Атырауда 13 жастағы қызды бұралқы итттер талап тастаған. Қазір 8-сынып оқушысы жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиғаға туралы қыздың анасы айтып берді, деп хабарлайды “КТК” арнасы.
Ал қызының амандығын тілеген ата-ана "үстінде қалың киімі болмаса, қызымды иттер жеп қояр еді" дейді.
Кеше болған жантүршігерлік жағдайдан соң бүгін Атырау ауыл округінің тұрғындары бас көтерді. Тұрғындардың айтуынша, қаңғыбас иттер қорадағы малды қойып, енді адамдарға шаба бастаған. Ал олардың көзін құртуға заң рұқсат бермейді деп қапалы.
Айкөркем Рамазанова қыздармен би үйірмесінен шығып, үйіне келе жатқанда төрт ит шабуыл жасаған. Қасындағы құрбылары қашып үлгеріпті. Ал Айкөркемді айнала қоршаған бұралқылар әдбен жұлмалап, бет-терісіне зақым келтірген.
“Мынау масқара ғой! Ана жерде бір адам келіп құтқармағанда, жағдай не болар еді?! Өліп кетеді ғой тіпті! Әкімдік қайда қарап отыр? Мына иттерді қарамай ма?! Ауылдың екі ортасында. Айдала болса екен. Мынау масқара”, –дейді Айкөркемнің анасы Гүлдана Қабасова.
Дәрігерлер Айкөркемнің жағдайы орташа ауыр дейді. Ал жантүршіктіретін оқиға болған жерде қаршадай қыздың киімі түтіліп, шашылып жатыр. Жерден қатып қалған қан ізін де көруге болады.
“Төрт ит жан жан-жағынан тартып жатыр. Ана қыз қызыл қан. Ұсқыны қаннан көрінбейді. Сосын мына жақтан көлік келіп қалды. "Мына қызды танисың ба?" деп сұрадым, "иә, ауылдағы Ришаттың қызы" деді. Мен келмесем, аналар жеп қоятын түрі бар”, – дейді ауыл тұрғыны Ринат Әбуов.
Осы оқиғадан кейін ауыл тұрғындары бас көтерді. Ауыл әкімдігінің алдына жиналғандар құтырған иттерді атуға рұқсат беруді талап етуде. Алайда ауыл әкімі төрт аяқты мақұлықтарды ата алмаймыз дейді. Өйткені жануарларды қорғаушылар мен блогерлерден әбден сескеніп қалған. Тіпті иесіз иттерді аулауға тұрғындар да жүрексінеді.
“Әкімнің айтқан әңгімесі: "аңшылар келгенде блогерлер бірге еріп келеді, сосын ата алмаймыз". Ит мәселесі жөнінде заңды білесіздер. Итке тас лақтырып соғуға болмайды. Сотталып кетеміз”, – дейді ауыл тұрғыны Төремұрат Ермек.
Кейбір ата-аналар емшектегі баламен үйінен шыға алмайды. Тұрғындарға басу айтқан әкім ақырында "біз иттердің көзін құрта алмаймыз" деп кесіп айтты. "Әркім өз итіне ие болса, ешкім таланбас еді" деп ақталды.
“Бұралқы итпен күресу мәселесі әкімшіліктің құзырында емес. Бізге бұралқы итпен күресуге қаржы бөлінбейді. Мәселен, 2020 жылы ветеринария басқармасы бар. Соларға құзырды беріп жіберген. Ал ит ататындар да қазір құтырған жыртқыштарға қорған болатындардың көбейгенін жасырмайды. "Қит етсе камераға түсіріп, жұрт алдында қатыгез қылып көрсетеді" - дейді Атырау ауылының әкімі Нұрлан Қашлмұрзин.
Ал Атырау ауылы округінің ата-аналары кешегі оқиғадан соң балаларын мектепке жіберуге жүрексініп отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Атырауда төрт ит жасөспірім қызға шабуылдағаны туралы жазған болатынбыз.