Құрметті «Алаш айнасы» интернет-порталы сіздердің сайттарыңыздағы «Отбасы ошақ қасы» айдарындағы оқырмандардың хаттарын оқып, бүгін мен де қолыма қалам алуды жөн көрдім. Мен сіздер арқылы бүгін ешкімге айта алмайтын құпияларымның бірін ашсам деймін.
Менің жасым 36-да. Бір ұл, бір қызым бар. Бір қарағанда сырт көзге күйеуім екеуіміз бақытты отбасындай көрінеміз. Той-томалақтарға қолтықтасып бірге барамыз, ағайын-туыс арасында сыйлымыз, туған-туыстың қуаныш-қайғысында бірге жүреміз, үйімізге қонақ келсе бар құрметімізді көрсетіп күте аламыз. Былайша айтқанда бүтін бір отбасымыз. Күйеуім бар тапқанын үйіне әкелетін, отбасының қамқоршысы, балаларымның абзал әкесі. Мен оған 20 жасымда тұрмысқа шықтым. Қазір біздің отбасын құрғанымызға 16 жылдың жүзі болды. Бірақ осы 16 жылдың ішінде мен күйеуіме жан жүрегіммен беріліп, жылып көрмеппін. Екі баланың анасы болсам да мен осы уақытқа дейін алғашқы махаббатыма деген сезімімді суытқан емеспін.
Тағдырдың жазуы болар, мен өзім құлай сүйген алғашқы махаббатыммен қосыла алмадым. Ол екеуміздің бүкіл ауыл жыр қылып айтатын махаббатымызға бірақ күнде нүкте қойылды. Бір-бірімізді қаншалықты сүйіп тұрсақ та бізге бірге болу маңдайымызға жазылмапты. Екеуіміз үш жыл қыз бен жігіт болып жүрдік. Бүкіл достарымыз, жақындарымыз ара-қатынасымызды білетін. Және барлығы біздің қосылып үй болуымызға іштей тілектес еді. Айлы түндерде ауылдың көшесімен қол ұстасып жүргенде ауылдағылардың дені сыртымыздан бізге бақыт тілеп қала беретін еді. Мен де, ол да бір-бірімізді қалтқысыз сүйдік. Болашақта бақытты болатынымызға сендік. Бұған ешкімнің шүбәсі да болмайтын.
Ол да мен де сырттай оқу орнында оқыдық. Мен сессияға кеткенде ол менің жолымды тағатсыз тосып, ол оқуына кеткен бір айда мен жабырқап оны сағына тосып жүретінмін. Осылай күндеріміз өтіп жатты. Екеуміз де оқуымызды бітіргеннен кейін бас қосамыз деп уағдаласқанбыз. Ол менен бір жыл бұрын оқуын бітіріп қолына дипломын алып, ауыл мектебіне мұғалім болып кірді. Мен бұл кезде үшінші курста оқитынмын. Кезекті қысқы сессияма кеткенмін. Жігітім сәттілік тілеп, жолымды тосып қала берді. Қаладағы апайымның үйіне келіп орнығып, ештеңеге алаңдамай оқуыма кірістім де кеттім. Біздің қысқы сессиямыз 8-ші наурызға тұп-тура келген екен. Мерекенің құрметіне топтағы жігіттердің ұйымдастыруымен қалада екі бөлмелі пәтерде кеш өткізілетін болды. Оған топтағы барлық қыздар шақырылды. Қыздармен қосылып мен де бардым. Сол кеште бізбен бірге басқа топтың жігіттері де болды. Арасында бір-екеуімен жұптасып би биледік. Бірақ солардың ешқайсысы да менің есімде қалмапты. Сырттай оқу бөлімі болғаннан кейін оқу ұзаса бір жарым айға ғана созылатын еді ғой. Сонымен қысқы оқу мерзімін тәмамдадық. Осы сәтте топтағы пысық жігіттердің бірі бәрін сәтті аяқтағанымызды атап өтуді ұсынды. Сонымен «ауылға бүгін кетемін» деп отырған мені олар қалуға көндіріп, емтихандардан өткен сәттілігімізді атап өтетін болып келістік.
