 жылы екінші рет үйлендім. Бұған да бір ерекшелеу жағдай себеп болып еді, – деген Заңғар сәл ойланып тыныстады.
– Қызық екен. Балалы-шағалы, жаныңызға жайлы әйеліңіз бола тұрып, сізді үйленуге итермелеген қандай жағдай болды екен? – деді үшінші серігіміз қызыға сұрақ қойып.
– Асықпа. Есітетін шығармыз, – дедім мен Заңғарға қарап.
– Иә, – деді Заңғар біраз ойланып алып. – Бұл мен күтпеген жағдай еді, – деп әңгімесін жалғастырды.
– Негізінен десем менің кейінгі үйленулеріме өзімнің көңілшектігім, біреудің көңілін қалдырғым келмейтіндігі және Айалтынның ақкөңілділігі мен кішіпейілділігі себеп болған сияқты. Өздеріңіз білесіздер, 1995 жыл өтпелі кезеңдегі ең ауыр жыл болды ғой. Әсіресе ауылды жерлерге ойсырата соққы берілді десе де болады. Мал түкке тұрғысыз бағаланды. Екі қойға бір қап ұн алған күндер есімде. Темекі шегетін көпшіліктің жерге лақтырып тасталған темекі тұқылын теріп шеккен кездер болды! Кейбір пысықтар оларды жинап сатып та жүрді.
Сол кездің бір күнінде маған учаскелік полиция инспекторы келіп жолықты.
– Сіз ертең облыстық ішкі істер бөліміне баруыңыз керек екен, – деді амандасқан соң. – Жаңа телефонаграмма алдым.
– Неге? Не үшін?
– Білмеймін, ағасы, фамилияңызға қатысты барлық құжаттарыңызды, сақталған болса, әкеңіздің құжаттарын ала баруыңыз қажет.
Өзімнің бар құжаттарымды алдым. Сейфте сақтаулы тұрған әкемнің паспорты мен әскери билетін, әкімшіліктен жанұя құрамы туралы анықтама алып ертеңіне жолға шықтым.
Түске таман ішкі істер бөліміне келіп шақыру бойынша келгенімді айтып едім, есік алдында тұрған кезекші жігіт:
– Сіз жолығатын жігіт бүгін бір жерге жедел іспен кетіп қалды түстен кейін болады. Кейінірек келіңіз, – деген соң көшеге шығып тамақтанып алғалы асханаға кірдім. Асханада институтта бірге оқыған келіншекке жолығып қалдым. Осында қызмет істейді екен. Тамақтанып отырып жағдайымды айтып едім, әлгі келіншек:
– Иә, хабарым бар. Сіздің әкеңізбен бірге қызмет еткен бір орыс кісі Москвада тұрады екен. Сол осыдан бір екі-ай бұрын қайтыс болыпты. Өсиетнамасында сіздің әкеңіздің атына, егер дүниеден өтіп кеткен болса үлкен ұлына, яғни сізге, біраз қомақты қаражат қалдырған көрінеді. Сізді соған іздестірген сияқты еді, – деді әлгі келіншек.
Жүрегім лүпілдей соқты. «Құдай-Тағаланың қарасқаны ғой бұл» деп шүкіршілік еттім. Қызметімді адал атқарып, артық-аспай дүние арттырған емес едім. Онша-мұнша тапқан таянғанымды балаларымды оқытуға жұмсап, дәл сол уақытта шаршаңқырап тұрған болатынмын. «Мына қаражат дер кезінде келіп жеткен жәрдем болды-ау» деп қуана ойландым тамағымды ішіп отырып.
Сонымен, түс қайта әлгі жігіт келіп, қабылдауында болдым.
Құжаттарымның бәрін, әкемнің құжаттарын көріп шығып бір қағазбен салыстырып қарады да:
– Иә, бәрі дұрыс, әкеңіз қайтыс болған ғой? – деді маған көз тастап
– Иә. 64-ші жылдары дүниеден өтті.
– Былай етіңіз. Мына құжаттардың бәрін көшірмесін алыңыз. Суретке түсіңіз. Әлі банктер жабылған жоқ. Ірі банктің біреуінен есепшот аштырыңыз да маған алып келіңіз. Мен сіздің әкеңіздің үлкен ұлы екенін растайтын құжатты бастыққа қол қойдырып дайындай беремін. Сөйтіп мына өсиетнаманың көшірмесін алып қалыңыз. Сонда көрсетілген мекен жайға арнайы почтамен жібереміз. 10 күн шамасында шотыңызға ақша келіп түсетін шығар, – деген әлгі жігіт аң–таң қалып отырған маған өсиетнаманың көшірмесін ұсынды да, – танысып шығыңыз, не мәселе екені осында нақты көрсетілген, – деді нендей мәселе өзі деген үнсіз сұрағымды жүзімнен байқап. Өсиетнаманы алып оқыдым:
– Онда әлгі адам аты–жөнін, тұрған жайын, паспортының нөмірін толық көрсетіпті де «жас кезімде әкемдей қамқорлық еткен, Қазақстан мемлекетінде тұратын Бәленшеевке (әкемнің толық аты жөнін көрсетіп) өзі дүниеден өтіп кеткен болса үлкен ұлының атына бір миллион долларға бағаланған жылжитын, жылжымайтын мүліктерімнің оннан бір бөлігін, яғни жүз мың долларды аударуды тапсырамын. Қалғаны екі ұлым мен бір қызыма теңдей бөлінсін деп шештім. Өсиетнамадағы үлескерлер алған ақшаны қалаған мақсаттарына, мүмкіндігінше игілікті істерге жұмсайды деген сенімдемін« деп жазыпты.
– Түсіндіңізбе? – деді алдымда отырған жігіт, менің өсиетнаманы оқып болғанымды байқап.
– Түсіндім, – дедім жүрегім өрекпи соққан мен әрең сөйлеп. – Бұл кім болды екен? Кім де болса үлкен рақмет! Жақсылыққа ізгілікпен жауап беріпті. Жайы жаннатта болсын бейшараның! Алланың рахымына бөленсін!
– Біз архивті ақтарып біраз деректерді анықтадық, – деді алдымда отырған жігіт, – әкеңіз соғысқа жіберілмей броньмен қалған. Ішкі істер саласында қызмет еткен. Аудандық сот болған. Колхоздарда бастық болған. Сол кездерде мына өсиетнаманы жазған кісіні жастай тәрбилеген. Оқытқан. Кейін қызметке тұрғызған. Кейін Москваға ауысқан. Сонда зейнетке шыққан. Москваға ауысқан соң әкеңізбен байланысы үзілген. Бірақ өмірінің соңында есіне алып, мына өсиетнамасында сіздің әкеңізді ескеріп үлес қалдырған.
– Солай деңіз. Сіздерге рақмет! Бәрін анықтап ақиқатын жетіп мені іздеп тауыпсыздар! Шексіз алғысымды білдіремін!
– Аллаһ разы болсын. Тез әрекет етіп әлгі құжаттарды дайындап үлгерейік. Барынша тездете қимылдаңыз, – деді әлгі жігіт.
Кәмештің күйеуін құтқардым
Сонымен, бас-аяғы бір екі сағаттың ішінде құжаттардың бәрін реттеп почтаға салдық. Өсиетнаманың бір көшірмесін өзіме алып қалдым. Кештетіп әрең үлгердік. Әлгі жігіт байғұс зыр қағып жүгіріп жүріп бәрін тындыруға көмектесті. Қаланың шетіне таман жаңа ғимараттағы ішкі істер бөлімінен шығып, қала орталығына барып қонақ үйдің біріне түнемекші оймен, қатар жеке үйлер орналасқан бір көшеге түстім. Жаңағы жігіт «осы көшенің соңында қоғамдық көліктер жүреді. Біреуімен қала орталығына барсаңыз қонақ үйлер бар» деген еді. Көшенің ортасына келгенде кеш түсіп қара көлеңке болып қалған болатын. Бір үйдің қақпасы ашық тұр екен. Дәл шыға берісте екі жігіт бір кісіні төмпештеп жатыр. Үйден бір әйел жүгіріп шығып араша түспекші болып еді, жаңағы жастау екі жігіттің біреуі оны итеріп жіберді. Әйел бір қырына құлап түстіде, «ойбай қайсың барсың! Жәрдем беріңдер деп дауыстай бастап еді. Әлгі жігіттердің бірі жанынан дәу пышақты суырып алып әйелге жетіп барды да:
– Өшір үніңді! Дыбысың шықса мына байыңды бауыздап тастаймын, – деді әйелдің шашынан ұстап басын кейін тартып.
Әйел үндемей отырып қалды. Сол әйелдің түрі маған таныс сияқты көрінді. Япырай қай жерде көрдім бұл әйелді деп тұрып қалдым.
Мұрыны дап–дала болып қанаған ересек кісіні, екі жігіттің бірі жағасын сығымдай ұстап:
– Қашан қайтарасың ақшаны? Ойнағанда бәледейсің. Оңбаған адам екенсің ғой, – деді зәһәрін төге сөйлеп.
– Тағы екі–үш күн, – деп міңгірлеген таяқ жеген кісіге, екінші жігіт төніп келіп:
– Сенің екі-үш күнің біте ме бітпей ме?! Осымен үшінші рет келіп тұрмыз, – деген бойы құлақ шекесінен жұдырықпен қойып қалды. Одан әрі тұра беруге шыдамым таусылған мен:
– Әй, жігіттер, жап–жассыңдар. Дардай кісіні төбелегендерің қалай? Не үшін? – дедім оларға жақынырақ келіп.
Екі жігіт маған ала көздей қарады да:
– Көкесі, жүрген жолыңмен жүре бер. Біздің тірлігімізге араласпа! – деді зеки сөйлеп.
– Бұларың дұрыс емесқой. Мәмілемен іс етпейсіңдер ме? – деген маған жалт қараған екі жігіттің қолында пышағы бары бір қадам жақындап:
– Жолыңды білмей тұрсаң көрсетіп жіберейін, – деп тұра ұмтылған кезде, секіре беріп ішіне бір тептім. Ол бүк түсіп отыра кетті. Қолындағы пышағы түсіп кеткен еді. Екіншісі жағасынан ұстап тұрған кісіні қоя бере салды да маған қарай абайлап жақындай бастады. Ойы шабуылдамақшы сияқты.
– Тоқтай тұр, – дедім оған көз ілеспес жылдамдықпен жерде жатқан пышақты іліп алып, – Мәмілеге келейік. Маған бұл кісіні неге төбелегендеріңді айтыңдаршы?
Пышақ менің қолыма өткен соң ба әлгі жігіт сәл кідірді де:
– Сен кімсің? Неге араласасың біздің тірлігімізге? – деді екінші серігін сүйемелдеп тұрғызып жатып.
– Неге араласпаймын, біреуді төмпештеп жатырсыңдар. Әйелін пышақ алып қорқытасыңдар. Бұларың қып-қызыл заңсыздық емеспе?! Мұсылманның баласымыз. Неге арашаламауым керек? Не үшін төбелеп жатырсыңдар? – деген кезімде орнынан тұрған әйел:
– Мына сұмырай біреуден қарыз алып карта ойнап он мың теңге ұтылған, – деді сүмірейіп, мұрнының қанын сүртіп тұрған күйеуін нұсқап, – соны даулап келіп тұр мына екеуі.
– Шамамда бір емес, бірнеше рет келген сияқты ғой?
– Иә, осымен үшінші рет келуіміз. Әне-міне деп тауып бермеген соң бүгін қол жұмсауға тура келді. Біз біреудің жұмсаған адамдарымыз. Бермеді деп барсақ бастығымыз бізге бәле болады, – деді ішінен тепкі алған жігіт.
