Досымның қарындасын ұнатып қалдым...

Досымның қарындасын ұнатып қалдым...

Бұл өмір өзі қызық. Бірде олай, бірде бұлай, бірде қуанасың, бірде қайғырасың. Бірде жылайсың, бірде күлесің. Бірде ессіз ғашық болып, онсыз болашақ өміріңді елестете алмай дал болады екенсің. Менің өзімнің жан досымның туған қарындасына ғашық боламын деп кім ойлаған. Бірақ бұл өмірде ондай да кездеседі екен. Енді бала кезден бірге өскен жан досыма бұл туралы іштегі сырымды айта алмай, егер айтар болсам, оның маған деген достық сезімін аяққа таптағандай, тек оның қарындасы үшін дос болған секілді болып қаламын ба деп қорқып, сескеніп жүрмін. Бірақ оның қарындасын шын сүйдім. Егер сезімім алдамшы болатын болса, оған көңіл білдірмес едім. Шынайы сүйіспеншілік болғандықтан, оған деген сезімімді жайып салдым. Ол да мені ұнатты. Енді «болары болып, бояуы сіңгеннен» кейін жан досыма не бетіммен қарарымды білмей жүрмін. Оның маған деген достық ықыласын бүлдіріп аламын ба деп қорқамын. Сүйген қызымнан, болашақ жарымнан, махаббатымнан айрылсам да, жан досымнан ешқашан айрылғым келмейді. Енді осы туралы жан сырымды «Алаш айнасына» ақтарып, оқырмандардың ақыл-кеңесін алғым келіп отыр. Не істесем болады екен, досыма оның қарындасымен жүріп жүргенімді, үйленгім келетінін айтайын ба, әлде қарындасымен сөйлесіп, бәрін осы жерден тоқтатайық, арыға бармай-ақ қояйық дейім бе? Бұған қандай ақыл-кеңес айтасыздар, ойлы оқырман!

