Емізулі әйелге күйеуі ақша төлеуге міндетті екенін баяндаған қара орамалды әйел жұрттың ашуына тиді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Instagram-дағы бейнежазбада кез келген ана нәрестесін әр емізген сайын күйеуінен ақша сұрауы керек екені сөз болған.
Емізулі әйел баласын әр емізген сайын күйеуінен ақша талап етуге құқылы. Ал біз өйтсек миллионер болып кетеміз ғой.
Сондықтан, еркектер, әйелдерге барынша жылы сөз айтып, қолдап жүріңіздер. Себебі Алла ондай әйелдердің дұғасын тез қабыл етеді, — дейді видео авторы.
Бірақ оның бұл тәпсірі көп оқырманның көңіліне қонбаған сыңайлы.
"Оттаған сәләфит қатын, осылар құрымайды екен", "Есі дұрыс емес. Оны арабтарға айт", "Ойбай, мынау не деп тұр? Қайдағыны қайдан тауып алады?", "Мәһрге сұрауды шығарып еді, енді емізуге де ақша сұрай ма, о, тоба!" — деп реніш білдірген көпшілік.
Осы мәселені алға тартып, діни қызметкерлерге жүгіндік. Имамдар мұны тікелей мағынада түсінбеу керегін айтты.
Бұл жерде баласын емізіп жүрген әйелге күйеуі алғыстар болуы қажет деген мағына жатыр. Материалдық емес, рухани тұрғыда демеу-қолдау көрсетуі керек. Әрине, жұбайына қандай сый жасаса да жараса береді ғой. Бірақ тікелей мағынада ақша төлеу деген жоқ, — дейді Қостанай облыстық мешіт қызметкері Әбдуқаһар Ерматов
Ол шариғат бойынша қыз баланы екі жыл, ұлды бір жыл емізу керек екенін де айта өтті.