Дуакеш абысын жындыханадан бір-ақ шықты
Сабырдың екі ұл, бір қызы бар. Өзі бір əкеден төрт ағайынды, Сабыр ең үлкені. Екі кіші інілері отбасын құрған бойда қалаға қоныс аударған. Ал өзінен кейінгі інісі Жақсылық екеуі ауылда қалды. Сабырдың əйелі жайлы болды ма, əйтеуір, əке-шешесі қара шаңырақта əдеттегідей кенже ұлды емес, тұңғыш ұлды қалдырды. Оның үстіне басқа балалары сияқты емес, Сабыр десе дегендей өте ұстамды жігіт. Жақсылық та алыс тұрмайды, отауы көшенің қарама қарсы бетінде. Сабыр ерте үйленгендіктен қырықтан сəл асқанда ата атанып, əке-шешесіне шөбере сыйлап та үлгерді. Екі ұлы бір-біріне тете болғандықтан шығар, қатар үйленіп отбасылық өмірге жол тартты. Қолдарында қолғанаты қызы — Зейнеші ғана қалды. Ол да екі жылды артқа тастаса мектепті бітіргелі тұр, ар жағында тұрмыс құратын жасқа да алыс емес. Бірақ Сабырдың əйелі Жамал ақ Зейнешін тұрмысқа беріп үлгермеді. Сұм ажал мезгілсіз келіп, араларынан жұлып алып кетті. Жамал сондай ақкөңіл, қарапайым əйел болатын. Тірісінде біреудің бетіне келіп қатты сөйлегенін ешкім көрмепті. Абысындарының құйтырқы əрекеттеріне де көз жұма қараушы еді. Əсіресе, қайнысы Жақсылықтың əйелі Əлима көреалмаушылықтан талай аяқтан шалып еді-ау. Аллаға да жақсы адам керек болды ма, оқыстан о дүниелік болып кете барды. Неден қайтыс болғанын дəрігерлер де ашып айта алмады. Жамалынан айрылып Сабыр қанатсыз құстай болып қалды. Азды-көпті өмірінде ыстығына күйіп, суығына тоңған бəйбішесі еді ғой. Сабыр не істесе де, не десе де » Сіздікі дұрыс, отағасы» — деген сөзінен танбайтын. Содан да болар, екеуі ешқашан сөзге келіспей қалған жері болмаған екен. Жасы болса енді қырықтың төртіне келген, тепсе темір үзетін жаста əйелінен айрылды. Кəрі əке-шешесінің уайымы да осы баласының болашағы. «Біз болсақ төрімізден көріміз жақын. Қу тізесін құшақтап жалғыз қалмаса екен» — деп Алладан тілеумен жүр. Ұлдары болса өзі сияқты ерте отау құрып, бөлек тұрады. Қызы да əне -міне мектеп бітіріп жатыр, ол да теңін тауып кетері анық. Жамалдың жылын берген соң, осы мəселені бір жақты ету үшін ағайын-туыс жиналды. Сөзді алыстан орағытып ауылдағы беделді Тұрар ақсақал бастады:
— Айналайын, қарағым, міне, көзі ашып-жұмғанша Жамал келіннің де жылын бердік. Мына əке-шешең болса жетпістен асты. Өзің əлі жассың дегендей… Осы əке-шешеңнің қартайғанда қолын жылы суға малып отыратын бір шүйкебас керек-ақ. Бұған қалай қарайсың?
— Ақсақал, бұл туралы ойлағым да келмейді. Олай істесем Жамалыма сатқындық жасаған болмаймын ба?!
— Тəйт, Жамалға сен онсыз да адалсың! Сенің осылай қу тізеңді құшақтап, өмір бойы аза тұтып жалғыз өткеніңді Жамал да қаламас еді. Өлген өлді, тірі адам тіршілігін жасауы керек!
— Бірақ…
— Бірақ-сірағыңды қой! Өзіңді ойламасаң да мына кəрі əке-шешеңді ойла! Ана шешең қашанғы шелек алып сиыр сауып жүреді. Көп сөзді қойып келісіміңді бер!
Осы кезде сөзге үлкен ұлы Қайрат араласты:
— Əке, ақсақал дұрыс айтады, біздің жайымыз бөлек. Бізді ойламаңыз, ешқандай қарсылығымыз жоқ.
Ұлының мына сөзі əсер етті ме, əлде Тұрар ақсақалдың өктем сөздері өңменінен өтті ме, Сабыр көнген ишара білдірді.