– Яғни рэкет екенсіңдер де?
– Қалай десең олай де. Біз қарызды өндіруге келіп тұрмыз.
– Өздерің өрімдей жас жігітсіңдер. Неге ересек адамдарға сен деп сөйлейсіңдер?
– Сіз деп сызылатын жағдай емес екенін көріп тұрсыздар ғой, – деді екінші жігіт. – Берсе берді, бермесе қазір үйіне кіріп, арзитын нәрсесі болса алып кетеміз.
Мен ойланып тұрмын. Қалтамда 20 мыңдай ақша бар. Содан 10 мың берсем. Картежник маған қарыз болар. Бір жағы қимай да тұрмын. 10 мың теңгеге ол жылдары жақсы бір тай беретін. Ақшаның құнды кезі. Ақыры шиеленісті шешейін деген сезімге келдім. Қалтамнан 10 мың теңге алып екі жігітке ұсындым да:
– Енді бұл жерден қараларыңды батырыңдар, – дедім.
Жігіттер ақшаны санап алып қалталарына салды.
– Рахмет, рахмет сізге! – деді де, біреуі:
– Пышағымды беріңіз, – деп еді, мен:
– Пышақ менде қалады. Басқасын сатып аларсың. Тез, зытыңдар? – деп едім, екі жігіт дарбазадан жүгіре шығып зытып отырды.
– Сіз кімсіз? – деді әйел маған жақын келіп.
Иә, бұл баяғы Кәмеш еді! Мен таныдым, ол танымады. Мен қатты өзгеріп кеткен болсам керек. Отыз жылдан астам уақыт өтіп кетті ғой. Мен баяғы ұзынтұра, арық сопақ бетті бала емеспін. Толысқан, басалқалы, елулерге келіп қалған кісімін. Ал Кәмеш дене тұрқы толысып өзгергенмен реңін бере қоймапты. Танадай қара көзімен ұзақтау қарап тұрды да:
– Кімде болсаңыз ішке кіріңіз. Мен шай қояын. Сізге рақметімізді айтайық, – деген ол күйеуіне қарап: – үйге барып бет-жүзіңді жуып тәртіпке келтірсейші. Сорлы, қайдағы бір бәлелермен байланысып, – деп бұрыла берген оған:
– Әуре болмаңыз, мен ұзақта, далалы жерде тұрамын. Қалаға бір келгенде соғармын. Үйді көрдім. Әзір асығыспын, – дедім кетуге ыңғайланып. – Мына пышақты алып қалыңыз, – деп әлгілерден қалған пышақты ұсындым Кәмешке. Ол қолымнан пышақты алып маған ұзақ қарады да:
– Сізге рақмет! Аты-жөніңізді айтып кетсеңізші тым болмаса? – деді баяғыдай күмістей сыңғырлаған даусымен.
– Кейін бір келгенде танысармыз, – дедім дарбазасынан шығып бара жатып. Күйеуі екеуі менің соңымнан аң–таң қала қарап тұрған жерлерінде тұрып қалды. Біраз жүріп үлкен көшеге жақындап қалған кезімде жолдың оң жақ бетінде кішкене бір дүкен бар екенін байқадым. Шөлдегенім сонда есіме түсті. Бұрылып жақындап дүкенге келген кезімде жасы төрттердегі, және бес-алтылардағы екі қыз бала:
– Ата, бізге ата болыңызшы! Қараңызшы, анау Бекбол мен Ерболдың бүгін ауылдан аталары келіп балмұздақ, сағыз алып жеп көзімізді қыздырды. Біздің де аталарымыз болғанда бізде балмұздақ жер едік деп тұр едік, – деп кішкентай қолдарымен екеуі екі жағымнан қолдарымнан ұстап алды. Менің ішім елжіреп екеуінің сөзін қимай:
– Ата бол дейсіңдер ме? Жарайды. Бол десеңдер болайын. Кәне, дүкенге жүріңдер. Қалаған балмұздақтарыңды алып берейін, – деп екеуін дүкенге ертіп кіріп қалаған балмұздақтарын әпердім. Екеуі:
– Алақай! Алақай! Біздің де ауылдан атамыз келді. Міне, қараңдар. Ең қымбат балмұздақ әперді, – деп дүкен есігінің алдына шығып біреулерге мақтанып жатыр. «Баланың бір қуанғаны неге тұрады шіркін», – деп ойладым, бір бөтелке лимонадты ашып ішіп тұрып.
– Аталарысыз ба? – деді дүкенші маған қарап.
– Жоқ. Ата болыңыз деген сөздерін қимадым.
– Өте дұрыс істедіңіз. Шешелері жұмысынан кеш қайтады. Кейде осында келіп аталары әжелері балмұздақ әперген балдарға телміре қара тұрады. Бұл екеуінен үлкен 8–9 жастағы және бір қызы бар. Үш қызымен күйеуінен ажырасқан шешелері.
– Не үшін ажырасыпты?
– Ылғи қыз туа бересің депті.
– Солай деңіз? Шешесінің жасы нешеде екен?
– Отыздан енді асқан сияқты, – деді дүкенші сауда жасауға келген бір алымсаққа қарай жүріп. Мен сыртқа шықтым. Жаңағы екі қыз жүгіріп келіп, үлкенірегі иығыма қарай ентелеп, кішісі тіземнен құшақтап:
– Ата, сізге рахмет! Мамам жұмыстан қазір келеді. Үйге жүріңіз, үйде болыңыз. Ертең атамыз келді деп балаларға мақтанайық, – дейді ғой екеуі жарыса сөйлеп.
– Жарайды, – деген мен оларға және бір-бір балмұздақ әпердім. Тәтті печеньеден бір-біреуінен әпердім. Екеуі қолымнан сүйреп үйлеріне бастады.
Басы бос келіншекпен таныстым
Негізі мен көңілшекпін дедім ғой. Әлгі қыздардың көңілдерін қимай үйіне келдім. Дүкенге жақын екен. Екі қызды жетектеп үлкендеу қорғанға кірдік. Жасы отыздарға келген келбетті бір әйел үйінің есігінің алдында тұр екен.
– Мама, біз ата тауып алдық. Міне, қараңыз сондай жақсы, әдемі ата! Бізге балмұздақ әперді. Тәтті күлшелер әперді, – деп жарыса сөйлеген екі қыз әлгі әйелге мені көрсетіп жатыр. Есік алдында жарық жанып тұр еді. Әлгі әйел маған бажайлап қарады да:
– Есенсізбе, – деп амандасты. Сөйтіп қыздарына:
– Бұл кісі басқа бір балдардың атасы шығар? Олар әкетіп қалса қайтесіңдер? – деп еді, екі қыз:
– Жоқ мама. Әкетпейді. Әкетсе де ата қайтып келеді. Солай ғой иә, ата? Бес-алты күнде келіп тұрасыз ғой? – деп екеуі екі жағымнан қапсыра құшақтап алды.
– Өздері жайдары екен, – дедім әйелге қарап, аталары жоқ па еді?
– Күйеуім жетім өскен жігіт болатын.
– Солай ма еді? Кешіріңіз көңіліңізге келмесін.
– Көңілге алатын ештеңе жоқ. Кешірім сұрамай-ақ қойыңыз, – деген әйел,–ішке кіріңіз шай дайын. Жұмыстан жаңа келіп едім. Тамаққа әрекет жасайын. Мына қыздар қайда екен деп іздегелі тұр едім. Сізбен бірге келіп тұр ғой.
– Айып етпеңіз. Алыс бір ауылдан келіп едім. Түнемеге жай керек болып қонақ үй іздеп бара жатыр едім.
– Түннің бір уағы болды. Сандалып қайда барасыз. Осында түней салыңыз.
– Ыңғайсыз болмас па екен? Көршілеріңіз әңгіме етіп жүрмей ме?
– Не әңгіме етуші еді? Басалқалы ересек кісі көрінесіз. Жиен ағаларым еді дермін сұрағандарға. Қызғанады дейтіндей күйеуім жоқ. Ажырасып кеткенбіз, – деген әйел. – Ішке кіріп беймарал сырт киімдеріңізді шешіп отыра беріңіз, – деді ілтипат білдіре тіл қатып. Қыздары:
– Ура! Атам үйге қонатын болды, – десті даурығып.
– Даурықпаңдар. Аталарың осында болады. Еш жаққа жібермейміз, – деді әйел маған күлімсірей қарап.
Көңілшектігіме басып әйелдің өтінішін аттап өте алмадым. «Өздері ұсыныс жасап тұрған соң осында қонсам қонайын. Түн ішінде қонақ үй іздеп қайда барамын? Ол қонақүйден жай табыла ма, табылмай ма» деген ойлармен әйелдің үйіне кірдім.
Бағана көрдіңдер ғой. Бұл Зағипа еді. Үйіне кірген алғашқы кезде осы әйел екінші әйелім болады-ау деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген болатын.
Дәмді етіп тамақ дайындады. Тамақтанып шәй ішіп болған соң, біраз аулаға шығып салқында отырдым. Бір кезде қасыма Зағипа келіп отырды. Байқаймын, әңгілемескісі келетін сияқты.
– Қыздарың қайда? – дедім ойыма оралған сұрақты қойып.
– Ойын балдары ғой. Шаршаған-ау. Ұйықтап қалды, – деген ол. – Күйеуім екеуміз кейде осылай отырып әңгімелесуші едік, – деді терең күрсіне сөйлеп.
– Күйеуіңмен не үшін ажырастыңдар? – дедім шет жағасын дүкеншіден естісем де, өз аузынан есітейін деп ойлап.
– Екеуміз бір бірімізді ұнатып-ақ қосылған едік. Ол әке-шешеден ерте айырылған жетім еді. Кішігірім тойшықты әке-шешем өткізіп берді. Кейін ауылды жердегі менің әке-шешем қайтыс болды. Інім мен ағам бар. Олар маған шалдан қалған дүниеден біраз үлес берді. Оны күйеуіміз екеуміз ойласа келе бір шаштараз бен сән ательесін аштық. Табысымыз жаман емес. Киер киімге ішіп жемге толық жетіп жатты. Аға-інімнің жәрдемімен осы үйді және жеңіл машина сатып алдық. Бірінен соң бірін көтеріп үш қыз тудым. Үшінші қызым туылған соң–ақ күйеуім нілдей бұзылды. Біреулер үш қызды қатарынан туған әйел ылғи қыз туады деген көрінеді. Содан бір күні естіген, білген әңгімелерін ашық айтып, ажырастық. Ол үйді маған қалдырды. Мен алимент талап етпейтін болдым. Сөйтіп 3–4 жыл болды, бет-бетімізге кеткенімізге. Менен ажыраса салып бір қызға үйленген екен. Естуімше, екі қыз туыпты алған әйелі.
– Солай де. Ажырасуға себеп тек сенің үш қыз туғаның болды ма?
– Иә, маған басқа тағар ешқандай кінәсі жоқ. Сотта мінездеріміз үйлеспеді дедік.
– Мен биологпын, институтта дипломды генетика саласында қорғадым. Ол институттан бұрын малдәрігерлік мамандық алған болатынмын. Мұны саған айтып отырғаным ғылыми тәжірибелік дәлелденген теорияға сүйеніп нық сеніммен айытсам, әйелдің қыз тууы тек әкесіне байланысты. Мұнда, Құдай деп айтайын, шешесінің титтей де күнәсі жоқ.
– Қалайша? Шынымен солай ма? – деді Зағипа маған таңдана қарап.
