"Әр жанұяның өзіне тән хикаясы бар" демекші менің де отбасымның өз басына жетерлік хикаясы бар. Бала кезімде "өмір деген оңай, қалай армандайсың, солай болады" деп ойлаушы едім. Сөйтсем, адам түсіне бермейтін, түбіне жете бермейтін өмірдің өзіндік қиындықтары мен қызықтары да болады екен-ау...
Азамат көрші ауылдан құрбы қызымның үйіне жиі келетін еді. Құрбы қызымның есімі - Айман. Азамат - Айманның туған бөлесі. Бала кезден бірге ойнап жастықтың жалынына оранып жүргенде ешқашан «осы бозбала менің болашақ жарым болады» деп те ойлаған емес едім. Eсімізді жинап есейе бастағанда достығымыз махаббатқа ұласпасы бар ма?!
Азамат менен екі жас үлкен. Бір қалада бір университетте оқыдық, тек факультетіміз бөлек еді. Ол менен екі курс жоғары оқыды. Азамат оқу бітіргеннен соң қалаға жұмысқа тұрды. Қыз бен жігіт болып араласып жүрдік. Уақыт келіп мен де оқуымды аяқтап бір мекемеге есепші болып жұмысқа тұрдым. Осылайша біз отбасын құруды жоспарладық.
Ата-анамыз барлық салт-жоралғысын жасап бізді үйлендіріп, қалаға аттандырды. Қалада басында баспанамыз болмағандықтан пәтер жалдап тұрдық. Ақшаның жеткен күні бар ма? Екеуіміз екі жақтап жұмыс істеп пәтерге ақша жинай бастадық. Ойымыз - баспаналы болу.
Азамат - ата-анасының жалғыз баласы. Азаматтың әкесі де бір атадан жалғыз. Анасы Азаматтан кейін де екі сәби көтеріп бірақ, шетінеп кеткен екен. Барлық қолдарында барын бізге тосып, жолымызды күтіп ата-анасы ауылда тұрады.
Жолдасым бір мекемеде менеджер қызметін атқарып, жалақысы аз болғаннан соң жұмыстан шығып өзіне жұмыс істей бастады. Қарапайым кілт жасайтын бутик ашты. Қытайдан таныстар арқылы станок алдыртып, кейіннен осы істің бүгі мен шігін ажыратып кәсіби маман болып алды. Табысы да жаман емес еді.
Менің де қызметте "шенім" өскен десе де болады. Есепшінің көмекшісі болып жұмысқа кірген едім, қазір бір үлкен фирманың бас есепшілерінің бірімін. Осылайша адал еңбектің арқасында Азамат екеуіміз бірігіп екі бөлмелі үйге де қол жеткіздік.
Отбасымыздағы үлкен бір "қайғы" десем де болады, ол - баланың жоқтығы. Міне, біздің осылай өмір сүріп жатқанымызға тура алты жыл. Ортамызда баламыз жоқ. Бір сәбидің күлкісіне зармыз. Күйеуім екеуіміз бір-бірімізді жақсы көреміз. Бала асырап алайық десек, Азамат бір үйдің жалғыз тұяғы болғандықтан, ата-анасы бала асырап алуға қарсы. Менің бетіме айтпаса да ұлына ашық айтқан сықылды. Оны Азаматтың бір сөзінен байқап қалған едім. Содан бастап ешқашан ол әңгімені қозғаған емеспін.
Шындығын айтсам, біз үйленгеннен кейін менің аяғым ауыр болған еді. Мен үйіміздің жоқтығын сылтау көріп, қызметім мен бизнесімізді ойлап Азаматқа айтпай түсік жасатқан едім. Міне, сол жасаған түсік менің ағзама үлкен зиян әкелген. Пышақ бәрін бүлдірген екен. Енді менің бала көтере алмайтынымды дәрігер айтқанда бұл өмірден безіп кеткім келді. «Он жылдан соң да балалы болған адамдар бар екен» деп күйеуім баламыз болады деген үмітпен жүр. Емделмеген дәрігерім, бармаған қасиетті орындарым қалмады. Азамат менің мәңгілікке бала көтере алмайтынымнан хабарсыз, оның ойынша уақытшылық емделетін "ауру". Ешқашан "баламыз жоқ" деп бетіме басқан да емес. Іштей қиналсақ та бір-бірімізге білдірмеуге тырысамыз. Азамат жоқта жеке жерде көз жасыма ерік беріп, өткеніме өкініп жылап та аламын.
Отбасының қаржылық жағдайын ойлаймын деп жүріп, рухани жағдаймызды ойламаған екенмін. Соңғы кезде көп ойға беріліп, күйеуіме бар шындықты айтып басын босатсам ба деген ойым бар. Азаматтың өз ұрпағын жалғастыруға, бақытты болуына кедергі болғым келмейді. Уақыт өтіп барады. Еш ұрыс-керіссіз ақылмен ажырасқым келеді. Әрине айтуға оңай, бірақ солай істеуге өзімді дайындап келемін. Осындай жағдайға тап болуымызға кінәлі - тек өзім ғана. Азаматтың да ата-анасын түсінемін. Қай ата-ана көзі тірісінде өз қандарынан жаралған ұрпағын сүйіп, еміреніп, иіскеп, еркелеткісі келмейді дейсіз. "Басқа келген бақты тепкен" деген осы екен, өзімшілдікке салынып өзім шешім қабылдап, түсік жасатуға бел будым. Ақшаны ойлап баладан айырылған сорлы жанның қайғысын түсінетін кім бар дейсің бұл өмірде? Осындай қателіктерді қыздарымыз жасамаса екен деген ниетпен жолдап отырмын. Бұл түсік жасатқан құпиямды бір адамға айтқан емеспін, тек сырласым болған "Отбасы - ошақ қасы" айдарына жолдап отырмын.
Шынар, Шығыс Қазақстан