Кешкісін әдеттегідей барымызды киіп, жасанып кешке бардық. Барлығымыз дастарқан басына жайғасып, ән айтып, ізгі тілектер айтып көңілді отырғанбыз. Арамызда 8-ші наурыздағы кеште танысқан жігіттердің де барын көріп, оларға да сәттілік тіледік. Бір мезетте есіктің қоңырауы қағылды да, жасы қырық-елулерді еңсерген екі-үш әйел «ал құтты болсын, сенімен бірге осы үйге береке дарысын» деп маған қарай шашуларын шаша бастады. Мен түкке түсінбей аңырайып отыра беріппін. Бір мезетте басыма орамал салынды. Біруақытта мұның ешқандай қойылым емес екенін түсініп, есім шыққаннан шыңғыра беріппін. Сөйтіп, есімнен танып қалыппын. Бір мезетте қарасам манағы жиынның барлығы тарқаған. Қасымда мен үшін бейтаныс жігіт отыр. Маған анасы, апайлары басу айтып жатыр. Сөйтсем, бұл ешқандайда атап өту кеші емес, бұл мені үйіне келін етіп түсіру үшін осы жігіттің ұйымдастырған басқосуы болды. Амалым не, бірге келген құрбыларым менің есімнен танып қалғанымды көріп тастай қашқан. Кешті ұйымдастырғандардың басы-қасында жүрген топтағы пысықай жігіттер де тарқасқан. Қолымнан келер қайран жоқ. Қанша жерден, «менің сөз байласқан адамым бар» деп қарсылық көрсеткеніммен ешқайсысы тыңдамады. Менің үй-ішіме хабарласып, ертең кешірімге баруға дайындалып жатқандарын жеткізіп, өздерімен-өздері мәре-сәре. Осылай бөтен бір шаңыраққа келін болып қала бердім. Өзім бір мәрте ғана көрген адамға мен осылайша күйеуге шықтым.
Арада бірнеше ай өтсе де мен онымен төсек қатынасына түсе қоймадым. Тіпті мүлдем жат, бөтен адамның жары атанамын деп ойламаған мен оңаша қалғанда өз-өзіме қол жұмсағым да келді. Бірақ ауылдағы ата-анамды ойлап, анамның дімкәс жүрегін ойлап қана өзімді тежеп жүрдім. Күндер өте келе бір-екі жылдың ішінде күйеуім Абзал екеуіміз бір-бірімізге үйренісе бастадық. Оның адамгершілік қасиеттерін көре бастадым. Екі жылға дейін біздің балаларымыз болмады. Одан кейін мен бірінші қызымды дүниеге әкелдім. Артынша екінші баламды босандым. Бірақ осы аралықтарда алғашқы махаббатым жайлы келген-кеткен құрбыларымнан, ортақ достарымыздан сұрап қалып, ол жайлы әңгіме айтылса елеңдеп жүрдім. Ауылға бара қалсам оның үй жағына ұрлана қарап өтіп, оның сұлбасын көре қалсам елеңдеп, әлі де үйленбегенін естіп біртүрлі көңілім соны іздеп елегізіп жүрдім.
