Қыздарға сабақ болсын деп, «Алаш айнасына» өз тағдырым туралы жазып отырмын. Бәлкім базбіреулер мені сөгетін де болар. Бірақ «ештен кеш жақсы» демей ме. Кеш болса да қатемді түсініп, менің қателігімді басқалар қайталамасын деген ниетпен қолға қалам алдым.
Университетте оқығанда үш қыз жатаққанада бірге тұрдық. Әсем мен Мәдина бір өңірдің қыздары еді. Айтуларынша, екеуі университетке құжат тапсырған кезде танысып, бірге пәтер жалдап тұрған екен. Сондықтан екеуі жатақханадан да орында бірге алған. Мен олардың алған бөлмесіне үшінші болып, кездейсоқ орналастым. Бірақ Әсем мен Мәдина өте ашық- жарқын қыздар екен. Тез-ақ тіл табысып кеттік. Екеуі де сұңғақ бойлы, көрікті. Қылықтары да өздеріне жарасып тұратын. Өзге қыздар «үшеуіңді құдай қосқан» дейтін. Өйткені менің де бойым сұңғақ, асқан сұлу болмасам да, өзіме жараса көркім бар. Ал қыздар «сұлусың» дейтін. Үнемі бірге жүрген соң, Әсем мен Мәдинаның қылықтарын да бойыма сіңірдім.
Бірінші курста оқып жүргенде-ақ Әсем мен Мәдина талай жігітті «майыстырып» тегін тамақ ішіп, тегін киноға баратынбыз. Тіпті жаңа жыл мерекесінде бірнеше жігіттен сыйлық алды. Тіпті бір жігіт Әсемге алтын жүзік сыйға беріпті. Әсем мен Мәдина секілді көп сыйлық алмасам да, мен де құралақан қалғам жоқ. 30 желтоқсан күні Мәдинаның бір танысы мен оның екі досы бізді мейрамханаға шақырды. Мейрамханадан шыққан соң жігіттер қала сыртында орналасқан жеке коттеджге барайық деп ұсыныс жасады. Шынымды айтсам, мен қорқып кеттім. Бірақ Мәдина дос жігітіне «ертең сонда барып жаңа жылды бірге қарсы аламыз» деп, кездесуді ертеңге қалдырды. Ертеңінде Мәдина дос жігітіне хабарласып, «бір қайғылы жағдай болып ауылға кетіп бара жатырмыз» деп алдай салды. Солай талай жігіттермен екі-үш рет киноға, кафеге барған соң «лақтырып» кете баратынбыз.
Екінші курста оқып жүргенде шынымен сезімін білдірген жігіттер болды. Бірақ біз анда-мында қыдыртатын жағдайы болмаса, ондай жігіттермен ара қатынасты тез үзетінбіз. «Үш күннен соң көрге де үйренесің» демекші біз сондай өмірге үйрендік. Түнгі клуб, кафе, ойын-сауық... Ер мұғалімдерге өтірік күліп, зачет, емтиханды да қиналмай алатынбыз. Төртінші курста оқып жүргенде Самат деген жігітпен таныстым. Ол жігіт маған да ұнайтын. Оған қоса, әкесі бақуат адам. Бірақ ауру қалса да әдет қалмайды екен. Саматпен көңіл қосып жүрсем де, арасында Әсем мен Мәдинаға қосылып басқа жігіттермен де қыдыратынмын. Сондай серуендердің бірінде Аслан деген жігітпен таныстым. Құлай сүймесем де, ол жігіт те маған ұнады. Астында қымбат көлік. Киген киімінен-ақ дәулетті адамның баласы екені көрініп тұратын. Өзі жомарт. Сый-сыяпат жасауда да тарынбайды. Бірде алтын сататын дүкенге ертіп барды. «Қалағаныңды таңда» деді. Қолым мен құлағымда Самат сыйлаған бриллиант көзді сырға мен сақина бар болатын. Сондықтан алтын алқаны таңдадым. Бағасы да арзан емес. Тек ондай сыйлықтардың өтеуі бар екенін кейін түсіндім.
Екі жігіттен қатар сыйлық алып, бірінен соң бірімен мейрамханаға барып, ойнап-күліп жүре берем деп қате ойлаған екем. Бір күні Аслан туған күн кешіне шақырды. Қала шетіндегі үлкен үйге кілең жастар жиналыпты. Бәрі де бақуат адамдардың балалары сияқты. Өйткені бәрінің мінгені қымбат көлік. Кеш өте көңілді өтті. Ішімдік те ішілді. Түн ортасында қонақтар түгел қайтты. Үйде Аслан екеуміз ғана қалдық. «Қайтамын» деп едім Аслан ашуланды. Олай ашуланғанын бірінші рет көруім еді, қорқып кетіп «жарайды қалам» дедім. Оңаша қалған соң Аслан маған тиісе бастады. Қылық көрсетіп алдамақ болған амалым да іске аспады. Қарсылығымнан да түк шықпады. Таң атқанша ойына келгенін істеді.
Одан кейін Аслан хабарсыз кетті. Намысымды таптаса да, көңілімде оған деген қимастық сезім қалды (бәлкім сол кезде оның алда беруі мүмкін сыйлықтарын қимадым ба екен). Көп ұзамай-ақ ол жайлы ұмыттым. Саматпен жиі кездесіп жүрдім. Бір күні мейрамханада отырғанда Асланды көрдім. Ол да мені көріп, бұрылып қасымызға келді. Сәлем де жоқ, «мынау мен сыйлаған алқа ғой, мен оның ақысын алғам» деді де есікке қарай беттеді. Самат орынан тұрып еді мен қолынан ұстап жібермей қалдым. Бірақ Самат «жаңағы кім, ол неге олай деді» деп сұрамады. Дегенмен бағанадан көңілді отырған Саматтың қабағы түсіп кетті. Мейрамханадан шыққан соң ешқайда апармай (киноға барамақ болғанбыз) мені жалдамалы пәтерге жеткізіп салып, қайтып кетті.
«Самат енді қайта оралмас» деп ойлағам. Бірақ Самат екі күннен кейін қайта келді. Қуанып қалдым. Өйткені қалған жігіттердің ішінде Аслан мен Самат секілді қалталы, жомарт жігіттер жоқ еді. Көп ұзамай мейрамханада Саматтың туған күнін атап өттік. Ең жақын деген бес жұп бас қостық. Мейрамханадан шықаннан кейін туған күн кеші қала сыртындағы үш қабатты жеке үйде жалғасты. Би биледік. Қыздар жағы да жігіттермен жарыса ішімдік іштік. Әлден уақыт болғанда жігіт қыздар жұп-жұп болып, оңаша бөлмеге кете бастады. Үйдің жертөлесінде саунасы бар екен. Самат мені сонда ертіп барды. Мен шомылмаймын десем, «қорықпа тиіспеймін» деп бірге шомылуға көндірді. Басында жай сүйісіп отырғанбыз. Бір кезде Самат мені көтеріп алып, саунаның демалыс бөлмесінде тұрған диванға апарды. Ниетінің бұзылғанын бірден сездім. Қанша қарсыласқанмен шамам келмеді. Ақыры дегенін істеді. Соңынан ренішімді білдіріп едім «Асланмен боласың да, менімен болмайсың ба?» деп тағы бас салды. Аслан жайлы қайдан білгені маған жұмбақ күйде қалды.
Сол жағдайдан кейін Самат хабарласуды қойды. «Бәлкім өзін кінәлі сезініп, қалай хабарласудың жөнін білмей жүрген болар» деген алдамшы үміт те болған. Бірақ ол үмітім расымен де алдамшы күйінде қалды. Арадан бір ай өткенде бойымда өзгеріс болғанын байқадым. Дәрігерге барып едім «апта-он күн күтейк, сонан соң анығын айтам» деді. Келіскен күні барып едім дәрігер «аяғыңыз ауыр» деді. Енді не істеу керек?! Мәдина мен Әсемге айтып едім, «Саматқа хабарласып жағдайыңды айт. Бәлкім баласы барын білген соң үйленер» деп кеңес берді. Саматқа хабарласып жағдайды айттым. «Ол кімнің баласы екенін өзің де білмейтін шығарсың?» дегенде төбемнен жай түскендей болдым. Түсіндірмек болып едім, ол одан әрі сөйлеспей, телефонын өшіре салды. Бәрі де түсінікті болды. Енді түсік жасатудан өзге амал жоқ еді. Солай еттім.
Одан кейін жігіттермен тұрақты түрде жүріп те көрмеппін. Мен жігіттен сезім емес сый күтетін болған екем. Оқуды бітірген соң өзімнен сегіз жас үлкен жігітпен таныстым. Жұмысы, үйі, көлігі бар, табысы жақсы. Сүймесем де соның етегінен ұстауға бел байладым. Өйткені жағдайы бар жігіт күнде кездесе бермейді. Көп ұзамай ол «маған тұрмысқа шық» деп ұсыныс жасады. Мен келістім.
Тұрмыс құрған соң оның бұрын үйленіп, ажырасқанын білдім. Бірақ енді шегінерге жол жоқ. Оған да көндім. Үйленгенімізге екі жылдан асса да, алайда бала көтере алмадым. Күйеуімнің шет жақта қыдыруы көбейді. Бала көтере алмай жүрген айыбым болған соң (өзгесі өзіме аян) амалсыз көндім. Биыл үйленгенімізге тоғыз жыл болды. Әлі бала көтермедім. Есітуімше күйеуімнің сырттағы көңілдесінен баласы да бар. Алда қандай өмір күтіп тұрғанын да білмеймін. «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деген осы екен. Жас кезімде дұрыс жүріп, жасанды түсік жасатпағанда мен де бүгінде бала сүйіп, ана болып отырар едім. Бақтымның тамырына балта шапқан өзім. Кімге өкпелейін! Бақыттың байлықта емес екенін кеш түсіндім. Әттең....
Дана