Еліміздің батыс өңірінде хиджап киген алаяқ қыз үш бірдей азаматты алдап соққан. Иманды қыз іздеймін деп досының тоқалымен көңілдес бола жаздаған азамат NUR.KZ-ке басынан өткен оқиғаны айтып берді.
"Оқиға өткен жылы болды. Досым мешіт жанындағы халал кафеде бір қызбен танысқан. Қыз баратын жерінің жоқтығын, әкесінің науқас екенін айтып, көмек сұрайды. Досым асүйдің шаруасына көмек көрсетеді деген оймен әлгі қызды үйіне ертіп әкелген. Қызметі үшін ақы да төлеп тұрады. Сол аралықта досымның өтінішімен ол қыз ұзын киіп, намазға келеді. Кейін жаңағы қызды екінші әйелдікке алып, некесін қидырған. Ол кезде оның бірінші әйелі босану үшін басқа жаққа кеткен кез екен. Бірінші әйелі босанып қайтып келгеннен кейін жаңағы қызды басқа үйге шығарып, бөлек шаңырақ қылды", - дейді өзінің есімін жасырын қалдыруды сұраған кейіпкеріміз.
Хиджаптағы тоқалдың қылығы бөлек шаңыраққа шыққаннан кейін басталған. Күйеуінің бойдақ достарына әйел іздеуді желеу етіп, өзі танысуға көшкен.
"Мен өзіме жар болатын әйел іздеп жүрген кезім. Досым екінші әйелінен намаздағы қыздарды сұрап, маған жүзі көрікті бір қыздың суреті мен телефон нөмерін берді. Бірақ бірден ескертті, ол қыз жетім, балалар үйінде өскен екен. Бір жасында ата-анасы тастап кеткен. 10 жасынан бастап бір отбасының қамқорлығында тәрбиеленгенін айтты. Өткеніне қарамай, "Жетім көрсең, жебей жүр" деген ниетпен хабарлама жазысып, телефон арқылы сөйлесіп жүрдік. Ол орта мектепті қызылмен аяқтап, медициналық колледжді тіс дәрігері мамандығы бойынша тәмамдаған. Емханада жұмыс істейтінін айтты. Жұмыстағы суреттерін жолдап жүрді. Әңгіме арасында бұрынғы өзі өскен жетім балалар үйіне көмектесетінін айтады", - дейді ол.
Қыз әлі кездеспеген жігітінен телефон арқылы әртүрлі көмек сұрай бастайды.
"Бірде жасы 10-ға келіп қалған қыздың суретін салып: "Мына қыз жетім балалар үйінде тұрады, науқас. Алла разылығы үшін көмектесейікші" деп өтініш білдірді. Қарсы болған жоқпын, оның күйеуі болып отырған досым екеуміз көмек көрсеттік. Танысқанымызға бір айдай болғанда "кездесейік" деген өтініш жасадым, қарсы болған жоқ. Кездесуге досымның екінші әйелімен бірге келетін болды. Келісілген жерге шыққанымда досым хабарласып, әйелінің телефон соққанын және оларды машина қағып, ана қыз ауруханаға түсіп қалғанын айтты. Танысқан қыздың телефоны өшірулі болды. Хабарын жаңағы тоқал арқылы алып тұрдым. Кейін ол ауруханадан шыққанын айтып басқа нөмерден телефон соқты. Өз телефонын көлік апаты болған кезде сындырып алған екен", - дейді кейіпкеріміз.
Арадағы сиқырлы әңгімелермен қыз жігіттің жүрегін "жаулап" алған. Жігіт неке қиюға да дайын болғанын айтады.
"Арамызда болған хабарламалардың шынайы болғаны сондай, мен онымен неке қиюды да ойлап жүрдім. Одан иманды қыз болса менім басқа облыста тұратын бір досыма таныстыруын өтіндім. Ол хиджап киген үш қыздың суреттерін жіберді. Досым біреуін ұнатып, телефонын сұрап алып хабарласып жүрді. Ол бізден полицияға түскен ағасын құтқару үшін де ақша сұрады. Күдіктене бастадық. Телефонмен сөйлескенде оның дауысын жазып алып, мені қызбен таныстырған досыма жібердім. Ол өзінің әйелінің дауысы екенін бірден таныды. Басқа облыстағы досыма жібергенімде ол да дәл осы дауыспен сөйлесіп жүргенін айтты" , - хиджап киген қыздың алаяқтығын әшкерелеген жігіттер соңында ойларынан айнып қалған.
Кейіпкеріміз өзін не себепті алдағанын сұрау үшін қызбен кездесуге үйіне іздеп барған.
"Қасында кішкентай 3 жасар қыз бала бар, 16 жасында босанған екен. Бізді алдап жүргенін әуелі мойындаған жоқ. Телефондағы жазбаны тыңдатқан соң ғана мойындады. Маған айтып жүрген әңгімелерінің бәрі өз ойынан құрастырған болып шықты. Жағдайының нашар, өз анасы алаяқтыққа байланысты істі болып кеткенін жеткізді. "Үш бірдей жоғарғы білімді азаматтар, дым білімім жоқ қызға неге алданасыңдар" деп өзіме ұрысып жіберді. Осылай алданғаныммен қоймай, алаяқ қыздан сөз естіп қалған жағдайда болғанмын", - дейді кейіпкеріміз.
19 жасында тоқал болып үлгерген келіншектің телефонынан бірнеше жас жігіттің суретін көрген азамат бойдақ жігіттерге сақ болуды ескертеді.