"Басыңа не күн туды?" Қоғам белсендісі нигериялық азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ қызын жылатты
Нигериялық азаматқа тұрмысқа шығып, қазақы салт-дәстүрлерге сай ұзатылып шыққан құлсарылық Заида мен оның жары Джесси "Астана" арнасының "Айтарым бар" хабарында қонақта болды. Джесси өзінің халқынан ұрыс естіген жары Заида үшін уайымдайтынын жеткізсе, Заида адамдарды нәсілге, ұлтқа қарап бөлмейтінін мәлімдеді. Ал қоғам белсендісі Қарлығаш Бекпатшақызы қазақтың қанын бұзған қызды сынға алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қарлығаш Бекпатшақызы өзге ұлтпен отбасын құрып жүрген қазақтың қыздары мен жігіттерін сынға алды. Оларға "әй дейтін әже, қой дейтін қожа" жетіспей жүргенін алға тартты.
"Баланың бойына ұлтына деген махаббатты ексе, ол өзінің ұлтынан таңдайды қызды. Басқадан, сырттан іздемейді. Бізде жетіспейтіні сол, баланың бойына нәр егу. Құнарлы жерге дән егу. Құнарлы жер - пәк, таза әйелдің бойына бала салу. Біз пәктікті де, тектілікті де ұмыттық. Жүйе бұзылды ғой.
Алла Тағаланың жаратылысы, ұлттар мен ұлыстарға бөлді. Не үшін бөлді? Ол көзге көрінбейтін жүйе, ол код. Ол - қазақтың қазаққа ғана тән қасиеті. Тұнып тұрған сұлулығы, әдемілі", - деп ашынды ол.
Өз кезегінде Заида адамдарды ұлт пен нәсілге бөлмейтінін атап өтті. Сөзіне қарағанда, ата-анасы аса қуанбаса да, өзге ұлтқа тұрмысқа шығуына қарсы болмаған. Ал нигериялық Джесси өз ұлты мен қазақ қыздарының арасында ешқандай айырмашылық байқамағанын айтты.
"Айырмашылық байқалмайды. Салыстырып айтатындай, мен бұрын үйленбеген адаммын. Бірақ Заиданың ұнайтын жері, қаншама пікірдің астында қалса да, өзінің батырлығын көрсетіп отыр.
Бір қорқатыным, болашақта маған бірдеңе болса, біздің балаларымыз қалай болады? Оларды қалай қабылдайды, осылай сынға түсе ме?" - деді Джесси.
Қарлығаш Бекпатшақызы елі мен жері үшін басын қатерге тігіп, қанын төккен қазақтың батыр қыздарын еске алды. "Оларды білесің бе?" деп Заиданы сұрақтың астына алды. Заида Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованы атады.
"Солар 18 жасында Отан үшін басын бәйгеге тікті. Қазір бейбіт заманда Отанды, ұлтты, бәрін аяққа таптайтындай, не басыңа күн туды, жаным-ау?
Бақытты бол, деймін саған. Бірақ өзі ат төбеліндей қазақпыз ғой. Көп болсақ мақұл, азғантай қазақтың алтындай, үріп ауызға салғандай қыздың жат ұлтқа кетіп, жүрегіңді жұлып кетіп бара жатқандай, ішім қан жылап отыр. Пайдаң тимесе тимесін, осыншалықты үкілеп ұзатпай-ақ қойса қайтер еді?" - деп ашынды ол.
Заида өз қалауымен ұзатылғанын жеткізді.
"Дүркіретіп той жасағым келген жоқ. Үйде ата-ана, бауырларымның, әжемнің батасын алып, шағын 30 адамға ғана арналған той болатын. Мынадай болып таратылып кетіп тұр ғой. Бірақ бұл ісіммен салт-дәстүрімді таптадым деп айта алмаймын. Өйткені ол кісі қазақ қызын алып жатыр, менің салт-дәстүріммен алуы керек. Біріншіден, ол қазақ қызын алу оңай емес екенін көру керек", - деді Заида.
Ол үлкен тойдың алда болатынын айтты.
Ал психолог Серікгүл Сәли жастар махаббатты бірінші орынға қоятындықтан, оның салдары осындай болатынын ескертті.
"Жастар бақытты болсын десе, қоғам қатты талқыға сала бермесін. Әрбір адам бақытты болуға құқылы дегенді, махаббатты бірінші орынға қоясыздар. Оның осындай да нәтижесі болады. Соны саналы түрде түсінуіміз керек", - деді ол.