Мен өзі достықты өте қатты бағалаймын. Әсіресе, бала кезден бірге өскен достық, ол – нағыз достық, шынайы, ешқандай бақай есеп қосылмаған, таза пәк, мөлдір достық. Ондай достық сезім ешқандай алтынға да айырбасталмауы тиіс. Біз Бексұлтанмен екеуміз бала кезден бірге өстік. Бірге ойнадық, бірге күлдік, ешқашан бір-біріміздің көңілімізге қаяу түсірген емеспіз. Бала болып өзге балдармен төбелескен уақытта да, тіпті он бала қосылып жабылса да бір-бірімізді ешқашан «лақтырған», қашып, тастап кеткен емеспіз. Өлсек, бірге өлеміз деп, аяғына дейін қырылатынбыз. Екеуміз көшенің атаманы болып, бізге ешкім беттей алмайтын. Бір-біріміздің үйімізге қонып, бір үйдің егіз қозы баласындай бірге жүрдік. Әке-шешеміз де, бауыр-туыстарымызда біздің достығымызға таң қалатын. Тіпті оның үйінде бір жиын болса, апталап үйге қонбайтынмын. Соның үйінің отынын жарып, самаурынын қайнатып, қазан-ошақтың қасында көмектесіп жүретінмін. Әке-шешем қайда жүрсің деп ұрысса да, досымның үйінде жиын-той болып жатыр, көмектесуім керек деп, ештемеге қарамай кетіп қалатынмын. Ол да тура солай еді. Ата-анамыз да біздің достығымызға риза болып, досымның үйінде апталап жатсам да үндемейтін. Түсінетін. Осындай ешқандай кірбің қосылмаған, шынайы достық, пәк сезім, риясыз достыққа ешқашан кір шалдырғым келмейді. Бала кезде оның қарындасын да өзімнің туған қарындасымдай көретінмін. Кез келген уақытта үйіне бара салғанда, ол да ағам келді деп қуанып, шәйін құйып, тамақ жасап беретін. Бексұлтан екеуміз тамаққа тойып алып, қыздарға да бірге баратынбыз. Бірақ несін жасырайын, екеумізге де қыздар көп қарамайтын. Досым сөзге шорқақ, ал мен сөзге шешен, тілмаш болғаныммен, қыздарға тұрақсыз болдым. Бірде анамен, бірде мынамен жүріп, қыздардың көңілін көп қалдыратынмын. Оның үстіне, ешқайсысымен байсалды түрде сөйлеспей, әзілдеп, қалжыңдап ренжітіп қоятынмын. Сондықтан қыздар бізге көп жоламады.
«Өлеңді айтып едім, он жасымнан,
Жолдастың көңілі жұмсақ қорғасыннан,
Қыздардан айырсаң да, о, Құдайым,
Айырма өзімнің жан жолдасымнан» деп, досым екеуміз бұл өмірдің қызығын да, шыжығын да бірге көрдік.
Өкініштісі сол, кейін есейгеннен кейін тағдыр досым екеуміздің жолымызды екіге айырды. Мен жұмыс іздеп Алматыға кеттім. Ал ол ағасымен бірге сауда жасау үшін Павлодарға кетті. Тек телефон арқылы сөйлесіп, қал-жағдайымызды сұрап тұрдық. Егер отбасымызда бір жағдай орын алып қалса, қиындық туындаса, міндетті түрде бір-бірімізге ақшалай жәрдем етіп тұрдық. Бірде анам ауырып қалғанда, ол маған көмек ретінде анамды емдету үшін 50 мың теңге салып жіберді. Мен де оған қолдан келгенше көмегімді аямайтынмын. Бірде Бексұлтанның қарындасы телефон шалып, Алматыға оқуға келгенін айтты. Енді ол бірден университеттің жатақханасына орналаса алмайды, ол үшін біраз уақыт кетеді. Сондықтан оған 5-10 күн біздің әріптесіміз екеуміз жалдаған пәтерде тұр деп айттым. Әрине, ол келісім берді. Досым да Алматыда туыстары болмағандықтан, қарындасының сенімді адамның қасында болғанына қуанды. Бір ай бірге тұрдық. Ол бізге кешкісін тамақ істеп, кірімізді жуып беріп жүрді. Менде ешқандай бөтен ой болған емес. Қарындасым секілді сыйладым, қарайластым. Кейін жатақханаға орналасып, бөлек кеткен кезінде де, оған барып, қал-жағдайын сұрап, көмектесіп жүрдім. Осылай күндер өтіп жүрді.
Бір күні Бексұлтанның қарындасы Жанат «мені театрға алып барыңызшы, көргім келеді, қыдырғым келеді» деп өтінді. Басында ойланып қалдым. Ол өмірі маған мұндай сөз айтпаған. «Жоқ!» дегім келді де, артынан ренжітіп алармын деп келісімімді бердім. Екеуміз кешкісін театрға билет алып, махаббат жайындағы қойылымды көрдік. Одан шығып, қарны ашып қалмасын деп, кафеге барып бірге тамақтандық. Ол шәй ішті, мен сыралатып отырдым. Өткен-кеткенді айтып, билеп, көңіл көтердік. Дала қараңғы болды, «жүр енді, жатақханаға апарып тастайын» десем, «сағат түнгі 10-нан асып кетті, енді мені ол жаққа кіргізбейді» деді. Сосын амал жоқ, үйге алып келдім. Қырсыққанда үйде әріптесім де жоқ екен, тек екеуміз ғана қалдық. Ол қонақ бөлмеге төсек салып жатып қалды да, ал мен теледидар көретін бөлмеде диванның үстінде жаттым. Өзім масаң күйде болғандықтан ба, әлде үйде тек екеуміз болғаннан кейін шайтан түртті ме, әйтеуір дөмбекшіп ұйықтай алмай қойдым. Басыма неше түрлі жаман ойлар келді, Жанаттың әдемі болып бойжеткенін енді ғана сезінгендей болдым. Түнде қасыма келіп, өзі мені құшақтап алатын секілді, ернімнен сүйетін сияқты болып көрінді. Бірақ ол да, мен де бір-бірімізге жоламадық. Таң атты, ол да, мен де, бір-бірімізден ұялып жүрміз. Мен масаң күйде оған бірдеме деп айтып қойдым ба, әйтеуір түндегі ойлардан қатты қысылып жүрдім. Неге екені белгісіз, ол ертесіне де жатақханасына барғысы келмеді. «Қасымдағы қыздармен ұрсып қалдым, онда барғым келмейді» деді. Сабағына да барған жоқ. Ертесіне де тағы қыдырып жүріп, жұмысқа жолай соқтық. Бастық екеуміздің бірге келе жатқанымызды көріп, «мынау болашақ келін бе, әдемі екен» деп айтып қалды. Жанаттың беті дуу етіп қызарып кетті, қатты ыңғайсызданып қалды. Мен де не айтарымды білмей абдырап қалдым. Кешкісін үйге келіп бірге тамақтандық. Теледидар көріп жатып, ол ұйықтап қалды. Түрі әп-әдемі, сүп-сүйкімді. Жүзіне тамсанып қарап отырдым. Шынымды айтсам, құшақтағым келді, сүйгім келді. Жарықты өшіріп, қасында жаттым. Тіптен ұйықтай алар емеспін. Жәймен қолымды денесіне тигізіп қалсам, денесі дір ете қалды. Ол да ұйықтай алмай, сезімге тұншығып отырғанын сездім. Ақыры не керек, екеуміз сол күні құшақтастық, сүйістік, аймаластық. Бірақ арыға барған жоқпын. Әлі де ондайға бармаймын. Өйткені болашақ жарымды қыз қылып үйге кіргізгім келеді. Кейін ол мені бұрыннан ұнататынын, «қыздармен ұрсып қалдым, жатақханаға барғым келмейді» дегенінің бәрі сылтау екенін айтты. Мен де оны шын сүйдім. Адал болдым. Қанша дегенмен ол менің жан досымның қарындасы. Мен оның көңіліне ешқашан кірбің түсірмеймін. Оған ессіз ғашық болғаным соншалық, тіпті бала күнгі ағасымен достығымды да ұмытып кетіппін. Енді оған осы туралы қалай айтарымды білмей, оны сатып кеткендей, өзімді жаман сезініп жүрмін. Ол маған қарындасын сеніп тапсырды, ал менің істеп жүргенім мынау. Бұл мен үшін еш ақтауға жатпайтын тым өрескел іс. Егер менің досым олай істейтін болса, мен оны кешірмес едім. Ол да менің бұл қылығымды солай қабылдайтын секілді. Енді не істесем болады? Оған бар шындықты айтайын ба, «сенің қарындасыңды сүйіп қалдым, оған үйленгім келеді дейін бе, әлде Жанатқа осы жерден доғарайық, досым мені кешірмейтін секілді, мен оны сатып кеткендей сезініп жүрмін» десем бе екен? Қандай ақыл-кеңес қосасыздар, ойлы оқырман! Сіздерден жауап күтемін!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста