Байлыққа белшеден батқан өмірден өзім бас тарттым...

Адам жанын емдеуші психолог мамандар «жаныңды жеген мұңды сыртқа шығару керек, іште қатырмау керек» дейді ғой. Басымнан өткен жәйды жалпыға жайып салуға көптен бері бата алмай жүргем. «Отбасы – ошақ қасы» айдарының оқырмандарына іштегі шерімді тарқатсам деп едім.
Сонымен... Қарапайым отбасынан шыққанмын. Әкем өмір бойы колхоздың қара шаруасын істеді. Анам үйдегі бала-шағаның қамын жасайтын. Одан қалса бау-бақшамыз бар, бес-алты уақ мал бар. Үйде отыр дегені болмаса анам осы шаруалардан-ақ қолы босамайтын. Асып-тасып, киіну, жарқырап жүру деген болмайтын бізде. Бес бауырымнан қалған құтан киімдерді үстіме іліп жүре беруші едім. Ананы әпер, мынаны әпер деп қыңқылдауға да ұялатынмын. Өйткені әке-шешемнің басынан тартса аяғына жетпейтін жағдайының бәрін көзбен көріп отырып, қалай қинайын. Мектепті бітірген соң әкем ұстатқан аз ғана пұлды алып, Алматыға тартып отырдым. Жағдайы келіспесе де оқуға деген құштарлығма тұсау салмайын деді ме әкем бір жөні болар деп шығарып салды. Алғырлығымның арқасында көздеген оқуыма түстім. Мен үшін у-шуы басым үлкен қаладағы өмірім басталып кетті. Еркіндікке шықтым деп өзге қыздардай темекіні будақтатып, бөтелке сораптаған жоқпын. Мен үшін оқу орны мен жатақхананың арасында екі ақ жол болатын. Басқа еш жаққа бұрылмай осы екі жолмен ғана жүрдім. Айналамдағы қыздар «періште» деп мұқататын. Сонда да қалалық қағынға қыздарға қосыла алмадым. Аз-маз шәкіртақыны қысып ұстасам да, ештеңеге жетер болмады. Бірде аш, бірде тоқ, киімім болса да жұпыны, әйтеуір ақысыз оқуға түскеніме көңілім демдеулі еді. Тым тарығып кеткен соң, іздестіріп жүріп бір мекеменің еденін жуатын жұмыс таптым. Оқудан шыққан соң бір мезгіл барып, тап-тұйнақтай етіп тазалап кетемін. Қосып, жиып ақшамның шашауын шығармай жинап, кейде әке-шешеме де жіберіп тұратын болдым. Қақ-соғы жоқ Айман есімді құрбым бар еді. «Түнгі клубқа жұмысқа тұрайық, ақшасы тәуір екен» деген соң келістім. Әрі оқуымызға да кедергісі жоқ түнгі ауысыммен істейтін болған соң келістім. Әкімшіге барып жолыққан едік, ертесіне ақ келіңдер деп бірден келісті. Жаспыз, көз көрім көркіміз бар, бірден келіскені содан ау деп жорыдық. Ауылдан келген аңқау басым түнгі клуб деген кәдімгі жұрт тамақтанып кететін мейрамхананың бірі шығар деп ойлағам. Сөйтсем ойбай-ау нағыз жын ойнақтың ортасы болып шықты мен үшін. Айнала көк түтін, уға ма, шуға ма елітіп, есірген жастар. Шудан құлақ тұнады, кетіп қалғым келіп тұрса да амал жоқ ұялғанымнан келістім. Шынында қалта томпайтары тәп тәуір екен. Бірақ таңғы төртте құлап жығылып әзер жетеміз жатаққа. Сілем қатып ұйқым қанбай, таңертең оқуда ұйқылы ояу отыратын болдым. Сонымен болашақ күйеуімді осы түнгі клубта жолықтырдым. Бір топ жігіттердің ортасында бірден көзге түсетін сүйкімді-ақ жігіт екен. Бірақ жігіт-мігіт туралы ойлауға уақытым жоқ мен алғашында мән бермедім. Қасымнан өтіп бара жатып, иығымнан соғып өтті. Бұрылып қарамастан «кешірім сұрау қайда?) өте шықты. Бір байдың кекірейген