– Әңгіменің бәрі әкесінің ұрығында. Сен мектепте зоологияны, биологияны, адам анатомиясын оқыдың ғой. Яғни биологиядан сәл-пәл хабарың бар деуге болады.
– Кеңірек түсіндіріп айтыңызшы, – деді Зағипа қызуғушылық танытып.
– Әңгімеңізді осы жерін бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп айтыңыз. Бізде білейік. Әйелдің қыз тууына неге тек әкесі себепші екен, – деп Заңғардың әңгімесін бөлді үшінші серігіміз.
– Иә, сөйтіңіз, – дедім мен де ықыласпен тыңдауға оқтайлана оған жүзімді бұра жатып.
– Түсінікті айтар болсам, – дедім Зағипаға, – Жер бетінде жануарлар дүниесі бір клеткалы жәндіктерден бастап, көп клеткалы күрделі ағзалы жануарларға дейін дамып жетілгенін білесің. Бір клеткалы жәндіктерге амеба, туфелька, түрлі микроорганизмдер жатады. Ал адам көп клеткалы екені мәлім. Бір клеткалы жәндіктер қарапайым бөліну жолымен өсіп–өніп көбейсе, ал көп клеткалы жануарлар ұрық шашу, ұрықтану арқылы көбейеді. Адам ұрығы бір клеткадан тұрады (сперматозоид жұмыртқа клеткасы). Бұлар аталық бездерде, жатыр мүшесінде аналық жұмыртқаларда түзіліп, бөліну арқылы көбейеді.
Адам баласының және де басқа жануарлардың клетка ядросында нәсілдік қасиеттерді ұрпаққа жеткізу міндетін атқарушы хромосомалық түзілімдер бар. Олардың құрамында ДНК (дезоксирибонуклеин қышқылы) және РНК (рибонуклеин қышқылы) қышқылдары бар. Өз кезегінде бұл қышқылдар гендік амин қышқылдарынан тұрады. Бұлар «гендік молекулалар» деп аталады. Әрбір гендік молекула құрамы ата–ананың қандай да бір қасиеттерін ұрпаққа беру міндетін атқарады. Осындай құрамдағы хромосомалар саны адам ағзасындағы әр клеткалар ядросында 46 болады. Яғный 44–і соматикалық (ағзалық), ал екеуі жыныстық хромосома делінеді. Былайша айытқанда, 44 хромосома денедегі жалпы құрылым құрамына жауапты десек, ал екеуі жыныстық қасиеттерге жауапты. Аналық жыныстық жұмыртқалар мен аталық бездерде түзілген аталық ұрықтық клеткалар бөлінген кезде (ұрықтықтардың бұл бөлініп түзілуі «мейоз» деп аталады) әр бөлінген жоғарыдағы 46 хромосоманың тең жарымын, яғни 22 ағзалық хромосоманы және бір жыныстық хромосоманы иеленеді. Ерлерде жыныстық хромосома екі түрлі болады. Біреуі икс (х) тәрізді, біреуі игрек (у) тәрізді түрде. Ал әйелдерде екеуі бірдей икс (х) тәрізді болып келеді. Яғни, ерлерде бөлінген жыныстық клеткалар ядросында біреуінде денелік 22 хромосома мен жыныстық икс (х) болса, екіншісінде 22 денелік және игрек (у) хромосома болады. Әйелдердегі аналық жұмыртқаларда да осылайша бөліну нәтижесінде әр жұмыртқада 22 денелік және бір-біреуден х-хромосома болады. Әйелдерде сондықтан бөлінген әр жұмыртқа ядросында бір-біреуден х тәрізді хромосома болатынын тағыда айытпақшымын. Өйткені еркектен әйел ағзасына өткен аталық ұрықтың біреуі аналық ұрықпен қосылып, бір клетка түзіледі. Яғный аталық ұрықпен келген 22 денелік және бір жыныстық хромосома мен аналық ұрықтан келген 22 денелік және бір жыныстық хромосома қосылып, нәтижеде адам ағзасына тән, өзгермейтін 46 хромосома түгелденеді. Міне, қосылу барысында әйел ұрығына ер кісінің у–хромосомалы ұрығы қосылса онда ұл туылады. Өйткені ерлердің жыныс клеткаларындағы хромосомалар х және у сияқты екі түрлі дедік емес пе? Егер әйел ұрығына ер кісінің х-хромосомалы ұрығы қосылса, онда қыз туады. Өйткені әйелдер ұрығындағы жыныстық хромосомалардың екеуі де х тәрізді бірдей болады. Анықтап айытсақ, ұрпақтың қыз немесе ұл болуы тек әкеге байланысты дейміз. Қосылған аталық және аналық ұрық бір клетка түзіп үлкейіп, бір қабықша ішінде бөліну арқылы өсіп–жетіле бастайды. Егер осы бастапқы бөлініп өсу кезінде қандайда бір себеппен сыртқы қабыршағы жарылып бөлініп кетіп, әр бөлігі өз алдына іштей бөлініп өсіп–жетіле бастаса онда әйел егіз туады. Мұндай егіздер бір-бірінен ажырату қиын ұқсас болады. Және жынысы бірдей болады. Мұндай егіздерді «бір жұмыртқалы егіздер» деп атайды. Егер екі аталық ұрық екі аналық ұрықпен қосылып (үшеу, төртеу болуы да мүмкін) өсіп-жетіле бастаса, онда да әйел егіз туады. Реңдері, жыныстары бірдей немесе әртүрлі болуы мүмкін. Негізі ғылымда егізді қалыпты жағдайдан ауытқуышылық деп есептейді.
– Қызық екен, – деді Зағипа әңгімеме қызуғышылық танытып. Ұлды немесе қызды болуды жоспарлауға бола ма? Қандай да бір тәсілдерден хабарыңыз болса айтып беріңіз.
– Қандай журналда екені есімде қалмапты, «Советская Россия» деген газеттен аударып басылған, «Ұл керек пе, қыз керек пе?» деген бір мақалада мынандай деректер келтіріледі. Мақалада «Ұлды немесе қызды болуды алдын-ала жоспарлау мүмкін нәрсе ме?» деп сұрақ қойылады да, жауабын былайша береді. Қалмақтардың халықтық медицинасында болашақ нәрестенің жынысын «есептеп» шығару үшін ерлі-зайыптылардың бала бойға біткен күнге дейінгі жас мөлшері, жылы, айы, күніне дейінгі нақтылықпен есептеп шығарылады. Ер адам мен әйелдің биоритмдік көрсеткіштеріне орай әкесінің жасы төртке, ал шешесінің жасы үшке бөлінеді. Нәтижеде шыққан ондық бөлшектерді салыстырады. Болашақ баланың жынысы кімнің бөлшегі көбірек болса, соған тартады. Қалмақ халқының емшілері бұл орайда ешқандай қателеспейтін көрінеді.
Әйел ағзасындағы жатыр мүйіздерінің жоғарғы жағында орналасқан жыныстық жұмыртқаларда ұрықтық клеткалардың пісіп-жетіліп, бөлінуін ғылыми тілде «овуляция» дейді. Яғни ер кісінің ұрықтық клеткаларымен (сперматозоидтар немесе живчиктер) қосылып, ұрықтануға дайын болу кезеңі. Бұл овуляция «айлық қонағы» (менструация) әр 28 күнде келетін (ол әр түрлі болады, 21 күннен 32 күнге дейінгі аралықта) әйелдердің айлық қонағы келген күннен есептегенде 14–ші,15–ші,16–шы күндері өтеді. Жас мөлшерлерін есептегенде соңғы келген «менструацясының» басталу күні мен баланың бітуі мүмкін ең қолайлы күндер деп осы 14–ші, 15–ші,16–шы күндерді белгілейді.
Бұл болжам құпиясын тексеріп көрген И.Лукин деген дәрігер 1916 жылы бір мың әйелдің жүкті болған күнінен есеп жүргізіп, көне тәсілдің 95,6 пайызға дәл шыққанын мәлімдеген. Кейінгі кейбір тексерулер ерлі–зайыптылардың жас мөлшері, жылы, айы, күніне дейінгі дәлдікпен есептегенде, болжам 99 пайызға тура келгенін көрсеткен.
Яғни, бұл болжам бойынша ұл бала көргісі келетін ерлі-зайыптылар ерлерінің жас мөлшерін 4–ке бөлгенде шығатын ондық бөлшек әйелінікінен көп болатын кезеңді күтіп барып бала бітетін қатынасқа барулары керек. Бұл тәсіл 1990 жылы Кентау қаласында басылған «как получить ребенка желаемого пола» деген кітапшада келтірілген.
Тағы бір тәсілді американ ғалымы Б.Ландрам Шетез ұсынған яғный сперматозоидтарды күңгірттелген микроскоп арқылы зерттей отырып у-хромосомалы (ұл болатын) ұрықтардың бас бөлігі дөңгелек, х-хромосомалы ұрықтардікінен кіші болатынын және у-хромосомалы ұрықтардың қозғаушы құйрықтары ұзындау келетінін және у-хромосомалы ұрықтардың саны х-хромосомалы ұрықтарға қарағанда екі есеге жуық көп болатынын анықтаған. Ал х-хромосомалы ұрықтардың басы үлкен, сопақшалау болатынын айқындаған. Одан соң бұл айырмашылықтардың себептерін зерттей келе олардың олай болуы әйел қынабындағы сұйықтықтың қышқылды орта болатынына байланысты екендігін дәлелдей түскен. Өйткені қышқылды орта ұрықтардың екі түрінде шектеулі әсер етеді. Тек ерлердің қыз болатын х-хромосомалы ұрықтары ірі болғандықтан қышқыл ортаға шыдамды келеді. Олар әйел қынабына түскеннен кейін екі-үш күнге дейін өлмейді. Ал ұл болатын ұрықтар 24 сағатқа ғана шыдауы мүмкін. Қыз болатын ұрықтардың қарағанда екі есеге жуық көп болатын себебі шығынға көбірек ұшырайтын көрінеді. Жатыр мойын ішіндегі сілтілік сұйықтық орта ұрықтардың екі түрінен де жағымды әсер етеді. Әсіресе ол әйел ағзасындағы аналық жұмыртқалардан аналық ұрықтар бөлінер кезде, овуляция кезінде күшейе түседі. Міне, сондықтан бұл тәсілдің режимі бойынша егер болашақ нәресте қыз болсын десеңіз, жақындасар мерзімді овуляция болар күннен екі–үш күн бұрын белгілейсіз.
Қышқылды ортада көбірек уақыт болған ұрық құрамында ұл болатын ұрықтар күшін жоғалтады немесе нашарлайды. Егер ұл көремін десеңіз, қатынасты мүмкіндігінше овуляция кезеңіне жақын кезге белгілеп, әрбір қатынас алдында әйел қынабын 2 асқасық ас содасы ерітілген 1 литр ерітіндімен шайып тастап отыру керек. (тек ас содасын пайдалану керек) Ұрықты барынша тереңге тастауға әрекет ету керек. Ұрық тезірек жатыр мойнына, яғный жағымды сілтілі ортаға өтеді де ұл болатын ұрықтар күшін сақтай отырып тез қимылдау арқасында аналық ұрықпен қосу мүмкіндігі арта түседі. Олардың 24 сағат қана өмір сүретінін ұмытпау керек.
– Міне, бұл әдістеріңіз ойға қонатындай әрі қиындығы жоқ тәсілдер екен. Бұған ынта-ықылас, дәл есеп болса жетіп жатыр емес пе? – деді Зағипа. Одан соң сәл ойланған ол:
– Жаңа сіз айтқан бір тәсіл күніне дейінгі дәлдікпен есептегенде нәтиже 99 пайыз тура келген дейсіз бе?
