Бала ешқашан кешірмейтін ата-ананың екі қателігі қандай?
Әрбір ата-ана баласына жақсы тәрбие беруге тырысады. Алайда өмір болған соң, екі адамда қарым-қатынас болған жерде қателіктің болуы да заңды. Ескеретін жайт, балалар кешіретін және мүлдем кешіре алмайтын қателіктер болады. Bugin.kz порталының тілшісі кешірілмейтін қателіктер туралы тарқатып жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.
Бақылаудың шамадан артық болуы
Тәрбиенің түрі көп. Кейбір балаларды ата-аналары 7-8 жасқа дейін сыртқа жалғыз жібермей, қатал қарайды. Ал кейбірі 4 жастан бастап еркіне кетіп үйренген. Бұл жерде «дұрыс» немесе «дұрыс емес» деген түсінік жоқ. Ең бастысы, ата-ана баласының қандай екенін біліп, таным-түсінігін түйсінуге тиіс.
Қыз баланы жалғыз жіберудің қорқынышты екені айтпасақ та белгілі нәрсе. Десе де балаға сену керек, ол өзін-өзі алып жүретін қасиеттерді бала кезінен бойына сіңіруі маңызды. Баланың өзі күшіне сенімді болып, ата-анадан еркіндік сұраса, олардың баланың қалауын орындағаны абзал. Өйткені олар өздеріне деген сенімділікті ата-анасының сенімінен алады.
Егер ата-ана балаға сенбейтін болса, оның кез келген істе жетістікке жетуі қиындай түседі. Ал ата-ананың сенімі барлық мәселені шешпек. Бұл, тіпті, бала кезде ғана емес, есейгенде де болатын құбылыс. 20 жастағы жасөспірім басқа қалаға барып жұмыс істегісі, өмір сүргісі келді делік. Оларға ата-ананың сенім артқаны керек. Бұл – өте маңызды.
Баланы шамадан тыс бақылауда ұстау оны біреуге тәуелділікке әкеледі. 16 жастағы жасөспірім жалғыз өзі ештеңе істей алмайтынын түсінгенде, ата-анасын кінәлауды жеңіл көреді. Солай істейді де.
Басқамен салыстыру
Бала кезінде қалай болса, есейгенде де солай болады. Ата-анасы ешкіммен салыстырмай өсірген балалар өздеріне сенімді болып өседі, өздерімен ғана жарысады. Сонымен қатар олар әр адамның өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары болатынын түсінеді.
Егер ата-ана баланы бір кездері басқалармен салыстырған болса, ол есейген соң өзін басқалармен салыстыратын болады. Одан депрессия, өзін жек көру, сенімсіздік пайда болады. Ата-ананың жай ғана салыстыруы баланың болашағына қалай әсер ететінін байқадыңыз ба?!
Баланы өзімен ғана салыстыруы қажет. Ол өзінің бұл әлемде жалғыз екенін, ерекше екенін түсінгенде ғана жетістікке жетеді.