— Олай болса, саған лайық əйел қарастырайық. Көрші ауылда өзің сияқты жартысынан айрылған жесір əйел бар көрінеді. Өзінің бір ұл, бір қызы бар екен. Елдің сөзіне сенсек, ақылды, парасатты əйел сияқты. Сонымен жүздесіп қайтуға қалай қарайсың?
— Ақсақал, менсіз-ақ біраз шаруаны шешіп қойған сияқтысыздар. Сіздердің таңдауларыңыз сол болса, қарсыласпай-ақ қояйын. Маған жамандық тілемейтіндеріңізді білемін ғой.
— Олай болса сенбі күні дайын бол!
Осымен сөз бітіп, сенбі күні көрші ауылға баратын болып келісіп үйлеріне тарасты.
*********************
Айғаным бір үйдің жалғыз қызы, жасы отыз бесте. Күйеуінің көзіндей болған қос құлынын тәрбиелеп отырған ана. Алланың қалауы сол болар, күйеуі жол апатынан қайтыс болды. Күйеуін жер қойнауына бергелі де төрт жылдың жүзі болыпты. Содан бері екінші рет тұрмыс құруды ойлаған емес. Айттырып келгендер болмады емес, болды. Бірақ «Балаларым үшін өмір сүремін»- деп ешқайсысын қабыл алмады. Бір жағынан бəрі ажырасқан еркектер болатын. Ал Айғаным олар туралы: «Жақсы еркекті əйелі тастамайды, маған да күйеу, балаларыма əке болып жарыта қоймас» — деп ойлайтын. Соңғы кездері анасы да «Қызым, əлі тым жассың, өзің сияқты біреудің етегінен ұстасаң жақсы болар еді. Көзім тірісінде сенің бақытты болғаныңды көргім келеді» — деп көп айтып жүр. Айғанымға Сабыр туралы туыс жеңгесі айтты. Жеңгесі əдейі Айғанымның анасын да құлағдар етті, мақтауын да жеткізді. Айғаным Сабыр туралы бар жағдайды естіген соң жүздесуге келісімін берді. Сабыр бұрын айттырып келіп жүрген еркектерге ұқсамайтын сияқты, əрі ажыраспаған, өзімен тағдырлас.
Айтқандарындай Сабыр ағайын-туысымен Айғанымдікіне келді. Үлкендер жағы өз əңгімелерін айтып, барлығы екеуінің екі жарты бір бүтін болғандарын қалап жатты. Айғанымның шоқтай жанған өткір көздеріне Сабырдың көздері түйісіп қалғанда жүрегін жалын шарпып өткендей болды. Сабыр ішінен «Апырмай, сонша жасқа келгенде жүрегім жас балаша тулағаны несі » — деп қойды. Айғанымның жүзінен Жамалына ұқсайтын жерлерін көргендей болды. Айғаным да жеңгесінің мақтауының растығына көзі жеткендей. Сөйтіп не керек, екеуі отбасын құратын болып шешімге келді. Сабыр балажан болғандықтан шығар, Айғанымның балалары оған тез бауыр басып кетті. Сабырдың қызы Зейнеш те Айғанымның жұмсақ мінезінен оған тез үйренісіп, жылы қабақ танытты. Сабырдың мейірімділігі мен Айғанымның көркем мінезінің арқасында отбасында керемет тепе-теңдік орнады. Сабырдың əке-шешесі де дəн риза. Отырған жерлерінде Айғанымын мақтап отырады. Тек бұған қуанбаған бір адам бар еді. Бұлардың бірден осылай тату-тəтті, бақытты болғандарына Сабырдың інісі Жақсылықтың əйелі қызғанышпен қарады. Бұрын Жамалды да осылай қызғанатын, қызғаныштан не істемеді десеңші. Осы жолы да ішіне шынтақ айналмайтын қызғаншақ Əлима жайдан-жай қарап жүре алмады. Қалай да абысынын сөзбен болса түйреп тиісіп жүргені. Ал Айғаным тура марқұм Жамал сияқты еді. Қанша жамандық жасаса да «құдайдан тапсын» — деп қойып жүре беретін. Əлима талай рет Сабырдың қызы Зейнешті де айдап салды. Мұнысынан да түк шықпаған соң басқа əрекеттер жасауға көшті. Əлиманың анасы да сондай кісі болатын, біреудің бақытын көре алмайтын адуынды кемпір. Өзі қара күштермен байланысы бар, талай адамға дуа да жасаған деседі. Құйтырқы əрекеттерінен түк шықпаған Əлима