– Иә, біраз есеп жүргізуге тура келеді.
– Мысал келтіріп айтсаңыз түсінікті болар ма еді?
– Бір мысал келтіріп айтайын, – деген мен Зағипаға қағаз қалам әкелуін өтіндім. Ол дереу қағаз, қалам әкеліп стол үстіне қойды.
– Мысалы, бір ерлі–зайыпты ұл көргісі келді дейік, күйеуінің жасы 30 да, әйелінің жасы 28 де деп алайық. Ең алдымен күйеуінің күнін есептеп шығарайық. 1970 жылы қыркүйек айының 10–шы күні туылған дейік. Ал есеп жүргізген уақыт 2000–шы жылдың мамыр айының 5–ші күні болсын. Алдымен 1970 жылдың, өзі туылған 10–шы қыркүйектен жыл соңына дейінгі күн санын есептейік. Яғный 20+31+ 30+31=112 күн. Одан соң 2000 жылдың басынан осы күнге дейінгі күнді есептейік 31+28+31+30+5=125 күн. Енді 30–дан 1970 жыл мен 2000–шы жылды шығарып тастаймыз. 28 жыл қалды. Енді осы 28–ді 365 күнге көбейтейік 10220 күн шықты. Осыған 112 мен 125 күнді қосамыз. 10457 күн болды. 30 жылдың ішінде кібісе жыл 7,5 рет келеді. Жартыны бір деп есептеп 8 күн дейік. Яғни 10457+8=10465 күн болды. Осы санды 4–ке бөлеміз 10465:4=2616,25 күн шықты. Ондық есептегі 25–ті белгілейміз.
Енді әйелінің есебін жасаймыз.
Әйелі 1972 жылы маусым айының 20 күні туылған деп алайық. 1972 жылдың маусым айының 20–нан бастап жыл соңына дейін 10+31+31+30+ 31+30+ 31=194 күн болды. Енді осы 2000–шы жыл басынан күнін есептесек 31+28+31+30+5=125 күн шығады. 28 жасынан осы екі жылды шығарамыз. Яғни 26 жасын 365 күнге көбейтейік, 9490 күн болды. Бұған 194 күн мен 125 күнді қосамыз, 9809 күн болады. Бұған кібісе жыл есебінен 7 күн қосамыз. Сонда 9816 күн шығады. Мұны үшке бөлеміз. 3272 шығады. Мұнда ондық қалдық жоқ. Бұл жағдайда дәл осы кезде бойға біткен нәресте ұл болып туылады. Өйткені нәрестенің жынысы кімнің ондық бөлшегі көп болса соған тартып туылады. Біздің мына есебімізде күйеуінің бөлшегі 25, ол әйелінікі 0 болып тұр. Енді екеуініңде бөлуі керек санына 15 күннен қосып есептейік. Күйеуінікі 10465+15=10480:4=2620,00 әйелінікі 9816+15= 9841:3=3280,33 болып шығады. Бұл кезеңде бойға біткен нәресте қыз болып туылады. Өйткені күйеуінің ондық бөлшек қалдығы 00, ал әйелініңкі 33 болып тұр. Яғни алғашқы есептен 15 күн өткен соң барып жыныстық қатынасқа түскен мақұл деуге болады.
– Не себептен ер кісіде екі түрлі хромосома бола тұрып кейбіреулерде ұдайы тек х түрі ғана аналық ұрықпен қосылады? Яғни әйелі ылғи қыз туады? – деді Зағипа.
– Мен айтар болсам, мұны реттеуге әлі қол жеткен жоқ. Бұл табиғи жыныс тепетеңдігі заңдылығынан туындайтын тәрізді. Мүмкін қандайда бір ағзадағы ауытқулар салдарынан, гормондық құрылым ара-қатынасының үлес салмағының бұзылуынан болуы мүмкін. Осындай ауытқулар у-хромосомалы сперматозоидтың қабілетін төмендететіндей әсер беруі де мүмкін деуге болады. Мұны халық медицинасында немесе білгір тәуіптер әйел не ерлер денесін суық жайлағаннан болады деп түсіндіреді. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптыларды түз кендерінің балшығына түсуге, біыраз уақыт бала көтерерден алдын жас биенің етін жеуге, қымыз немесе саумал ішуге бұйырған. Бұл шаралар денедегі суықты кемітіп, ыстығын арттырады, әйелдің ұл бала көтеруіне себеп болады дейді. Мүмкін бұл әрекеттер шынында да ерлердің у-хромосомалы ұрығының күшін арттыруға, немесе әйел ұрығының тек у-хромосомалы ерлер ұрығымен қосылу мүмкіндігін арттыруға себеп болуы ла кәдік. Халықтық емдеу тәсілі – мыңдаған жылдардан бері қалыптасқан тәсіл, оны үзілді-кесілді жоққа шығаруға болмайды.
Жылқының етін қан қысымы жоғары адамдар абайлап жеуі керектігін есте сақтаған жөн. Одан соң халық арасында қалыптасқан кейбір ырымдарға көңіл аударған дұрыс дер едім.
– Мәселен? – деді Зағипа.
– Мәселен, туылған қыздардың есіміне байланысты ырымды алайық. Қыз болған, Ұлжан, Жаңыл, Ұлдар, Ұлтуар сияқты. Мұнда да әжептеуір мән бар. Бұл үлкен үмітке жетелейтін, ерлі-зайыптылар көңіліне, Құдайдан сұрап тиісті есімін қойдық, ендігі перзентіміз ұл болар деген үміт пен сенім ұялатады. Медицинада науқасты сендіру емнің жартысы деп есептелінеді. Бұл әрекетте орталық жүйке жүйесінің жұмысын бір бағытқа шоғырландыруға азда болса да қол жеткізуге болады десе болғандай. Бүкіл ағзадағы табиғи құбылыс – зат алмасу, өсіп–жетілу, жалпы айтқанда, өмір ағымы орталық жүйке жүйесінің бақылауында болады десек, ағзадағы қандай да бір құбылысты керекті бағытқа бұруда орталық жүйке жүйесінің атқарар рөлі өте жоғарғы деңгейде екендігі түсінікті. Көңілге кәміл сенім ұялатып, аздап болса да орталық жүйке жүйесінің ағзаны басқару, реттеу, жұмысының кейбір тармағын керекті бағытқа бұруға септігін тигізуі мүмкін.
Емделу кезінде қабылдаған дәрі-дәрмектерге, физиотерапиялық тәсілдерге осыдан жазыламын деп ниет етіп, сеніммен қараған дұрыс. Яғный қыздарға жоғарыдағыдай есімдер қою бұл да сенімділіктің бір түрі деуге болады. Хромосомадағы ДНК молекулаларының құрамына кіретін гендер белгілі бір ретпен түзіледі. Оларды «генетикалық код», немесе «нәсілдік негіз» деуге болады. ДНК төрт негіздік амин қышқылдары нуклеотидтерінен: аденин, гуанин, тимин, цитозин және ауысымдық урацилден тұрады десек, гендік код міндетті түрде осы нуклеидтердің үштік бірлігінен құралады. Яғни, ғылыми тілде «триплет» деп аталады. Әрбір гендік молекула ағза құрамындағы әрбір ағымға, құрылым бөлігіне, түр–түс қасиеттеріне жауапты. Осындай «үштіктер» (триплеттер) саны – 64. Яғный үштіктердің ауысымдық құрылу түрлері (комбинация) шексіз деуге болады.
Міне, осы үштіктер құрылымын реттеуге бағытталған көтпеген тәжірибелер, жұмыстар жүргізілуде. Яғни, «гендік инженерлік ісі» деген жаңа ғылым саласы қалыптасуда десе болғандай (генная инженерия). Жоғарыда айтылған генетикалық кілтті өзгерту арқылы зор мүмкіндіктерге қол жеткізу ғажап емес. Айталық, денсаулық саласында көптеген ауруларды, дене құрылымындағы ауытқуларды емдеуге, мал шаруашылығында малдардың салмағын бірнеше есе арттыруға, төл түсімін молайтуға мүмкіндік болар еді. Егістіктердегі арам шөптерді белгілі бір сәулелермен генетикалық кілтіне әсер ету арқылы жойып жіберуге, немесе мәдени өсімдіктердің әртүрлі ауруларға, зиянкес жәндіктердің әсеріне төзімділігін арттыруға қол жеткізілсе қаншама шығын үнемделер еді десеңші.
– Шыныда да зор мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашылар еді деуге болатын тәрізді, – деді Зағипа таңдана ойланып.
– Және бір ырым, – дедім қыздарға есім қою турады әңгімеме қайта оралып. – ¬ыздардың есімдерін ұйқастырып қоймау керек делінеді. Мысалы, Нұрсұлу, Хансұлу, Жансұлу, немесе Айнұр, Балнұр, Жаннұр дегендей.
– Неге?
– Ары қарай қыз туылуы жалғасып кете беруі мүмкін деп жорамалданады.
– Солай ма? – деген Зағипа сәл-кем ойланды да. – Ерлердің ұрық құрамының сапасын арттыруға медицинада арнайы емдер болуы мүмкін дейсіз ғой? Халық емі мен ырымдардан басқа демекшімін? – деді әңгіме бағытын аздап өзгертіп.
– Әбден мүмкін, – дедім осы әңгімеден алдын, ерлі-зайыптылардың күндік есебін есептеп шығарып қойған қағазға қарап отырған оған көз тастап.
– Күйеуімнің ақымақтығын ойлап отырмын. Ары-бері ізденіп, осындай әдістерді зерттеп, қажет болса емделудің орнына бар кінәні маған аударып кеткенін қараңыз. Кейінгі алған әйелі де екі қыз туыпты деп есіттім. Үшіншісі қыз болса одан да ажырасарма екен қайдам?
– Сен одан да өз жағдайыңды ойлағаның мақұл.
– Нені ойлауым керек?
– Қыздарға төркін керек. Өзіңе сүйеніш керек. Қыздар ертең өскен соң тұрмысқа шығып кетеді. Яғни басқа бір-бір үйдің адамдары. Жасың әлі жас. Өзіңе сүйеніш болатын, үйіңе егелік ететін бір–екі бала туып алғаның мақұл, әлі мүмкіндігің барда.
– Иә, дұрыс айтасыз. Кейінгі кезде мен де ойланып жүрмін. Тағы да қыз туамын ба деп те сескеніп жүр едім. Мына айтқан тәсілдеріңізді пайдаланып көрсем қалай болар екен деп те отырмын, – деген Зағипа. – Ойбуй, ағасы-ау, таныспаппыз да ғой әлі, – деп сықылықтай күлді де, – менің есімім – Зағипа, – деді маған күлімсірей қараған бойы қолын ұсынып.
– Заңгар, – дедім мен де қолын алып. Қолы ыстық, жұмсақ екен. Жібермей біраз ұстап отырдым.
– Менің жағдайымнан хабардар болдыңыз. Енді өзіңіз туралы айтып берсеңіз, – деді Зағипа әлі күлімсіреп отырған бойы.
Мен әйелімнің бар екенін, Құдайдың берген 3 бала, 3 қыз тәрбиелеп отырғанымызды, жоғары білімді екенімді, көптеген жылдар мал шаруашылығында қызмет еткенімді, енді бір кооперативтің зоотехнигі екендігімді айтып шықтым.
– Не шаруамен келіп едіңіз қалаға? – деді Зағипа.
– Ішкі істер бөлімі бір құжат талап еткен екен. Соны әкеліп едім, – дедім. Ақша туралы айтқан жоқпын.
– Ертең қайтасыз ғой?
– Жоқ, бір шаруаларым бар. Қалада 2–3 күн боламын.
– Аға, қонақ үй іздеп әуре болмаңыз. Үйге келіп жатып тұрыңыз. Сізден өтініп сұранамын. Мына ата-ата деп жүрген қыздарымның құмары басылсын. Бір жағы менің де ойымды түсініп, мәнді әңгімелер айыттыңыз. Тағы да әңгімелесейік. Жаңағы бір екі бала туып алуды ой елегінен өткізейін. Өзіңізбен келісіп шешсем деймін ол мәселені, – деді Зағипа өтініш білдіре тіл қатып. Мен сәл-кем ойландым да:
– Жарайды, сөйтсем сөйтейін, – дедім. Зағипа ішкі бір бөлмесіне төсек салып берді. Шешініп тастап, жатып ұйқыға кеттім.
Зағипаға үйленетін болдым
Ертеңіне кешке тағы үйінде кездестік. Ата-ата деп шұрқырай қарсы алған қыздарына дүкеннен балмұздақ, тәтті күлшелер әпердім.
– Мен кешеден бері көп ойландым, – деді Зағипа түнде қыздары ұйықтап қалған соң, қайтадан шәй демдеп столға қойды да, менің қасыма отырып жатып, – Бір шешімге келген сияқтымын.
– Айта бер, құлағым сенде.
– Айтсам, – деп сәл кібіртіктеген Зағипа. – Құдай берген ұлдарды мен сізден көтерсем деген шешімге келдім, – деді де құлағына дейін қызарып кетіп төмен қарады.
Мен оған жалт қарадым. Басқа не айтса да мүмкін дер едім. Бірақ мына ұсынысты мүлде күтепеген болатынмын.
– Ау, Зағипа, қарағым, кеше айттым ғой, мен, Құдайға шүкір, жанұялы, әйелім бар, балалы-шағалы адаммын. Одан соң екеуміздің жас айырмамыз 20 жылдай. Өзіңе жасы шамалас, күш қайраты мол, жібі түзу деген біреуді икемдесең болмай ма?
– Ол жағын да ойландым, – деді Зағипа маған тура қарап. – Жасы өзіммен шамалас күйеуімнің жағдайы анау болды. Енді және біреуді іздестіріп, онымен түсінісе аламынба, түсінісе алмаймынба? Ол қандай адам болып кездеседі? Ода нда басалқалы ес тоқтатқан, Құдайға тоба дейін, ұлдары да бар, қыздары да бар, әрі қолданылатын тәсілдерден толық хабардар, жол-жобасын жақсы білетін өзіңізді дұрыс көрдім. Кешеден бері ашық сырласып, сізді бұрыннан білетіндей бір сезім құшағында жүргендеймін. Ашық айытқаным үшін кешірім өтінемін. Ересек болсаңызда өзіңізді ұнатып қалған тәріздімін. Сізді қайдам, менің ықласым ауды. Баланы өзіңізден көтеруді ниет еттім. Сізден өтінерім жоқ демеңіз. Жақын қатынасқа барып, одан бала көтерсе басыма бәле болады деп ойламаңыз. Құдайға шүкір сізге масыл болмай өз күнімді өзім көретіндей шамам бар. Тек маған, Құдай қолдап, ұл тууға себепші болсаңыз. Сол туылған балаға фамилияңызды берсеңіз. Анда–санда келіп хабарласып тұрсаңыз болды.
Мен үндемей ойланып отырмын. Бұл қандай тірлік болайын деп тұр өзі? Бұған Айалтын не дер екен? Жатып ашуланбаспа екен? Әй ол жоқ дей қоймайды мен білсем. Өте пейілі кең ғой байғұстың. Мына Зағипаның сөзіне қарағанда зияны тие қоймайтын сияқты. оның жағдайын ашық айтып көңілін қимадым десем, дұрыс етіпсің деуі мүмкін Айалтынның. Оған бірден айытпай Зағипа көтеріп босанған соң айытсам? Онда қайта бұрын неге айытпадың деп ұрысуы мүмкін.
– Көп ойландыңыз ғой, аға. Не болды? Не шешімге келдіңіз?
– Ұлдарың, қыздарың бола тұрып екінші қатын алғаның қалай демес пе екен туысқандарым?
– Екінші әйел алған еркек аз дейсізбе? Сіз бір жағы мен үшін, менің өтінішіме орай, маған үйленбекшісіз ғой. Қай уақта болмасын әңгіме шындығына барады емес пе?!
Одан ары мен бұрылатын жол қалмаған сияқты.
– Жарайды. Сенің дегенің болсын. Бірақ ертең екеуміз мешітке барып некемізді қидырамыз.
– Неге?
– Мен баланың некесіз туылғанын қаламаймын. Ондай баланың шариғат түсінігі бойынша тағдыры ауырлау болатыны туралы айтылатынын есіткен сияқты едім. Мешітте мұсылманша неке қидырған соң ЗАГС-ке барып тіркеліп куәлік аламыз.
– ЗАГС–ке барамыз ба?
– Ертең бала көтеріп туылған соң метірке алмайсың ба? Әрі некемізді заңды түрде куәландырамыз. Яғни менің заңды әйелім боласың. Қалада отырған бір үйіміз болып есептелінесіңдер.
– Рахмет аға! Көп-көп рахмет! Менің жағдайыма түсіністікпен қарағаныңызға! – деді Зағипа риза болып. Жас шамаларымызға қарай күндерді есептеп шығардық. Менің ондық бөлшегім көп болып шықты.
– «Айлық қонағың» қашан басталды? – дедім оған күндерді есептеп болып.
– Бүгін 14–ші күн болды.
– Ертең неке қидырсақ түнде қатынасқа барамыз. Ұмытпасаң, етеккір басталған күннен есептегенде бала көтеруге ең мүмкіндігі мол күндер 14–ші, 15–ші, 16–ші күндер дедім ғой. Алла-тағала өзі ыңғайына келтіріп тұрған мүмкіндік десек болады мұны, – деген мен бет-жүзі алаулап, шаттанып күлімдеп отырған оның келбетіне көз тастадым. Жүрегім дір етті. Еркек емеспін бе. Ақ сазандай балтырларына, әдеміше келген бой тұрқына, аққұба жүзіне, пияладай төңкерілген омырауына көзім түсіп делебам қозып кетті. Оны ақырын икемдеп өзіме қараттымда, қапсыра құшақтай алып, аузынан құшырлана сүйдім. Ол да менің әрекетіме ыңғайлы жауапты қимыл жасап икеміме көне берді. Екеуміз ұзақ сүйістік.
– Бүгінге осы жеткілікті, – дедім оны құшағымнан босатып. – Ертең неке қидырған соң негізі тірлікке кірісеміз.
Зағипа қуана күлімсіреп орнынан тұрды да келесі бөлмеге маған төсек салуға кетті. Ол өте қуанышты еді! Көптен бері еркек құшағын көрмей аңсап жүрген байғұсқа, менің құшақтап, арқасынан қағып, сүйгенім майдай жақты-ау, шамасы! Жанарынан нұр шаша маған күлімдей қайта-қайта қарағыштап бара жатыр. Мен де оның көңілін қалдырмағаныма өзіме өзім риза бола күлімсіредім.
Екінші әйелімді біріншісімен таныстырдым
Ертеңіне неке мәселесін толық шешіп үш күн қатынаста болдық.
Одан кейінгі күні ауылға қайттым.
– Кешіктіңіз ғой, отағасы, жұмыстарыңыз тынды ма, әйтеуір? Неге шақырғанын білдіңіз бе? – деді Айалтын маған шәй құйып беріп отырып.
– Білгенде қандай, – деген мен оған ақша туралы айтып бердім.
– Жүз мың доллар дейсіз бе? – деді Айалтын сенер-сенбесін білмей.
– Иә, жүз мың! Айеке, жүз мың доллар! Құдай қаласа, мал, қаладан бір-екі үй сатып аламыз. Қалғанын банкке депозитке қоямыз. Шетінен алып керегімізге жаратамыз. Мына балдар, қыздар оқуды бітірейін деп отыр. Қызметке тұруы керек. Кейбіреулері енді оқуға барады. Ертең қыздар тұрмысқа шықса соған жаратамыз дегендей, – дедім мен де қуана сөйлеп.
– Құдайға шүкір! Тәуба! Құдай қарасыпты бізге! Тіпті жақсы болған екен! Әлгі өсиетнама жазған кісінің Аллаһ-Тағала жайын жәннатта ете көрсін! – деді, Айалтын менің қуана айтқан сөздеріме қуанышты райда қосыла сөйлеп.
Осындай қуанышты сәтті пайдаланып Айалтынға Зағипаға үйленгенімді жайып салып, оның жағдайы туралы бар шындықты айтып, көңілін қимадым дедім, төменшіктей сөйлеп. Айалтын сөздерімді беймарал сабырмен тыңдап болды да:
– Үш қызы бар екен дейсіз бе? –деді сәл ойланып.
– Иә, әлі жас олары.
– Несі бар, ертең бой жеткен соң бет-бетіне кетеді ғой олар. Аллаһ-Тағала нәсіп етіп сізден ұл туып алса соның қолында отыра береді емес пе?! – деп отырғой мың жасағыр Айалтын! «Бұл не еткенің? Менен көңілін қалыппа еді? Екінші әйел алғаның қалай? деп шошына тулап ашуланатын шығар? Олай десе не деп айтамын» деп қауіптеніп отырған мен оған аса риза кейіпте мейірлене қарадым. Оның сондай ақкөңіл кең пейілдігіне көңілім босам көзіме жас келді. Аллаһ-Тағаланың осындай әйелді нәсіп еткеніне шүкіршілік етіп шын риза болдым.
– Босаңсымаңыз, – деді Айалтын. – Адамға адамның зияны жоқ. Тек әзірше мұны балаларға айтпай тұра тұрайық.
– Айеке, шыли ақкөңілсіз ғой, Алла сол пейіліңе жақсылықтарын мол етіп берсін! Рахмет саған! Алланың нұры жаусын, – дедім басқа не дерімді білмей.
– Айтқаныңыз келсін, – деген ол. – ¬алаға жолыңыз түссе мені де ала барыңыз. Барып сөйлесіп, танысып жағдайын тереңірек біліп қайтаын. Қаладағы қажет азықтың бірі ғой. Бір қой сойып ет ала барайық. Ағасы, інісі бар дейсіз. Оларымен де танысып араласайық, – деп отыр Айалтын.
– Алла нәсіп етіп ұл тусам содан соң ағама, ініме айтып сізді таныстырамын деген Зағипа.
– Оныкі де дұрыс. Алдын ала даурықпайық деген болса керек. Келешегі істің не нәтиже берері бір Аллаһтың қолындағы тірлік қой, – деген Айалтын орынан тұрып сыртқа беттеді. Мен иығымнан ауыр жүк түскендей жеңіл тыныстадым.
Содан арада 20 күндей өткен соң бір қой сойып алып, Айалтынды қасыма міңгізіп Зағипаның үйіне келдім.
– Ура, атамыз келді, апамыз келді, – деп қыздары алақайлай қарсы алды. Қолдарына майда ақша беріп едім, дүкенге қарай жарыса жүгіріп кетті.
Жұмыстан енді келген Зағипа есік алдына шығып бізбен қол беріп амандасты да Айалтынға қарап таңдана тұрып қалды.
– Біздің үйдегі апаң Айалтын ғой, – деп таныстырдым Зағипаға. Зағипа дереу Айалтынның қолын алып, бетінен сүйіп ізет көрсетіп жатыр. Айалтын да Зағипаның бетінен сүйіп құшақтасып арқасынан қақты.
