«Қайырлы таң, Америка!» бағдарламасын тыңдағанда, екі әйел әңгімелесіп отырды. Олар өмірде не маңызды деген сұраққа, бірінші орында балалар деген сөзді айтты. Соны айтты да қарқылдап күлді. «Мұны күйеулеріміз естімесін, ұрысып жүрер» дегенді қосты.
Шын мәнінде неке деген қалжың нәрсе емес. Неке – өмірбақи бізді жетілдіріп отыратын ыстық ұя. Біздің мақтанышымыз. Мен некемнің өмір бойына жалғасқанын қалаймын. Сондықтан оған бейжай қарай алмаймын.
Сол әйелдердің күйеулерінде де приоритеттер дұрыс емес екенін сезем. Бірінші орында балалары, сосын достары, сосын әйелдері... Осылай болғанына ешкім таң қалмайды. Өкінішті.
Жұбайым Криспен шаңырақ көтергенімізге 19 жыл. Біздің өміріміз ортақ шаруашылық жүргізу, бала тәрбиесі, карьера дамыту, итімізге қарау сияқты істерге арналған. Әр отбасы секілді күйбең тірлігіміз бастан асады. Үш баламызды қатты жақсы көреміз. Бірақ бәрінен қымбаты – біздің некеміз. Екеуміздің бір бірімізге деген ілтипатымыз. Қол ұстасқалы бірге жүзеге асырған жобалар, бірге өткізген сәттер. Бірге жеткен жетістігіміз. Екеуара ортақ өмірімізді мағыналы ету үшін әлі де тырысып келеміз. Себебі неке деген біз үшін үлкен мақтаныш. Сондықтан мен үшін бірінші орында менің күйеуім тұрады.
Мықты неке – ұрпағыңызға қалдырар ең ұлы мирас. Олар ата-анасы тату-тәтті болғанда өзін қауіпсіз, бақытты сезінеді. Өздерінің сүйікті екенін біледі. Ата-анасы бір командада жұмыс істей алатынын көріп өскен бала оларға ерекше құрметпен қарайды.
Егер жұбайыңызды бірінші орынға шығарсаңыз, сіздердің неке өмір бойы жалғасады. Неке қымбат болса, оған үнемі уақыт бөліп, ынта-ықыласпен өмір сүресіз.
Балалар ары кетсе жиырма жыл бірге тұрар. Жиырма жыл назарды тек балаға бөліп келсеңіз, онда рөлде ұйықтап кеткен адамның тағдырын кешкендейсіз. Ақыры аянышты болуы мүмкін.
Балалар еншісін алып, отау тігіп кеткен соң күйеуіңізбен бетпе бет қаласыз. Егер жиырма жыл бойы ол тізімде ең соңғы болып келсе, онда не үшін ары қарай сіздің жаныңызда қалуы тиіс? Мұнысы таза ақымақтық болар еді.
Ері мен зайыбы – бөлмелес көрші емес, олар серіктестер, көңілдестер. Егер бала сіз үшін ең маңызды адамға айналса, әйелдік рөліңіз өшіп қалады. Уақыт өте келе өзіңізді таксист, түскі ас сап беруші, үй тапсырмасын қадағалаушы сияқты сезінесіз.
Күйеуіңіз екеуіңіз түрлі істерге алданып, бір біріңізден алыстап кетесіздер. Бастапқы кезде қол тимейтіндей көрінеді. Сосын жай көрші сияқты сөйлесу әдет болады. Күйбең тірліктен шыға алмай қаласыз. Бұл өтпелі кезең деп ойлайсыз. Бірақ бұл өтпелі кезең емес. Бұл кезең «бәрі бітті дегеннің басы».
Балаға дұрыс тәрбие бергіңіз келсе, оны дүниенің кіндігі етіп алмаңыз. Әйтпесе, өсе келе дүние менің айналамда ғана айналуы тиіс деп есептейтін өзімшілдер өсіп шығады.
Балалар есейіп, бақытты отбасы құрғанын қаламайсыз ба? Сол некеде олардың да приоритетте бірінші болғанын қаламас па едіңіз? Әрине, мұны әр адам армандайды. Сол үшін өзіңіздің өнегеңізбен өз некеңізде күйеуді бірінші орынға қойып үйрену қажет. Ол үшін:
• Күнделікті таңғы асты бірге ішіңіздер.
• Үнемі қол ұстасып, бір біріңізді жиі құшақтаңыздар.
• Жұмыста жүргенде ыстық ықыласқа толы смс жазыңыз.
• Жатын бөлме – оңаша орынға айналсын. Балалар тақылдатпай кірмесін.
• Еріңізге қалай жақсы көретініңізді күнделікті айтып отырыңыз. Мейлінше баланың көзінше айтқан абзал.
• Келесі аптаның жоспарын бірге құрыңыздар.
Отбасы үлкен команда, екеуіңіз оны басқаратын капитандар сияқты болуларыңыз керек. Қазіргі таңда технологиялар тым көп. Сананы улап жатқаны бар. Өмір күйбең тірлікке толы. Қол тимейтін шаруа көп. Егер тек бала, жұмыс деп жарыңызды ұмытсаңыз, приоритеттер құрдымға кетеді. Сіздің кемеңіз суға батады.
Қандай істе де күйеуіңізді бірінші орынға қойыңыз. Сонда өмір қалыпты ағысқа түседі. Менің әке-шешем 45 жылдан бері бірге тұрады. Әкем жұмыстан келе сала анамның бетінен сүйетін. Иттің өзі қыңсылап, қызғанатын. Әкем келмесе, кешкі асты ішпей күтетінбіз. Әрине, есейе келе балалар әкесімен тамақ ішсін дегендіктен емес, ең алдымен олар бір бірін күтіп, сосын асқа отыратынын сезетінбіз. Әкем жұмысқа кетіп бара жатып, анамды сүйетінін айтып кететін. Олар менің көз алдымда мен арман еткен некенің моделін өнеге етіп көрсетті.
Күйеуімнің өмірінде ең маңызды адам болғым келді. Өзім де оны бірінші орынға қойдым. Ешқашан махаббатқа зәру деген сәтті бастан кешкен емеспін. Керісінше, үнемі махаббат шуағына шомылып келем. Әкем мені жақсы көретінін білдім. Бірақ ол анамды бәрімізден артық жақсы көретіні ақиқат еді. Ата-ана баласына осыны ғана көрсетуі тиіс.
Джулиана Ранчич, журналист
Аударған Шынар Әбілда
facebook.com желісінен