анасынан дуа жасап беруді сұрады, қызғаныш не істетпейді десеңші?! Əйтпесе қайнағасы Сабырмен алыс-берісі жоқ, абысыны да мұның жолын кескен, болмаса кектенетіндей жамандық жасаған жері жоқ екен. Атам қазақ «Жатыры бұзық» — деген тіркесті тауып айтып кеткен ғой. Анасы қара күшпен байланысып, Əлима жатырында жатып-ақ бұзылған ба дерсің. Бір күні тістеп сөйлеген сөзін елемеген Айғанымға: «Мен Жамалдың да көзін құртқанмын, сені құрту маған түк емес, бейшара тоқал»- деп айтып салды. Бұл сөзге Айғаным Əлиманың кезекті құйтырқысы ғой деп мəн бермесе де, «Жамалдың түбіне жеткем» деген сөзіне ойланып қалды. Үш күннен кейін екі бүктетіліп ауырып қалғанда осы сөздер еріксіз есіне түсіп кетті. Айғанымға бұл сөздердің есіне түсуіне екі бүктетіліп домалап жатқанында көрген көрпешеге сұғылған инелер де себепші болды. Дереу айғайлап Зейнешті шақырды. Зейнештің тіптен есі шығып кетті. Себебі анасы тура осылай жатып дүние салып еді. Əлгі инелерді санаса тура бесеу екен. Айғаным жай инелер емес екенін, бұл Əлиманың ісі екенін бірден түсінді. Бірақ көзбен көріп, қолымен ұстап алмаған соң не істей алсын. Анасынан осындай күдікті нəрселерді ағын суға ағызып жіберу керектігін естуші еді. Сондықтан Зейнешке инелерді қағазға оратып, жақын жерде ағып жатқан өзенге апарып тастатқызды. Бір қызығы, ішінің түйіліп ауырғаны бірден басылды. Ішінен өзі білетін Фатиха, Ықылас сүрелерін қайталай берді. Осыдан кейін Əлима үйге келген сайын Зейнеш екеуі үйді түгел тексеріп шығуды əдетке айналдырды. Талай рет қағазға оралған тырнақ, шаш сияқты нəрселерлі тауып, ағын суға лақтырумен болды. Содан соң бірден сүрелер оқитын. Бұрынғы əдетінше «Құдай тапсын» деп қана қоятын. Біреудің бақытын соншалықты көре алмаған Əлиманы да, анасын да шынында құдай тапты. Дуакеш анасын үйіне белгісіз біреулер кіріп, əбден азаптап өлтіріп кетіпті. Денесінде сау тамтық қалдырмай үшкір затпен бұрғылай берген деседі. Анасының қазасына аза тұтып жүргенде Əлима бір сəтте күйеуі мен үш баласынан айрылды. Күйеуі жүргізіп келе жатқан көлік жүк көлігімен соғысып қалыпты. Көлікте үш баласы да отырған еді. Бəрі де сол жерде тіл тартпастан о дүниелік болды. Əлиманың істеген жамандықтары үшін Алланың оған бұл дүниеде көрсеткен азабы осы шығар дерсің. Бір сəтте барынан айрылды. Мұндайды қалай көтерсін, апталдай азаматы мен үш бірдей арысынан бір күнде айрылу оңай емес. Мұндайды тіптен жауыңа да тілей алмассың. Күйеуі мен балаларын жер қойнауына тапсыруға əкетіп бара жатқанда Əлима тоқтамай қарқылдап күле бастады. Барлығы да оның есінен адасқанын түсінді.
«Жүйелі қарғыс жүйесін, жүйесіз қарғыс иесін табады» — деген осы шығар. Айғанымның «Құдай тапсын» — деген бір ауыз сөзі шынында иесін тапты. Біреудің бақытын көре алмаған Əлима бір күнде барынан айрылып жындыханадан бір-ақ шықты. Қара күшке сүйеніп, қызғанышының қызыл отын баспақшы болды. Соңында бəрі өзіне қайта айналып келді. Өзіне ғана емес, кесірі жазықсыз ұрпағына да тиді емес пе.
П.С. Адам асыққанмен Алла асықпайды, кімге жамандық жасасаң да бір күні алдыңа келтіреді екен. Ең жаманы, ұрпағың да сенің істеген ісіңе есеп беруі мүмкін. Сондықтан мына жалған дүниеде көре алмаушылықтан арылып, басқаның бақыты үшін шын қуана білейікші. Себебі қызғаныштың Сізге зияннан басқа берері жоқ.
Ақтолқын Құлбекова