– Ішке өтіңіздер, жайғасыңыздар. Бұл да бір үйлеріңіз ғой, – деп жік–жаппар болып жатыр Зағипа. Айалтынның жүзіндегі мейірімділікті байқап еркін тыныс алғандай болды Зағипа. Мен де еркін тыныс алдым, шешініп жайғасып отырып жатып.
Бірін–бірі бұрыннан білетіндей екі әйелдің әңгімесі жарасып-ақ жүре берді. Кешкілік екі әйел бір бөлмеге, маған оңаша бір бөлмеге төсек салып берді. Онша ұйқым келмей байқағаным, екі әйел ұзақ әңгімелесіп жатты. Әлден уақыттан соң ұйықтап кетіппін. Таңға жақын біреу қойныма кіріп келе жатыр. Сасып қалған мен:
– Бұл кім? – деп едім жай сөйлеп.
– Мен ғой, – деді Зағипа ентіге дем алып.
– Апаң сезіп қойса ұят болмай ма?
– Жолдан шаршаған сияқты. Қатты ұйықтап жатыр.
– Бүгінше қоя тұрмадың ба? – деп сыбырлап едім:
– Сізді қатты сағындым. Шыдамым жетпеді, – деді Зағипа да есітілер есітілмес сөйлеп.
– Не жаңалығың бар? – дедім тыныстап жатқан сәлден кейінгі уақытта.
– Етеккірім кешігіп жатыр. Келетін уақытында келмеді.
– Құдай қаласа бала біткен болар. Босанып болғаныңша мүлде келмеуі мүмкін, – деген мен оны құшақтап аузынан құшырлана сүйдім де, – енді бара ғой орныңа, – дедім. Ол тұрып бөлмесіне кетті.
Содан 15–20 күнде келіп кетіп тұрдым. Бір келгенімде:
– Ішімдегі бала төрт айлық болды,–деді қуана күлімдеген Зағипа, – кеше УЗИ-ға түсіп едім, ұл деді!
– Құтты болсын! Аман-есен босанып алуыңа тілектеспін!
– Рахмет, – деді ол еркелей мойнымнан құшақтап.
Айы–күні жетіп, Зағипа ұл туды. Оның босанған күнінің ертеңіне Айалтын қалаға келіп, перзентханадан шыққанша жағдайына қарасып, үйіне, қыздарына басшылық жасады. Емханадан шығарып тағы 5–6 күн жәрдемдесіп барып ауылға қайтты. Тап бір Зағипаның шешесіндей қамқорлық жасады. Мен де 4–5 күн Айалтынмен бірге болып, Зағипадан хабар алып, керек-жарағын әперіп тұрдым.
– Апаң қалай? – дедім Зағипаға перзентханадан шығып үйіне келген күні Айалтын тысқа шығып кеткен бір кезде.
– Апаға мың рахмет! Алтын адам ғой апа! Не деген жүрегі кеңкеңпейілді жан десеңізші! Анамдай қарасып жүр ғой! Сізге де үлкен рахмет, қамқорлығыңыз үшін! – деді өте риза кейіпте сөйлеп.
Қыздарының да қуаныштарында шек жоқ. Біз інілі болдық деп алақайлап жүр. Баланың есімін Нұркелді деп қойдық.
Арада екі–үш ай өткенде Зағипа мән-жайды түсіндіріп айтқан болуы керек, ағасы мен інісінің келісімін алып 3–4 ағайындарымен құдалыққа шақырып, салтымыздың жол-жобасын жасадық. Кейін бізді олар шақырды. Сөйтіп араласа бастадық.
Кәмешпен тағы да кездестік
Арада 4 жылдай уақыт өтті. Зағипа және бір ұл туып алды. Есімін Бақкелді деп қойдық.
Зағипаның қуанышында шек жоқ еді. Аға, інісі де дән риза. Кейбір әбіржіңкіреген сәттерінде баяғы банктегі доллардан алып қаражаттан көмектесіп тұрдым. Інісі мал өсірумен айналысады екен. Біраз мал сатып алып қолына қойдым. Жаңа жайылым жер, қыстау сатып әпердім. Қыстауының басына 5 бөлмелі үй салдырып, барлық құрылыстың, жердің мемлекеттік актілерін әперіп заңдастырдым. Ары–бері жүріп тұратын жаңа жеңіл көлік, бір екі жүк машиналар, тіркемесімен екі беларус тракторын әперіп, мал өсіретін кооператив аштырып кәсіпкерлігінде заңдастырдым. Ағасының балалары жатып оқитын қаладан 4 бөлмелі пәтер сатып әпердім. Інісі 7–8 адамды жұмыспен қамтып, шаруашылығын жақсы деңгейде алып кетті. Ағасы кооперативінің бір мүшесі, інісіне көмекші болып тіркеліп, қолынан келген көмегін аянбай беріп жүрді. Қыстауынан насоспен шығатын су шығардым. Кішілеу электр станциясын сатып әпердім.
– Бұл тірлігіңіздің бәрінің өтемін қалай өтейміз? – деген Зағипаның інісіне:
– Малды көбейтіңіз. Келешекте мал қымбаттайды. Сол кезде малмен өтейсіздер, – дедім күле сөйлеп.
– Солай болсын, – деді ол менің ниетімді қостап.
Қысқасы, Зағипаның ағасы мен інісінің пысықтықпен ыждаһатты, ерінбей басқаруының, шаруаның көзін тауып жүргізе білгендерінің нәтижесінде шаруашылықтары үлкен фермаға айналып келе жатты. Қыстаулары біздің ауылдан 30 шақырымдай жерде еді. 5–6 күнде бір барып хабар алып тұрдым. Негізінен өсіріп жатқандары қой мен сиыр малы болатын. Ауылдарының малдәрігерлік қызметіне тіркеліп, ем-домды уақтысында жүргізіп жатты. Барлық шығынынан артылған пайданың 40 пайызын Зағипаның інісі, қалған пайданы 30 пайыздан ағасы екеуміз бөліп алатын болып келістік.
Бір күні көктемнің ортасы ауа Зағипа балаларын ертіп ауылға келді. Інісінің үйіне барып бір-екі күн демалып қайтпақшы екен.
– Апаны алып менімен бірге ала жүріңіз. Бұл жерден інімнің қыстауына баратын жолды жақсы білмеймін. Ертіп барыңыз, – деп Зағипа өтініш жасаған соң, мен де машинамды оталдырып Айалтынды мінгізіп алып, Зағипаның машинасының алдына түсіп, жол бастап жүріп кеттім. Күн түске таянып қалған мезгіл еді. 15 шақырымдай жүрген соң жол бір қыстаудың тұсынан өтетін. Бір шал мен кемпір, және бір жастау жігіт әйелімен сол қыстауды қоныс етіп мал бағатынын байқап едім. Кемпірі шалынан анағұрлым жас сияқты көрінетін. Жақын барып тілдесіп танысқан жағдайым жоқ. Ары-бері өткенде аңғарған болатынмын.
Сол қыстаудың тұсына жақындап келе бергенімізде әлгі үйдегі шал, есігінің алдында кемпірін таяқтап сабап жатқанын байқадым. Кемпірі екі қолымен басын қорғаштап бұқпантайлап барып етбетінен құлады. Жастау жігіт үйден жүгіріп шығып әйелді орнынан тұрғызбақ болып арашаға түсті. Шал оны да таяқпен бір-екі тартып жіберді. Жігіт бұрыла қорғанып, үйдің артына қарай қашқақтады. Осы кезде жатқан әйел орнынан тұра сала, бізді байқаған болуы керек, жанұшыра бізге қарай жүгірді. Шал жігітті қоя салып кемпірдің артынан жүгіріп қуып келеді. Әйел бірдеңе деп айғайлап бізге қолын бұлғап тоқта дегендей белгі беріп келеді.
– Не істейміз? – дедім қасымда отырған Айалтынға.
– Тоқтаңыз. Не жағдай екенін білейік, – деді Айалтын. Тоқтап машинадан түскенім сол, әлгі әйел жүгіріп келген бойы:
– Айналайындар! Мені құтқарыңдар мына бәледен, тастамай алып кетіңдер, өтінемін сендерден, – деді еңіреп жылап тұрып. Орамалы түсіп қалыпты. Бет–аузын қан жуып кетіпті. Басынан таяқ қатты тиген жерлерден шып-шып қан ағып бетінен төмен қарай кетіп жатыр. Осы кезде шал да келіп жетті. Келе ай-шай жоқ:
– Тығылған жерің осы ма?! Әкеңнің аузын..., шық бері! Түс алдыма, – деп аузынан былапыт сөздерді бората, қолындағы таяғымен әйелді бүйірден түртпек болып сілтей бергенде, таяғын жұлып алып шалды кейін қарай итеріп жібердім. Ол кезде 55–тен енді асқан кезім. Әжептеуір қайратты болатынмын. Жетпіске таянып қалған шалдың анау айтқандай қауқары жоқ көрінді. Мен итеріп жібергенімде қаңғалақтай шегіншектеп барып шалқасынан құлады. Артынан келіп қалған баласы сүйемелдеп орнынан тұрғызды. Төбелесетін болдық қой деп ойлана бастаған кезімде, баласы маған қарап:
– Кешіріңіз, шалдың мінезі шатақ еді, – деген уақытта сөйлеуге шамасы келген шал:
– Сен кімсің? Неге таяғымды жұлып алып, көкірегімнен итересің? – деп аузына келген боқтық сөздерді қардай боратсын. Баласы қойыңыз енді деп басу айтып жатыр.
– Әй, шал, – дедім оның балағаттағанына жыным келіп, – аузыңа қарап сөйле! Неге сонша балағаттап тұрсың?! Не үшін сонша ұрып дап-даласын шығардың бұл әйелдің?
– Онда сенің ісің болмасын. Ерлі-зайыптылар арасына килікпе, білдің бе!
– Неге ісім болмайды. Біреуді шырылдатып сабап жатса қалай арашаламаймын?
– Сабасам, қатыным. Сабаймын ба, қоямын ба өзім білемін!
– Қатының болса болар. Бірақ бұл да адам емес пе? Паспорты бар Қазақстан мемлекетінің азаматы ғой. Неге сонша зәбір бересің?
– Неге жаның аши қалды? Танысың ба немене?!
– Иә, бұл әйелді жақсы танимын. Сондықтан арашаға киліктім. Жасы 57–де, есімі Кәмеш қой? – дедім.
Бұл әйел сол баяғы Кәмеш еді. Шал қапелімде не айтарын білмей сәл кідірді. Айалтын «аптечкадан» мақта алып қанын сүртіп, жараларына иод жақтырып отырған Кәмеш маған жалт қарады. Сол баяғы танадай көздер. Түр-әлпеті қартая бастаса да көз қарасы қартаймапты. Оның көз қарасынан сен кімсің өзі дегендей таңданысты байқадым.
– Танысым де. Қандай танысың еді? – деді шал көздері шатынай сөйлеп.
– Онда жұмысың болмасын. Танысым дедім, танысым. Мен бұл әйелді қазір алып кетемін.
– Әкете алмайсың! – деді шал ызбарлана қарап.
– Неге әкете алмайды екенмін?
– Әкететін болсаң қатынымды тартып әкетті деп сотқа беремін.