ұлы болды ғой деп ойладым. Бұл жайды ұмытып та кеткем. Келесі жолғыда ол маған әзілдей тиісіп, айналдыра бастады. Бірден бетін қайтарып тастадым. Одан кейін қайдан білгенін білмеймін, ол мені жатақханаға іздеп келді. Өзі де қайтпас қайсар біреу екен, ақыры менің көңілімді алып тынды. Ойым расқа шықты, Жарқын дәулетті отбасының шолжаң ұлы екен. Оқуы да жоқ, тоқуы да жоқ, бар ермегі карта ойнау, түнгі клубты адақтау екен. Менің қай қылығымды ұнатқанын қайдам, бірден үйленеміз деп сөз салғанында абдырап қалғаным рас. Ауылдағы ата-анамның жайы қатты алаңдатқаны рас. «Тең теңімен, тезек қабымен» дегенді естігем, ертеңгі күніме деген күдігім басым-тын. Үйіне ата-анасымен таныстыруға апарғанда кербез, тым паң анасы мені менсінбеді. Әкесі барлықтың парқын білетін жан екен баласының таңдауына қарсылық білдірмейтінін айтты. Белгілі ғой анасы әке-шешемінің қайда істейтінін сұраудан бастап еді, менің жауабыма қанағаттанбай маңдайы тыржиюмен аяқталды. Жақтырмағаны онсыз да белгілі еді. Жарқынға анасының біздің одағымызды бәрібір қолдамайтынын айтып ем, көнбеді. Әрқашан өз дегенін істеп үйренген ол атқанынан қайтпайтынын айтты. Аз ғана уақыттың ішінде Жарқынға аса көңілім құлаған мен де кетәрі емес ем. Көп ұзамай шаңырақ көтердік. Енемнен көрген теперіштерімді тізбелемей-ақ қояйын. Екі балалы болғанға дейін сүйектен өтер сөздеріне де әбден үйренгем. Сонда да отағасым үшін бәріне төзіп бақтым. Бұрынғыдай жетіспеушілік дегеннен құтылғам, бар асыл үстімде, мен үндемей кім үндесін. Алдымен күйеуім үшін одан кейін балаларым үшін, солардың болашағы үшін бәріне төздім. Жарқын есерсоқтау, кеудемсоқ, қырсықтығы бір басына жетіп артылады. Әсіресе құмар ойынға деген ықыласы ерекше. Әкесінің қолдауымен тұрған жұмыстарынан шығып кете берді. Әкесі бар беделін салып жүріп тұрғызған қызметінен көп ұзамай ақ өзі тастап кететін. Әу бастан-ақ мені жақтырмаған енем бізден құтылғанша асығып бөлек шығарып зорға тыншыды. Оған қуанбасам ренжіген жоқпын. Қала орталығында даңғарадай төрт бөлмелі пәтер мен үшін хан сарайынан кем болған жоқ. Ата-анама да барынша көмектесіп ақша салып тұрамын. Енемнің қиқуынан құтылғаныммен мені жаңа бір белес күтіп тұр екен. Бөлек шыққанан кейін Жарқын тіптен еркінсіп кетті. Күнде қыдыру, ішу, құмар ойын, қыз-қырқын... Барлық шығынымыз атамыздың мойнында. Үнемі қаржылай көмектесіп тұрады. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде Жарқынның бір әйелмен әуейі болып жүргенін білдім. Кейде ойлаймын бәлкім енем таныстырды ма екен деп. Бірде тату, бірде қату тұрып жатқанымызбен баяғы сезімнің бәрі өшкен, Жарқынға деген көңілім қатты суып кетті. Оның опасыздығын кешіре алмадым. Сөйттім де бір күнде ажырасатынымызды айтып екі баламды алып, ауылға қайттым. Жарқын ат ізін салған жоқ. Балқып шалқыған байлыққа белшеден батқан өмірден өзім осылайша бас тарттым. Олардың орталарына үйрене алмадым. Енем айтқандай «балшықтан шығып, байлыққа батпандаған» болмайды екен...
Айғаным,
Атырау

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста