Жасым 18 де. Тұрмысқа шыққаныма 2 ай болды. Махаббатпен емес, есеппен болды. Күйеуіме мүлдем көңілім жоқ, мүлде жақсы көрмеймін. Сөйлесіп жүргенде мінезі алтын еді. Қалағанымды әперіп жаным, күнім деп. Жүріп жүрген кезде мені еркелетіп, айтқанымды қылғанына көзім байланып қалған болу керек. Өзімді сыйлап тұрса, жағдайымды жасаса, оны сүйіп кетемін деп ойладым.
Үйленген соң күрт өзгерді. Үйіндегілер де күйеуімнен қатты қорқады. Маған дейін бір рет үйленіп, ажырасқан. Мен оған абыроймен тұрмысқа шықсам да, мені басынады. Әйелі емес, күңі секілдімін. Қазір қатты өкініп отырмын. Неге сонша асықтым. Неге жеңілтектік жасадым деп күнде жылап аламын.
Оған еркелесем, ауыр сөздер айтып тастайды. Анашыма да бұл туралы айта алмаймын. Аузыма құм құйылып жүрмін. Өйткені ол кісінің айтқанын тыңдамай, тұрмысқа шыққан өзім. Қазір де болмашы нәрсеге ұрсып тастады. Жылап отырмын бөлмемде. Бостандыққа əбден үйренген екенмін. Үйде қалаған уакытымда тұрып, қалаған уакытта ұйықтап, білегенімді істеп, ал қазір бәрі басқаша. Таңғы 7 де тұрам, содан үйдің тірлігі басталады. Сөйтіп түнгі 11-12 де құлаймын. Бармақтарымды тістеп отырмын, нем бар еді ерте шығып күйеуге?
Жастық шағымды қор қылдым. Егер күйеуімді сүйіп тұрсам бәріне көнер ме едім. Оны жақсы көрместен алдағы өмірімнің қандай болатынын ойланбай тұрмысқа шығыппын.
Қыздар, менің қателігімді қайталамаңздаршы. Ең болмаса 20 жастан асқанша ата-анамызға еркелеп, өз үйіңде жүргенге, өз еркің өзіңде болғанға не жетсін? Ал тұрмысқа шығуға қашан да үлгеруге болады ғой.
Аноним