– Қатыным, қатыным деп аузыңды қарыстай ашасың. Бұл әйелге үйленгеніңді заңдастыратын ЗАГС-ке тіркеліп пе едіңдер? Менің шамамда бұл әйелді қаладан әкелдің. Көп болса бір жылдай болған шығар. Содан бері не бітіріп жүрсің? Заңды әйелің болмаған соң қалай сотқа бересің, а? Ал мен қазір бұл әйелді ауылдың дәрігеріне апарып жарақаттарын тіктіріп таяқтан болған деп анықтама аламын. Одан соң мына тұрған екі машинадағы адамдарды куә етіп, мені балағаттағаның туралы акт жазамын. Сөйтіп, сотқа сені беремін. Қатын іздемек түгілі қара басыңды қорғай алмай қаласың әлі. Көзіңді көкшитіп темір тордың арғы жағынан шығармасам қарада тұр, – деген мен машинадағы пәпкіден қағаз алып акт жаза бастадым.
Шал не айтарын білмей үндемей отырып қалды. Актінің жазып болып Айалтынға, Кәмешке, Зағипаға қол қойдырдым.
Істің бұлай айланғанына шал да баласы да сасайын деді.
Бір кезде екеуі күңкілдесіп бірдеңені ойласты да баласы қасыма келіп:
– Аға, шалдың жасы үлкен, бір балағаттағанын кешіріңіз. Әйелді алып кетем десеңіз алып кете беріңіз. Шал оған қарсылығым жоқ деп отыр. Тек сотқа беремін деген райдан қайтыңыз.
– Әкеңе ешқандай дауым жоқ. Әкетуіме қарсы емеспін деп тілхат берсін. Одан соң мына актіге сен де әкең де қол қойып беріңдер, осы іс рас деп. Сонда мен сотқа беруден бас тартамын.
– Мақұл, – деп келіскен екеуі тілхат жазып, актіге қол қойып берді. Егер қыңқ етсең шал, мына акті бойынша іс қозғалады. Осы есіңнен шықпасын, – дедім шал мен баласына. Екеуі қолдарын көкірегіне қойып бастарын изеді.
Оның жағдайы мәз емес екен
Кәмешті машинаға отырғызып алып ары қарай кеттік. Кәмешті ауылдық дәрігерге апарып жарақаттарын тіктіріп таңдырып анықтама жаздырып алдым. Әрқилы жағдайға қарсы дегендей. Оған дейін шалдың қыстауынан былай шыққан соң:
– Сіз кімсіз? Мені қайдан білесіз? – деген Кәмешке:
– Баяғы мед.училищені бітірейін деп тұрғанда құда болайық деп айттырып барған арық, ұзынтұра, өзіңнен екі жас кіші жігіт есіңде ме? – деп едім:
– Ойбуй? Заңғар емессің бе?! – деген байғұс солқылдап жылап қоя берді.
– Міне? енді таныдың. Дегенмен миың ашиын депті. Күйеуіңді төмпештеп жатқанда 10 мың теңге беріп ажыратып алған кезде-ақ таныған едім сені. Сен мені танымадың. Бірақ қайта-қайта қарай бердің сонда.
– Айналайын–ау, он мың теңге берген сен бе едің? Күйеуім сен кеткен соң есін жинап, «әлгі адам он мың теңге берді? Қандай танысың еді» деп біраз күңкілдеп жүрді. Мен еш есіме түсіре алмадым сені, – деді жылағанын қойып әлі өкси дем алып отырған Кәмеш.
– Сен, жол қысқарсын, алғашқы мені жақтырмай бас тартқан кезіңнен бастап өмір тарихыңды қысқаша айтып бер. Ол картежник күйеуіңе не болды? Мына шалға қалай жолықтың? Балаларың қайда?
«Балаларың» деген сөзді естіген Кәмеш тағы сыңсып жылай бастады. Бір кезде сәл ойланып алды да әңгімесін бастады.
– Сол сені төбелеген балдардың сотынан кейін маған оқудан шығарылсын деген үкім шыққанын естідің ғой. Сол бойы оқуды бітіре алмадым. Сөйтіп жүргенімде баяғы жігітім қамаудан шығып келді. Әкем менің оған тұрмысқа шығуыма үзілді-кезілді қарсы болды. Мен әке-шешемді тыңдамай тұрмысқа шықтым. Колониядан денсаулығы болмай келген ол мен ұл босанып жатқанымда, дерті меңдеп кетіп ауруханаға түсті де, сол жерде қайтыс болды. Бала бір жарым жасқа келгенде күйеуімнің ағасы келіп «жалғыз бауырымның көзі, өзім өсіріп тәрбиелеймін, баланы бізге бер. Әлі жассың ғой, тұрмысқа шығып тағы туып аларсың» деді де қоярда-қоймай баланы алып кетті. Оқуымды жалғастырайын десем жағдайым жоқ. Әке-шешем сол екі арада қайтыс болып кетті. Екі ағам өз тірліктерімен өз күндерін әрең көріп жүр. Менімен істері болмады есебі. Сөйтіп құрылыста жұмысшы болып істеп жүрген екінші күйеуіме тұрмысқа шықтым. Одан араларын екі жыл салып екі бала тудым. Ол сорлы күйеуім карта ойнауға өлердей құмар болып шықты. Баяғы өзің көрген үйді де картаға ұттырып па, жоқ қарызына сатты ма әйтеуір, үйдеп айырылдық. Әр жерде пәтер жалдап жүрген күнімізде күйеуімді біреулер өлтіріп, есік алдына әкеліп тастап кетіпті. Оны жерлеп, қырқын өткізген бір күні нағашы ағалары келіп, «сен асырап бұл балаларды жеткізе алмайсың. Ыңғайы келген біреуге тиіп аларсың. Мына балдарды біз әкетеміз» деп алып кетті. Болмаса сиыр бағатын бір ағайымызға тұрмысқа шық. Біз қарасып тұрайық дегендеріне көнбедім. Сөйтіп, байдан, үйден, балалардан қол үзіп, жаңғыз өзім қалдым. Ағаларыма барып едім, әйелдері сиыстырмады. «Байдан байға шығып балаларын икемдемей жүрген бәлеңді басқа жаққа құрт» десіп күңкілдей берді. Бір дос құрбы әйелдің үйінде тұрақтадым. Ана жұмыс, мына жұмысты істеп жүрдім. Жаңағы шал сол құрбымның әкесінің ағасы екен. Әйелі қайтыс болып кеткен. Мені күндіз-түні айналдырып, «сол шалға тұрмысқа шық, шалдың ұл-қыздары бар, тек шай-суын беріп жағдайына қарасаң болды, қолыңды жылы суға батырып отырасың, малы көп өте бай адам. Бұрыңғы күйеуіңнен қалған балдарыңды әкеліп береді» деген соң бір жарым жыл бұрын сол шалға тидім. Ол шалдың қандай адам екенін шет жағасын көрдіңдер. Барып тұрған қаныпезер адам екен. Мені әйеліндей емес, есігінің алдындағы күңіндей көрді ғой. Балалар туралы айтып едім, «Менің біреудің балдарын асырауға зауқым жоқ, басымды ауыртпа» деп қайтарып тастады. Қит етсем таяқтап ұратынды шығарды. Бүгінгі жанжалымыз да сол балаларымды сағындым, барып бір көріп келейін деуден шықты, – деп әңгімесін аяқтаған Кәмеш терең күрсінді.
– Иә. Жағдайың мәз болмаған екен. Құдай оңдасын тірлігіңді, – деген мен. – Дәмеш есімді сіңлің бар еді ғой, ол қайда? – деп сұрадым.
– Ол бір полякка тұрмысқа шыққан. Қазір Польшада тұрады. Екі ұлы бар екен. Жағдайлары тіршіліктеріне жетер-жетпес көрінеді. Көптен бері хабарсызбын, – деді Кәмеш.
Дәрігерден шыққан соң Зағипанының інісінің үйіне келдік. Олар бізді қуана қарсы алды. Бір қойын сойып, дереу тамақ қамына кірісті. Сол жерде қасымызда бірге жүрген Кәмешке бірінші әйелім деп Айалтынды, екінші әйелім деп Зағипаны олардың аға-інілеріне таныстырдым.
– Екі әйелің бар екен ғой? – деді Кәмеш оңашалау отырған бір кезімізде.
– Иә, нәсіп екен, солай болды, – деп Зағипаға қалай үйленгенімді қысқаша айтып бердім.
– Апырай үлкен әйеліңнің жүрегі кең адам екен. Зағипаны туған сіңлісіндей көріп отыр ғой. Не деген татулық десейші! – деп тамсанып қойды Кәмеш.
– Көзің өтіп жүрмесін, түкіріп қой, – дедім оған әзілдеп.
– Тіл-ауызым тасқа, тіфә, тіфә, – деп сол жағына қарап түкіріп қойды Кәмеш.
Айалтын тағы мәрттік жасады
Ертеңіне ауылға қайттық. Үйге келген соң Айалтын, Зағипа, Кәмеш төртеуміз отырып Кәмештің жағдайын әңгіме еттік:
– Енді не істемек ойдасың? – дедім Кәмешке.
– Білмеймін ғой, барар жер, басар тауымның реті келіңкіремей отыр. Өздерің бір ақыл беріңдер.
– Мына есіктің алдындағы үш бөлмелі «времянка» бос тұр ғой. Сонда отыра берсін. Енді қартайғанда қайда барады сандалып, – деді Айалтын қамқорлық ете сөйлеп.
– Бір өзі отыра ма?
– Жағдайы бар. Балдарды тәрбиелеуге шамасы келеді деп сіз еге болып, ана күйеуінің нағашысындағы балаларын әкеліп берсеңіз. Сол балаларымен отыра бермей ме? – деді Айалтын маған қарап.
– Ондай болса қанекей, – деді Кәмеш көзіне жас алып. – Айналайын Алланың нұры жаусын, Заңғар, сөйтсең, есігіңнің алдындағы күңің болуға дайынмын.
– Ойда–қырда қарамағымызға алайық демекшісің ғой? – дедім Айалтынға.
– Енді қаңғыртып қайда жібересіз? Ағаларымен суысып кетіпті. Сіңлісі шетелде. Бұрыннан білетін адамыңыз екен. Сөйткеніңіз дұрыс-ау,– деді Айалтын кәдімгі ақкөңілдігіне басып.
– Зағипа сен не дейсің? – деп едім, Зағипа еш ойланбастан:
– Айайым дұрыс айтып отыр. Солай етіңіздер. Ертең ұлдарын үйлендірсе өз алдарына үй болып түтін түтетіп отырар, – деді Айалтынның сөзін толық қостап.
– Жарайды онда, ертеңнен бастап «времянканың» сыртын әктеп, сырлап жөндеуді бастаңдар. Осы 4–5 күннің ішінде балаларын әкеліп беруге әрекет етейік, – дедім орнымнан тұрып.
Кәмеш байғұстың қуанышында шек жоқ еді!
– Рахмет, рахмет сіздерге! Аллаһтың жақсылығы молынан болсын бәріңізге! Ұзақ жасауды, балаларыңның қызығын, тек жақсылықтарын көруді нәсіп етсін жаратқан ием Алла-Тағала, – деп қаупалақтады байғұс.
Бір екі күннен соң, времянканың жөндеу жұмыстарын аяқтасып, балаларын алып, Зағипа қаладағы үйге қайтты. Тағы 3–4 күннен соң Айалтын мен Кәмешті қасыма алып, Кәмештің күйеуінің нағашысының ауылына келдік. Мақсатымыз – Кәмештің балаларын алып қайту. Әлдеқандай жағдайға деп қалтама 2 мың доллар ақша салып алған болатынмын. Кәмештің күйеуінің нағашысы 70–тен асып қалған қарт екен. Үйіне кіріп төрге жайғасып отырған соң:
– Хош, жолдарың болсын, – деді Кәмешке жақтырыңқырамай қарап алып.