Екі баламды өмірге әкелгеннен кейін бұрынғыдай емес, мені күйеуім төркініме ұзаққа жіберетін болды. Бұрын екі-үш күнде қайтарып алса, қазір бір апта кейде бір айлап та төркіндеп жата беретін болдым. Сондай бір жазғы демалыстың бірінде, мен қосыла алмаған махаббатыммен кездестім. Балаларды әке-шешеме тастап құрбымның үйіне кеткенмін, құрбым екеуміз сырластық, түн ортасы ауып қалған екен, ол мені үйге қарай шығарып салуды ұйғарды. Біздің үйге қарай жақындағанда біреудің қараңдаған сұлбасы көрінді. Жүрегім өрекпіп, лүпілдеп, тап бір бұрынғы қыз күнім ойыма орала берді. Мен іштей қараңдаған сұлбаның сол болуын тіледім. Құрбыммен асығыс қоштасып үйдің маңына келсем, расымен де сол екен. Ештеңе деместен, ештеңе сұрамастан біз бір-бірімізді қапсыра құшақтадық та қалдық. Міне, сол сәтте мен үшін екі баламның, маған адал күйеуімнің, отбасымның бар екені көк тиын болып қалды. Біз екеуміз сол түнді бірге өткіздік. Мен қайтіп қалаға қайтар-қайтқанша ел көзінен ұрланып, ауыл сыртында, иен тұрған досының үйінде кездесіп жүрдік. Біз қазір әлі де кездесіп тұрамыз. Мен жазғы демалысымда балаларымды алып, ауылға асығамын. Ол қалаға келген кезде міндетті түрде мені іздейді. Ондайда бала-шағамды ата-енеме тапсырып, күйеуімнің көзін алдап, түрлі сылтауларды ойлап-тауып мен онымен кездесуге асығамын. Мен үшін ең бір таптырмайтын мезет жазғы демалыс кезім. Зайыбым биыл екі баланы алып Түркияға демалуды ұсынды. Мен шешемнің қасына баруым керектігін айтып, ауылға тартып отырдым. Бірақ менің осы қылығымнан қазір шешем сезіктене бастады. Алақандай ғана ауылда сөз жатушы ма еді?! Биыл жаз барып едім шешем «қызым ендігі жалғыз келуші болма. Келсең күйеу баламмен кел. Олай етпесең келме» дегенде жүрегім тілім-тілім болып кетті.
Мен кейде оңашада өзіме-өзім таң қаламын. Тұрмыс құрғаныма 16 жыл болды. Екі баланың анасымын. Осы мені желіктіріп жүрген не? Мұны ойлаймын да кейде оған «менің өз отбасым бар, бұл жүрісіміз үлкен қателік» деп айтуға оқталамын. Бірақ ол қасыма келген сәтті мұның барлығы ұмыт болады. Мен онымен өткізген әрбір сағатымды бақытқа балаймын. Қазір оның жасы қырықта, әлі үйленбеді. Екеуміз үнемі кездесіп тұрамыз. Мен тұратын қаламен, ол тұратын ауыл арасы 250 шақырым ғана. Ол қалаға үнемі келеді. Ондай сәттерде менің басым бақыттан айналады. Ал мен ауылға барған сәтте ол да мені сағына құшады. Осылайша біз кездесіп тұрамыз. Дегенмен мұның артының жақсылыққа апармайтынын сезінген сайын жаным жай таппай кетеді. Кейінгі кезде ол маған «күйеуіңмен ажырас, мен саған үйленемін» дейтінді шығарып жүр. Осындай сәттерде ойланып қаламын. Артынша екі баламды, олардың әкелерінсіз бір күнде өмір сүре алмайтындарын ойлап барып өзімді-өзім тежеймін. Ал кейде сүймеген жанмен құр өткен 16 жылымды ойласам, барлығына қолды бірақ сілтеп, ажырасып кеткім келеді. Міне, менің жайым осындай. Маған ақыл қосыңыздаршы, не істеуім керек? Әрі қарай қалай әрекет етуім керек? Күйеуіме барлық шындықты жайып салып өзім сүйген адамыма кеткім келеді. Бірақ балаларымды, отбасына қамқоршы болып жүрген отағасын ойласам жүрегім тілім-тілім болып бойымды зіл басады.
Екі баланың анасы болсам да, алғашқы махаббатыммен кездесіп жүрмін
Последние статьи автора