Мен қысқаша Кәмештің жағдайын айтып өз қарамағыма алғанымды, балаларымен өз алдына бір үй болып отырса деген ниетпен келгенімді айтып өтіп, Кәмештің балаларын берсеңіз деген өтінішімді білдірдім.
– Қарамағыңа алғаныңды қалай түсінуге болады? Сен кімсің өзі? – деді шал маған ежірейе көз тастап, – осыдан бір жыл бұрын жасы жетпістерге келіп қалған бір шалға тиіпті деп есітіп едім. Одан шығып енді саған тиіп алғаннан сау ма?
– Тиіп алды дейтін ештеңе жоқ. Жаңа шет жағасын айттым ғой. Ол шалмен осы балдар жөнінде қатты жанжалдасып жатқанының үстінен шығып, араша түсіп, екеуінің ынтымағы болмайтындай жағдай екенін пайымдап, ажыратып алғаныма он-он бес күн болды.
– Енді өзің алмақшысың ба немене?
– Қарамағыма алсам міндетті түрде үйленуім керек пе?
– Әрине, тиянақты табан тірейтіндей бір кепілдік болмаса қалай болады? Ертең балаларыңмен басыма бәле болдың деп қуып жібермеуіңе кім кепіл болады? Өзің немен айналысасың? Бұларды бағып–қағып тәрбиелейтіндей шамаң бар ма?
– Құдайға шүкір, шама келеді. Үлкен мал фермамыз бар. Бір кооперативте бас зоотехникпін. Фермамыз екінші әйелімнің інілерінің атында болғанмен табысты бөлісу жөніндегі келісіміміз бар. Жылдағы табысты солай бөлісіп жүрміз. Жаңа айытқандай және қызметім бар. Ол кооперативтенде алатын табысым әжептеуір.
– Екінші әйелімнің інісінің атында дейсің бе? Екі әйелің бар ма немене?
– Иә, мына отырған Айалтын есімді келініңіз бірінші әйелім. Екінші әйелім қалада тұрады.
– Солай де, «қазақ байыса қатын алады» дегендей, қатынды қос-қосынан алған екенсің ғой?
– Ақсақал мен табысыма мастанып алған жоқпын екінші әйелімді. Оның белгілі бір себептері бар.
– Қандай себеп екенінде шаруам жоқ. Бірақ мына әйелдің балаларын әкетемін, бөлек үй етіп отырғызамын дейтін босаң, бұл әйелмен некелесіп ЗАГС–ке тіркеліп куәлік аласың. Куәліктің көшірмесін әкеліп, сосын әкетесің балаларын.
– Сонда маған бұл әйелге де үйлен деп отырсыз ба?
– Енді қалай деп едің? Мен балаларымды сенімді қолға тапсырғаныма сенімді болуым керек қой, – деді қария қарсы сөз айтуға болмайтындай тіл қатып.
– ЗАГС-ке тіркеліп, осы әйелге үйленсе балаларын бересіз бе? – деді Айалтын әңгімеге араласып.
– Ойланып көремін, – деді шал қипақтаңқырай сөйлеп.
– Ойланатын түгі жоқ. Былай етейік, – деді Айалтын. – Ертең ауданға барып бұл екеуі ЗАГС-ке тіркеліп куәлік алсын. ¬азір сізге мына ініңіз, балдарды біраз уақыт бағып қаққаныңыз үшін біршама қаражат ұсынсын. Қарсы болмаңыз. Ал балдарды қазір мектептен келген соң бүгін беріп жіберіңіз. Отыратын үйін дайындап келіп отырмыз, – деген ол маған қарап сұқ саусағын шошайтып керсетті. Бұл мың доллар бер деген сөз екенін бірден ұқтым. Дереу қалтамнан ақшаны алып санай бастадым. Шал Айалтынға жалт қарады.
– Шырағым-ау, көңілі кең әйел екенсің ғой! Қызғаныш туып, ертең ырың-жырың болып жүрмейсіңдер ме әйтеуір? – деді шал мен санап отырған долларларға көзін қадап.
– Жоқ, ата, ондай нәрсе болмайтынына сол үйдің үлкен қатыны ретінде кепілдік беремін, – деді Айалтын сенімді нық сөйлеп.
Шалдың алдына мың долларды қойдым.
– Мінекей, ақсақал, мың доллар, санап алыңыз, – деп едім шал:
– Сенімді жігіт көрінесің. Несін санаймын, – деп ақшаны алып қалтасына салды да:
– Сонымен уәде, уәде ғой? Үш-төрт күннің ішінде әлгі куәліктің өзін көрсетіп, көшірмесін әкеліп бересің, – деді көңілі жайлана сөйлеп. Оның тықақтап отырғанының бір жағы жаңағыдай бірдеңе дәметіп отырғанын түсіндім сонда. Айналайын Айалтын, ол жерде де кең пейілділікпен бір ерлік жасады есебі.
Кәмеш үшінші әйелім болды
Сонымен, мектептен келіп, Кәмешті құшақтай жылап көрісіп омырауын иіскелеп табысқан, бірі 12, бірі 14 жасар екі баланы, Кәмешті алып ауылға қайттық...
– Әйеліңіз шынында кеңпейіл алтын адам екен ғой, – деді әңгімені ыждаһатпен тыңдап отырған үшінші серігіміз. Оған Заңғар:
– Айтары жоқ. Ондай шарт қойылады деп күтпеген мен үшін Айалтынның әлгі әрекеті шынында да ерлік болып сезілді сол кезде, – деді де. – Ары қарай тыңдаңыздар, бұдан да зор кеңпейілділігін есітесіздер, – деп әңгімесін ары жалғады ол.
– Содан ертеңіне Кәмешті алып ауданға барып, ЗАГС-ке тіркеліп, куәлік алдық. Оның бір көшірмесін шалға апарып бердім. Балаларды ауылдағы мектепке орналастырдым. Олар берген құжат негізінде бұрынғы мектебінен берілетін құжаттарын әкеліп орналастырылған мектепке өткіздім.
Бір айдай уақыт өтті. Кәмеш байғұстың екі езуі екі құлағында. Есіктің алдында бөлек үй болғанымен азаннан кешке дейін екі үйдің тірлігін атқарып, Айалтынға көмектеседі. Тамақты бірге ішеміз. Тек жатар жайымыз бөлек.
Бір сенбіде Кәмештің балалары біздің балаларға ілесіп, малды ауылға барып қайтамыз деп кеткен. Сол малды ауылға қонатын болып ертеңіне қайтпақшы. Кешкілік тамақты Айалтын, Кәмеш мен үлкен ұлымыздың бала-шағаларымен іштік. Кәмеш маған қайта-қайта қарап, кейде Айалтынға қарағыштап қойып, жататын үйіне бармай бізбен бірге көп отырып қалды. Айалтын да маған бір түрлі көзқараспен қарап қойып отырды. Мен онша мән бермей, балалар бөлмелеріне кеткен соң жатын бөлмеге бет алып едім:
– Отағасы, сәл кідіріңіз, – деді Айалтын екеуміз оңаша қалған бір сәтте.
– Не болды? – дедім оған таңдана көз тастап.
– Кәмеш үйіне бір өзі жатуға кетті. Балдары малды ауылда екенін білесіз. Бір өзі елегізи ме деп ойлап отырмын.
– Елегзісе ана келіннің ересектеу балдарының біреуін алып барып жатпай ма?
– Шалы бола тұрып, әлі бойы үйренісе қоймаған жас баланы алып жатқаны қалай болар екен?
– Мұнымен не демекшісің?
– Сіз өзіңіз барып жатыңыз. Заңды некедегі әйеліңіз ғой. Сырласып, өткен-кеткенді айтып әңгімелесіңіз. Құшағыңызға алып, ерлі–зайыптылардың міндетін өтегеніңіз дұрыс. Ол байғұс та әлі алпысқа жете қойған жоқ. Туатын жастан өтіп кетсе де, бойында әйелдік сезімі бар. Бірауық ерлі–зайыптылықтың тоятын алуға құқы бар емес пе! Біреудің тек қарамағында жүрген адам ғана емес, күйеуі бар екенін сезіну керек қой!
– Әй, Айалтын, шынымен, шын пейілмен айтып тұрсың ба? Жоқ мені сынап тұрсың ба?
– Шын пейілім. Қай кезде сізді сынап едім? Кейінгі кездері оның «мен де Зәкеңнің әйелімін ғой. Бір мезгіл көңіл бөлсе жақсы болар еді-ау» дегендей бір ойларда жүргенін сезіп жүрмін. Әттең, біз жасаған ізгілік істерден аттап өте алмай, бірдеңе деуге бата алмай жүр. Мен әйелмін ғой. Әйел сырын әйел жақсы түсінеді емес пе!
– Айналайын, Айалтыным менің! Неткен кең жүректі жан едің! Алла-Тағала осы пейіліңе берсін жақсылық, ізгіліктерінен мол етіп! Сенің айтқаның мен үшін заң. Сөзсіз орындаймын айтқандарыңды, – деп оны құшақтай алып бетінен сүйдім.
– Балалардың біреуі келіп қалса ұят қой, – деп құшағымнан шығып кеткен ол. – Барыңыз. Алланың атынан рұқсат, – деді күлімсірей сөйлеп.
Оның рең түрінен ешқандай жасандылық көрмедім. Шын көңілімен рұқсат беріп тұрғаны анық еді. Мен қадамымды ақырып басып Кәмештің бөлмесіне кірдім. Кірдім де аң-таң қалдым. Төсекті екі адамға қатар салған Кәмеш, түнгі көйлекпен жатыр екен. Шешініп болып қасына жата берген мені құшақтап алды. Айалтын күндіз Кәмешті ескертіп, бүгін шалыңды қасыңа жіберемін деп келіскендерін сезген едім сонда. «Көп жаса, Айалтын. Алла-Тағала балаларыңның қызығын көруді нәсіп етсін саған» деп ризашылығымды білдірдім оған, сол уақта.
Осылайша қыз күнінде қырық құбылып ұстатпаған Кәмешті есейгенде заңды әйел етіп алу нәсіп болған еді. Яғни осылайша үшінші әйелімді алған едім, – деп Заңғар әңгімесін аяқтады.
– Сонда өзіңіздің кіндігіңізден өрген балдар сегіз болса, бөтеннен өрбіген балдар бесеу, барлығы он үш болды ғой? – деді үшінші серігіміз әңгіме соңында. – Оларды асырау, тәлім-тәрбие беру қиындық туғызбай ма?
– Алла-Тағала әркімді несібесімен жаратады дейді. Әйтеуір, кім де болса несібесіз ете көрмесін! «Бір қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар емес пе! Қомақты қаражатты Тәңірімнің нәсіп еткені, сол балдардың несібесі шығар! Әйтеуір, тарыққан жоқпыз. Құдайым тарығудан сақтасын әр уақытта! Жұмысымызды жақсы жолға қойып, Жаратушының бұйыртқан несібесін теріп жеп жүрміз ғой. Алла-Тағалаға мың қайтара шүкіршілік деймін әр кезде, – деді үшінші серігімізге ойлана жауап берген Заңғар.
– Иә, саған Алланың мейірімі молынан нәсіп болсын! Көп рет көңіл қимастықпен көп ізгілік жасапсың. Ұзақ жасап, бақытты болуыңа тілектеспін, – дедім мен де оның әңгімесін тыңдап болып.
– Рахмет, – деді ол жымия бас изеп.
Жаңабай ТӨЛЕУІШ.